Қазақстанды 30 жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттіктен кеткен, бірақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билік тармақтарын бақылап отырған Нұрсұлтан Назарбаев 1991-2018 жылдардағы жолдауында демократия, әділ сайлау және “дамыған, басқа елдерге үлгі болатын” Қазақстан жайлы жиі айтатын. Назарбаевтың айтқандары шынымен орындалды ма? Назарбаевтың жолдауы және елдегі жағдайды шолып шықтық.
1997 жыл 16 қазандағы жолдауынан:
Осыдан 40 жыл бұрын тәуелсіздік алғанда Сингапур жан басына шаққанда 200 доллардан ғана келетін әлемдегі ең кедей елдердің бірі еді. Бүгінде жан басына шаққандағы табысы 20 мың долларға жетті. Көптеген параметрі жағынан бізге ұқсас Малайзия 20 жыл ішінде азаматтарының өмір сапасын он еседен астам жақсартты. Соның нәтижесінде бұл елдер әлемге Азия жолбарыстары ретінде танымал болды. Мен 2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысы ретінде дамушы елдерге үлгі боларына сенімдімін.
2017 жылы билік "Қазақстан-2030" стратегиясы "уақытынан бұрын" орындалды деп, жаңадан "Қазақстан-2050" жоспарын жариялады. Бірақ елде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім төмендеп, теңге екі-үш мәрте құнсызданды. 1993 жылы ұлттық валюта айналымға енгенде 1 доллар 4,74 теңге еді. Қазір 1 доллардың құны 420 теңгеден асады.
1998 жыл 19 қыркүйектегі жолдауынан:
Кез келген демократияның өзегі – еркін және әділетті сайлау. Дәл осы екеуі біздің демократиямызда өз рөлін атқаруы тиіс. Біздің елімізде сайлау нағыз еркіндікте және әділетті өтуі үшін біз барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Мен ел президенті ретінде айқын да қатаң түрде мәлімдеймін – біздің мемлекетіміздегі кез келген сайлау әділетті және ашық сайлау болады.
Тәуелсіз сот демократиялық қоғамның іргетасы болып саналады. Біз сатылмайтын, әділ сот жүйесін орнатуымыз керек.
Шын сөзім: биліктің ұшар басында отырған адам ретінде өз билігімді шектей отырып елді демократияландыруға ешқандай сыртқы кедергі жоқ. Мәселе менің шынайы сенімімде: кез келген авторитаризм Қазақстанды тұйыққа апарады. Тек қана еркін демократиялық қоғам ғана бақытты өміріміздің кепілі бола алады.
Назарбаевтың осы жолдауынан кейін 3 айдан соң, 1999 жылы қаңтарда өткен Қазақстан президенті сайлауында 79,78 пайыз дауыспен жеңіске жеткені хабарланды. Оның басты қарсыласы Серікболсын Әбділдин сайлауда алған дауысының азайтылып көрсетілгенін айтқан. Сайлауға түскісі келген экс-премьер-министр Әкежан Қажыгелдин "әкімшілік құқық бұзғаны үшін" сайлаудан шеттетілді. ЕҚЫҰ "сайлау өткізу тәртібі бұзылды" деп, өз бақылаушыларын Қазақстанға жібермеді. Жалпы ЕҚЫҰ Қазақстандағы бірде-бір сайлауды әділ өтті деп мойындамаған.
Қазақстандағы жоғары биліктің үш тармағының бірі - сот билігі атқарушы биліктің ықпалында деп саналады. Барлық судьяны президент тағайындайды. Судьялар сайланбайды.
Нұрсұлтан Назарбаев демократиялық қоғам құру туралы бірнеше рет айтқан. Бірақ Ұлыбританияда орналасқан Economist Intelligence Unit (EIU) зерттеу тобы демократия индексінде Қазақстан "авторитарлық режим" орнаған елдер қатарына енген. Freedom Housе халықаралық құқық қорғау ұйымының есебінде Қазақстан "еркін емес" елдердің тізімінде.
1999 жылдың қыркүйегіндегі жолдауынан:
Тек экономикада ғана емес саясатта да ерекше жол іздеу сәтсіздікке ұшырайды. Қазақстан әлем тенденциясына қайшы жүрмейді. Демократиясыз ашық қоғам орната алмайсың. Бәлкім аздаған кідіріс болар, бірақ қандай саяси мақсаттармен түсіндірсе де Қазақстан алған бағытынан таймайды. Монархтардың, бас хатшылар мен президенттердің кері кеткен еркелігі келмеске кетті.
Назарбаев 30 жылдай президент болып, билікте советтік бас хатшылардан да ұзақ отырды. 2019 жылы президенттіктен кетпей тұрып, Конституцияға өзгерістер енгізіп, "елбасы" статусын иеленді. Бұл статусқа сай, өзі және отбасы қандай да бір қылмыстық жауапқа тартылмайды. Қауіпсіздік кеңесінің мәңгі төрағасы болып бекітіліп, билікке ықпал етіп отыр.
2000 жыл 16 қазандағы жолдауынан:
Мемлекеттік қызметкерді іріктеу жүйесін түбегейлі өзгерттік. Бұл үшін өзге елдерге 30 жыл керек болса, біз екі жылда жасадық. Тек 2000 жылдың өзінде тоғыз мыңға жуық мемлекеттік қызметкер ашық конкурспен қабылданды. Бұл - тарихында мемлекеттік қызметке ешқашан конкурспен алу болмаған, тек қана тамыр-таныспен, парамен және саяси сенімділігімен ғана алынып келген елде болып отыр.
Мемлекеттік қызметкерді конкурс арқылы қабылдауды енгізгенімен, билік сатыларымен тамыр-таныс арқылы өсіруді тоқтата алмады. "Командамен қызмет ауыстыру" ұғымы пайда болды. Жоғары биліктегілер айналасына сенімді адамдарды жинады. Елде үкімет мүшелері, облыс әкімдері жемқорлық айыбымен сотталды.
Біз мемлекеттік емес БАҚ-тарды халық жауы деп түсінетін, билікті сынау – түрме мен жындыханаға қамаумен аяқталатын қоғамнан шықтық. Біз бір партияның айтқаны ғана ақиқат дейтін қоғамнан шықтық.
Қазақстанда билікті сынайтын ондаған БАҚ түрлі қысыммен жабылды, журналистер қудаланды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымының Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 158-орында тұр. Қазақстанда партия тіркеу мейлінше қиындады, Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін биліктегі "Нұр Отан" партиясының үгіт-насихаты өзгелерден көбірек естіледі. Бұл партия парламенттегі басым орынға ие.
2001 жылдың қыркүйектегі жолдауынан:
Біздің азаматтарымыз саяси және экономикалық еркіндік алды. Бұл - он жылдағы басты нәтижеміз, біздің дамуымыздың басты қозғалтқышы.
Назарбаевтың осы жолдауынан соң екі ай өте, 2001 жылы қарашада Қазақстан үкіметінің бірнеше мүшесі мен бір топ бизнесмен оппозицияға шықты. Саяси еркіндік алып, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрмақ болған Мұхтар Аблязов пен Ғалымжан Жақиянов сотталып, қозғалыс жабылды. 1998 жылы бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин құрған партия да заңсыз ұйым саналып, жойылды.
2004 жылғы 19 наурыздағы жолдауынан:
Әлеуметтiк-экономикалық дамудағы табыстарымыз негiзгi өлшемдер бойынша Орталық Еуропаның бiрқатар елдерiне барынша жақындай түсуiмiзге мүмкiндiк бердi, ал Оңтүстiк-Шығыс Еуропа елдерiнен iлгерiлеп кеттiк.
2000 жылдардың басынан мұнай қымбаттағанда Қазақстан бюджеті мен ұлттық қорына шикізат сатудан қомақты қаржы түсіп, экономика қарқынды дамып бара жатқандай көрінді. Мұнай арзандап, теңге бірнеше рет девальвацияланғанда Қазақстанның жан басына шаққандағы табысы күрт құлдырады.
2005 жылы 16 ақпандағы жолдауынан:
Қазақстанда демократиялық институттардың дамуы дәйекті жүргізіліп келеді; еркін демократиялық сайлаулар үнемі өткізіледі.
Қазақстанда сөз бостандығы қамтамасыз етілген, цензура жоқ; Сөз бостандығы – Қазақстанның аршынды демократиялық дамуының негізгі шарттарының бірі. Тәуелсіз Қазақстанда саяси себептер бойынша сотталған адамдар жоқ.
Назарбаевтың бұл жолдауынан 3 ай бұрын парламент мәжілісінің сайлауы өтіп, сол кезде кең танылған, өзін конструктивті оппозиция деп жариялаған "Ақ жол" партиясы небәрі бір ғана мандатқа ие болды. "Ақ жол" партиясы сайлау әділетсіз өтті деп мәлімдеді.
Назарбаев бұл жолдауын жариялардан бірнеше жыл бұрын экс-премьер-министр Әкежан Қажыгелдин шетелге кетуге мәжбүр болды. 2001 жылы "Қазақстанның демократиялық қозғалысын" құрмақ болған банкир Мұхтар Әблязов пен Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов қамауда отырды. Құқық қорғаушылар екеуі саяси себептермен сотталды деп санады. Кейіннен елде түрлі себептермен сотталғандар көбейді. Елде құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізімін жасап, жиі толықтыратын болды.
2010 жылы 29 қаңтардағы жолдауынан:
Жасампаздық қуатымен дүние жүзінде даңқы артқан Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды. Сондықтан Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылды.
2010 жылы желтоқсанда Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болды. Мүше елдер ұйымға жыл сайын кезекпен төрағалық етеді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі үшін барлық қажетті базалық жағдайларды жасадық. Дәрілердің 50 пайызы біздің елімізде шығарылатын болады. Осы жылдар бойына біз қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту үшін қажет нәрсенің бәрін жасадық.
Назарбаевтың бұл сөзінен соң он жыл өткенде, 2020 жылы жазда вице-премьер Ералы Тоғжанов Қазақстан өзі пайдаланатын дәрі-дәрмектің 13 пайызын ғана өзі жасайтынын хабарлады. Қазақстан коронавирус індеті кезінде дәрі-дәрмек тапшылығына ұшырады.
2011 жыл 28 қаңтардағы жолдауынан:
Сыбайлас жемқорлықпен бітіспес күрес жүріп жатыр. Қазіргі таңда халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған.
Transparency International (TI) халықаралық ұйымы 2019 жылы жариялаған жемқорлық индексіде Қазақстан 133-орында тұр.
Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады. Ол үшін біз бәрін де жасап жатырмыз.
Он жылдан кейінгі зерттеулерге қарағанда, 18 бен 29 жас аралығындағы респонденттердің 39,2 пайызы ғана үйінде негізінен қазақша сөйлеседі. Қазақстан халқының 39 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлеп, жаза алады. Қазақ кәсіби лексикасын меңгергендер 21,4 пайыз ғана. Орыстардың 30,1 пайызы, өзге ұлттардың 11,8 пайызы, қазақтардың 0,5 пайызы қазақша білмейді.
"Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу туралы жалпыхалықтық бастамаға байланысты әжептәуір саяси коллизия қалыптасып отыр. Өзімнің жарлығыммен парламенттің референдум өткізу туралы ұсынысын қабылдамай тастадым. Өйткені 2012 жылғы президенттік сайлауға қатысуға дайындалып жүрген едім.
Назарбаев 2007 жылы Қазақстанның бірінші пезидентінің сайлауға түсуіне шектеуді алып тастайтын конституциялық өзгеріске қол қойған болатын. 2010 жылы маусымда "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы" статусын ресми түрде заңдастырды. 2011 жылы сәуірде мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, қайта сайланды.
2012 жылы 27 қаңтардағы жолдауынан:
Жаңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қалалардың әлеуметтік қатерге жақын екенін көрсетті. Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялап, қаладағы ахуалды қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар жасауға мәжбүр болды. Мәжіліс сайлауында Жаңаөзен тұрғындарының басым көпшілігі "Нұр Отан" партиясына дауыс берді.
2011 жылы Жаңаөзен мұнайшылары 8 айдан астам еңбек дауы бойынша наразылық көрсетті. 16 желтоқсанда наразы мұнайшыларға оқ атылып, 17 адам қаза тапты, жүзден астам адам жарақаттанды.
2014 жылы 17 қаңтардағы жолдауынан:
Таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек.
Қазақстанда үш ауысымда оқитын мектептер 2020 жылы да жойылған жоқ. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың 2020 жылдың ақпанындағы сөзіне қарағанда, бір ғана Алматы облысында үш ауысыммен оқитын 38 мектеп бар. Мұндай мектеп Қазақстанның өзге де өңірлері мен ірі қалаларында жиі кездеседі.
2014 жылы 11 қарашадағы жолдауынан:
Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Астана қаласында ЭКСПО көрмесін салу үшін көзделген қаржы бастапқы жоспардағыдан бірнеше есе асып түсті. 2017 жылы "Астана ЭКСПО - 2017" ұлттық компаниясы басшылығының айтуынша, ЭКСПО көрмесіне дайындыққа 452 млрд теңге жұмсалған. Жасыл экономиканы насихаттау үшін көрме өткен жылы Қазақстан әлемдегі көмір өндіретін он елдің қатарында тұрды.
2015 жылы 30 қарашадағы жолдауынан:
Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ.
Назарбаевтың бұл пікірінен екі ай бұрын теңге екі есеге жуық девальвацияланып, 1 доллар 300 теңгеден асқан болатын. Теңгенің ұдайы девальвациялануы, Қазақстан экономикасының шикізат сатуға байлануы халықтың әл-ауқатын төмендетті. 2020 жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы небәрі 42 500 теңге (шамамен 102 доллар) болып белгіленді.
2017 жылы 31 қаңтардағы жолдауынан:
Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді.
Билік Қазақстан кейбір көрсеткіштер бойынша әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылғаны жайлы жиі айтады. 2014 жылы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіргізетін тұжырымдамаға қол қойды. Бүкіләлемдік экономикалық форумның 2019 жылғы Бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан 55-орында тұр.