Reuters агенттігінің екі тілшісі Қытайдың Шыңжаң өлкесінде екі апта болып, ондағы тұрмыс-тіршілікті бақылап қайтты. Олар мұсылмандар қамалған лагерьге жақын жерлерде туристік нысандар ашылып жатыр, ал басқан ізіңді сақшылар аңдып жүреді дейді.
"Шыңжаңдағы ұйғырлар мен мұсылмандар мәдениетін паш ететін жаңа туристік орталыққа келген саяхатшы ізінен аңдыған сақшыларды және қауіпсіздік күштерінің қырағы назарын сезінбей қоймайды" деп баяндайды Reuters тілшілері.
Билеуші Коммунистік партияны мадақтайтын билбордтар арасында дәстүрлі киім киіп, түйеге мінген адам фотокамера объективіне жымия қарайды.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде 2016 жылдан бері ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандар жаппай қайта тәрбиелеу лагеріне қамалып жатыр. БҰҰ сарапшыларының және зерттеушілердің айтуынша, мұндай лагерьлерде миллионға жуық адам отыр. Қытай билігі мұны экстремизммен күрес бағдарламасының бір бөлігі санайды.
Өкімет бұл аймақта қытай тілінде сөйлейтін, патриот, зайырлы әрі көпэтносты халықты қалыптастырып, жергілікті туристерді тартқысы келеді.
Ел басшылығы журналистер Шыңжаңда емін-еркін жүре алады дегенмен, аймаққа екі аптаға келген Reuters тілшілерінің ізінен жай киім киген адамдар тобы күндіз-түні бір тынбай еріп жүрген.
Журналистер олардың кім екенін анықтай алмаған, қасына барса, аулаққа қашып кеткен немесе сұраққа жауап бермей қойған.
Тілшілер Қашғар қаласындағы қонақүйдің артқы қақпасынан шығып кеткеннен бір сағат өтпестен ғимараттың кіреберісіне тікенек сымтемір тартылып, олар тұрған қабаттағы өрт сатысына шығатын жол жабылып қалған.
Шыңжаңның әкімшілік орталығы – Үрімжіге келгенде форма киген полицейлер ұшаққа кіріп, оларды басқа жолаушылардан бұрын терминалға апарған. Сақшылар тілшілердің куәліктерін суретке түсіріп, барлық ақпаратын, соның ішінде тұратын қонақүйінің атын жазып алған.
Қытай сыртқы істер министрлігі де, Шыңжаңдағы жергілікті билік те тілшілердің бұл қауіпсіздік шараларының мақсаты мен аймақтағы туризмді дамыту жоспары туралы сауалдарына жауап бермеді.
Үкімет өкілінің арнайы мәлімдемесінде "Шетел журналистерінің Шыңжаңнан хабар таратуына келсек, Қытай үнемі оларға ашық әрі қонақжай қабақ танытады" делінеді. Бірақ үкімет шетелдік журналистер Қытай заңдарын қатаң орындауы тиіс екенін ескертеді.
Шыңжаңның оңтүстігіндегі "экстремизммен күреске арналған қайта үйрену лагерьлері" мен түрмелеріне жақын жерде жаңа туристік орындар пайда болған.
Қашқар қаласында әдемі шайхананың балконында ұйғыр музыканттары әуезді күй ойнап отырғанда қалқан мен шоқпар ұстаған оншақты полицей жақын маңдағы көшелерден шығып, күндізгі ауысымын бастады.
Шыңжаңдағы қала мен ауылда Коммунистік партия пропагандасы достық пен этносаралық бірлікке шақырады.
Жарнамалық билбордта жымиған ұйғыр балалар ортасында тұрған төраға Си Цзиньпин бейнеленген. Хотан қаласы маңында кішкентай ауылдағы үй қабырғасындағы муралда экстремизмнің қасіреті, ұйғыр мен қытайдың бақытты некесі насихатталады.
Үрімжідегі билбордта "Этностық бірлікті, қытайлық өмір салтын және гүлденген Шыңжаңды қалыптастыр" деп жазылған.
Чанцзи қаласындағы мешіт қабырғасында "әр этностың атамекенін құрметте" делінген.
Ішкі туризмге үміт артқан үкімет осы арқылы Шыңжаңға табыстың жаңа көзін ұсынып, АҚШ санкциясын айналып өткісі келеді. Қытай биыл Шыңжаңға 200 млн, ал 2025 жылы 400 млн турист келеді деп болжайды.
Қытай билігінің мәлімдеуінше, былтыр мұнда 158 миллион адам келген.
АҚШ үкіметі Қытай басшылығының аймақтағы мұсылмандарды жаппай қамау, стерилизация жасау және жұмысқа жегу әрекетін "геноцид" деп атап, ел шенеуніктері мен компанияларына санкция салды.
Пекин айыптаудың бәрін негізсіз санайды және бұл саясат аймақтағы ең ірі этностық топтар – ұйғырлар мен хансулықтар арасында шиеленіс тудыруды жоспарлап жүрген сепаратистер мен діни экстрмистерді ауыздықтау үшін қажет болды дейді.
Лагерьге қамаудан көп жапа шеккен, басым бөлігі ұйғырлардан тұратын Хотан қаласында "ескі қала" қайта салынып жатыр.
Бірнеше метр сайын ілінген плакаттардан мұндағы үйлердің бұрын қандай болғаны, орнына қандай ғимарат салынғаны бейнеленген. Жаңа ғимараттар туристік нысандардың архитектуралық стилімен тұрғызылған.
Онда "Ескінің орнын жаңа басты, Коммунистік партияға мың алғыс" деп жазылып тұр.
Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. 2020 жылы маусымның соңында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.
АҚШ пен Батыс мемлекеттері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. АҚШ – Қытайға Шыңжаңдағы іс-әрекетіне бола санкция енгізген алғашқы ел. Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.
2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да ұлты қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.