"Көшеге алып шығып, қолымнан асып, үстіме суық су құйды", "целлофанмен тұншықтырды", "еденге жатқызып, өкшемнен ұрды"... Ресми дерек бойынша, 2020 жылы Қазақстан түрмелерінде бірде-бір азаптау фактісі тіркелмеген. Жыл сайын 26 маусымда атап өтілетін Азаптау құрбандарын қолдаудың халықаралық күніне орай Азаттық елдегі бас бостандығынан айыру және уақытша ұстау орындарындағы тұтқындардың хатын жариялап отыр. Бұл адамдардың көбі азаптауға ұшырап, қорлық көргенін ешқашан дәлелдей алмайды.
Азаттық тұтқындалған, айыпталған және сотталған азаматтардың хатын қысқартып, автордың тұлғасын құпия сақтау мақсатында азаптау шарасына қатысқан адамдардың аты-жөні мен оқиғаның кей тұсын өңдеп, жариялап отыр. Редакцияның қолында барлық хаттың толық нұсқасы бар. Бұл хаттар Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроға, Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы мен тұтқындардың құқығын қорғаумен айналысатын павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семеноваға жіберілген.
Кей оқырманға хат мазмұны ауыр тиюі мүмкін.
(орыс тілінен аударылды)
...Мекеме қызметкері өзімен сөзге келіп қалғаным үшін мені камерадан шығарып, бәрінің көзінше қылғындыра бастады. Бірнеше рет басымнан, бетімнен ұрғаннан кейін құлап, есімнен танып қалдым. Осыдан кейін бес қызметкер жүгіріп келіп, қолыма кісен салып, азаптауға арналған камераға алып кетті. Ол жақта су толтырылған ыдысқа тұншықтыруға дайын болды. Бұл камерада менен басқаларды да тұншықтырған... Есімнен таңғанша азаптады. Олар шағым түсіргенімді қаламады...
…Темір біз жұтып, өз-өзіме зақым келтірдім. Себебі мені азаптады... Азаптау былай болды: қолымды арқама қайырып, скотчпен байлады, аяғымды да солай орап тастады. Жалаңаш күйімде көшеге шығарып, байланған қолымнан асып, іліп қойды. Үстіме суық су құйып, қар төгіп, суға тұншықтырып, ұрып-соқты. Екі рет есімнен танып қалдым, далада -20 градус аяз болатын. Азаптаудан соң мені карантин бөлімшесіне ауыстырды... Маған полиция майоры келіп, моральдық-психологиялық қысым жасап, қоқан-лоқы көрсетті. "Азаптау фактісіне байланысты шағымданып, бірнәрсе жасайтын болсаң, аяушылық танытпай "қырық біріншіге" жібереміз, ол жақта сені "өсімдікке" айналдырады не "гаремге" қосады" деп қорқытты...
Көп жағдайда қоғамды тұтқындарды азаптау мәселесі алаңдатпайды. Бірақ біз ертең не болатынын білмейміз. Бүгін – осындасың, ертең қоршаудың ар жағына түсуің мүмкін. Біздегідей сот жүйесінде өзің немесе отбасыңның бір мүшесі, кім болса да, ол жаққа түсу оп-оңай.
Елена Семенова, құқық қорғаушы
…Мені Атырау қаласының полиция бөлімшесіне апарып, бірінші қабаттағы ең шеткі кабинетке кіргізді. Сол жерде қалтамдағы барлық затты шығарып алды. Айқайлап, тепкілеп ұрып, "12 велосипедті мойныңа аласың" деді.
Мен "жасамаған қылмысты мойныма алмаймын" дедім. Өйткені қылмыс жасаған жоқпын. Осы сөзден кейін мені ұрып, тепкілеп тастады. Әр жерімнен ұрып, орнымнан тұрғызып, орындыққа отырғызды; кейін қолыма кісен салып, қабатталған целлофанмен тұншықтыра бастады. Яғни, өлтірмек болды. Өзімді қорғау үшін темір қасық жұтып қойдым. Қасық жұтқанымды көргеннен кейін ұрып-соғу тоқтады. Олар мені қорлады.
Осыдан кейін Атырау қаласындағы наркологиялық ауруханаға апарды. Ол жақта дәрігер қарап, "Дене жарақатың бар ма?" деп сұрады. "Бар" деп жауап бердім. Кейін полиция басқармасының оперативті қызметкерлері Атырау облысына сараптамаға апарды. Ішке кіргізді, дәрігер тексеру кезінде дене жарақатын көріп, кітапшаға жазып алды. "Кім соққан? Не болды?" деп сұрады. Полиция басқармасының оперативті қызметкерлері ұрып, тепкілегенін айттым. Кешкісін мені Атырау облыстық уақытша ұстау изоляторына жеткізді. Изолятор қызметкерлері жарақатымды көріп, кітапшасына тіркеп, камераға түсіріп алды. Атырау облыстық ауруханасына апарып, УЗИ-ге түсірді. Ішімде қасық барын көрген хирург оның суретін шығарып, уақытша ұстау изоляторының қызметкерлеріне беріп жіберді.
...Сот болды. Бәрін судьяға айттым. "Полиция басқармасының оперативті қызметкерлері ұрып-соғып, істемеген қылмысты мойныма ілгісі келді" дедім. Ішімде қасық барын да айттым. Бірақ судья ештеңеге қарамастан, маған екі ай санкция беріп жіберді...
Жыл сайын қазақстандық тұтқындардың құқығын қорғаумен айналысатын құқық қорғаушыларға жүздеген хат келеді. Құқық қорғаушылар қылмыстық-түзету жүйесі мекемесінде істейтін қызметкерлердің тұтқынды азаптағанын дәлелдеу өте қиын екенін айтады.
Ресми статистикаға сәйкес, биылғы бес айда "Азаптау" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде 120 заңбұзушылық тіркелген. Әзірге бұл істердің бірде-бірі сотқа жетпеген. Былтыр осындай 63 істің 11-і ғана сотқа жеткен. 2020 жылдың соңында қылмыстық-атқару жүйесі комитеті "Тұтқындар мен олардың туыстарынан түскен қазақстандық колония қызметкерлерінің заңбұзушылық әрекеттері туралы шағымдардың 99 пайызы расталған жоқ" деп мәлімдеген.
Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы 2020 жылғы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебінде "пенитенциарлы мекемелерде дәл бұрынғыдай азаптау мен басқа да қорлық түрлері қолданылған. Билік санаулы жағдайда ғана болмаса, көбіне мұндай оқиғаларға қатысты әділ, тәуелсіз әрі тиімді зерттеу жүргізбеген" деп жазған. АҚШ мемлекеттік департаментінің 2020 жылы жарияланған Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебінде "колония қызметкерлерін азаптау фактісі үшін жауапқа тарту аз, жауапқа тартылғанның өзінде оларға көбіне жеңіл жаза берілген. Ел заңындағы азаптаудың түсіндірмесі БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясындағы анықтамаға сәйкес келмейді" делінген.
(Орыс тілінен аударылды)
…Үйден аудандық полиция бөлімшесіне бара жатқан кезде полиция қызметкерлері мені кейін босатылған досыммен бірге патрульдік көліктің ішінде ұрып-соқты. Ары қарай мені уақытша тергеу изоляторына жеткізді. Ол жақта тағы да физикалық күш қолданды. Мені таңғы 8:00 шамасында тұтқындады, ұрып-соғу кешке дейін жалғасты.
...Басында әріптестерінің кегін алу үшін, кейін "кінәңді мойындап, түсініктеме бер" деп ұрды. Соққыдан бірнеше рет есімнен танып қалдым. Ес жиғызып, қайтадан ұрып-соқты. Резеңке таяқпен алдымнан: ішімнен, кеудемнен, бетімнен (шапалақпен), артымнан: бүйрегімнен, арқамнан, жамбасымнан ұрды. Осыдан кейін адвокатпен сөйлесуге рұқсат берді. Адвокат "маған тағылған айып бойынша қылмыс жасау кезінде полиция қызметкерлерінің бірін итеріп не ұрып жіберген шығармын" деп айтуға шақырды. Осыдан кейін полиция қызметкерлері мені тергеушіге апарды. Кінәмді мойындамасам, "таңға дейін ұрып-соғамыз" деп қорқытты. Ауыр психологиялық қысымның салдарынан және физикалық қорлықтан қорыққандықтан тергеу кезінде жазықсыз болсам да, кінәні мойныма алуға мәжбүр болдым. Тергеуге адвокат қатысқан жоқ.
Ертеңіне адвокатпен кездесу кезінде оған бәрін айтып бердім. Ол "бұдан да үлкен мәселеге тап болғың келмесе, ештеңе істеме" деп кеңес берді. Таяқ жегеннен кейін уақытша тергеу изоляторында өткен түнді өмір бойы ұмытпаспын. Үсті-басым қанталап, көгеріп, қанның үстінде жаттым, тіпті, дәретханаға баруға да шамам болмады. Осыдан кейін бір ай бойы қан аралас зәр шығып жүрді, ал бүйрегім әлі күнге дейін ауырады...
…2021 жылы 17-18 мамырда ИЧ- мекемесінің тәртіп және оперативті бөлім қызметкерлері тұтқындарды вакцина қабылдаудан бас тартқаны үшін ұрып-соғып, мойындарын [бұрап], күштеп вакцина екті (бұл жерде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина туралы айтылған болса керек – Ред.).
Осының салдарынан тұтқындардың денесінде жарақат көп. Көгерген, тырналған, ұрылған іздер бар.
Осыған дейін қозғалған қылмыстық іске қарамастан, мекеме қызметкерлері бұрынғы әдетін қоймай, оңтайлы сәтті пайдаланып, тұтқындарды қорлап, олардың сыртқы әлеммен байланысын шектеп отыр. Жедел түрде іс қозғап, тергеушілер мен превентивті механизм өкілдерін жіберіп, тұтқындардың денесін тексеруді, әділ және ашық тергеу жүргізуді сұраймын.
(Орыс тілінен аударылды)
...Тәртіптік изоляторда отырғаныма үшінші күн болғанда мекеме қызметкерлері келіп, камерадан шығарып алып, қоймаға апарып, қолыма кісен салып, оқ өтпейтін кеудеше кигізіп, ұрып-соғып, тепкінің астына алды. Осыдан кейін денеме "Менің өліміме УК- мекемесінің қызметкерлері кінәлі" деп жаздым.
Серуендеуге шыққанымда бесінші ауысым қызметкері еш себепсіз басымды қабырғаға соғып ұрып, кейін камераға лақтырып тастады. Камераның ішіне құлаған кезде басымды соғып алдым. Прокурорды шақыруды сұрадым, бірақ оны ешкім шақырған жоқ. Қолымды кестім, бірақ маған медициналық көмек көрсетілмеді. Аузымды тігіп, тамақ ішуден бас тарттым, бес күн осылай жүрдім, тағы да ешкім келмеді. Бесінші күні мені тәртіптік изоляторға ауыстырды, өйткені сонша күнгі аштықтан орнымнан тұра алмай қалдым. Тәртіптік изолятордан шыққаннан кейін шағым жаза бастадым, бірақ оны тиісті орынға жіберген жоқ.
УК- мекемесінде бірнеше рет азаптауға ұшырадым. Ол жақта көмекке мұқтаж тұтқындар бар, бірақ ешкім олардың арызын қабылдап, көмек көрсетпейді. Тұтқындардың шағым беруге мүмкіндігі жоқ. Өз-өзіне зақым келтіру актісі тұтқын мекеме қызметкерлерінің үстінен арыз жазудан бас тартқан кезде ғана тіркеледі.
Азаптауға ұшырағаныңды дәлелдеу мүмкін емес. Өйткені тиісті зерттеу жүргізілмейді. Тұтқындар қызметкерлердің үстінен арыз жазған кезде не болады? Қауіпсіздік қызметі тексеру жүргізеді. Кімнен сұрайды? Тұтқын шағымданған қызметкерлерден сұрайды. Ерікті түрде түрме әкімшілігіне көмектесіп жүрген, жағдайы жақсы тұтқындардан жауап алады. Соңында сот тек солардың жауабына ғана сүйеніп, шешім шығарады. Кейде адвокаттардың өзі тұтқынды азаптау туралы ештеңе айтпауға көндіреді. Кейде тұтқынның азаптауға ұшырағанын естіген судьялар үнсіз қалады. Арыз бойынша тиісті сараптама жүргізілмейді. Өйткені бұл ешкімге керек емес. Фактіні жасыру керек, болды.
Елена Семенова, құқық қорғаушы
…Түрмедегі бассыздыққа төзуден, өз денемді өзім жарақаттаудан шаршадым. Өйткені [бірде-бір] арыз-шағымым мекемеден сыртқа шықпайды... Біздің елде заң мен құқықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін міндетті түрде өз денсаулығына зақым келтіру керек пе?
Қазір менің түсініктемемнің негізінде қылмыстық іс қозғалды... Іс қозғау үшін өзіме қол жұмсауға тура келді. Бұл іс мені өмірге қауіпті жарақатпен ерікті ауруханаға ауыстырғаннан кейін ғана қолға алынды...
…Жалақымды біреудің қарызын төлеуге беруден бас тартқаным үшін мекеме қызметкерлері мені оперативті бөлімге апарды. Ол жақта оперативті бөлім бастығы мен оның қол астында істейтін екі қызметкер еденге жатқызып, өкшемнен ұра бастады. Бір кезде мүлт кетіп, соққы сол аяғымның өкшеден жоғары сіңіріне тиді. Маған бірден медициналық көмек көрсетілген жоқ.
Осыдан кейін аяғымды баса алмай, бір айға дейін қиналдым. Санитарлық бөлімнен көмек сұрадым, хирург келіп, "гипс салу керек" деді. Мекемедегі фельдшер гипс салып берді.
Арыз-шағым жаздым, бірақ оны жіберген жоқ. Сондықтан аяғымды тіліп, өлер алдындағы хат жазуға мәжбүр болдым. Бір аяғыма "менің өліміме кінәлі" деп, екіншісіне қызметкерлердің тегін жаздым. Осыдан кейін өзімді қауіпсіз жерге ауыстыруды сұрап, арыз бердім. Бірақ оның орнына өз-өзіне зақым келтіру актісін заңбұзушылық деп тауып, мені бес тәулікке тәртіптік изоляторға қамап, кейін қатаң тәртіпті жағдайда ұстауға көшірді.
Бұған қарсылық білдіріп, ішімді тілдім. Колония бастығының режим және оперативті жұмыс жөніндегі орынбасары келіп, "қорқынышты ешнәрсе жоқ, жедел-жәрдем мен прокурор шақырмай-ақ қойыңдар" деген соң, мені жауып тастады…
Біздегі түрмелерден тұтқындар түзеліп шығады деп ойлайсыздар ма? Жоқ. Жүйе жақсы адамдарды шығармайды, тек ашу-ыза мен жек көрініш ғана туғызады.
Елена Семенова, құқық қорғаушы
… Мен тұтқын, олар әкімшілік қызметкері болса, олардың кінәсін дәлелдей алмаймын, өйткені олардың ақшасы мен байланыстары бар. Олар өзін ешкім тиісе алмайтын тұлға сезінеді. Ал тұтқын болғаным үшін мені азаптап, аяғымды сындыра беруге болады екен. Бұл дискриминация ғой. Енді әділдікті қайдан іздеймін?
Бас прокурор мырза, сізден осы қылмыстық істі жеке бақылауыңызға алуды сұраймын. Олардың кінәсі дәлелденді, менің аяғым сынды, сараптама қорытындысы да осыны көрсетіп отыр. Бірақ азапталғанымды дәлелдей алмаймын. Бұл қылмыстық істе [азапталғанымды] дәлелдей алмай жүрген жалғыз мен емеспін. Шын жүректен бізге әділдік орнатуға көмектесуіңізді сұраймын.
Иллюстрацияны салған - Shapalaque