2004 жылы 1 қыркүйекте Беслан қаласындағы (Солтүстік Осетия) мектепке террористер шабуыл жасап, екі күн бойы 1200-ден аса адамды кепілге алды. Алғашқы қоңырауға келген оқушылар, олардың жақындары және мұғалімдер кепілде болды. Билік басында мектеп ішінде қалған адамдардың санын нақты айтпай, олардың санын азайтып көрсетуге тырысты. 3 қыркүйекте билік "мәселе шешілгенін" хабарлады. Бірақ бұл "шешім" жүздеген адамның өмірін алды. 3 қыркүйек күні әскерилер ауыр техника, танк, гранатометпен мектепті алуға кірісті. Террористер мен арнайы жасақ арасындағы қақтығыстан 334 адам қаза тапты. Олардың басым бөлігі – оқушылар мен ұстаздар. 700-ден аса адам жараланды. Бірақ билік мектепке басып кіру шешімін қабылдаған федеральды билік пен "кепілге алынғандарды босату штабының" ісін тергемей, жылы жауып қойды.
2004 жылы 1 қыркүйекте Бесландағы №1 мектепте алғашқы қоңырау болып жатқанда шешенстандық содырлар мектепке басып кірді. Олар 1 қыркүйек мерекесіне келген оқушыларды, олардың жақындары және ұстаздарды кепілге алды. Террористер Ресей билігіне Шешенстаннан әскерлеріңді алып кетіңдер деген талап қойды.
Содырлар Ресей арнайы жасағы мектепке басып кірсе, кепілге алған адамдарды өлтіріп, мектеп ғимаратын жарып жіберетіндерін айтты. Мектепті басып алғандар "бізден бір адам өлсе, кепілдегі 50 адамды өлтіреміз" деп ескертті. Ресей билігі басында "кепілде 200-ден аз адам бар" деп қате ақпарат берді, кейін мектеп ішінде 1200-ден аса адам болғанын анықталды.
32 террорист кепілге алынғандарды спорт залға кіргізіп, баскетбол себетіне бомба іліп қойған. Олар мектепке арнайы жасақ шабуылдаса, ғимаратты жарып жібереміз деп те ескертті. 2 қыркүйекте келіссөздерден кейін террористер 26 әйел мен баланы босатуға келісті.
3 қыркүйек таңертең мектепте атыс пен жарылыс естіле бастады. Түстен кейін Ресейдің арнайы жасағы мектепке шабуыл жасады. Кепілде болған адамдардың кейбірі мектептен қашып шықты. Сағат түскі 4-тен кейін атыс тоқтап, мектепке полицейлер мен дәрігерлер кірді.
Шабуыл жасаған 32 адамның 31-і өлтірілгені хабарланды. Бұл терактіні шешенстандық содыр Шамиль Басаев мойнына алды. Тірі қалған Нур-Паша Кулаев өмір бойына түрмеге қамалды.
2017 жылы 4 сәуірде Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты Ресей Беслан құрбандарының отбасыларына 3 миллион еуро төлеуді міндеттеген. Сот Ресей шабуылға жауап беру кезінде "сәтсіздікке ұшырағанын", соның салдарынан жүздеген адамның қаза болғанын айтқан. Еуропа соты "Ресей теракт болуы мүмкін екенін біле тұра оның алдын алмады" деген.
2017 жылы 19 қыркүйекте Ресей Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотының шешіміне сай, Беслан терактісінен зардап шеккендерге 3 миллион еуро төлеуге келісті.
Ресей соты "оқиға кезінде әрекетсіздік танытты" деп айыпталған полицейлерге амнистия жасады. Бұл теракт құрбандарының туыстарының ашуын туғызды.