2022 жылы Қазақстанда қаңтарда наразылық пен тәртіпсіздік қалай болды? Қаңтар оқиғасының хроникасы.
2022 жылы Қазақстанда қаңтарда наразылық пен тәртіпсіздік қалай болды? Қаңтар оқиғасының хроникасы.
Жаңаөзенде жүздеген адам сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына қарсы наразылыққа шықты. Олар әкімдік маңындағы жолды жапты. Кейін наразылық Маңғыстау облысының өзге өңірлерінде де жалғасып, Қарақия ауданындағы Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрғындар жиналды. Олар биліктен газ бағасын 50 теңгеге түсіруді талап етті.
Жаңаөзендегі наразы жұртқа Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев келген, бірақ наразылар оны қуып жіберді. Қалада наразылар саны үш мыңнан асты. Ақтөбе, Шымкент, Алматы, астанада жұрт Жаңаөзендегі наразылықты қолдап жиналды. Полиция наразыларды ұстай бастады.
Жаңаөзендегі наразылыққа қолдауға елдің көп аймағы қосыла бастады. Полиция алаңдарды қоршап, белсенділерді ұстауды күшейтті. Билік Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасы 50 теңге болады деген, бірақ наразылық шараларында елдегі қымбатшылық мәселесі айтылып, жұрт биліктің оставкасын талап етті. Алматы, Ақтөбе, Шымкентте де наразылық күшейе бастады.
4 қаңтарда кеш бата Алматының "Алатау" театры маңына жұрт жинала бастады. Атырау, Жаңаөзен және басқа қалаларда да наразылар тарамай тұрды. 5 қаңтарға қараған түні Алматыда жиналғандар Республика алаңына келгенде полиция көзден жас ағызатын газ, шулы граната, резеңке оқ атты. Алаң маңында полиция көліктері өртенді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарға қараған түні Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады.
5 қаңтар таңертең президент Тоқаев үкіметтің отставкасын қабылдады. Түс ауа Алматыда атыс басталып, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігі ғимаратына басып кіріп, өртеді. Прокуратура ғимараты да бүлінді. Ақтөбеде де жұрт әкімдікке басып кірмек болды. Бүкіл елде төтенше жағдай жарияланды.
Белгісіз адамдар Республика маңындағы телеарналар орналасқан ғимаратқа да басып кіріп, техникаларды бүлдірді.
Талдықорғанда жиналғандар елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты. Тоқаев елден кетпейтінін, "астанада болатынын" мәлімдеді. Ол Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын өз қолына алатынын жариялады. Билік елдегі оқиғадан күштік құрылым өкілдері қаза болғанын айтты. 5 қаңтар кешке белгісіз адамдар тобы Алматы әуежайына басып кіріп, бүлдірді.
Тоқаев елге "террористік бандалар" шабуыл жасады деп, Ресейдің ықпалы мол ҰҚШҰ ұйымынан әскери көмек сұрады. Қазақстан президенті "террористік бандаларды" нақты атамады. ІІМ "18 полицей мен ұлттық гвардия сарбазы қаза болды" деді. Алматы полициясы департамент ғимаратына шабуылдаған ондаған адамның өлтірілгенін хабарлады.
Алматыда сауда орындарын, банктерді тонау басталды, қалада атыс дауыстары естілді. Азаттықтың дереккөздері Алматы көшесінде мәйіттер жатқанын айтты. Талдықорғанда әлдекімдер әкімдікті өртеді. Қызылордада, Шымкентте де адам шығыны бары белгілі болды.
Елде толығымен интернет өшірілді. Тәртіпсіздік кезінде мыңдаған адам зардап шеккені айтылды. ҰҚШҰ әскерлері Қазақстанға келді. Қоғамда Тоқаевтың елге шетелдік әскерлерді кіргізуіне қарсылық күшейді.
Қазақстан билігі елде конституциялық тәртіп орнағанын, күштік құрылымдар мемлекеттік ғимараттар мен әкімдіктерге бақылау орнатқанын хабарлады. Тоқаев елге "20 мың содыр шабуылдағанын" айтып, күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Билік "контртеррористік операция" жалғасатынын жариялады. Елде бұл күні де интернет өшті.
Ақорда елге шабуылдаған "20 мың содырдың" кім екенін айтпады. Ақпарат көздерінде бейбіт тұрғындар арасында да қаза тапқандар көп екені айтыла бастады.
ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен тергеу изоляторына қамалды.
Жаңаөзен және Ақтау қаласында наразылар тарай бастады. Бұл екі қалада әкімдік я қандай да бір ғимарат қираған жоқ.
Тоқаев "елдегі жағдай тұрақталып келе жатқанын", бірақ "терроризмге қарсы күрес жалғасатынын" мәлімдеді.
Алматыда 4 жасар және 11 жасар екі бала оққа ұшып қаза тапқаны белгілі болды.
ІІМ елде ұсталғандар саны 4404 адамға жеткенін, "арнайы операция" кезінде 26 адам өлтірілгенін, 26 адам жараланғаны хабарлады.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев елден кетіп қалды деген сөз көбейген тұста оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде "Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда" екенін жазды.
ІІМ елде ұсталғандан саны 5969 адам болғанын хабарлады. Оның ішінде 133 адам "аса ауыр қылмыс жасады" деген күдікпен изоляторға қамалғаны, 516 адам әкімшілік қамауға алынғаны айтылды.
Елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай "Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын Тоқаевқа беру туралы шешімді өзі қабылдады" деген мәлімдеме таратты.
Тоқаев жедел әрекет ету штабының жиынында "елдің барлық өңірінде ахуал тұрақтанғанын, жағдайдың бақылауға алынғанын, органдардың әкімшілік ғимараттарын лаңкестерден тазартқанын" айтты. Ақорда күштік құрылымдар "лаңкестердің" орналасқан жерін анықтап, оларды "ұстап" жатқанын мәлімдеді. Билік "лаңкестердің" нақты кім екенін айтпады.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елдегі тәртіпсіздіктен 164 адам қаза тапты деген ақпарат жоққа шығарды. Бұл ақпаратты Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тиесілі телеграм каналы таратқан еді. Кейін ақпарат министрлігі мұны "техникалық қате" деді.
Қазақстандық телеарналар 9 қаңтарда елдегі митингіге қатысқаны үшін ақша алды деп қырғызстандықты көрсеткен еді. Ал Қырғызстан тұрғындары Қазақстан арналары көрсеткен адам белгілі джаз музыканты әрі пианист Викрам Рузахунов екенін айтты. Видеодағы адам жұмыссыз екенін, 1 қаңтарда белгісіз адамдар митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, пәтерге орналастырғанын айтады. Сөйлеп тұрған адамның бетінде соққы іздері бар, бір көзі ісіп кеткен. Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін айтып, кейбірі оған бұл сөздерді азаптап айттырды деді. Қырғызстан Қазақстанға қарсылық нотасын жолдады.
Елде жалпыұлттық аза тұту күні болды. Азаттық тілшілері Алматыдағы мәйітхана алдында ондаған адам жиналғанын көрді.
Тоқаев ҰҚШҰ жиынында 5 қаңтардан басталған тәртіпсіздіктің мақсаты "билікті басып алу, басқару институттарын мен конституциялық құрылымды бұзу" және "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деп атады. Ол "діншіл радикалдар, қылмыстық элементтер, бандиттер, тонаушылар мен бұзақылар" "наразылықты тірі қалқан ретінде пайдаланды", "әскерилер мен құқық қорғау органдарының киімін киіп алды" деді.
Тоқаев Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен сөйлескенде "Қазақстанға қарсы шабуыл жасағандардың көбі Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Ауғанстаннан және Таяу Шығыстан келген" деп мәлімдеді.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Азамат Ибраев пен Жамбыл облысы полициясының бастығы генерал Жанат Сүлейменовтің қайтыс болды. Екеуі де өзіне қол салғаны айтылды.
ІІМ елде ұсталғандар саны 8 мыңға жуықтағанын айтты. Ал Қазақстанда ұсталған қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов 10 қаңтарда босатылып, Бішкекке келді.
Елде интернет жұмысы әлі нашар болды.
Әлихан Смайылов премьер-министр болып бекітілді. Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын жариялады. Тағайындалған министрлердің көбі қызметінде қалды. Қазақстан президентті мәжіліс отырысында "Қазақстан халқына" әлеуметтік бағдарламасын жариялады.
Тоқаев мәжілісте елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайлы бір ауыз сөз ғана айтып, бұл сөзінің өзінде Назарбаевты сөзбен түйреп өтті. "Бірінші президент - "елбасы" тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды. Халыққа тиесілі халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен "Қазақстан халқына" қорына аударатын салымдарын анықтауы тиіс" деді ол.
Бас прокуратура елде 9900 адам ұсталғанын, 412 іс бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді. Билік елде жағдай тұрақталғанын хабарлады.
Алматыда тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі, белсенді Жанболат Мамайды белгісіз біреулер ұрып кеткені белгілі болды.
Алматыда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, жиында Алматы "террористерден толық тазартылғаны" айтылды. Қазақстан басшысы 13 қаңтарда елден ҰҚШҰ әскері шығарыла бастайтынын мәлімдеді.
Билік елдегі дүрбелеңде нақты қанша адам қаза болғанын әлі жарияламады. Алматыдағы мәйітхана алдында жұрт көбейді, әлеуметтік желіде "жоғалған адамдарды" іздеген хабарламалар шыға бастады. Интернетте елдегі оқиғада қаза болған адамдардың жерлеу рәсімінен көп видео тарай бастады.
13 қаңтардан бастап БҚО, СҚО және Павлодар облысында төтенше жағдай алынды.
ҰҚК сайтында осы комитеттің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің үстінен "Билікті басып алу" бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Бас прокуратура қаңтардағы оқиғадан кемінде 225 адам қаза болғанын, 4578 адам зардап шеккенін хабарлады. Арасында бейбіт тұрғындар да бар. Жараланғандар арасында 3393 полицей мен солдат бар. Күштік құрылымдардың 19 қызметкері қаза тапқан. Мерт болғандардың басым бөлігі - Алматы қаласында (149 азамат, 11 полицей).
QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен "ҚазТрансОйл" компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов қызметтен кетті. Шәріпбаевты ақпарат құралдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі деп атайды. Димаш Досанов - Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі.
Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев Маңғыстау облысында газдың негізсіз қымбаттауына байланысты екі айға қамауға алынды.
Мемлекет басшысының өкімімен Самат Әбіш Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды. 43 жастағы Самат Әбіш – экс-президент Назарбаевтың інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. Ол бұл қызметті 2015 жылдан бері атқарып келеді. ҰҚК-да 2010 жылдан бастап жұмыс істейтін Самат Әбіш күш құрылымдарындағы ықпалды адамдардың бірі саналатын.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті. Құлыбаев – Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі. Тимур мен Динара Құлыбаевтар Қазақстанның ең бай адамдары қатарында. Forbes журналы әрқайсысының байлығын 3,1 миллиард долларға бағалаған.
Павлодар облысының полиция басқармасы басшысы Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылды. 48 жастағы Нұрлан Мәсімов - бұған дейін қамауға алынған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің туысы. Ол Павлодар облысының полиция басқармасын 2019 жылдың желтоқсанынан басқарып келген.
Елдің экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев елдегі оқиғалардан бері алғаш рет видеомәлімдеме жасап, "элитааралық күресті" жоққа шығарып, өзінің астанада екенін айтты.
"2019 жылы президент өкілетін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым. Содан бері зейнеткермін. Қазір астанада лайықты демалыстамын және ешқайда кеткен жоқпын" деді 81 жастағы экс-президент.
Ол бар билік қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында екенін атап өтіп, "сол себепті элита арасында ешқандай қақтығыс немесе текетірес жоқ, бұл жайлы сыбыстардың барлығы негізсіз" деді.