Азаттық радиосы
Кім атты? Айғақ қайда? Өтеуі кімнен? Қаңтарға қатысты істердегі қайшылықтар мен жауапсыз сұрақтар

Кім атты? Айғақ қайда? Өтеуі кімнен? Қаңтарға қатысты істердегі қайшылықтар мен жауапсыз сұрақтар

Мәншүк АСАУТАЙ

Қаң. 5, 2024

2023 жылы елде Қаңтар оқиғасына қатысты негізгі соттар өтті. Оның ішінде тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қарулы қақтығысты «ұйымдастырып», «мемлекетке опасыздық жасағандар», Алматының «әуежайын басып алып», «әкімдігі мен резиденцияны қиратқандар», төрт жасар Айкөркем сияқты жазықсыз, бейбіт тұрғындарға «оқ атқандардың» істері өтті. Билік осылайша Қаңтарға қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бермек болғандай. Алайда, соттардағы қиыспайтын фактілер мен кейбірінің жабық есік жағдайында өткені сұрақтарды керісінше көбейтіп жіберді.

СОТТАЛҒАН АРУАҚТАР

2023 жылдың басында, 7 ақпанда Тараз қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан бес азамат – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайға қатысты үкім оқыды. Марқұмдар «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп сотталды. Қайтыс болуына байланысты жазадан босатылды.

Үш ай (сот 2022 жылдың қарашасында басталған) бойы жүрген сот процессінде, бес марқұмнан өзге төрт адамның да ісі бірге қаралды. Тоғыз адамға Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «оқ-дәріні заңсыз алып жүрді» деген айып таққан. Көзі тірі айыпталушылардың бірі екі жылға сотталса, қалған үшеуі рақымшылыққа ілініп, сот залынан босап шықты.

Қаңтар оқиғасында қаза болған Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева сот залында талып қалды. Тараз, 8 тамыз, 2023 жыл

Сотталған бұл төртеу де, марқұм бес адамның жақындары да тағылған айыппен келіспейді. Оған негіз де жоқ емес. Мәселен, Шолпан Донбаева марқұм інісі Исатайды әскерилер үйінің мағынан атып, алаңға апарған деп топшылайды, себебі інісінің денесі табылған жерде қан ізі табылмаған.

– 6 қаңтарда [Таразда] сағат 23.00 болмай-ақ оқ атыла бастады. Алдымен алаңға жиналғандарды әкімдіктің терезесінен атқылаған. Артынша әскери техника мен қарулы жасақ келген. Мұны соттағы куәгерлердің сөзінен, сот залында көрсетілген видеолардан білдім. Ініммен соңғы рет 22.45 кезінде сөйлескенімді анық білем, сол кезде Исатай үйінен шылым шегуге шығып бара жатқан. 8-ықшамаудан алаңнан кемінде 30–40 минут жерде. Құс болып ұшпаса, інім үйінен алаңға жетіп үлгермес те еді, – дейді марқұм Исатай Донбаевтың әпкесі Шолпан Донбаева.

Ол оқ тиген кезде інісі орталық алаңда болмаған деп дейді.

– Сол кезде Таразда «комендант сағатының талабын бұздың» деп, көшедегі адамның бәрін аяусыз атты ғой. Исатайды да өзі тұратын ауданда атып, сүйегін алаңға әкеп тастаған болуы мүмкін деп ойлаймын. Сот залындағы видеоайғақтардан әскери қызметкерлер халыққа оқ атып, артынша мәйіттерді алаңнан жинап әкеткенін көрдім. Содан кейін өрт сөндіру машинасы қанға бөккен алаңды жуып шыққан. Ал тергеу материалында інім мен тағы бірнеше адамның сүйегі сол алаңнан таңға жуық табылған деп жазылған, – дейді Шолпан Донбаева.

Таразда "Әруақтар ісі" бойынша істі болған марқұмдардың туыстары сотта отыр. 27 маусым, 2023 жыл.

Оққа ұшқандардың бірі – 19 жастағы Тоқтар Ошақбай. Жақындарының сөзінше алаңға қызық көріп барған жігіт бас-аяғы жарты сағатта, БТР әскери көлігінен ескертусіз атылған оқтың құрбаны болған.

– Тергеушінің айтуынша, Тоқтар оқ атып келе жатқан БТР-ға қарай тас лақтырыпты. Бар айыбы – осы! Онысы мүлдем қисынға келмейді. БТР оқ атып келе жатса, адам жанын сақтау үшін қашпай ма? Ол «Терминатор» емес қой. «Қандай дәлеліңіз бар, видео көрсете аласыз ба?» дегенімде тергеуші «Сенің балаң – 200 пайыз террорист!» деп үстелді бір қойды, - дейді марқұм Тоқтар Ошақбайдың анасы Жәмила Рахымбекова.

Осыған ұқсас қиыспайтын жайттар туралы өзге де марқұмның туыстары айтады. Дегенмен сот барлығының айыбы дәлелденгенін айтып, оларды соттады. Бұл іске қатысты апелляциялық та, кассациялық та сот өтті. Үкім өзгеріссіз қалды

Ресми дерек бойынша, Тараздағы Қаңтар оқиғасында 15 адам оқ тиіп қаза болған. Адам өлімі бойынша қозғалған істердің бәрі жабылған.

ҚҰПИЯҒА ТОЛЫ МӘСІМОВ ІСІ

2023 жылдың көктемінде Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті 18 жылға соттады. Елдегі ең ықпалды саясаткердің бірі саналып келген 58 жастағы Мәімов «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды», «өкілетін асыра пайдаланды» деп айыпталды. Онымен бірге үш орынбасары да сотталды. Төртеуі де генерал әскери шенінен және мемлекеттік наградаларынан айырылды. Одан бөлек, мемлекетке 10 миллиард теңге және 24 миллион доллар өндірілген.

2023 жылдың 5 қаңтарында Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов Мәсімовті «Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған негізгі адамдардың бірі» деп атаған. Бұл істің тергеуі мен соты аса құпия әрі жабық өткендіктен, Мәсімов нақты қандай іс-әрекеті үшін жазаланғаны белгісіз.

ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің соты. Астана, 24 сәуір 2023 жыл.

Мәсімов кінәсін мойындады ма жоқ па, ол да беймәлім. Бірақ Мәсімовтің жақтастары мен туыстары іс заңсыз тергеліп жатқанын, айыпталушыларға қысым жасалғанын айтқан. Мәсімовтің қорғаушылары ол наразы халыққа «ескертусіз оқ атуға бұйрық бермегені үшін» қамалды деп санайды. Ал БҰҰ-ның жосықсыз ұстау бойынша жұмыс тобы оны «дереу босатуға» шақырды.

Қазақстандағы ықпалды адамдардың бірі, ұлттық қауіпсіздік комиеттінін 2016 жылдан бері басқарып келген Мәсімов 2022 жылы 8 қаңтарда қамауға алынған. Бір жылдан аса соты басталып, үкім 2023 жылдың сәуір айында шықты. Ал маусымда апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

– Билік Кәрім Мәсмовты Қаңтар қырғынының ең басты ұйымдастырушысы және оған ең жауапты адам деп көрсете отырып, істі жабық өткізу арқылы Қаңтар қырғынына қатысты көп сұрақты жауапсыз қалдырайын деп отыр. Қазақстан тарихында болмаған осындай ірі саяси толқулар кезінде, маңызды қызметте отырған адам ісінің өте жабық, құпия жағдайда өтуі бұл Қазақстан режимінің табиғаты бұрынғынша авторитар екенінің көрсеткіші, саяси-құқықтық баға берілуі тиіс мұндай істердің жабық өтуі – қазіргі Қазақстандағы саяси режимге тиімді деген сөз, – дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

Мәсімовтің саяси карьерасы Қазақстанды Назарбаев басқарып тұрған тұста шарықтады. Қытайда білім алған ол Назарбаев командасына 90-жылдардың ортасында еніп, кейін оның биліктегі ең сенімді адамдарының біріне айналды. Кейбір саясаткерлер оны тіпті «биліктің мұрагері» ретінде де атады.

Назарбаев Мәсімовке биліктегі ең беделді қызметтерді тапсырды және ылғи өзінің маңында ұстады. Мәселен, Мәсімов – осы кезге дейін Қазақстан үкіметін ең ұзақ басқарған адам және екі рет премьер-министр болған жалғыз адам да – сол.

«Мәсімовпен көп жыл бірге жұмыс істедім. Бірақ қайдан білесің? Иса да жанында жүрген Иуда сатқын екенін байқамады ғой» деген еді журналистер сұрағына жауап берген Назарбаев.

ҰЗАҚ ЖЫЛҒА СОТТАЛҒАНДАР

Қаңтар оқиғасы кезінде «билік өкіліне қарсылық көрсетіп», олардың «өліміне себеп болды» деп бірнеше адамды ұзақ жылға соттады. Сотталғандар соңына дейін өздері кінәсіз екенін делелдемек болды. Алайда үкімдері заңды күшіне еніп, олар түрмеге тоғытылды.

2023 жылдың 2 ақпанда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Нұрсұлтан Исаевты «құқық қорғау органы өкіліне я әскери қызметкердің өміріне қол сұққаны» (380-1-баптың 2-бөлігі) және «жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" (272-баптың 2-бөлігі) үшін айыпты деп танып, 15 жылға соттады. Исаевпен бірге бұл істе тағы 17 адам сотталды.

32 жастағы жігіт үкімді естіген сәтте: «Не үшін соттадыңыз? Мен адам өлтірген жоқпын ғой!» деп айқайлап жіберді.

Нұрсұлтан Исаев сот залында. Ақтөбе, 14 қазан, 2022 жыл

Айқайлайтындай бар еді. Тергеу «Исаев полиция өкілдерін қасақана көлікпен қақты» дейді. Исаев болса полиция қызметкерлерін әдейі қақпағанын айтып, алаңда полиция демонстранттарға жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ жаудыра бастаған кезде абайсызда болған жағдай деп түсіндірген.

– Полиция оқ ата бастаған кезде сұйық газбен жүретін көлігімді алаңнан аулағырақ әкетпекші болдым. Сол кезде көліктің алдыңғы әйнегіне оқ тиіп, қатты сасқанымнан бұғып, рөлге ие бола алмай қалдым, – деген Исаев сотта.

Айта кету керек, Исаев жеңіл көлікпен қаққанда зардап шеккен деп көрсетілген екі полиция қызметкері сот тергеуі кезінде Исаевқа ешқандай талабы жоғын айтқан.

Нұрсұлтан Исаев – Қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін сот үкімімен осынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған екінші адам. Оған дейін Қызылорда соты әлгіндей айыптар тағылған Қазыбек Құдайбергеновті ұлттық ұлан қызметкерінің өліміне кінәлі деп танып, 17 жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарған.

34 жастағы Қазыбек Құдайбергенов Қаңтар оқиғасы кезінде солдатты көлікпен басып өлтірді деп айыпталған. Құдайбергеновтің жақтастары алты айға созылған сотта оның адвокаттары дәлелдер келтіргенімен сот бірде-бірін ескермеді дейді.

– Бір ғана мысал, қайтыс болған солдаттың мүрдесіне қатысты екі ресми мекеме екі түрлі сараптама береді. Сот медициналық сараптамасын жасаған эксперт солдаттың бас сүйегін «ауыр жүк көлігі дөңгелектері езген» десе, жедел жәрдем апарған аурухана «қабырғасы сынған» деген. Істе мүрдені қараған фото тіркелмеген. Кейін адвокаттар фотоны сұрап алып қарағанда бас сүйегі бүтін, сол көзін таңып қойғанын көрген. Ал куәлік еткен басқа әскерилер «машина оның сол жақ аяғын мыжып кеткен» деді. Осыншама қарама-қайшылыққа қарамастан судья Әлиев 17 жыл берді, – деді Құдайбергеновтің әйелі Іңкәрім Сұлтанова.

2023 жылдың ақпанында өткен апелляциялық соты Құдайбергеновтің жазасын бірнеше айға ғана қысқартты.

Қаңтарға қатысты ең ауыр жазаның бірін алғандардың бірі – тараздық Ербол Жұманов. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті подполковнигін атып өлтірді» және «қару ұрлап, сақтады» деп айыпталған ол 16 жылға сотталды.

Қаңтар оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған Ербол Жұманов (ортада) сот залында отыр. Тараз, 28 сәуір, 2023 жыл

Ербол Жұманов «мылтық алып, үйіне апарғанын» растайды, ал «кісі өлтіру» айыбын мойындамайды. Сотта оның оқ атқан сәтінен видео немесе фотоайғақ болмаған. Айыбы әскерилердің айтуымен дәлелденген. Сол күнгі бақылау камерасындағы жазбаларды қолына түсірген Жұмановтың ағасы «ҰҚК қызметкерлері сарбаздармен «атысқан», подполковник сол кезде мерт болған» деп есептейді.

Ақтөбелік Нұрсұлтан Исаев та, қызылордалық Қазыбек Құдайбергенов пен тараздық Ербол Жұманов та айыпты мойындамайды.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада – 26, Ақтөбеде – екі, ал Таразда 15 адам қаза болған.

БАСТЫ АЙЫПКЕР АҚТАЛҒАН АЙКӨРКЕМ ІСІ

Қаңтар оқиғасының ең кішкентай құрбаны – Айкөркем Мелдехан тірі болғанда қазір алтыда болар еді. Қаңтарда оққа ұшқан бүлдіршіннің ісі бойынша қозғалған іс 15 қарашада аяқталды, оқ атуға бұйрық берді деген әскери – Арман Жұман ақталды. Ал оқ атқан адам анықталған жоқ.

Айкөркем Мелдехан

2022 жылдың 7 қаңтарында жаппай наразылық пен дүрбелең кезінде Айдос Мелдеханның балалары көлікке мініп, азық-түлік іздеп қалаға шыққан. Көлік рөлінде Айдос Мелдеханның 18 жастағы үлкен ұлы Бауыржан отырған. Ағасына еріп Жанел (16 жаста), Бекислам (8 жаста) және 4 жасар Айкөркем де шыққан еді. Ата-анасы кенжелері Рамазанмен үйде қалған.

Республика алаңына жақын маңға жеткенде сондағы әскери қызметкерлер оқ жаудырған. Ондаған оқ тиген көлік Сәтбаев көшесімен кері бұрылып, сәл жүріп барып тоқтаған. Ішіндегі Жанелге жеті оқ тиеді, Бексиламның жанындағы Айкөркемнің басына оқ тиіп, сол жерде жан тапсырған. Жанел жараланып, Бекислам шошып қалған.

Оқиғадан кейін «адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалғанымен, Айкөркемді өлтірген адам табылмады. Бір жылға жуық жүрген тергеу істі «адам өлтіру» бабын «қару қолданып, билікті асыра пайдалану» бабына ауыстырып, оны құпия етті.

Арман Жұман

Бұл іс бір тоқтап, әкесінің арыздарынан кейін қайта жалғасты. Биыл ақпанда тергеу аяқталып, 27 жастағы әскери Арман Жұман күдікті деп танылды.

Бірақ Айкөркемнің әкесі оқ атылған алаң мыңындағы блок-постта барлығы бес адам болғанын, солардың барлығын «адам өлтіру» бабымен жауапқа тарту керегін айтумен келді. Дегенмен, іс сотқа «билікті асыра пайдалану» бабымен жетіп, сот әскериді ақтады.

Жұманды сот «оқ атты» емес «оқ атуға заңсыз бұйрық берді» деп айыптаған. Жұман өзінің Айкөркем өліміне айыпты емесін, балалар отырған көлікті көрмегенін айтқан.

Айта кету керек, әскери прокуратура күдіктіге 7 жыл жаза сұраған. Үкімге прокуратура да Айкөркемнің әкесі де апелляциялық шағым түсірген. Шағым қашан қаралатыны әлі белгісіз.

АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫН «БАСЫП АЛҒАНДАР»

Қаңтар оқиғасы кезінде «содырлар басып алғысы келген» нысандарының бірі – Алматыдағы әуежай еді. Бұлай дейтініміз, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қаңтарда «террорист бандалар ірі инфрақұрылымдарды, Алматыдағы әуежай мен ондағы бес ұшақты тартып алғанын» айтып, «террористік қауіптің алдын алу үшін» Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер басшыларынан көмек сұраған. Әуежайды басып алған «террористер» туралы Тоқаев кейін де қайталаған.

Арада бір жыл өткеннен кейін Тоқаев айтқан «террористер» табылмай, Бас прокурор Берік Асылов әуежайды басып алған «діни экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Нұрпейісов пен Тілеужанов» деп мәлімдеді.

Бұл уақытта Алматыда кәсіби аудармашы, журналист әрі белсенді Әйгерім Тілеужан мен тарих пәнінің мұғалімі, түрлі наразылықтарға шығып, белсенділігімен көзге түсіп жүрген Қалас Нұпрейісов тергеліп жатқан.

Белсенді Әйгерім Тілеужанова (сол жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.

Жарты жылдан кейін, Алматының соты 38 жастағы Әйгерім Тілеужанды «әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыптап, төрт жылға соттады.

Ол әуежайға барғанын растағанымен, басып алуға шақырмағанын айтқан. «Істе барлығы 41 куәгер болды, олардың 13-і Әйгерімге қатысты куәлік етті. Сот кезінде барлығы өз куәлігінен бас тартып, Тілеужанды мүлдем көрмегенін айтты» дейді Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдархан.

Азаматтық көзқарасын ашық білдіріп жүрген мектеп мұғалімі Қалас Нұрпейісов пен алматылық Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамед Шілібаев пен Жанайдар Кәрменов сегіз жылға түрмеге қамалды. Оларға «тәртіпсіздік ұйымдастырған», «ғимаратқа шабуыл жасаған», «көлік ұрлаған» және «ұрлық жасаған» деген айып тағылды. Сотталушылар үкімге келіспейді. Дегенмен, апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

ҚАҢТАРДАҒЫ АЗАПТАУ

Қаңтар оқиғасы кезінде қамауда отырғандарды таяқпен ұру, тоқ соқтыру, адвокаттармен кездесуге рұқсат бермеу сынды азаптау мен құқықтарын бұзудың көп фактісі тіркелген. Алты адам тергеу изоляторында көз жұмған.

Көз жұмғандардың бірі Жасұлан Анафияев 2022 жылғы 5 қаңтарда көппен бірге Алматыда алаңдағы наразылыққа шыққан. Әйелі Гүлзия Омарбаеваның айтуынша, ол алаңда ешқандай заң бұзбаған.

Ал 9 қаңтарда кешкісін полицейлер Жасұланды Алатау ауданы полиция бөліміне әкетіп, 11 қаңтарда Алматы қаласы полиция департаментіне апарған. Сол түні Жасұлан уақытша ұстау изоляторында көз жұмған.

Жақындары марқұмды бір аптадан соң ғана, 18 қаңтарда мәйітханадан тапқан. «Мәйітханадан алғанда денесінің сау жері болмады» деген еді туыстары. Сараптама Анафияевтың 13 қабырғасы мен мұрны сынғанын анықтаған.

Жасұлан Анафияев

«Изоляторда отырған Жасұлан камерадан өз аяғымен шыққан. Шыққан бойда оны полицей Аян Елубеков жерге жығып, дубинкамен соққының астына алған. Әзімбеков пен Торыбаев Анафияевты тепкілеген...

Анафияевтың қолы кісендеулі болған, бұл жайт уақытша ұстау изоляторы кезекшісінің хабарламасынан белгілі болды. Сондай-ақ медициналық сараптама кезінде түсірілген фотосуреттерде марқұмның денесіндегі дубинка іздері анық көрінеді. Ал қалған қызметкерлер қылмыс жасалғанын біле тұра, ешқандай әрекет етпеген».

Бұл – істі қараған судья Есен Үстелбаевтың Алматы қаласының тұрғыны Жасұлан Анафияевтың түрмеде қалай азапталып, қаза тапқаны жайлы тергеу қорытындысына сүйеніп айтқан сөзі. Ол «азаптау» бабы бойынша айыпталған жеті полицейді он жылдан бес жылға дейін соттады. Айыпталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Бұдан бөлек, Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған 54 адамның және қаза тапқан бір адамның ісі бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері сотталды. ҰҚК-нің 11 қызметкері 2022 жылғы 6-7 қаңтар күндері 54 адамды ұрып-соғып, біреуінің өліміне себепкер болған деген күдікпен былтыр ақпанда ұсталған. Бір жылға созылған тергеуден соң 2023 жылы ақпанның аяғында басталған сот процесі сотталушылар мен кей куәгердің "өтініші" бойынша жабық өтті. Былтыр 8 желтоқсанда үкім шығып, 11 адамның біреуі ақталып, қалғаны 10 адамның жетеуі үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылды.

Жәбірленушілердің кейбірі мен адвокаты үкімге келіспейді. Олар "азаптауды ұйымдастырушы жауаптан сытылып кетті" деп наразы.

– Ең жеңіл жаза берді – үш-бес жыл аралығында. Ең негізгі ұйымдастырушы – Жұмановты сот ақтады. "Гестапо бөлмесінде" адамдарды ұрып-соғып, тепкілеген үш адам шартты жаза алды. Біз үкімге келіспейміз және шағым береміз. Өте әділетсіз үкім болды! – деді 8 желтоқсанда үкім шыққан соң адвокат Жуаспаева журналистерге.

Қаңтардағы ұсталғандарды аяусыз азаптаудың бір көрінісі –Азамат Батырбаевтың кейсі. Қаңтар оқиғасынан кейін Талдықорғанда тергеушілер денесіне ыстық үтік басып, азаптап, қинаған Азамат Батырбаевтың суреттері әлеуметтік желіде тарап, қоғамда резонанс тудырған еді. Азамат құқық қорғау қызметкерлерінің үстінен бірнеше рет шағым түсіргенімен, азаптау бойынша қозғалған іс сотқа бір жарым жылдан кейін ғана жетті. Осы уақыт ішінде билік Азамат Батырбаевқа Қаңтарда «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағып, жауапқа тартқан. Батырбаев «кінәсін мойындап», тергеумен процестік келісімге келген соң, Талдықорған қаласының соты оған 4,5 жыл шартты жаза кесіп, қамаудан босатқан.

Азамат Батырбаев

Батырбаевты азаптау ісінде қазір төрт полиция қызметкерлі жауапқа тартылып жатыр. Істе Азаматтан өзге тағы төрт адам – жәбірленуші.

Қазақстандық PaperLab зерттеу орталығы «Қазақстан қоғамының Қаңтар оқиғасына көзқарасы» атты есеп жариялады. Есепте ұсталғандарды азаптау – қатты сыналған жайт екені, респонденттердің 72 пайызы оны құптамағанын жазған.

Прокуратура 2023 сәуірде елде азаптау қылмысы бойынша 220 іс теркеліп, 21 қызметкер іске тартылғаннын, арасында ІІМ мен ҰҚК-інің сегіз қызметкері бар екенін хабарлаған.

Қазір тағы бір азаптау ісі қаралып жатыр. Жұрт арасында «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев пен ҰҚК-ның 5-бөлімінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовтың соты жабық режимде өтеді. Екеуіне де Қаңтар оқиғасына байланысты «адамды бостандығынан заңсыз айырды», «қылмыстық топ құрып, басқарды» деген айыптар тағылған. 2022 жылдың қаңтарынан қамауда отырған Жұмагелдиев айыпты мойындамайды.

Судья «өміріне қауіптенген» жәбірленушілердің сотты жабық өткізу туралы өтінішін мақұлдаған. Іс әлі жүріп жатыр, дегенмен оның мән-жайы белгісіз.

Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасынан соң адам азаптаған күш құрылымдары қызметкерлеріне қарсы ашылған істердің көбі жабылғанын сынайды. Күш құрылымдарының азаптауынан өткендер кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қауіптенеді.

ӨТЕМАҚЫ ЖАЙЫ

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен "Қазақстан халқына" қоры құрылған. Оған елдегі танымал олигархтар миллиардтаған теңге аударды. Қайырымдылық мақсатта құрылған қордағы қаражат денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт саласына көмек көрсетуге жұмсалады делінген.

Қор "Қаңтар оқиғасында жарақат алды" деп танылған әскери бөлім, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарының 111 қызметкерінің әрқайсысына 3 миллион теңгеден, жиынтығы 333 миллион теңге төлеген. Ал кездейсоқ оқ тиіп ауыр жараланған 222 адам мен 13 балаға 3 миллион теңгеден көмек берген. Бұдан бөлек 19 әскери бөлім, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасына 7 миллион теңгеден барлығы 133 миллион теңге қайырымдылық көмек көрсеткен. Қор Қаңтарда әскерилер оғынан қаза тапқан адамдардың тек 148-і кездейсоқ оққа ұшты деп танып, олардың әрқайсысына 7 миллион теңгеден ақша бөлген.

Қаңтарда құрбан болғандардың туыстары арасында ақшалай өтемақы ешқандай жараны жаза алмайды деп, оның орнына әділ сот талап еткендер бар.

Оқиға кезінде жарақаттанып, азапталып не заңсыз қамалдым деп өтемақы талап етіп, көздегенінен әлдеқайда аз ақша алғандар да, алмай жүргендер де көп. Мәселен, Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасынан соң заңсыз қудаланған Асланбек Омаровқа 3,5 млн теңге өндіріп беру туралы шешім шығарды. Ол бұл ақша «1,5 жыл ішінде көршен азабымды ақтамайды» дейді. Алматыдағы дүрбелеңде оқ тиіп, арбаға таңылған Жәмила Бурабаева да төленген 3 миллион теңге тартқан азабының өтемі бола алмайды дейді.

Мемлекеттен лайықты өтемақы ала алмай жүрмін деген азаматтардың бірі – екі көзінен айрылған 38 жастағы Ермек Әбдірешов. Қаңтар күндері полиция оны ауруханадан күштеп алып кетіп, ұрып-соғып, азаптаған.

Ермек Әбдірешов

– Ермек 2022 жылғы 5 қаңтарда өзге де бейбіт азаматтармен бірге Республика алаңы маңында жүргенде дәл алдында шулы жарқылдақ граната жарылып, көзіне зақым келген. Есінен танып жатқан оны біреулер Алматыдағы №7 ауруханаға жеткізген. 8 қаңтарда қара киім киген әскери адамдар келіп, медбикенің "оның көзі көрмейді" дегеніне қарамастан жалаңаш күйі, аяқ киімін де кигізбестен алып кеткен. "Көрмесе көретін болады" деп көзінен, басынан, денесінен қарумен ұрған, – дейді адвокаты Маржан Аспандиярова.

Қос жанары көрмей қалған Ермек мемлекеттен 25 миллион теңге өтемақы талап еткен. Сот Әбдірешовтің арызын ішінара қанағаттандырып, мемлекеттен оған 2 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған. Кейін жауапкер болып белгіленген Қаржы министрлігі бұл шешімге шағым түсіргенмен, шешім өзгеріссіз қалды.

Қаңтар оқиғасында күш құрылымдарынан зардап шеккендер өтемақы туралы талап арызын сот тек ішінара қанағаттандырып, ал кейбірінікін мүлде қарамайтынына шағым айтады. Құқық қорғаушылар мемлекет жазықсыз жапа шеккен азаматтары алдындағы міндетін дұрыс орындамай отыр дейді.