"Танкілер бәрін атып, жаншып өтті". Бакудегі "Қара қаңтарға" 30 жыл толды
Настоящее Время
1990 жылы Баку оқиғасына қатысқандар мен куәгерлер "Қара қаңтарды" еске алды.
“Жүздеген мың адам қаза тапқандарды табытқа салып, қала орталығымен жүріп өтті. Марқұмдарды қала мен теңіз анық көрінетін таудағы саябақта жерледі. Жас қабірдің үстінде құшақ-құшақ қызыл қалампыр жатты. Содан бері әзербайжандар үшін қызыл қалампыр аза тұту гүліне айналды”. Баку тұрғыны Эмилия Рагимова қалада 30 жыл бұрын болған қайғылы оқиғаны осылай еске алады.
1990 жылы қаңтардың 20-на қараған түні совет әскерінің бірнеше танк бөлімшесі қаладағы жағдайды бақылауға алу үшін Бакуге кірді. Соңғы күндері мұнда үкіметке қарсы наразылық шаралары өтіп, этникалық сипаттағы қақтығыстар болған еді. Наразылар ел тәуелсіздігін қалап, Совет одағына қарсы шықты. Ресми дерек бойынша, ол кезде 133 адам қаза тауып, 611-і жараланған, тағы бес азамат із-түзсіз жоғалып кеткен. Әзербайжан тарихындағы қайғылы қырғындардың бірі болған 1990 жылғы қаңтардың 20-сы кейін “Қара қаңтар” деген атауға ие болды.
ҚАНҒА БОЯЛҒАН ШЕШІМ
Баку мен бүкіл Әзербайжанда айлар бойы ушыққан жағдай сол түні шырқау шегіне жеткен еді. Бұл оқиғаға Таулы Қарабақтағы жанжал, елге ағылған босқын мен күрделі мәселені шешпеген орталық үкіметке наразылық себеп болды.
1988 жылы Әзербайжанда “Халық майданы” атты ұлттық-демократиялық қозғалыс құрылды. Қозғалыстың негізін салушылардың арасында ерлі-зайыпты құқық қорғаушылар Лейла мен Ариф Юнус те болды. Лейланың сөзінше, қозғалыстың әуелдегі мақсаты – Әзербайжанды Совет одағының құрамынан шығарып алу емес, жүйені демократияландыру болған. Ал тәуелсіздік мәселесі 1990 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін СССР жүйесін демократиялық бағытқа бұру мүмкін емесін түсінген кезде көтерілген.
1989 жылдың соңында Бакуде жағдай шиеленісіп тұрған еді. Күн сайын мыңдаған адам қаланың басты алаңына митингіге жиналып, баррикадалар құрып, биліктің отставкаға кетуін және елдің СССР құрамынан шығуын талап ете бастады. 1990 жылы қаңтардың 20-сы күні халық талабын оқ дауысы басты.
“Армяндарды қанды қырғынға ұшыратып, Бакуден қуып шыққаннан кейін Мәскеу мен “Халық майданы” арасында есеп айырысуға мүмкіндік туды. Қаңтардың 14-і күні болған бүліктен кейін жағдайды бақылауға алу үшін Бакуге СССР басшысы Михаил Горбачевтің жақын саяси серігі Евгений Примаков бастаған Совет одағының коммунистік партиясы Орталық комитеті саяси бюросының делегациясы келді. Қала шетіндегі қазармаларда жатқан мыңдаған әскериді жеке басқару үшін СССР қорғаныс министрі Дмитрий Язов та жетті. Журналист Томас де Ваал Таулы Қарабақ туралы “Қара бақша” деген кітабында “Таулы Қарабақта, Әзербайжан мен Арменияның шекаралық аудандарында, Гянджа қаласында төтенше жағдай енгізілді. Бірақ неге екені белгісіз, Бакуде мұндай шара қолданылған жоқ” деп жазды.
Бакуде төтенше жағдай мен коменданттық сағат қаңтардың 20-сы түнде енгізілді. Телеэфир жұмыс істемегендіктен, қала тұрғындарының көбі бұл ақпаратты таңертең бір-ақ естіді.
“Биліктің армян қырғынын тоқтату үшін төтенше жағдай енгізбей, ондай шешімді қалада бірде-бір армян қалмағаннан кейін ғана қабылдауы олардың не арсыздығын, не сауатсыздығын, болмаса сол екеуіне бірдей ие екенін көрсетеді” дейді Ваал.
Сол түні қаза тапқандардың көбінің наразылыққа мүлде қатысы болмаған. Оққа ұшқандар арасында жараланғандарға көмектесіп жүргендер, оқиға орнынан кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар мен шеттегі үйлердің тұрғындары болған.
"Қаралы қаңтарда" Бакуде түсірілген фотолар
Қайғылы оқиғадан бері 30 жыл өтсе де, көп нәрсе анық емес. Бұл қырғынға не себеп болғаны және оған кім кінәлі екені туралы талас әлі жалғасып келеді. Совет билігі “әскер қалаға тәртіпсіздікті тоқтату үшін кірді” деп түсіндірген. Бірақ оқиға куәгерлерінің көбі әскерилердің шектен тыс қатыгездікке барғанын айтады.
Настоящее время 1990 жылғы қаңтар оқиғасын наразылыққа қатысушылар мен соңына дейін қалада не болып жатқанын түсіне алмаған қарапайым тұрғындар сөзімен әңгімелеуге тырысты.
ОҚИҒА ҚАРСАҢЫНДА: “ТАМАША УАҚЫТ”
"Қаңтар оқиғасына" байланысты даулы мәселенің бірі – халықтық қозғалысқа қатысушылардың қолындағы қару туралы талас. СССР қорғаныс министрі Дмитрий Язов қозғалыс қатысушыларының арасында автоматпен қаруланған 40 мың жауынгер бар деп мәлімдеген. Бірақ сол кезде қалада болған журналистер небәрі жүзге тарта ғана қару болғанын айтады.
Ол кезде 34 жаста болған фотограф Санан Алескеров қаңтардың 20-сына дейін екі тәулік бойы митингіде болғанын, бірақ бірде-бір қарулы адам көрмегенін айтады.
“Тамаша уақыт еді. Митингілерге бұл – демократия мен жаңа мемлекеттің бастауы деп сенген соң бардым. Совет одағын ешқашан ұнатқан жоқпын. Өзгеріс болғанын қаладым. Ол кезде халықтың бірлігі ерекше болды: ерлер мен әйелдер, қарттар мен жастар, зиялылар мен жұмысшылар…
Әзербайжан тұрғындарының мұндай ынтымақ, бірлігін, бір-біріне деген сондай ыстық ықыласын “Қаңтар оқиғасына” дейін де, кейін де ешқашан көрген емеспін. Митингілерді мүлде суретке түсірген жоқпын – бір-екі рет талпынып көргенімде, камерамды тартып алып, сындырып тастады. Адамдар қорықты, өйткені жұрт арасында журналист не фотограф кейпінде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) агенттері жүріп, наразыларды суретке түсіріп алатынын білетін” дейді ол.
Зауыт-фабрика мен оқу орындарының көбінде оппозициялық “Халық майданы” қозғалысының бөлімшелері құрылды. Энергетика техникумында қозғалыс бөлімшесі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Замина Джаббарованың бастамасымен ашылған. Ол кезде 42 жастағы Замина “Халық майданының” бірінші құрамына мүше болған.
“Қаңтардың 19-ы күні бөлімше басшылығы түнде әскер кіруі мүмкін екенін айтып, маған студенттерді жинап, Сальянский қазармаларына апаруды тапсырды. Көнген жоқпын. Студенттерімді үйлеріне қайтарып, телефон арқылы ата-аналарына “балаларды үйден шығармаңыздар” деп ескерттім. Өзім қазармаға бардым. Кешқұрым оттың айналасында бірнеше ондаған адам отырды. Ұлттық қозғалыстың сол кездегі көшбасшыларының бірі Неймат Панахов келді. Ол көп ұзамай қару артылған көлік келетінін айтып, уәде беріп, кетіп қалды. Бірақ мен сол түні бірде-бір қару ұстаған адамды көрген жоқпын” дейді Замина.
Сол түні танкілерді күтіп, қазармада оттың айналасында отырғандардың бірі – Өнер институтының театр бөлімінде оқитын 22 жастағы Шахбаз Худуоглы.
Шахбаз Худуоглы (1990 жылғы және қазіргі уақыттағы суреті)
“Белсенді студент болдым. Күнде халықтық қозғалыс ұйымдастыратын әртүрлі шараға барып, митингілерге, шерулерге, наразылық акциялары мен әртүрлі жиындарға қатысып жүрдім. Халық жиналып, “Еркіндік!”, “Тәуелсіздік” деп айғайлағанда, денең тітіркеніп кететін” дейді ол.
КЕШҚҰРЫМ: БҰЗЫЛҒАН ТЕЛЕДИДАР
Бакуде бірнеше күн бойы “қалаға танкілер кіреді екен” деген сыбыс тараған. Бірақ халықтық қозғалысқа қатысушылар әскердің қай тұстан кіретінін нақты білмеген. Баку тұрғындарының басым бөлігі қаладағы оқиғалардан мүлде бейхабар болған.
1990 жылы 11 жаста болған Татьяна Ковалеваның отбасы Бакудің орталығында тұратын. Қаңтардың 19-ы күні Татьянаның әкесі ұзақ мерзімді іссапарға баруға жолға жиналып жатқан.
“Әкем радист болатын, сауда флотында жұмыс істеді. Қаңтардың 19-ы күні кешкісін ол Бакуден поезбен шығып, Одессаға жетіп, одан ары қарай теңізге кетуі керек еді. Жолға шықпас бұрын бұзылған телевизорымызды жөндеуге тырысты. Әкем оны бөлменің ортасына қойып, бөлшектерін алып, қайта құрап, жөндеген болып, қосып көрді… Телевизор жұмыс істемеді. Тағы шашып, қайта жинады. Нәтиже шықпады. Осылай бірнеше рет қайталанды. Анам “Бір затты жөндеу де қолыңнан келмейді. Сен кетесің, біз бірнеше ай бойы телевизорсыз қаламыз” деп кейіді. Ұрыс шықты. Әкем жол сөмкесін алды да, есікті тарс жауып, вокзалға кетіп қалды. Шашылған телевизор сол күйі бөлменің ортасында қалды. Мен оны өзімше жинап көрдім. Ол кезде телевизордың істемегені әкемнің кінәсінен емес екенін білген жоқпыз” дейді Татьяна Ковалева.
Қаңтардың 19-ы күні кешкісін Бакуде телевизия жүйесі істемеді. Кейінірек телеорталықта энергоблок жарылғаны белгілі болды. Оны кім жарғаны әлі күнге белгісіз. Ең көп тараған нұсқаға сәйкес, мұны әскерилер не арнаулы қызмет өкілдері жасаған.
ТҮН: ҚАЛА КӨШЕСІНДЕГІ ТАНКІЛЕР
Бакуге бірнеше бағыттан кірген әскер әуежай мен бухтаны жапқан. Қаланың солтүстік бөлігінен енген әскер легі орталыққа беттеген, бірнеше даңғыл, Сальянский қазармалары мен кейін “20 қаңтар” аталған метро станциясының жанынан (бұрын бұл станция Әзербайжанда совет билігін орнатуда негізгі рөл атқарған 11 қызыл жауынгердің құрметіне аталған) жүріп өткен.
“Қаңтардың 20-cы түнде зеңбірек дауысынан ояндым” дейді сол кезде 47 жаста болған Эмилия Рагимова. Балалар емханасында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген Эмилия анасы және кішкентай қызымен бірге оқиға болған жерге жақын маңда тұрған.
“Атыс жақын маңнан естілді, бірақ пәтер терезесі көшеге емес, аулаға шығатындықтан, ештеңе көре алмадым. Үйден жүгіріп шыққан көршілердің у-шуын ғана естідім. Қорқынышты болды, осындай бірдеңе боларын ішім сезген еді. Бірнеше күн бойы ауланы аралаған адамдар дауыс зорайтқыш арқылы жастарды митингіге шақырып жүрген. Қаңтардың 19-ы күні дауыл алдындағы тыныштық тұрғандай еді” дейді Эмилия Рагимова.
“Оқ атыла басталысымен аулада у-шу боп кетті. Ересектердің барлығы радиосы бар көршіміздің пәтеріне жиналды, ал балаларға, олардың ішінде ағам екеуміз де бармыз, үйден шықпауды тапсырды. Қорыққан жоқпын. Керісінше… “Сюрреалистік” сезімді бастан өткердім. Әрине, ол кезде мұндай сөз барын білген де жоқпын, бірақ сол сәттегі сезімдерді дәл осы сөз жақсы сипаттайтынын кейін түсіндім. Оған дейін қалада күнделікті бір оқиға болатын, ай бойы әбден қорыққан шығармын” дейді Татьяна Ковалева.
“Сальянский қазармаларының жанында біраз уақыт болып, үйге келдім. Түннің қақ ортасында аспанды жарық тіліп өтті. У-шудан ұлым оянды. “Жарықпен белгі беретін тапаншадан атқан шығар…” дедім. Жақында әскерден келген ұлым болса ондай белгі мен жарқырап ұшатын әскери оқты ажырата алатынын айтты” дейді Замина Джаббарова.
“Ол киініп, кетіп қалды. Ал “мұның нағыз оқ екені, ұлым сол оқтың астына кеткені” санама жеткенше бірнеше минут өтті. Артынан тұра жүгірдім. Ол кезде қазармаға жақын жерде тұратынбыз. Жол шетінде тұрған ұлым көзіме түскенше көше бойлап жүгіре бердім. Атын атап шақырдым, ол маған бұрылды. Сол кезде бізге қарай келе жатқан танкіні көрдік. Танкінің төбесінен шашы ұзын, сырт кейпі әскериге қарағанда жалдамалыға көбірек ұқсайтын адам басын шығарып тұрды. Қорыққанымнан “Қанішерлер! Фашистер!” деп айғайлап танкіге қарай жүгірмек болдым. Бірақ ұлым мені жол шетіндегі ағаштардың арасына қарай итеріп, денесімен жауып қалды. Қауіп сейіле бастаған кезде үйге алып кетті” дейді ол.
ӘСКЕРИ ҚАРУ ОҒЫ
“Түн ортасына таяған кезде, даңғыл бойымен бізге қарай танкілер келе жатқанын көрдім. Оқ дауысы естілді. Бірақ айналадағы адамдар “шын оқ емес, олар бізді тек қорқытқысы келеді” деді. Біз соған сендік. Өйткені бәлендей жаман ештеңе істеген жоқпыз. Жай ғана оттың айналасына қарусыз жиналып, не болса да, тарамаймыз деп бірге отырғанбыз” дейді сол кезде Сальянский қазармаларына жақын жерде болған Шахбаз Худуоглы. Ол өзі куә болған көріністі ары қарай былай сипаттайды:
“Бірақ бұл нағыз оқ болып шықты: “Танкілер әуелі басымыздан жоғары, кейінірек барынша төмен ата бастады. Танк жақындаған сайын, оның ұңғысы төмендей берді. Атылған оқ біздің деңгейімізде ұша бастады. Біреу жерге құлады. Оны көрген басқалары көшенің басына қарай жүгіре жөнелді. Олар жанұшыра қашқанда, оқтың тура астына бара жатқанын түсініп үлгермеді. Тура жанымда тағы бір адам құлады. Ол жаралы екен, тағы бір адаммен бірге оны шетке сүйреп, жақын маңдағы аурухана қоршауынан ішке қарай өткіздік. Қайтып келгенімізде, орталық даңғыл бойымен бірнеше танк кетіп бара жатқанын көрдік”.
Шахбаз түннің қалған бөлігін даңғылдың екі шетіндегі жапсарлас көшелерде өткізгенін айтады.
“Ажалдан бір қадам жерде тұрдым. Бірақ оны түсініп, сезіндім дей алмаймын. Танкіге қарай жүгіретін жүрек жұтқан адам болмасам да, үрейленген жоқпын. Алыстан естілген оқ дауысы құлақтың түбіндегі гүрсілден әлдеқайда қорқынышты шығады екен. Оқудан бос уақытта жұмыс істеп, жинаған ақшама ақ плащ сатып алған едім. Ол кезде қымбат саналатын, шетелдік пішіммен тігілген киім еді. Сол түні үстімде сол ақ плащ болды. Оны қаңтардың 20-сынан кейін лақтыруға тура келді. Өйткені оған жаралы жігіттің қаны сіңіп қалған еді” дейді Шахбаз.
“ЖОСПАРЛАНҒАН АРАНДАТУ”
Ол кезде 35 жаста болған Лейла Юнус күйеуі Арифпен бірге Тарих институтында жұмыс істейтін. Айтуынша, 1990 жылы қаңтардың басында қозғалыстың бастапқы мақсатын адам танымастай етіп өзгерткен ішкі кикілжіңдердің кесірінен “Халық майданы” құрамынан шығып кеткен. Лейла күйеуі, қызы және анасымен бірге қаңтардың 20-cы күні пулемет оғынан дәліздегі терезесі сынған пәтерде тұрғанын айтады.
“Үйіміз Бакудың орталығында, ІІМ ғимаратына қарсы бетте болды. Ол жақтағы атыстың қарқындылығы соншалық, біздің көшеге емес, аулаға қарайтын тереземіз сынды. Ариф не болып жатқанын өз көзімен көріп, шетелдік ақпарат құралдарына шындықты айту үшін қалаға кетті. Ол қаңтардың 20-сы күні таңертең және күні бойы бір келіп, бір кетумен болды. Танкілер көзіне түскеннің бәрін, тіпті, жедел жәрдем көліктерін атып, жаншып жатқанын айтты. Бала не қарт адам демей, бәрін атқан. Жай балконға шыққан адамдар да оққа ұшқан. Ариф әскерилердің жараланған бірнеше адамды қалай өлтіргенін айтып берді. Таңертең үйіміздегі телефон Еуропа, Ресей мен АҚШ журналистерінің қоңырауынан бір тынбады. Бірнеше күннен кейін үйімізге шетелдік журналистер келді. Барынша шынайы ақпарат жинап, оны шетелдік ақпарат құралдары мен әлемдік қауымдастыққа жеткізуге тырыстық” дейді ол.
Лейла мен Ариф Юнус (1989 жылы және қазіргі уақытта түскен суреті)
Лейла мен Ариф Юнус “Қаңтар оқиғасы” туралы естеліктері мен қайғылы жағдайдың себептері туралы ойларын 2018 жылы орыс және неміс тілдерінде шыққан “Советтік лагерьден Әзербайжан түрмесіне” деген кітабында жазған.
“Бұл – сол кезде мүдделері сәйкес келе қалған Әзербайжанның іші мен сыртындағы екі бөлек күштің жоспарланған арандату науқаны. Бір жағынан – компартия орталық комитетінің бірінші хатшысы Абдулрахман ВезировтІң орнына билікке Гейдар Әлиевті қайтарғысы келетін Әлиев кланының өкілдері (Әзірбайжан компартиясы басшылығына мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің генералы Гейдар Әлиев келген 1969 жылдан бастап елде кландық басқару жүйесі қалыптасты), екінші жағынан – Михаил Горбачевтың беделін түсіруді көздеген қарсыластары болды. Қаңтардың 20-cы күні Бакуде болған қырғын тарихта қанды оқиға боп қалғанымен, сол жылдары совет республикаларында өткен халық қозғалысы қарсылығын басудың жалғыз мысалы болған жоқ. 1989 жылы сәуірде Тбилисиде, 1991 жылы қаңтарда Вильнюсте билік шеруге шыққан бейбіт халықты күшпен басып-жаншыды” дейді Лейла Юнус.
ҚЫРҒЫННАН КЕЙІНГІ ТАҢ: ҚЫЗЫЛ АСПАН МЕН ҚАРА ҚАЛА
“Таң ата бастағанда, аспан алқызыл түске боялды. Әсірелеп айтып тұрған жоқпын, қаңтарда осындай қызыл шапақты таң атқанын бұрын-соңды көрген емеспін. Көшелер қара түске енді – қара тулар мен ленталар, қара киінген адамдар… Көңілді құлазытатын көрініс. Үнсіз, босап қалған, басылған қала” дейді Бакуде 1990 жылы қаңтардың 20-ы күні таңның қалай атқанын сипаттаған Эмилия Рагимова.
“Бірге жұмыс істейтін көршіміз екеуміз жұмысқа бара жатқанбыз. Үстінде автомат асынған әскерилер отырған танкілердің жанынан өттік. Эмоцияға бой алдырған жас көршім әскерилерге ауыр сөз айтып, айғайлағысы, ұрысқысы келді. Зорға тоқтатып, алып кеттім. Ол кезде болған оқиғаның шет-жағасын ғана білетінбіз. Қосымша деректерді жұмысқа келгенде бір-ақ естідік. Мерт болғандардың арасында біздегі медбикелердің біріне қырындап жүрген жігіт пен бір науқастың әкесі барын естідік. Жүргізуші түнде кинодағыдай бораған оқтың астында бас дәрігерді емханаға қалай жеткізгенін айтып берді” дейді Эмилия.
Қаңтардың 20-сы таңертең Шахбаз Худуоглу достарымен бірге қала орталығына барған: “Жолда танк басып-жаншыған бірнеше көлік кездесті. Орталыққа, әдетте қала тұрғындары серуендейтін субұрқақтар жаққа жеткен кезде бүкіл алаң “қара жамылғанын” көрдік. Адамдар бүкіл ағашқа алдын-ала дайындағандай қара орамал байлап тастаған. Қаланың өзі – ағаштар, ғимараттар не болғанын түсінгендей, аза тұтып тұрғандай көрінді”.
“Көршіміздің он алты жастағы жасөспірім баласы болды. Ол сол түні үйге келген жоқ, оның қайда екенін ешкім білмеді. Көршім ұлын өлдіге жорыды. Бірақ таңертең ол аман-сау, сәл масаң күйде үйіне оралды. Сөйтсек, ол болған жағдайдан бейхабар екен: достарымен түні бойы бір видеосалонда отырып, ішіп, кино көріпті” дейді Татьяна Ковалева.
Замина Джаббарова жараланғандардың көп болғанын естіп, ауруханаға қан тапсыруға барған: “Бірақ дәрігерлер жараланғандарға көмектескісі келіп, қан тапсырғандар көп екенін, донорлық қан жетіп-артылатынын айтып, қайтарып жіберді”.
“Көшеде аққан қан мен оның айналасына қойылған қалампыр гүлдерін көрдім. Ал қала орталығында танкілер тұрды, оның ішінде түндегідей емес, басқа адамдар отырды. Бұлар түр-келбеті алдыңғыларға мүлде ұқсамайтын, әскери борышын өтеп жүрген кәдуілгі сарбаздар еді. Түнде оқты бұлардың атпағанына сенімдімін” дейді Замина Джаббарова.
“Оған дейін митингіде екі күн жүріп, шаршағаным соншалық, қаңтардың 20-cына қараған түні үйде ұйықтап қалыппын. Атыс басталғанда, әкем сол жаққа кетіп қалар деп қауіптеніп, мені оятпапты. Сондықтан көшеге қаңтардың 20-сы күні таңертең бір-ақ шықтым” дейді фотограф Санан Алескеров.
“Бірнеше досыммен бірге сол кездегі орталық комитет ғимаратына жақындағанымызда, бізге қарай танк жүрді. Оған қарай жүгіріп, айғайлай бастадық… Танк тоқтады. Бізге ешкім тимеді, бірақ әрі қарай барудың мәні жоқ еді. Үйге бос көшелермен жалғыз қайттым. Үйге жете бергенде бұрыштан шыға келген танкпен тағы да кездестім. Сол сәтте зәре-құтым қалмады. Өмірімде ешқашан сол кездегідей қорыққан емеспін. Жаныңда адамдар болғанда, танкіге қарай жүгіру де, өлу де қорқынышты емес. Бірақ жалғыз жүргенде танктің тұмсығы саған қарап тұрса… Бірінші кездескен аулаға жүгіріп кіріп, ең соңғы қабатқа көтеріліп, танктің кеткенін күттім”.
ҚЫРҒЫННАН КЕЙІН: ЗИРАТҚА АЙНАЛҒАН САЯБАҚ
“Қаңтардың 20-сы күні кешке әкем үйге оралды. Ол поезға отыра алмағанын, күні-түні вокзалда болғанын айтты. Қалада болып жатқан оқиғалар туралы хабар жеткізді. Тамақ ішіп, жуынып, Одессаға баруға қайта жолға шықты. Ал біз апта бойы үйден аттап шыққан жоқпыз. Үйде көкөніс консервілері жеткілікті еді. Соны талғажау еттік. 90-жылдардың ортасында танкілер басып кірген жерге жақын маңда тұратын танысымның үйіне қонаққа бардым. Сонда бірінші рет үй қабырғасындағы оқ іздерін өз көзіммен көрдім. Таныстарым екі көршісінің көшеге шықпай үйде отырып қалай қаза тапқанын айтып берді. Оларға терезеге жақындаған кезде оқ тиіпті”.
Қаңтардың 20-cы күні кешкісін фотограф Санан Алескеров жараланғандар мен қаза тапқандар жеткізілген ауруханаға барған.
“Онда біраз суретке түсірдім, бірақ келесі күні шеберханама өздерін “Халық майданы” мүшелеріміз деп таныстырған бірнеше адам келіп, пленканы сұрады. Суреттерді Батысқа жіберу керек деді. Бұл адамдарды бірінші рет көрсем де, сеніп, пленканы бердім. Сол суреттерді қайда жібергенін әлі күнге білмеймін. Мүмкін, шынымен Батысқа жіберген шығар” дейді ол.
“Ол кезде бізді қорғайтын әскер жоғына көзіміз жетті. Біздің көзімізді құртуға дайын әскер ғана бар. Отан алдындағы борышымызды өтеген кезде өзіміз де қызмет атқарған әскер бір сәтте өзімізге қарсы шықты. Мұндай әскерге ары қарай сену мүмкін болмады. Бірақ басымнан өткен бар жағдайға қарамастан, күйзеліске түскен жоқпын. Ештеңеге таңғалмадым” дейді Шахбаз Худуоглу.
Қаңтардың 22-сі күні телевизия қайта қосылып, одан қырғын құрбандарын жерлеу рәсімін көрсетті. Марқұмдарды сол кезде Ленин атында болған, қазір Азадлыг (Азаттық) деп аталатын алаң арқылы алып жүрді. Қалың халық орталық арқылы сол күні шахидтер (Әзірбайжанда соғыста немесе тәуелсіздік үшін күресте қаза тапқандарды шахид деп атайды) аллеясына айналған таудағы саябаққа жаяу жүріп барды.
Қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне жиналған жұрт (фотоны жылжытыңыз)
“Адам өте көп болды, бәрі қара түсті киім киген. Теледидардан көргеннің өзінде бұл көрініс көңіліңді құлазытады. Оған қоса, репродуктордан сол кезде халықтық қозғалыстың жарияланбаған әнұраны болған “Ayrılıq” (“Айырылу”) әні ойнап тұрды. 50-жылдардың әдемі әні әлі күнге сол күнгі жерлеу рәсімін есіме салады. Қалампыр гүлін де содан бері ұнатпаймын” дейді Эмилия Рагимова.
“Жерлеу күні ештеңе түсіре алмадым – шамам келмеді. Дұрыстап суретке түсіруге қайғылы оқиғадан кейін қырық күн өткенде ғана мұршам келді. Ол кезде адамдар шахидтер аллеясында жиналып, ислам дәстүрімен марқұмдарды еске алды. Қолымда сол күннен сақталып қалған суреттерден басқа ештеңе жоқ” дейді Санан Алескеров.
Көбі 40 күн бойы бүкіл қала аза тұтқанын айтады. Ер адамдар сақалын алмай, аулада марқұмдарға құран бағыштаған.
Эмилия Рагимова қазір зейнетке шыққан. Әлі сол үйде тұрады. Оның үйіне жақын жерден 20 қаңтар құрбандарын еске алу мемориалы ашылған.
Замина Джаббарова – зейнет жасында, жұмыс істейді.
Таня Ковалева өсіп, экономист болған.
Шахбаз Худуоглу Qanun баспа үйін басқарады.
Санан Алескеров әлі де фотографиямен айналысады.
Ерлі-зайыпты Лейла мен Ариф Юнустар тәуелсіз Әзірбайжанда құқық қорғау қызметін жалғастырған. 2014 жылы алаяқтық, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік пен құжаттарды қолдан жасау баптары бойынша айып тағылып, түрмеге қамалған. Халықаралық қауымдастық, ең алдымен Еуропа одағы ұйымдастырған көп наразылықтың арқасында олардың жазасы шартты мерзімге ауысты. 2016 жылы олар Нидерланд еліне қоныс аударды, қазір сонда тұрады. Бірақ туған жерінде олардың үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылған жоқ.