Қарызға батқан Қазақстан азаматтары 3 наурыздан бастап өзін банкрот деп тануға өтініш бере алады. Осы күннен бастап "Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" деп аталатын заң күшіне енбек. Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялау үшін қандай талаптар қойылады? Банкрот болған адамның бүкіл қарызы кешіріле ме? Адам сот шешімінсіз қалай банкрот бола алады? Азаттық маңызды сауалдардың жауабын мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаевадан сұрады.
Заңды тұлға банкрот болса, кәсібі мүлде жабылып, шығынға батқанын білеміз. Ал жеке адамның банкрот болуы деген нені білдіреді?
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, елде мұндай азаматтардың саны бір миллионға жуықтайды. Адам жиналып қалған қарыздарын төлей алмаса, "Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" деген заңды қолданып, өзін банкрот деп жариялай алады. Бұл заң жүзінде жеке адамның қаржы жағдайын дұрыстауға мүмкіндік беру дегенді білдіреді.
Жеке адам банкрот болып танылса, банк алдындағы не басқа да қаржы ұйымының алдындағы қарызы кешіріле ме?
Иә, адам банкрот болып танылса, барлық қарызынан құтылады,яғни оны кейін қайтаруға міндеттелмейді. Ол үшін азамат заңда бекітілген тиісті талаптарға сай болуы керек.
Ол қандай талаптар?
Заң бойынша банкрот болып танылудың үш рәсімі бар:
Соттан тыс рәсім қалай жүзеге асады?
Қарыз көлемі 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аз болса, соттан тыс рәсіммен құжат тапсыра аласыз. Ол үшін жоғарыда жазылған негізгі талаптарға сай келу керек. Сонымен бірге өтініш бергенге дейін 5 жыл бойы қарызын өтей алмаған адам да соттан тыс рәсім бойынша құжат тапсыра алады.
Сот арқылы банкрот деп танылу рәсімі қай кезде қолданылады?
Өзін банкрот деп танығысы келген адамның қарызы 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) көп болса, сотқа жүгінуіне тура келеді. Сот арқылы банкрот болу кезінде борышкердің мүлкі саудаға салынады. Борышкердің жалғыз үйі кепілде тұрса ғана сатылады. Кепілге қойылмаған болса, ешкім тартып ала алмайды. Мұнда кейінгі үш жылда борышкердің атына тіркелген мүлік қаралады.
Сот арқылы банкрот деп танылу рәсімін қаржыны басқарушылар жүзеге асырады. Қаржыны басқарушының қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғалар тізіміне заңды және жеке кәсіпкерлердің банкрот рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері, аудиторлар кіреді. Олардың қызмет көрсету ақысы ең төменгі жалақы көлеміндей (70 мың теңге) болады. Тұрмысы нашар, мүлкі жоқ адамдарға бұл қызмет тегін.
Төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі қалай іске асады?
Тұрақты кірісі бар азаматтар төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдана алады. Ол сот арқылы қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік алады. Бұл кезде борышкерге қойылатын жалғыз шарт – қарыз мөлшері борышкерге тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек.
Бұл рәсімді қолданған азамат банкрот деп танылмайды.
Банкрот болып танылған адамға қандай шектеулер қойылады?
Егер азамат банкрот деп танылса, оған мынандай шектеулер қойылады:
Банк және қаржы ұйымдарының алдындағы қарыздан бөлек жеке адамдардың алдындағы қарыз есептеле ме?
Иә, басқа адамдарға қарызы, мекемелер мен мемлекет алдындағы қарыз да есепке алынады. Бұл кезде тек сот шешімі арқылы банкрот деп танылуға болады. Бірақ алимент бойынша, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша, қылмыстық құқық бұзушылық бойынша шығындар кешірілмейді.
Ал соттан тыс рәсімде тек банк, қаржы ұйымы және коллекторлар алдындағы қарыз қарастырылады. Қалған қарыз түрлері сот арқылы шешіледі.
Азамат банкрот болғаннан кейін жалақысы өмір сүру деңгейінен бірнеше есе жоғары жұмысқа тұрса, қалай болады? Банкке несиесін төлеуге қайта міндеттеле ме?
Жоқ, міндеттелмейді. Банкрот деп танылған адам жақсы жұмыс орнына орналасып, табысы көбейген болса, кешірілген несиесін төлету заңнамада көрсетілмеген. Бірақ банкрот деп танылғаннан кейін азамат үш жыл бойы мемлекет бақылауында болады. Ол адам кенеттен байып, түрлі мүлік сатып алса (пәтер, көлік, т.б), мемлекеттік орган сұрақтар қойып, тергеуі мүмкін. Азамат кредитор алдындағы міндетін орындамау үшін қитұрқы әрекетке барса, мүлкін, табысын жасырса, жалған ақпарат берсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Қандай жауапкершілік қарастырылған?
Жалған банкрот деп танылған адамға 200 АЕК (690 мың тг) айыппұл салынады. Мүлкін жасырғандар – 100 АЕК (345 мың тг), қарызды реттеу мәселесі кезінде жасалған заңсыздық үшін 15-100 АЕК (51 мың – 345 мың тг) айыппұл төлейді.
Табысым төменгі күнкөріс деңгейінен сәл ғана жоғары. Мысалы, төменгі күнкөріс деңгейі әр адамға шаққанда 40 567 теңге болса, біздің отбасының әр мүшесіне шаққанда табысымыз 41 мың теңгеден шығып тұр. Осы жағдайда мен банкроттыққа құжат тапсыра аламын ба?
Тапсыра аласыз, ондай адамның қарызы тек банктің немесе микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдында болса, сомасы 5,5 млн теңгеден аспаса, банкке төлеген кейінгі төлемінен кейін 12 ай асып кетсе, банктерге алдын ала өтініш беріп, банктер мен ұйымдар алдында реттеу шараларын жүргізген болса, соттан тыс банкрот болып тану рәсіміне жүгіне алады. Егер азамат кейінгі алты ай көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алса, қарызын 12 ай емес, екі-үш ай төлемесе де, өтінім бере алады.
Егер адам басына шаққанда төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары табыс шықса, ол адам қарызын төлемеген уақытынан 12 ай өткенде ғана банкроттыққа өтініш бере алады.
Жеке азаматтардың банкроттығы туралы заң елде инфляция 20 пайыздан асып, азық-түлік қымбаттаса, несие алушылар көбейген тұста күшіне енді. Елде мұндай заңды қабылдау 2014 жылы талқылана бастаған. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев үкімет отырысында "Егер азамат несиесін төлемесе, барша өркениетті елдердегідей жеке тұлғаның банкроттығын қолдануы керек. Несие қайтарылмаса, мемлекет пен экономиканың күйі не болмақ? "Төлемесең, онда банкротсың" деген тәртіп бүкіл әлемде бар" деген еді. Үкімет 2016 жылы сәуірде заң жобасын әзірлеп, 2018 жылы парламентке жолдаған. Былтыр 30 желтоқсанда қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойған еді. Үкімет "бұл заң қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар мәселелерін шешуге мүмкіндік береді" деп санайды.
Экономист Қасымхан Қаппаров осыған дейін Азаттыққа берген сұхбатында "бұл заң адамдарды мойнындағы төленбеген несие жүгінен құтқарады. Мұндай жағдайда бар жауапкершілік банктерге жүктеледі. Сондықтан енді банктер несие беруге салмақты қарайды" деген еді.
Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың 9,2 миллион адамның 7,2 миллионында, яғни 77 пайызында несие бар. Несие алған қазақстандықтардың төрттен бірі – шамамен 1,8 миллион адам – қарызын уақтылы төлей алмаған.
Өтінішті қашан, қалай беруге болады?
Өтініштер 3 наурыздан бастап қабылданады. Соттан тыс рәсіммен тапсыратындар өтінішті Egov.kz порталында немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында толтыра алады. Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарады.
Сот арқылы банкрот деп танылу үшін және төлем қабілетін қалпына келтіру үшін борышкер тұрғылықты жердегі сотқа жүгінуі керек. Өтінішті қарау мерзімі – алты ай, оны тағы алты айға ұзартуға болады.
Банкроттық бойынша ақылы қызмет көрсететіндерге сенуге бола ма?
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде азаматтардың банкроттығы бойынша ақылы қызмет көрсететіндер көбейген. Біле жүріңіз, соттан тыс рәсім тегін жүргізіледі.
Банкроттық туралы толық ақпарат алу үшін "1414" бірыңғай байланыс орталығына (қосымша "3" нөмірін теру керек) немесе Telegram’дағы SalyqBot көмегіне жүгінуге болады. Банкроттық рәсімінен өту тәртібі туралы ақпарат қаржы министрлігінің және мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жарияланған.