"Анам ұрған соң бізді құшақтап өзі де жылайтын". Баланы "таяқпен тәрбиелеуге" не себеп? Зардабы қандай?

24 Тамыз 2020
Аян ҚАЛМҰРАТ

Бала тәрбиелеу кезінде перзентін таяқтап алатын ата-ана баршылық. ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда ересектердің 75 пайызы "балаға қол көтеруге болады" деп санайды. Маман ата-ананың перзентін ұруына "үлкендердің өз ішіндегі мәселе мен баланы жеткілікті білмеуі себеп" дейді.

"ТАЯҚ ЖЕП ЖАТҚАНДА БІРЕУ КЕЛІП ҚАЛСА ҒОЙ..."

Шымкентте туып-өскен 22 жастағы Іңкәр (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді — ред.) — бес балалы үйдің тұңғышы. Қазір Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірін бітіргелі жатыр. Іңкәр өзімен қатар сіңлісі екеуі шешесінен таяқ жеп өскенін айтады.

— Бар күшімен жұлқылап, дуалдан-дуалға итеріп жіберетін. Басымыздан емес, жұмсақ жерімізден, иығымыздан ұрды. Өзін-өзі ұстай алмай, қатты ашуланып тұрғаны көрініп тұратын. Ұрып жатқанда өзіммен-өзім іштей сөйлеп, анама сөз қайтарып тұрушы едім. Таяқ жеп жатқанда "папа ма, әйтеуір біреу келіп қалса ғой, телефон соғып қалса екен" деген үміт болатын үнемі, — дейді ол.

Анасы ашуланса неге тоқпақтай жөнелетінін Іңкәр кішкентай кезінде ұқпаған. Өскен сайын шешесі ұруын сиреткен. Ал кейін туған үш балаға анасы мүлдем қол көтермейді. Қазір Іңкәр анасынан сол кезде не үшін таяқ жегенін біледі.

— Үлкен қыз болғалы "Неге бізді сол кезде ұрып, ұрысты екен?" деген сұрақтар келе берді. Сосын ақырындап барлық сұрағыма жауап таба бастадым. Марқұм әжем, яғни анамның енесі өте қатал кісі болған деп естідім. Кішкентайымда есімде, әжем немерелерін бөліп-жарып отыратын. Үлкен ұлының балаларын ғана жақсы көріп, махаббатпен қараушы еді. Келіндеріне күн бермеген деп айтады. Оның үстіне әкем сол кезде ішіп жүретін еді. Анам сол кезде бар ашуын тек бізден ала алған екен ғой деп ойладым. Себебі ұрып, ұрсып болған соң бізді құшақтап өзі де жылайтын, — дейді ол.

Іңкәр шешесімен бұл туралы ашық сөйлеспеген. Бірақ анасының сол кезде "ұрғанына өкінетінін" кездейсоқ аңдап қалған.

— Бір күні сіңлілерім мен бауырымның бұзықтығы жайлы сөйлесіп отырғанда "сендер қазір мүлде таяқ жемейсіңдер ғой, біз кезінде қалай таяқ жедік, білесіңдер ме?" дегенде анам "мен сол кезде ұрғым келіп ұрды дейсіңдер ма?" деп қалды, — дейді ол.

Іңкәр анасына ренжімейді. Сол кезде де, қазір де анасының махаббатын сезінетінін айтады. — Балабақшада, мектепте болсын ең әдемі киімдерді кигізіп, үйде ерекше тағамдар әзірлеп береді. Қанша ұрып-соқса да, қатарымыздың алды қылып жүретін, — дейді Іңкәр.

БАЛАНЫ ҰРУҒА НЕ СЕБЕП?

Іңкәр айтқан "анасының басқаға ашуын баласынан алуын" маман баланы ұрудың бір себебі санайды. "Бақытты отбасы" отбасылық кеңес орталығының жетекшісі, "Баланы жазасыз тәрбиеле" кітабының авторы Елжас Ертайұлының сөзінше, әке-шешенің балаларды ұруының, жазалауының басты себебі — ата-ананың әлсіздігі.

— Ата-ананың өзінің жан дүниесінде тыныштық болмағанда не өз проблемалары басынан асып, солардың шешімін таба алмай жүрген кезде көп жағдайда ашуын баласынан алып жатады. Өйткені ең әлсіз бала ғой. Ешқандай қарсылық көрсете алмайды. Ешқандай жауап бере алмайды. Отбасында күйеуі мен әйелдің, әйелі мен енесінің қарым-қатынасында проблема туса, мұның бәрі ішке жинала береді. Оның зардабын үйдегі балалар шегеді. Негативті ішіне жинап алған ата-ана жарылуға дайын тұрады. Бала қандай да бір әрекет жасаған кезде бірден баладан ашуын алып жатады, — дейді ол.
Ертайұлы екінші себеп ретінде ата-ананың білімсіздігін көрсетеді.

— Бұл жерде ата-ананың оқымағандығы, сауатсыздығы емес, бала тәрбиесі бойынша білімінің жеткілікті болмауы туралы айтып отырмын. Әке-шешенің бала жанын түсінбеуі, өз баласын жеткілікті танымауы, оның ерекшелігі мен бейімін білмеген соң ол баладан не күту керегін білмеуі көп жағдайда жазалауға әкеліп жатады. Баласынан қолынан келмейтін істі күтеді. Бала оны орындай алмаған кезде ата-ана ашуға бейім тұрады, — дейді маман.

Сарапшы сөзінше, кейбір әке-шеше бала тәрбиесінде көп мәселені тез шешуге тырысады. "Бұл — перзентіне қол көтерудің үшінші себебі" дейді ол.

— Балаға білмегенін айтып, отырып сөйлесуге ұзақ уақыт кетіруден гөрі айқайлай салу, ұра салуды өте оңай көреді. Бұл жерде ата-аналардың қателегі— [мәселені] шештім деп ойлауы. Ол тек уақытша шешім. Таяқ әсері не айқай әсері кеткенге дейін. Бала айтқанын істеп, тыңдауы мүмкін, бірақ кейін бала өз білгеніне салады, — дейді маман.

Бес жылдан бері бала тәрбиесі бойынша тренингтер өткізіп, ата-аналарға кеңес беріп жүрген ол ата-аналарға ұрып-соғуды, жазалап тәрбиелеуден тыйылуды насихаттайды.

— Жазаның бәрін негатив әдіс деп айтсақ болады. Яғни баланы ұру, ұрысу, жазалау, кінәлау, салыстыру деген сияқты бала сезімін жаралайтын әрекеттің бәрін "жаза" деп қарастырамын. Қазір көптеген ата-ана жазамен бала тәрбиелеуді қалыпты деп есептейді. Тіпті мұны бір қажеттілік ретінде қарастырады. Бұл мұның біздің қоғам үшін қаншалықты өзекті мәселе екенін көрсетеді, — дейді ол. 2016 жылы бала құқығын қорғау жөніндегі ЮНИСЕФ ұйымы мен Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың 75 пайызы баланы тәрбиелеуде күш қолдануды дұрыс деп санайды.

"БАЛАНЫ ҰРУҒА ТЫЙЫМ САЛАТЫН НАҚТЫ ЗАҢ ЖОҚ"

Қазақстанда "Бала құқығы туралы" заңның 10-баптың 2-тармағы бойынша, баланың жеке басына әлдекімнің тиiсуінен, тәнi мен жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден мемлекет қорғайды.

Бірақ Азаттық сұрағына жауап берген ЮНИСЕФ өкілі Айсұлу Бекмұса "Қазақстан заңнамаларында ата-анаға баласын ұруға тыйым салатын нақты бап жоғын" айтты.

Елде ата-аналарға балаларына қол көтеруге заң жүзінде тыйым салу ұсынысы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Мысалы, 2016 жылы бала құқығы жөніндегі уәкіл болған, қазір мәжіліс депутаты Зағипа Балиева заңға "зорлық" түсінігін енгізіп, оған моральдық, "жұмсақ жерінен ұру" сияқты физикалық, психологиялық күш көрсету түрлерін жатқызуды ұсынған. Балиева 2018 жылы да осыған ұқсас бастама көтерді.

Бірақ заң әлі қабылданған жоқ.

Бұрынғы уәкіл Азаттыққа "заң жобасы әлі парламентте талқыланып жатқанын" айтты. Депутат "[баланы ұруды дұрыс санайтын] қоғам менталитетін өзгерту керек" дейді.

ЮНИСЕФ Қазақстанның баланы қорғау жөніндегі заңнамасын халықаралық стандарттарға толығымен әлі де сай келмейтіндігін айтады. Ұйым Азаттыққа берген жауабында "Қазақстан заңдары балаларды ұрып жазалаудан жеткілікті деңгейде қорғамайды" деп жазады.

"Әлемде жағдай өзгеріп жатыр. Қазір елу елде заң жүзінде балаға қол көтеруге тыйым салынды. Тағы елу ел мұндай заң қабылдау туралы міндеттеме алды. Баланы ұруға заң жүзінде тыйым салу арқылы мемлекет кішкентайларға зорлық көрсету дұрыс емесін ұқтырады. Дегенмен бұл бағытта жұмыс біртіндеп басталып жатыр. Қазақстан үкіметінің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 156 жарлығына сай, бала құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу туралы 2020-2023 жылға арналған "Жол картасы" қабылданды. Мақсаты - отбасында, патронаттық отбасыларда, білім беру ұйымдары мен баланың құқығын қорғау қызметін жүзеге асыратын ұйымдарда балаға қол көтеруге тыйым салудың халықаралық тәжірибесін зерттеу болып отыр" дейді ұйым.

Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин Азаттыққа "Қазақстанда заңнамасында балаға зорлық көрсетудің ешбір түріне жол берілмейді. Әңгіме ол заңның қалай сақталатынында" деп қысқа қайырды.

Ұйым "балаға зорлық көрсету қоғамда "қалыпты құбылыс" саналғанымен, оның балаға зияны бар, бала өмір бойы зорлық салдарын тартып өтуі мүмкін" дейді. ЮНИСЕФ-тің жазуынша, баладан зорлық әсері анық көрініп тұрмағанымен, ұйқысы бұзылып, мазасы кетіп, әлеуметтік белсендігі бәсеңдеуі мүмкін. "Зерттеулер қорытындысына қарасақ, зорлық көрген балалардың денсаулығы нашарлайды. Олар қатерлі ісік, диабет, жүрек-қан тамыр ауруларына ұшырап, тыйым салынған заттарды тұтынуға әуес болып, депрессияға түсуі мүмкін" дейді ұйым.

"ЕНЕСІ ТЕПКЕН ҚҰЛЫННЫҢ ЕТІ АУЫРАДЫ"

Елжас Ертайұлы ата-аналар баласын ұрып жазалағанда "өзін ақтап алуға бейіл" дейді.

— "Енесі тепкен құлынның еті ауырмас", "Ауырмайтын жерінен ұрдым" деп жатады. Бұл — күлкілі сылтау. Мысалы, күйеуі әйелін ұрған соң жұбайына барып "не болды сонша жылап, ауырмайтын жеріңнен ұрдым ғой" десе, бұл әйел кісінің жанына тыныштық сыйлай ала ма? Мәселе бала денесінің ауыруы емес, сезімнің жаралануы, — дейді ол.

Психолог Сая Бақимова да баланы "жай не қатты ұру" деп бөлмейтінін айтады. Ол кішкентай баланы жазалаудың дұрыс емесін былай түсіндіреді:

— Бала физиология тұрғысынан жеті жасқа дейін іс-әрекетінің біраз бөлігін алдын-ала жоспарламайды. Бұл — кейбір ата-ананың "ол әдейі істейді, әдейі маған қырсығып тентектік жасады" дейтініне жауабым. Ата-анаға қасақана тентектік жасау үшін мидың белгілі бір даму деңгейі керек — бала шынымен не істеу керегін білуі керек, сосын мақсатты түрде оған қарама-қарсы нәрсені таңдауы керек, сіздің реакцияңызды алдын-ала болжай алуы керек. Қаншама операция! Бала миының ондайға әлі келмейді. Енді жауап беріп көрейік, бала әлі өз іс-әрекетін өзі басқара алмайтын болса, оны сол үшін жазалағанымыз дұрыс па? Қателік үшін ұрсақ, ересек адамды да ұрайық. Үлкендердің қателігінің зардабы баланың ісіне қарағанда анағұрлым ауқымды ғой?

Бақимова кішкентайында құқай көру бала өміріне салдары қалай боларын "психология нақты ғылым болмағандықтан кесіп айту қате" дейді. Бірақ, оның сөзінше, ата-анаға деген екіұдай қатынас — "олар мені жақсы көреді, бірақ ұрады, мен де оларды жақсы көремін, бірақ қорқамын" деген — жұмыста, серігімен қарым-қатынаста білінуі мүмкін.

— Жалпы айтқанда, мұндай адам жақсы көргенін ашық білдіре алмайды, қарым-қатынаста бәрі тыныш, бірқалыпты болса, бірдеңе жетпей тұрғандай көрінеді. Бейсаналы түрде мінезі жайлы, мейірімді адамды емес, шыдамсыз, тез ашуға булығатын, агрессив адамды таңдауы мүмкін. Себебі оған өзінің мінезіне тек сондай адам ғана сай келетін сияқты болып көрінеді. Жалпы бала кездегі қорқыныштың ең жиі кездесетін белгісі — кіші дәретін ұстай алмауы, кекештену, салмақ жоғалту, — дейді ол.

Психолог өзіне жүгінетін адамдардан балаға қол көтеру салдарын былай байқаған:

— Әкесі әлі күнге дейін ұратын жасөспірім бала кабинетке келгенде сөйлемей, алғашқы сессияларда тек жылайтын. Кейін бірте-бірте сезімін сөзге айналдыра алатын жағдайға жетті. Жасы 25-30 жас аралығындағы адамдар әлі де "сол кезде шашымнан тартты, неше түрлі сөз айтты, сыныптастарымның алдында ұятқа қалдырды, шкафқа итеріп жіберді" деп жылайды. Сондықтан қазір тек төрт жасар баланың "еркелігін" басып жатқан жоқсыз, оның болашақ өмірінің іргетасын қалап жатырмын деп елестету керек.