Азаттық радиосы

Балаға екпе саларда нені ескеру керек? Балаға екпенің кері әсері бола ма? Педиатр түсіндіреді

Нұргүл ТАПАЕВА

18 қараша 2021

Қазақстанда екпеге деген екіұдай пікір мен алып-қашпа әңгіме үдеп тұрған тұста 12 жастан асқан балаларға коронавирусқа қарсы екпе салына бастады. Денсаулық сақтау министрлігі балаларға Pfizer екпесін ұсынады. Балаларға екпе не үшін керек? Жасөспірімдер екпе алғанда нені ескеруі тиіс? Балалар екпесі жайлы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басқарма төрағасының орынбасары, педиатр Ләззат Манжуовамен сұхбаттастық.

Азаттық: Жұртты мазалаған басты сұрақтан бастайық, балаларға және жасөспірімдерге екпе жалпы керек пе?

Ләззат Манжуова: Коронавирус инфекциясы әлемге таралып жатқан соң бұл аурумен өкінішке қарай бала да ауырады. Әрине, ересектерге қарағанда балаларда жеңіл өтеді, бірақ коронавирустан жазылып шыққан соң кейбір балаларда ерекше иммунды жауап болуы мүмкін. Оны мультижүйелі қабыну синдромы деп атаймыз. Бұл – өте қауіпті. Сондықтан коронавирустан қорғану үшін екпе керек.

Ләззат Манжуова

Азаттық: Мультижүйелі қабыну синдромы деген қандай дерт? Ол қалай байқалады?

Ләззат Манжуова: Бұл синдроммен ауырған балалар Қазақстанда да кездесті. Бұл – қауіпті ауру әрі жедел пайда болады. Дене қызуы жоғары болады, баланы әлсіздік басады. Мультижүйелі дегеніміз дерт ағзаның барлық мүшесіне әсер етуі мүмкін. Мысалы, өкпесінен пневмония табылуы мүмкін, жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін. Бүйрек, бауыр жетіспеушілігі пайда болуы мүмкін. Терісінде өзгеріс байқалып, көзіне, буындарына да әсер етуі мүмкін. Яғни, бүкіл ағзаға әсер етеді. Мұндай жағдайда кейбір балалар жансақтау бөліміне түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылуы мүмкін. Вакцина, біріншіден, осындай жағдайға жеткізбеу үшін маңызды. Екіншіден, жасөспірімдер де ересектер сияқты ауыруы мүмкін, балаларда да пневмония жиі кездеседі.

Және неғұрлым көп адам екпе алып, өз-өзін қорғаса, пандемияны тезірек жеңеміз. Яғни, ұжымдық иммунитет пайда болады. Өйткені коронавирусты балалар да жұқтырады ғой. Сондықтан олар да вирусты тасымалдаушы болады. Оларда жеңіл я симптомсыз өткенімен, олардан ересектерге жұқса қиын.

Азаттық: Баласын екпеге апаратын ата-ана нені ескеруі керек?

Ләззат Манжуова: Ең бірінші, әрбір ата-ана бұл екпенің не үшін керек екенін білуі керек. Пайдасы болатынына сену керек. Екіншіден, екпе салмаса қандай қауіп барын түсінуі тиіс. Одан кейін баланың жалпы бұрыннан қандай екпе алғанын, қай екпеге аллергиясы я реакция болғанын білуі керек. Дәріге, тамаққа қандай аллергия бар соны да білуі тиіс. Екпеге барарда баланың жағдайына да қарау қажет. Созылмалы аурулары, басқа ауруы бар ма соның бәрін біліп, екпе салатын дәрігерге айтуы тиіс.

Азаттық: Ата-аналарды "екпе қауіпсіз бе?" деген сұрақ мазалайды. Балаларға егіліп жатқан Pfizer екпесі жайлы ата-аналар мен жасөспірімдер нені білу керек?

Ләззат Манжуова: Жалпы вакцина дегеніміз ағзаға антидене ретінде қабылданып, белгілі бір аурудан қорғайды. Мысалы, Pfizer екпесінде РНҚ, яғни рибонуклеин қышқылы бар. Pfizer вакцинасының құрамында коронавирустың РНҚ-сы синтезделген, яғни жасанды түрде жасалған. Бұл ағзамызға кірген кезде арнайы реакциядан өтеді. Яғни, біздің иммундық жүйеміз бұл вакцинаны антидене ретінде қабылдайды. Осылайша осы вирус адам азғасына түскен кезде антиденелер күреске шығып, вирусқа қарсы тұра алады. Адам бұл аурумен ауырмайды не ауырса да жеңіл түрде өтеді.

Балаларға екпе қалай салынады?

Айнагүл Қуатбаева, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы санэпид сараптама ғылыми орталығының басшысы:

Pfizer екпесі бұлшық етке екі дозадан салынады. Әр дозасының мөлшері 0,3 миллилитр болады. Екі дозаның арасында 21-28 күн интервал ұстауға кеңес береміз. Екпе иықтың дельта тәріздес бұлшық етіне салынады. Жасөспірімдер мен балаларға екпе салғанда отырып я жатқызып салуға рұқсат етіледі. Бір құтыда алты доза болады. Алты доза бір реттік шприцпен алынады. Балаға екпе ата-ананың рұқсатымен саламыз.

Азаттық: Балаға екпе салынбайтын факторлар бар ма?

Ләззат Манжуова: Бала екпе аларда тұмауратып тұрса, басқа созылмалы ауруларының қабыну кезеңі жүріп жатса екпе салынбайды. Уақытша кейінге қалады (медотвод) я мүлде салынбайды. Дәріге аллергиясы бар балалар дәрігерге қаралауы керек. Оған жақпаған дәрілердің құрамын қарау қажет. Ал тамақтың кей түріне аллергиясы бар балаларға "екпе алуға болмайды" деген шектеу жоқ. Туа бітті иммун тапшылығы бар балаларға салуға болмайды. Күрделі жүйке жүйесінің ауруға шалдыққан, тырысу синдромдары бар балаларға екпе салмаған дұрыс. Екпенің компоненттеріне аллергиясы бар болса, ондай балаларға жасамаған дұрыс. Қан аурулары, бүйрек, бауыр созылмалы аурулары бар баралардың ауруы асқынып тұрса, екпе егілмейді. Қатерлі ісікке шалынған балаға екпе салу үшін дәрігерге қаралу керек. Жалпы вакцина дені сау, дәл сол уақытта еш жері ауырмай тұрған, ешқандай шағымы жоқ балаға салынады.

Азаттық: Балада коронавирусқа қарсы екпеге кері әсері болуы мүмкін бе?

Ләззат Манжуова: Жеңіл түрде өтетін әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бастың ауыруы сияқты кері әсері болуы мүмкін. Бұған қоса, екпе салған қолы бір-екі күн ауырсынуы мүмкін. Сондай жалпы симптомдар болуы мүмкін. Екпе алған балалардың 0,1 пайызында анафилактикалық шок болуы мүмкін. Бұл – аллергияның ең күрделі түрі. Бала ісініп не кенет қан қысымы төмендеп, тынысы тарылып, жүрек соғысы жиілеп кетуі мүмкін. Терісі бозарып, бала бірден әлсіреп қалады. Көбінесе анафилактикалық шок екпе салғаннан кейін алғашқы минуттарда байқалады. Сол үшін екпе салған соң бала кемінде 30 минут екпе алған жерінде дәрігердің бақылауында болуы керек. 30 минутта бәрі жақса болса әрі қарай анафилактикалық шок болмайды деп есептеледі.

Азаттық: Вакцинациядан бұрын балалардың антиденесін тексеру қажет пе?

Ләззат Манжуова: Бұл – артық тексеріс. Өйткені антиденелер бар болса да, ол тұрақты емес. Сондықтан баланы қорғай алмайды. Бала коронавирус жұқтырғаны анализ арқылы анықталса, оған үш ай вакцина салмау керек. Содан кейін ғана салған жөн.

Азаттық: Бала екпе алған соң нені ескеру керек?

Ләззат Манжуова: Екпе алған бала екі апта өзін-өзі қорғауы керек. Әлеуметтік қашықтықты сақтап, қарапайым гигиена ережесін толық сақтауы керек. Өйткені иммундық жүйемізде антидене қалыптасып жатқан соң, иммунитет аздап төмендеуі мүмкін. Одан соң адамдар вакцина алсам болды, мен ауырмаймын деп жансақ ойлайды. Вакцина коронавирустан жүз пайыз қорғамайды. Сондықтан қарапайым гигиенаны, ара қашықтықты сақтау және маска тағу маңызды.

Балаларға екпе салып жатқан елдер

3 қарашада АҚШ әлемде алғаш болып 5 жастан асқан балаларға коронавирусқа қарсы Pfizer екпесін салуға рұқсат берді. Бұған дейін елде тек 12 жастан асқан балаларға вакцина егіліп келген.

Қазір 12 жастан асқан балаларға екпе салуға мына елдер рұқсат берген (3 қарашадағы жағдай):

  • Австрия
  • Франция
  • Дания
  • Германия
  • Эстония
  • Венгрия
  • Италия
  • Литва
  • Испания
  • Швеция
  • Грекия
  • Финляндия
  • Польша
  • Ирландия
  • Ұлыбритания
  • Швейцария
  • Норвегия
  • Израиль
  • БАӘ
  • Бахрейн
  • Индонезия
  • Малайзия
  • Вьетнам
  • Жаңа Зеландия
  • Австралия
  • Қытай
  • Гонконг
  • Сингапур
  • Жапония
  • Филиппин
  • Иордания
  • Мексика
  • Бразилия
  • Чили
  • Канада
  • Куба
  • Сальвадор
  • Аргентина
  • Эквадор
  • Колумбия
  • Коста-Рика
  • Оңтүстік Африка

Еуропа одағы дәрі-дәрммекті қадағалау агенттігі қазанда Pfizer екпесін 5-11 жастағы балаларға салу бойынша бағалау процесін бастағанын мәлімдеді.

Дереккөз: Reuters

Азаттық: Ата-аналардың кейбірі өзі екпе алса да балаларына салдырғысы келмейді. Бұл күмәнді қалай сейілтуге болады? Екпеден қауіптеніп отырған ата-анаға маман ретінде не айтасыз?

Ләззат Манжуова: Ата-аналарға екпенің қауіпсіздігін, қалай жасалғанын түсіндіру керек. Ата-аналар екпенің нәтижелерімен танысса деймін. Кейбір ата-ана өзі оқымаса, көзі жетпеуі мүмкін. Ата-аналардың қауіптеніп отырғаны бұл екпенің тез жасалғанынан деп ойлаймын. Осы пандемияда көп адам коронавирустан қайтыс болған соң мамандар бұл екпені тез жасап шықты ғой. Бірақ қорқатын ешнәрсе жоқ. Өйткені коронавирусқа қарсы вакциналар бұрынғы, ескі әдіспен жасалды. Екіншіден, коронавирус табиғатта бар вирус. Ол әртүрлі кезеңдерде әртүрлі эпидемия ретінде өтті. Құс тұмауы, шошқа тұмауы дегенді естідік қой, мұның бәрінің қоздырғышы коронавирус болған. Және сол эпидемиялар кезде-ақ коронавирустың басқа түрлеріне вакцина жасауға тырысқан.

Ғалымдарда тәжірибе бар, екпені қалай жасауды білді. Клиникалық екі кезеңі тез өтті, үшінші кезеңінде мыңдаған адамды әртүрлі географилық, этникалық топтарға қолданып көрді. Жағымды, жағымсыз әсерлерін бақылады, зерттеді. Зерттеу нәтижелері белгілі, талаптары белгілі Lancet сияқты медициналық ғылыми журналдарда жарияланды. Содан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы [Pfizer] екпеcін қолдануды рұқсат берді. Pfizer екпесі қауіпсіз. Иммунитеттің пайда болуы 95 пайыздан жоғары. Құрамы да белгілі заттар. Сондықтан қорықпай балаларға салу керек. Бүкіл әлемде екпені ала алатын адамдардың барлығы салдырғаны дұрыс. Өйткені екпе салуға болмайтын адамдар бар. Денсаулықтары мүмкіндік бермейді. Осындай адамдарды қорғау үшін екпені ектіруге болатын адамдар толық салдырып алғанымыз дұрыс. Осы арқылы екпе салуға болмайтын адамдарды коронавирустан қорғаймыз.