Коронавируспен күресте Қытай екпесіне сүйеніп отырған ел көп. Олардың арасында Қазақстан да бар. Бірақ қазір Қытай вакциналары "дельта" вариантынан қорғай ма деген алаң күшейіп тұр.
Алғаш рет Үндістанда тіркелген "дельта" вариант басқа штамдардан жұқпалығы жағынан да, өлім қаупі бойынша да алда тұр. Қазір әлем бойынша доминант вариантқа айналып барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолданыстағы екпелердің "дельтадан" да қорғай алатынын айтады, бірақ жекелеген екпелердің, соның ішінде Қытайда жасалған вакциналардың жаңа вариантқа қарсы әсері туралы дерек аз.
ҚЫТАЙ ЕКПЕЛЕРІ "ДЕЛЬТАДАН" ҚОРҒАЙ МА?
Қытай өз екпелерінің жаңа вариантқа қарсы әсері туралы кең ауқымды мәлімет бермей отыр. Клиникалық сынақ нәтижесі де, вакциналау науқаны кезінде алынған деректер де, зертханалық талдау ақпараты да ұсынылмады. Бірақ Қытай мамандары екпені мейлінше жылдам салдыруға шақырады.
Қытай вакциналары жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілмеген соң, халықаралық сарапшылар үшін кәсіби шолу жасайтын материал да болмай отыр.
Қытайдың жұқпалы аурулар жөніндегі бас маманы, эпидемиолог Чжун Наньшань зерттеушілер Қытай вакциналарын "дельтаға" қарсы сынап көргенін айтады. Оның сөзінше, олар екпелердің ауыр халге түсуден сақтауда белгілі бір әсері барын анықтаған.
Зерттеу Гуанчжоу қаласында вирус жұқтырғандардың сараптамасына сүйеніп жасалған. Наньшань зерттеу нәтижелерінің әлі шикі екенін, қамтылған науқастар санының тым аз екенін айтады.
Індет басталғалы Қытайда коронавирусқа қарсы бірнеше вакцина әзірленген. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) оның екеуін ғана төтенше жағдайда қолдануға мақұлдады. ДДСҰ рұқсатын алдымен Sinopharm компаниясының екпесі, одан кейін Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі алды.
Sinovac баспасөз хатшысы Лю Пэйчэннің сөзінше, алғашқы зерттеу CoronaVac екпесінің тиімділігі "дельта" вариантына келгенде үш есе төмен болатынын көрсеткен. Зерттеу кезінде осы екпені алған адамдардың қаны тексерілген.
"Екі дозадан кейін қосымша үшінші дозаны салса, екпенің "дельтадан" қорғауы күшейе түседі" дейді Пэйчэн. Бірақ ол бұл жөнінде егжей-тегжейлі мағлұмат бермеді.
Қытайдың "екі вакцинасын" салдырған соң түзілген антиденелер өзге варианттардан жақсы қорғағанымен, "дельтаға" келгенде әлсіздеу. Бұл туралы өткен аптада Қытайдың Ауруды бақылау және алдын алу орталығы директорының орынбасары Фэн Цзицзянь айтты. Бірақ ол әлгі екі екпенің атын атамады.
Бірақ бұл қытай екпелерінің пайдасыз екенін білдірмеуі мүмкін. Өйткені Қытайда "дельта" варианты алғаш табылған Гуанчжоу провинциясында вакцина салдырғандар арасында ауыр халге түскендер болмаған. Екпе салдырмаған адамдардың халі нашарлаған.
Гонконг университетінің вирусологы Цзинь Донг-Ян "Цзицзяньнің пікіріне ғана сүйеніп, қытай вакциналары "дельта" вариантын жұқтырғанда ауыр халден сақтайды деген қорытынды шығаруға болмайды" дейді. Оның сөзінше, бұл тұжырымды растау үшін әлі де мәлімет керек.
"Дельтва" вариантының келуіне байланысты коронавирус жұқтырғандар саны күрт артқан Индонезияда Sinovac екпесін салдырған жүздеген медқызметкер Covid инфекциясын жұқтырған. Бұл туралы маусымда елдің лауазымды тұлғалары айтты. Бірақ индонезиялық медқызметкерлердің дәл осы "дельта" вариантын жұқтырған-жұқтырмағаны белгісіз.
БАТЫС ЕКПЕЛЕРІ ШЕ?
Англия қоғам денсаулығы (АҚД) агенттігі мамырда Pfizer-BioNTech екпесінің "дельтаға" қарсы әсері туралы мәлімдеме жасады. Агенттік сөзінше, екінші дозаны алғаннан екі апта өткен соң, вакцина "дельтаның" симптомды ауру жағдайынан қорғау тиімділігі 88 пайыз болған. Бұл екпенің "альфадан" (Ұлыбританияда алғаш тіркелген варианттан) қорғау тиімділігі – 93 пайыз.
АҚД дерегінше, AstraZeneca екпесінің симптомды аурудан қорғау тиімділігі "альфада" - 66 пайыз, "дельтада" 60 пайыз болған.
Ал америкалық Johnson & Johnson компаниясының бір дозалы вакцинасының "дельта" вариантынан қалай қорғайтыны жөнінде мардымды мәлімет жоқ. Осы күні АҚШ-тың жұқпалы аурулар жөніндегі мамандары қосымша күш ретінде мРНҚ вакциналарының дозасын пайдалану мүмкіндігін зерделеп жатыр.
ГУАНЧЖОУДАҒЫ ІНДЕТ ҚАНШАЛЫҚ АУЫР БОЛДЫ?
Қытайдың бас өнеркәсіп орталықтарының бірі саналатын Гуанчжоу провинциясы "дельтаның" осы елдегі ошағына айналды. Қытайда алғаш рет мамыр айында тіркелген бұл вариант көбіне осы провинция тұрғындарынан анықталып жатыр.
Гуанчжоу, Шэньчжэнь және Дунгуань қаласын қосқанда Гуанчжоу провинциясында барлығы 146 адамнан "дельта" варианты табылды.
Провинцияда 22 маусымнан бері коронавирустың басқа варианттары тіркелмеген.
ҚЫТАЙ НЕ ІСТЕДІ?
126 миллион адамнан тұратын халқы бар Гуанчжоуда "дельта" варианты анықталғалы вакциналау науқаны күшейе түсті. Егер 19 мамырға дейін провинцияда 39,15 миллион доза салынса, 20 маусымға дейін салынған доза саны 101,12 миллионға жеткен.
Гуанчжоу, Шэньчжэнь және Дунгуань қалаларында вирус жұқтырғандар мен олар байланыста болған адамдарды дереу оқшаулап, бірнеше рет тапсырылатын жаппай тестілеуді бастады. Провинцияда бұған дейін де індет өршігенде осы алгоритм қолданылған.
Оқи отырыңыз: ДДСҰ Қазақстанға күні кеше келген Қытай екпесін мақұлдады. CoronaVac жайлы не білеміз?
Сонымен қатар бұл қалаларда провинциядан тысқары жерге шығатын адамдардан теріс нәтижелі ПТР анықтамасын талап етіп жатыр.
Эпидемиолог Фэн Цзицзяньнің айтуынша, егер бұл шараны қабылдамағанда, 7,3 миллион халқы бар Гуанчжоу қаласы алғашқы науқас тіркелгеннен небәрі 20-30 күнде "дельта" вариант жайлап кетер еді.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚЫТАЙ ЕКПЕЛЕРІ ҚАШАН КЕЛДІ?
Қазақстанда коронавирус вакцинасын салу 1 ақпанда ресейлік "Спутник V" екпесінен басталды. Кейінірек осы вакцинаның Қарағандыда өндірілген дозалары да пайдаланыла бастады. Сәуірдің соңында вакциналау науқанына Қазақстанда өндірілген, бірақ клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен толық өтпеген QazVac екпесі де қосылды. Шамамен осы уақытта "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының Sinopharm компаниясының БАӘ-де әзірленген Hayat-Vax екпесінің 1 миллион дозасын алдырғаны белгілі болды. Ал маусымның басында Қазақстанда Қытайдың екінші екпесі CoronaVac келді. Денсаулық министрлігі бұл екпенің 500 мың дозасын сатып алған.
30 маусымдағы ақпарат бойынша, Қазақстанда осы күнге дейін 3,3 миллион адам екпенің кемі бір дозасын салдырған, оның екі миллионы екінші дозаны да алып үлгерген.
Reuters ақпараттары негізінде жазылды