2014 жылы Нұр-Сұлтан мен Сеул бір айлық визасыз режим ашқан соң Оңтүстік Корея қазақстандықтардың заңсыз жолмен барып, нәпақа табатын еліне айналды. Сыртқы істер министрлігі 2018 жылы 12 мың қазақстандық Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмыс істеуге кеткенін хабарлаған. Кореяға табыс іздеп кететіндердің ішінде Кентау қаласының тұрғындары да баршылық. Азаттық тілшісі Оңтүстік Кореяға жұмысқа барған кентаулықтармен, сол елге кеткен баласынан айырылған әкемен әңгімелесті.
Cанат, 29 жаста: "Қазақстаннан келгендер арасында зейнеткерлер де бар"
2017 жылы қазанда Кентаудан турист болып Кореяға келдім. Төрт жылдай болды, осы елде жұмыс істеп жүрмін. Кореядан шықсам қайта кіруім қиын, сондықтан Қазақстанға бармадым. 2018 жылға дейін Кореяға Кентау, Шымкент, Түркістан, Тараздан, яғни оңтүстіктен көп адам келетін. Қазір Қостанай, Көкшетау, Арқалық, Ақтау, Ақтөбе, Семей, Жезқазғаннан да адамдарды көрдім. Бірақ мұндағылардың көбі – Алматы мен Оңтүстіктен. Кореяда жүрген қазақстандықтар арасында дипломы бар жастар, 65 жастан асқан зейнеткер ер адамдар; 50 жастан асқан әйелдер; зейнетке шыққан майор, полковниктер бар. Ересек адамдар балалары мен немерелерінің қызығын көріп отыратын шақта [Кореяда] нәпақа үшін жүргені қынжылтады.
Бір жағынан, бір қазақ отбасының қаржы мәселесі шешіліп, жағдайы түзеліп жатыр деп те қуанасың. Көбі елге ұзақ уақыт бойы бармаған. Осында жүрген бір қазақ жігіттің анасы қайтыс болып, Қазақстанға жерлеуге бара алмады. Шықса, қайта кіре алмайды. Кореяда табыс әлдеқайда көп. Қазақстанда екі-үш жылдағы табысты Кореяда бір жылда табуға болады. Жұмыс іздеген жұрт күнде "еңбек биржасына" шығып, сол жерден күндік жұмысқа ұсыныс күтеді. "Еңбек биржасында" жұмыс шықса, ерлер күніне 85-100 доллар, әйелдер 50-80 доллар нәпақа табады. Ал зауытта істесе айына 1800-2600 доллар табуға болады.
Осында жүргендер тапқан ақшасының біразын Қазақстанға салып отырады. Көбінің кредиті бар, соны жабады. Өз басым, Қазақстанда электрик мамандығымен университет бітірдім. Диплом алған соң оңтүстікте жұмыс істедім. Табыс – 65-70 мың теңге. Кейін астанада EXPO алаңында электрик болдым, табыс 140-170 мың теңге болды. Бұл ақша өмір сүруге жетпеген соң Кореяға келіп алдым. Қазақстанға түбі қайтамын, елге барып отбасын құрғым келеді. Бірақ қазір "мына күні қайтамын" деп нақты айта алмаймын.
Кореяда төрт жылда бір үлкен тексеріске тап болмадым, бұл елде демократия лебі бар. Тәртіп бұзбасаң, тексере бермейді. Оның үстіне, корей жастары қара жұмысты, зауыттағы жұмыстарды істемейді. Көбі білім алып, жақсы жұмыстарға барады. Сондықтан зауыттар мен қара жұмысқа да адам керек. Ондай жұмыстарды көбіне шетелден келгендер істейді. Заңсыз жүргендер үшін ең қиыны – медициналық сақтандыру. Виза болмаған соң медсақтандыру да болмайды. Ал ауырып қалсаң емделу өте қымбат. Кореяда, біздің есебіміз бойынша, отыздай қазақстандық қайтыс болды. Марқұмның мәйітін елге жіберу үшін кем дегенде 7 мың доллар керек...
Күлшәт, 56 жаста: "Кореяда шіркеуді паналадық"
Оңтүстік Кореяда өткен күндерімді еске алсам, әлі күнге денем түршігеді.
Кентауда 30 жыл есепші болып, 2019 жылдың жазында жұмыссыз қалдым. Екі қызым ақылы оқуда, несиеміз бар. Жолдасымның жалақысы жетпейді. Ары-бері іздеп жұмыс таппаған соң шетелге жұмыс істеуге барамын деп шештім. Жалғыз үйді кепілге қойып, бір жарым миллион теңге кредит алдық. Жол шығыны арзан деген соң Сеулге Ташкент арқылы ұштық. Шекарадан турист ретінде өттім. Оның да өз талаптары бар екен. Қалтаңдағы ақшаны, келіп кету билетіне дейін тексерді. Тексеруден кейін бір айға жететін шәй пұлым мен пәтер ақысын алып, қалған ақшаны банк арқылы үйге салып жібердім.
Сеулден шығып, шағын провинциясына бардық. Пәтер ақысы қымбат. Бірден жұмыс табылмады. Бір ай жаттық. Жалдамалы жұмысшылар тұратын "биржа" бар деген соң оған шықтық. Жасым елуден асқан. Жұмыс іздеп жүргендер көп. Корейлер жұмысшы таңдайтын кезде адамның жасы мен қолына қарайды екен. Жас әрі қолы қатты адамдар тез жұмыс табады. Қара жұмыс істемеген соң қолым жұмсақ. Қолымды ұстайды да, сілтеп жібереді. Болмайды дегендей басын шайқайды. Жарты айда "биржадан" екі рет жұмыс таптым. Үш күн цементтен еден құйдық. Бір апта ыдыс жудым. Сөйтіп жүргенде пәтер иесі пәтерақыны сұрай бастады. Бермеген соң үйінен қуып шықты. Төрт әйел болып жақын маңдағы шіркеуге бардық. Шіркеу жертөлесінің бір бұрышын паналадық.
Шіркеудің жертөлесі үлкен, суық. Асханасы, жуынатын бөлмесі бар. Бәрі тегін. Әр түрлі мемлекеттен келген еңбек мигранттары осы жерде жатады. Арасында Қазақстаннан барған адамдар да бар. Бәрі таңертең ерте тұрады да, кеш батқанда бір-ақ келеді. Бірі жылыжайға егін егуге, бірі жүк тасуға, бірі құрылысқа кетеді, қысқасы табылған қара жұмысты істейді. Топ болып шықпайды. Полицияның көзіне түссе, елден шығарып жібереді.
Шіркеуге барғанымен тамағын іше алмадым. Екі күн аш жаттым. Үшінші күні дене қызуым көтеріле бастады. Заңсыз жүрген соң жедел жәрдем қызметін де шақыра алмадық. Шақырған күннің өзінде көмекке келмейді деп естідік. Керек болады деп алып алған азын-аулақ, дәрі-дәрмекпен өз-өзімді емдедім. Жанымдағы әйелдер дүкенге барып, бар ақшасымен тамақ әкелді. Әл кірген соң тағы "биржаға" жұмыс іздеп шықтым. Кәріс әйелі келіп тігінші іздеп жүргенін естігенде қолынан тас қылып ұстап алдым. Қазақшалап жұмысқа алуын сұрап, жылап жібердім. Бетіме қарап тұрды да, жағдайымды түсінді ау шамасы жұмысқа алды. Үйінен ашқан шағын тігін цехы бар екен. Бес әйел "матрас" тіктік. Бес күн жұмыс істеп екі күн демалыс беретін.
Кейін шіркеуден шығып, қабырғасы жерге кіріп кеткен ескі шағын жер үйден бір бөлме жалдап, ауыстық. Үй иесі 80 жасқа келген кемпір еді. Жарықты жақпа, суды ағызба деген сияқты тыйымы көп. Сыртқа шығуға қорқамыз. Тек дүкенге нан алуға шығамыз. Нанның өзі қымбат. Бір бөлке нан біздің ақшамен есептегенде 4 мың теңге. Күніне екі-үш тілігін сатып алып жейміз.
Тігін цехында күніне 20 мың теңге жалақы төледі. Екі аптада он күн жұмыс істеп, Қазақстанға кетуге жол ақымды тапқан күні билет алып, кері қайттым. Енді Кореяға бармаймын-ау...
Жолдасбек: "Балам Кореяда жол апатынан қайтыс болды"
2016 жылы екі ұлым Оңтүстік Кореяға барайық деп сұранды. Ол кезде үлкені – 25 жаста, кішісі – 23 жаста. Кентаудан жұмыс таппаған соң, Алматыда жұмыс істейтін. "Жұмыстарың бар, істей берсеңдерші" дедім. Кенже ұлым Бекзат "Әке, жас кезде жұмыс істеп жағдайымызды жасайық та, елдің бәрі Кореяға барып, жақсы ақша тауып келіп жатыр. Қашанғы ескі көлікпен жүресіз? Үйді де кеңейтейік" деді. Ол кезде екі бөлмелі пәтерде тұратын едік.
Екеуі екі жақтан айтып қоймаған соң "мейлі" дедім. Үйдегі ескі көлікті сатып, қажет болып қалады деп қалтасына ақша салдым. Екеуі бірге кетті.
Сеулде жолдастары бар еді. Күтіп алды, жұмысқа орналасты. Бірақ көп өтпей, екі айдан соң кенже ұлым Бекзат жол апатынан қайтыс болды деген қаралы хабар келді.
Қазір есіме алсам жүрегім қарс айырылады. Оқиға таңертең жұмысқа бара жатқанда болыпты. Жол апатынан балам қайтыс болды, жүргізуші екі аяғынан айырылды... Обалы не керек, мүгедек болып қалса да, жүргізуші жауапкершіліктен қашпады. Кешірім сұрады, баланың денесін әкелуге көмек берді. Екі балам үнемі бірге жүретін, егіз қозыдай еді. Бекзаттың денесін елге әкелу қиын болды. Ақша жетпей тұрғанда бүкіл ел көмектесті, әкеліп, Кентауға жерледік. Үлкен ұлым көпке дейін інісін іздеп, есін жинай алмай жүрді. Қазір үлкенім Алматыда тұрады...
Алма, 24 жаста: "Анам елді сағындым деп жүр..."
Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жатқаныма 5 жыл болды. Анамды да әкеп алдым. 2015 жылы мектепті бітірген соң оқуға түсе алмадым. Жағдайымыз келмеді. Ағам табылған жалдамалы жұмысты істеді. Анам мен жеңгем жұмыссыз үйде отырды. Мен бір отбасының үйін тазалап, тамағын істеп, балаларына қарадым. Сөйтіп айына 30 мың теңге жалақы алып жүрдім. Бір күні үй иесі Оңтүстік Кореяда тұратын қарындасы балаларына қарайтын адам таппай жүргенін айтты. "Жалақысы 200 мың теңге, жұмыс істейтін адам болса айтарсың" деді. Жатын орны мен тамағы тегін деп түсіндірді. Үйге келіп анаммен ақылдастым. Шындығында, жоқшылықтан шаршадым. Анамды көндіріп, жеңгемді өз орныма жұмысқа қалдырып, Оңтүстік Кореяға кететін болдым. Үй иесі де келісе кетті.
Бас-аяғы екі айдың ішінде құжаттарымды дұрыстап, Оңтүстік Кореяға кеттім. Мені әуежайдан үй иесінің қарындасы күтіп алды. 6 және 10 жастағы екі балаға бір жыл қарап отырдым. Олар елге қайтатын болған соң басқа жұмыс іздедім. Қазақстанға қайтқым келмеді. Жалдамалы пәтерге көштім.
Қазір Оңтүстік Кореяның шағын қаласындамыз (қай қала екенін айтқысы келмеді – ред.). Алты адам шамамен 20 шаршы метрлік бөлмеде тұрамыз. Айына әрқайсымыз теңгемен 70 мың теңге пәтер ақы төлейміз.
Мұнда жұмыс істеу қиын. Бала қараудан кейін темір зауытында жұмысқа кірдім. Тіл білмейміз. Бір-бірімізді ыммен түсінеміз. Тәртіп бөлек. Жұмысқа бір минут та кешігуге болмайды. Таңғы асты ішіп болған соң дайын болған заттарды қорапқа саламыз. 4 сағат бір орында аяқтан тік тұрамыз. Бір сағат түстеніп алған соң тағы төрт сағат аяқтан тік тұрып жұмыс істейміз. Иіс бар, бір минут та өшпейтін станок дыбысынан құлағымыз бітеліп, естімей қалатын...
Бес жылдың ішінде үш жерде жұмыс істедім. Қазір аздап корей тілінде сөйлеуді үйрендім. 2019 жылы анамды шақыртып алдым. Шекарада турист ретінде өтті. Қазір екеуміз бірге шағын тігін цехта тігінші болып жұмыс істейміз. Айына ас-суымыз бен жатын орнымыздан бөлек 800-900 мың теңге ақша табамыз. Тапқан ақшамызды жинап, Кентаудағы шағын ескі үйіміздің жанынан үлкен үй салдық. Пәтер алу үшін азын-аулақ ақша жинадық. Бес жылдың ішінде ағам екі балалы болды. Ол да келемін дейді. Анам рұқсатын бермеді. Енді анам елге қайтайық деп жүр. Елді сағындым дейді. Елден шықсақ, Оңтүстік Корея заңсыз жұмыс істеп жүргеніміз үшін бес жылға кіруге тыйым салады. Қазір ойланып жүрміз...
Қуат, 50 жаста: "Бес жылға қайта кіруге тыйым салды"
2017 жылы әйелім қатерлі ісік ауруына шалдықты. Үлкен ұлым институтта ақылы оқитын. Кенже қызым 5 жасар. Кентауда тұрақты жұмыс жоқ. Ескі көлікпен күнде адам тасып тапқан табысым тамағымыздан артылмады. Күн көру қиындап кеткен соң созылмалы аурумен тіркеуде тұрып, денсаулығым жарамаса да, Кореяға жұмысқа барамын деп шештім. Жол сілтеп, барған кезде жататын орын мен жұмыс тауып беретін делдалдарға ескі көлігімді миллион теңгеге сатып, қызметіне бердім.
Кореяның Пусан қаласына бардым. Бір аптадан соң мыс кен орнына жұмысқа кірдім. Жұмыс ауыр. Аяқтан тік тұрып іштен сыртқа тасты шығаратын арнайы құрылғыны күзеттім. Жерге түскен заттарды жинап, құрылғыға салып отырдым. Жердің астында ауа тар. Оған қоса сасық иіс бар. Күннің көзі жоқ, салқын. Жалақы салыстырмалы түрде алғанда аз.
Мен жұмыс істеген провинциалда Қазақстаннан барған адамдар көп болды. Бір-бірімізден жұмыстың жайын сұраймыз. Ер адамдар көбіне өндіріс орындары мен құрылыста жұмыс істеді. Әйелдер тігін мен егінде, үй жұмыстарына баратын. Жұмыс істеуге денсаулығым жарамай бара жатқан соң кен орнынан шығып кеттім. Бізше айтқанда, "еңбек биржасы" бар, сол жерге күндік жұмыс іздеп барып, тұрдым. Ол жерде шетелден келген мигранттар жұмыс іздеп тұрады. Жұмысшы іздеп келгендер сол жерге жиналады. Бір апта сол биржадан жұмыс іздедім. Бірде жұмыс бар, бірде жоқ. Тіл білетіндерге жұмыс табу жеңілдеу.
Жұмысшы іздеп келгендермен сөйлесіп, келіседі. Тіл білмейтіндер мылқау сияқты. Тұрамыз да қоямыз. Жұмыс жоқ болған кезде бір күнің бос өтеді. Оның үстіне жұмысын істетіп, ақысын бермей қоятындар да бар. Ондай кезде өзің заңсыз жүрген соң полицияға да хабарласа алмайсың. Бұл – ақша табу үшін отбасын тастап, ел асып кеткен адамға үлкен шығын. Сөйтіп жүріп ауыр болса да тұрақты деп кен орнына қайта жұмыс істеуге бардым.
Кен орнында сегіз ай жұмыс істедім. Алған жалақымды ай сайын ауылға салып отырдым. Күнде бала-шағаммен хабарласып отырдық. Ауырдым, орнымнан тұра алмай қалған күндерім болды.
Балаларым Қазақстаннан барған адамдардан дәрі жіберіп тұрды. Соны ішіп оңаламын да, қайта жұмысқа кірісемін. Өңім қашып, әлсірей берген соң елге қайттым. Шекарадан өтетін уақытта Кореяның шекарашылары паспортыма депортация деп мөр басып берді. Сөйтіп бес жылға дейін Кореяға қайта кіруге тыйым салды.
Кореяда жұмыс істеп тапқан ақшаны әйелім бір тиынын жұмсамай жинапты. Сегіз айда баяғы өзімдікіндей ескі көлік сатып алып, қалған 3,3 миллион теңгеге Алматының шетінен жер телімін алдық.
Үш бөлмелі шағын үй салдық. Қазір оқудағы екі балам сол үйде тұрып жатыр. Аңсап келген нан мен етті жедім, емделдім. Кореяға барып-келгеніме төрт жыл болыпты. Төрт жылда Кентаудан тұрақты жұмыс таппадым. Бір жылдан соң, депортация уақыты біткеннен кейін Кореяға тағы барып, ақша тапсам ба деймін...