"Союз МС-12" кемесі ғарышқа қалай ұшты?

Пётр ТРОЦЕНКО

15 наурызға ауған түні Байқоңырдан «Союз МС-12» ракетасы ғарышқа ұшты.
Халықаралық ғарыш станциясына бағыт алған зымыранда ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен NASA-ның екі астронавты Ник Хейг пен Кристина Кох бар. 2018 жылы қазанда Хейг пен Овчинин мінген «Союз» кемесі «Байқоңырдан» ұшып шығып, бірнеше минут өткен соң Жерге апатты жағдайда қайта оралған. Бұл экипаж халықаралық ғарыш станциясында жарты жыл болады. Азаттық тілшісі «Союз» кемесінің ғарышқа ұшқан сәтін көрді.

Тексеріс аяқталды. Біз Байқоңыр аумағына кірдік. Ғарыш айлағына апарар жолдың шұңқыры көп, жамау-жамау.

Байқоңырда жұмыс қызған. Маңайда әскери киімдегі адамдар жүр. Ерсілі-қарсылы өткен полиция көліктері. Қазақстанның, Ресейдің, Роскосмостың туы дамылсыз соққан желдің екпінімен желбіреп тұр.

Байқоңырда желбіреп тұрған Ресей, Қазақстан және Роскосмос туы. 15 наурыз 2019 жыл.
Байқоңырда желбіреп тұрған Ресей, Қазақстан және Роскосмос туы. 15 наурыз 2019 жыл.

Бізді Байқоңырдағы ғарыш мұражайына апара жатыр. Байқоңырдан ғарыш кемесінің ұшқан сәтін көруге келгендер осы мұражайға соқпай кетпейді. Жиналғандар мұражайға кіруге асығар емес. Қазір станцияға аттанар ғарышкерлер – америкалық Ник Хейг, Кристиана Кох және ресейлік Алексей Овчинин мінген автобус келуі тиіс.

Кристиана Кох, Алексей Овчинин және Ник Хейг.
Кристиана Кох, Алексей Овчинин және Ник Хейг.

Ник Хейг пен Алексей Овчининнің ғарышқа алғашқы сапары сәтсіз аяқталған. 2018 жылы қазанда олар мінген ғарыш кемесінен техникалық ақау шығып, Жерге оралған.

Ғарышкерлер мінген автобус келмес бұрын алдымыздан жүйткіген полиция көлігі өте шықты. Оның артынан терезесі қараңғыланып бүркемеленген джип келе жатты. Жиналғандардың айтуынша, бұл көліктің ішінде Роскосмос төрағасы Дмитрий Рогозин мен NASA өкілдері отыр. Біраз уақыттан соң біз күткен автобус та жетті. Скафандр киген экипажды көрермендер қошеметпен қарсы алды.

Ғарышкерлер мінген автобус. Байқоңыр, 15 наурыз 2019 жыл.
Ғарышкерлер мінген автобус. Байқоңыр, 15 наурыз 2019 жыл.

ҒЫЛЫМ МЕН ДІН

Мұражай іші у-шу. Көбі – туристер, Роскосмос қызметкерлері мен ғарышкерлердің жақындары. Гидтер экскурсияны ағылшын және орыс тілінде өткізіп жүр. Келгендер арасында ресейлік ғарышкерлер – Виктор Котов, Олег Новицкий және Виктор Савиных бар. Олар мұражайда жүрген оқушылармен фотоға түсіп, кейін кетіп қалды.

Залдардың бірінен Сергей (Бычков) әкейді байқап қалдық. Ол 20 жылдан бері ракеталар ғарышқа аттанар алдында діни жоралғы өткізіп келеді. Ол мұражайға келген бір топ адаммен экспонаттарды тамашалап жүр. Жанына жақындадым.

– Сергей әкей, ғарышқа аттанар алдында діни жоралғы не үшін қажет? Интернетте бұл жоралғыны мазақ ететіндер де бар...

– Діни жоралғыны темірге арнап жасамаймыз, бұл – адамдардың еңбегіне деген құрмет. Құдай алдында адамның кез келген еңбегі қабыл болады. Сондықтан діни жоралғы өткізіп, ракетаны құрастырған конструктурдан бастап, соңғы бұранданы бұрайтын слесардың еңбегіне құрмет көрсетуіміз керек, - деді ол.

–Барлық ракеталардың түрлерін жаттап алыпсыз, - дедім.

–Оқуға тура келеді. Ғылым мен білім дегендей... - деп жымиды ол.

Сергей әкейдің діни жоралғысы.
Сергей әкейдің діни жоралғысы.

«СОЮЗ» ҰШҚАН СӘТ

Зымыран ұшардың алдында туристер арнайы тігілген шатырдың астына жинала бастады. Мен ракета ұшатын аймақтан бір-екі шақырым жердегі көру алаңына келдім. Ол жер де адамға толып қалыпты. Кейін Ресей телеарналарының журналистері тікелей эфирге дайындалып жатқан аймаққа қарай түстім. Операторлар жарық пен камерасын реттеп жатыр. Тілшілер эфир кезінде айтатын ақпаратын қайталап әуре. Сол маңда ракета ұшуына қанша уақыт қалғанын хабарлайтын колонка ілініп тұр.

Ғарыш айлағынан ракетаның гуілі де естілді. Бірер сәттен кейін ракета артына қою түтін қалдырып, аспанға көтерілді. Бір уақ дала күндізгідей жап-жарық болып кетті. Көзді ашып-жұмғанша зымыран бұлттардың арасына сіңіп кете барды. Көрермендер ысқырып, қол соғып, қошеметтеп жатыр.

–Қол соғып, қуануға әлі ерте. Тоғыз минуттан кейін ғарышкерлер орбитаға шығады. Сонда ғана зымыран сәтті ұшты деп айта аламыз, - деді жанымда тұрғандардың бірі.

"Союз" ғарышқа аттанған сәт. Байқоңыр, 15 наурыз 2019 жыл.
"Союз" ғарышқа аттанған сәт. Байқоңыр, 15 наурыз 2019 жыл.

Бірақ келгендер мәз. Бірі суретке түсіп, енді бірі советтік «Земляне» тобының «И снится нам не рокот космодрома, не эта ледяная синева…» деп басталатын әнін қосыла шырқап, билеп жатыр. Жиналғандардың ішінен біреу жан ұшыра «Ресей, жасасын» деп айғайлады. Біраз уақыттан кейін маңайда тұрған колонкадан «Союз МС-12» ғарыш кемесі орбитаға шыққаны хабарланды.

Байқоңыр ғаоыш айлағы. 14 наурыз 2019 жыл.
Байқоңыр ғаоыш айлағы. 14 наурыз 2019 жыл.

Бәлкім, бұл – америкалық ғарышкерлердің «Союз» кемесімен халықаралық ғарыш станциясына соңғы ұшуы. Сәуірде Роскосмос пен NASA арасындағы келісім-шарттың уақыты бітеді. АҚШ келісім-шартты ұзартпайтынын мәлімдеген. Америкалық SpaceX, Boeing, Lockheed Martin компаниялары «Союзды» алмастыратын ғарыш кемелерін құрастырып жатыр. 2018 жылы америкалық бір ғарышкер «Союз» кемесімен ғарышқа ұшу үшін 81 миллион доллар төлеген.

2 наурызда АҚШ-тың Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан Falcon 9 зымыран тасығышы алып ұшқан Crew Dragon кемесі ғарыш станциясымен 3 наурызда түйіскен еді. Бұл жолы Халықаралық ғарыш станциясына барып, кері қайтқан Crew Dragon кемесінің бортында экипаж мүшелері болған жоқ. Кейін Crew Dragon Атлант мұхитының Флоридамен шектесетін тұсына қонған.