Қорғаудағы қар барысы азайып барады

Қазанның 23-і күні әлемде Халықаралық қар барысы күнін атап өтеді. Қазақстанда 130-ға жуық, ал жер бетінде бірнеше мың ғана барыс қалды деген болжам бар.

ҚАНША БАРЫС ҚАЛДЫ?

Қар барысы немесе ілбіс – Қазақстандағы мысық тұқымдастарға жататын ең ірі аң. Олар әлі күнге дейін Іле Алатауын мекендейді. Ғалымдардың айтуынша, қар барысын Алматы қорығы аумағынан ғана емес, Әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай 5-10 шақырым жерден де кездестіруге болады. Барыс таудан төмен түскен жоқ, бірақ қаладағы құрылыс мұздықтарға жақындап барады. Барысты Көлсай көлінен, Қаскелең, Өтпелі шатқалынан, Аюсайдан, Бутаковка мен Кімасар шатқалдары биігінен байқауға болады. 2013 жылы зоологтар Көкжайлау шатқалының биігіндегі Құмбел жотасынан да жануардың тезегін тапқан.

Қар барысы таралу ауқымы мен саны азая бастаған сирек түр ретінде Қазақстанның Қызыл кітабында үшінші санатқа енген. 1982 жылғы санақ бойынша 180-200 барыс қалған. Фото, видео арқылы алынған мәліметтер, жергілікті тұрғындармен сөйлесу және барыстың ізін іздеу арқылы ғалымдар қазір Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр және Алтай сілемдерінде 110-130 шамасында ғана барыс қалды деген қорытындыға келді. Ғалымдардың сөзінше, ілбістің жойылуына таудағы антропогенді іс-қимыл себеп. Мал жайылымы кеңейіп, соның кесірінен үй жануарлары барыстың негізгі қорегі – жабайы тұяқтыларды ығыстырған. Барысты, оның қорегін де аулау, яғни браконьерлік те – олардың азаюына себеп.

Адамдардың тауды игеруінің өзі барысқа теріс ықпал етеді. Зерттеушілердің пікірінше, қар барысы жүретін ұлттық саябақтарда келушілер көп болғандықтан, аңды мазалау көбейген. Сондықтан хайуан қорек етуге жарамсыз жерлерге көшеді.

БАРЫСТЫ ҚОРҒАУДЫ КІМ ҚАРЖЫЛАНДЫР(МАЙ)ДЫ?

Зоолог Алексей Грачев Зоология институтында териология бөлімін (териология – ірі жануарлар туралы ғылым-ред.) басқарады. Қар барыстары тақырыбына докторлық диссертация жазып жүр.

зоолог Алексей Грачев

Оның айтуынша, институтта 2015 жылы құрылған қар барысын зерттеу және сақтау жоспарын жүзеге асыруға арналған мониторинг орталығы бар. Құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы орман және аңшылық шаруашылық (қазір-орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті-ред.) комитеті үш жыл бұрын Қар барысы жылында әзірлеген. Грачевтің айтуынша, ауқымды жұмыстар жоспарланғанымен, қаржы тапшылығынан өрісі тарылып қалған.

- Зертханамыз үлкен. Батыс Тянь-Шаньнан бастап, Солтүстік Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Сауыр-Тарбағатай тау жүйесі мен Алтайға дейін бүкіл Қазақстан бойынша жұмыстар жүргізуге болатын еді. Бірақ орталықтың толыққанды жұмыс істеуіне керекті қаржы бөлінбеді. Жаңа жобаға БҰҰ даму бағдарламалары желісі бойынша Ғаламдық экологиялық қор қаржы бөледі деген үміт бар. Қаржыландыру болмаса да, орталық жұмыс істеп тұр, - дейді Грачев.

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті басшысының міндетін атқарушы Қуат Шумақаев барысты сақтауға қатысты жұмысты Зоология институты Қазақстанның био алуан түрлілігін сақтау қауымдастығымен бірге жүргізетінін растады. Оның айтуынша, "аталған шараны мемлекет қаржыландырмайды. Жұмыстардың бәрі БҰҰ даму бағдарламасы жобасы аясында жүзеге асып жатыр".

Қар барысын және оның экожүйесін сақтау жөніндегі ғаламдық бағдарлама негізінде қазір Қазақстанда БҰҰ даму бағдарламасы бойынша екі жоба жұмыс істеп жатыр. Бұл жобаны Ғаламдық экологиялық қор (ҒЭҚ) қаржыландырады.

Біріншісі - 2016 жылы іске қосылған "Қар барысы мен экожүйені қорғау жөніндегі трансшекаралық ынтымақтастық" жобасының ғана барысқа тікелей қатысы бар. Бұл – "Орталық Азияға баса назар аударатын" аймақтық бастама. Оған ҒЭҚ үш жылға миллион доллар бөлді. Бағдарлама сайты бойынша, қалған төрт миллион долларды "ұлттық және халықаралық серіктестердің бірлесе қаржыландыруы" арқылы тапқан.

Екіншісі - "Ғаламдық маңызы бар экожүйені сақтау және тұрақты басқару" жобасы бір жыл бұрын Қазақстанның өзінде іске қосылды. Оған ҒЭҚ 8 миллион доллар бөлді. Ал қосымша қаржыландырудан 24 миллион доллар түскен. Жоба қар барысын ғана емес, оның таралу аймағын да қамтиды.

БАРЫСТЫ ҚАЛАЙ САНАЙДЫ?

Алексей Грачевтің айтуынша, қаржы тапшылығы көзге түсуді қаламайтын, таралу аймағын табу қиын түрді санауды одан әрі қиындатады. Институт кең қолданатын әдістің бірі – фототұзақ. Олар камераларды жануардың ізін анықтауға болатын жерлерге орнатады.

Фототұзақ жануардың қимылы мен температура айырмасына реакция беріп, 20-30 метр қашықтықта іске қосылады. Батареясы жақсы болса бір жылға дейін автономды жұмыс істей береді. 2012 жылдан бастап фототұзақ жұмысының нәтижесі бойынша қар барысына ID-төлқұжат жүргізіліп келеді.

Грачевтің айтуынша, мемлекет бұл аппаратураға ақша бөлмеген. Әрқайсы шамамен 100 мың теңге (шамамен 300 доллар) тұратын фототұзақты алуға үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде Қазақ географиялық қауымдастығы мен Дүниежүзілік табиғатты қорғау қоры көмектескен.

Хайуандар фототұзаққа түрлі реакцияны танытады. Мысалы, аюлар оны сындырып тастауы мүмкін. Барыс қызығып иіскеуі мүмкін. Екі рет қар барысы аппаратураның дәмін көрмек болып тістеп, жарамсыз етіп тастаған кездері болған.

Адамдар барыстардың санына ғана емес, ғалымдарға тиесілі фототұзаққа да зиян келтіреді. Грачевтің айтуынша, ұрлық та болып тұрады. Зоологтар осыған дейін сегіз аппараттың жоғалып кеткенін айтады. Грачевтің ойынша, біреулер фототұзақты қызығушылық танытып алып кетсе, енді біреулер заңсыз әрекетін жасыру үшін айғақты құртады.

Тау барысы сияқты түрлерге қолдануға болатын жоғары технологиялық әдістің бірі – спутник шамшырағы бар қарғыбау. Бірақ оны тағу үшін де қаржы керек.

"Қарғыбауды тақпас бұрын мақсатты анықтап алу керек. Миграция жолын бақылау ма, экологиялық дәлізді күшейту ме, әлде барыстың өмірлік цикл ерекшелігін зерттеу үшін бе? Бұл – өте жауапты жұмыс. Барысты аулап, ұйықтатып тастау керек. Оның қандай қылық көрсететіні белгісіз, зақым келтіріп алуыңыз да мүмкін" дейді Грачев.

Алексей Грачев қызмет ететін институт 2018 жылдан бері рекреациялық аймақтарда тау барысының таралуын анықтау жобасымен жұмыс істеп жатыр.

"Қорықты мысал етіп аламыз да, қорғалуы төмен аймақтармен салыстырамыз. Сондай телімнің бірі – Көкжайлау. Қар барысының мекендеу ортасына ықпал етуді барынша азайту туралы ұсыныс жасағымыз келеді. Тұжырымдаманың алғашқы нұсқасы дайын. Қарашада соны ұсынармыз. Шипажай ашылса да (Көкжайлауға тау шипажайын салу жоспарын айтады – ред.), ашылмаса да қажетті нұсқаларды әзірлеп қойдық" дейді ол.

КЕШЕГІ ОДАҚТАС – БҮГІН ЖАУ

Адам мен қар барысының үйлесімді өмір сүргенін Қазақстаннан табылған, тасқа салынған ежелгі суреттерден байқауға болады. Энтомолог ғалым Павел Мариковский тауешкілерді аулау үшін барысты қолданған деген болжам айтады.

Орта ғасырда Парсы елдері аңшылық үшін барысты қолға үйреткен деген деректер бар. Кейін бұл қарым-қатынас күрт өзгерді. Барыстарды терісі үшін жиі өлтіре бастады.

1965 жылы басылған "Аңшылықтың Қазақстанның аңшылық-кәсіп фаунасына ықпалы" деген кітабында зерттеуші Юрий Семенов "1891 жылы Қазақстанда – 54, 1892 жылы – 106, 1894 жылы – 74 барыстың терісі өңделген" деп жазады. Бұл жылдары тері бағасы төмен болған, жануарды кездейсоқ кездесу кезінде өлтірген.

Қар барысы азайған сайын терісі де қымбаттап барады. Семеновтың дерегі бойынша, Ленинградта 1956 жылы өткен аукционында терінің бір данасы 11,25 доллар болған. 1967 жылы 175 долларға қымбаттаған.

Қазір барыстың мекендеу аймағы мемлекет қорғауына кіреді, бірақ заңсыз аң аулау тоқтаған жоқ. Териолог Алексей Грачев браконьерлердің барысты жол-жөнекей өлтіре беретінін айтады. Кейбір ауқатты адамдар оның терісіне тапсырыс береді деген дерек бар. Бір терінің құны 10 мың долларға дейін жетеді-мыс.

Ғалымдардың ақпараты бойынша, қолайлы ортада өмір сүрген барыс үйдегі малға тиіспейді. 2018 жылы сырқат немесе жаралы барыс қорықшының қорасына түсіп, сиырын жемек болған. Оларды ажыратып, барысты қайтарып жіберген. Бірақ малға шабуылдаған барыстың аман қалатын кезі сирек. Малшылар үй жануары үшін кек қайтарады. Қар барысы мен оның экожүйесін сақтау жөніндегі ғаламдық бағдарлама Қазақстандағы қауіпке 15 баллдың 12-сін берген.

Ғалымдардың айтуынша, барыс адамды көргенде тиіспейді. Қар барысын зерттеуші Евгений Кошкарев 1989 жылы жазған "Қырғызстандағы қар барысы" кітабында адаммен кездескен кезде барыстың (ол кездегі саны 237 болатын) не кетіп қалатынын, не бақылап тұрғанын жазады.

Ғалым барыстың адамды өлтіру оқиғасы бір рет қана, 1960 жылдары Іле Алатауында тіркелгенін айтады. Ол кезде ілбіс жаралы болған. Аңшы оның ізінен қалмаған. Кейін барыс адамға жартастан секірген.

"2015 жылы Іле Алатауында бір сүрлеуде, 20-30 метрде барыспен кездесіп қалдым. Ол алаңсыз жоғары қарай шығып кетті" дейді Грачев.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Алматыда жаңа елтаңба пайда болды. Жоғалып бара жатқан апорт алмасының орнына қар барысы салынды. Қазір алматылықтар барысты тірідей көре алмайды. Жергілікті хайуанаттар бағын мекендеген алты барыстың соңғысы 2014 жылы ауырып өлді.

Тауларда барыс сирек кездеседі, жасырын жүреді. Оларды адамдар ығыстырып тастаған. Бұл түр Оңтүстік және Орталық Азияның 12 мемлекетінде тіршілік етеді. БҰҰ дерегі бойынша, Қытайда ғана бірнеше мың популяция бар. Қалған елдерде ондаған, жүздеген барыс сақталған. Жабайы табиғатта жағдайы жақсы болса алты мыңнан астам қар барысы тіршілік ете алады.