Азаттық радиосы

Ревакцинация міндетті ме? Үшінші доза алмасам шектеу бола ма? Сізді мазалаған сұрақтарға жауап

Азаттық радиосы

14 қазан 2021

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 20 қарашадан соң елде ревакцинация науқанын бастамақ. Үшінші қосымша доза жайлы не белгілі? Ревакцинация алмағандардың Ashyq қосымшасындағы статусы қандай болады? Денсаулық сақтау министрлігінен ресми жауап алдық.

РЕВАКЦИНАЦИЯ ШЕШІМІН КІМ ҚАБЫЛДАДЫ?

Бұл – халықаралық тәжірибе. АҚШ пен Батыс елдері коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқан соң халыққа екпенің үшінші дозасын салып жатыр. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жетекшісі Айжан Есмағамбетованың сөзінше, елде ревакцинация науқанын жүргізу шешімін денсаулық сақтау министрлігі мен халықты иммунизациялау комиссиясы қабылдаған. Бұл комиссияда эпидемиологтар, иммунологтар, аллергологтар, невропотологтар бар.

ҮШІНШІ ДОЗА КІМДЕРГЕ САЛЫНАДЫ?

Ревакцинация науқанында тек бір доза салынады. Үшінші доза екпенің қос дозасын алған соң 6-9 ай өткеннен кейін салынады. Қосымша доза алдымен ақпан-мамыр айында екпе алған 600 мың адамға егіледі. Министрліктің мәлімдеуінше, ревакцинациядан алдымен мына топтар өтуі тиіс:

  • Медицина қызметкерлері, педагогтар, күштік құрылым өкілдері, жергілікті өзі-өзін басқару және жабық мекеме қызметкерлері;
  • 60 жастан асқандар;
  • Коронавирусқа қарсы антиденесі қалыптаспаған азаматтар;
  • Коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алса да, Covid дертімен ауырғандар.

"АНТИДЕНЕ ҚАЛЫПТАСПАҒАН АЗАМАТТАР" ДЕГЕН КІМДЕР?

Сіз коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын алдыңыз делік, бірақ ағзамда антидене қалыптаспай қалды-ау деген күдік болса өз қаржыңызға антиденені тексертесіз. Егер ағзаңызда антидене жоқ болса я аз болса үшінші доза ала аласыз.

ҮШІНШІ ДОЗА САЛДЫРҒАНДА ҚАЙ ЕКПЕНІ ТАҢДАҒАН ЖӨН?

Министрлік ревакцинация кезінде жұрт алғаш салдырған екпе түрін таңдамауға кеңес берді. Министрлік ұсынған тактика мынандай:

  • Осыған дейін векторлық вакцина (Спутник) салдырғандар 9 айдан кейін инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе Pfizer сияқты РНК-вакцина салуы тиіс;
  • Ал инактивті екпе алғандар алты айдан соң векторлы (Спутник) немесе Pfizer сияқты РНК-вакцина салдыра алады;
  • Ал РНК-вакцина салдырғандар алты айдан соң вакцинаның қалған түрлерін (Спутник, Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) салдырса болады.

Денсаулық сақтау министрлігі бұрын алған вакцинаны қайта егуге кедергі жоғын, бірақ әртүрді әдіспен әзірленген басқа вакцинаны таңдауға кеңес береді.

РЕВАКЦИНАЦИЯ МІНДЕТТІ МЕ?

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова "дәл қазір ревакцинация міндетті емес. Біз кімге үшінші доза алу керегін анықтадық. Ревакцинация ерікті түрде жүреді" дейді.

ҚОСЫМША ДОЗА АЛМАҒАНДАРҒА ШЕКТЕУ БОЛА МА?

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың сөзінше, дәл қазір үшінші доза алмағандарға ешқандай шектеу болмайды. "Бірақ бүкіл әлем осы жолмен келе жатқанын түсінуіміз керек" деді ол.

ВАКЦИНА ПАСПОРТЫ НЕ БОЛАДЫ?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, ревакцинациядан өткендердің вакцина паспортында үшінші доза алғаны жайлы дерек енгізіледі. Ал екі доза алғандардың вакцина паспорты жарамды бола береді.

ҮШІНШІ ДОЗА АЛМАСАМ, ASHYQ ҚОСЫМШАСЫНДАҒЫ СТАТУСЫМ НЕ БОЛАДЫ?

Министрлік екі доза алғандардың Ashyq қосымшасындағы статусы "жасыл" болып қала береді деп мәлімдеді. Яғни, үшінші доза алу-алмау қазірше Ashyq-тағы статусыңызға әсер етпейді.

Екпе алған я екпе алмағандардың, коронавируспен ауырып шыққандардың статусын көрсететін Ashyq қосымшасы

ҮШІНШІ ДОЗАНЫ АЛУ ТЕГІН БЕ?

Қазақстанда екпе салдыру тегін. Министрлік үшінші дозаны салдыру да тегін болады дейді. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың сөзінше, қазір елде вакцина жеткілікті. "Спутник V", QazVac, Sinopharm вакциналары бар. Министрлік алдағы уақытта Pfizer екпесі келеді деп мәлімдеген. "Бірінші доза 1,6 миллионнан асады, екінші доза 2 миллионнан асады. Екпелер әлі де келеді, бұл механизм бір жолға қойылды" дейді Есмағамбетова.

УАҚЫТЫНАН БҰРЫН ҮШІНШІ ДОЗА САЛУҒА БОЛА МА?

Жоқ. Алғашқы екі дозаны алған соң 6-9 ай өтпей үшінші дозаны салдыруға болмайды. Министрлік осы уақытты қатаң ұстану керек дейді.

РЕВАКЦИНА КЕЗІНДЕ НЕГЕ БІР ДОЗА ҒАНА ЕГІЛЕДІ?

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жетекшісі Айжан Есмағамбетова "Коронавирус жаңа инфекция болғандықтан жаңа деректер мен зерттеу нәтижелері шығып, халықаралық тәжірибелер де сараланып жатыр. Қазір әлем елдері ревакцинацияға тек бір доза қолданады. Бүгінде иммунитетті күшейтетін үшінші доза жайлы сөз болып жатыр. Себебі коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасынан соң қалыптасатын иммунитет қанша уақытқа сақталатыны белгісіз. Оған қатысты жүз пайыз ғылыми дәлел жоқ. Екіншіден, вирус мутацияға жиі ұшырап жатыр, сондықтан иммунитет вирусқа төтеп бере алмай қалуы мүмкін. Ал үшінші доза сол иммунитетті күшейте алады" дейді.

ҮШІНШІ ДОЗАНЫ ҚАЙДАН САЛДЫРА АЛАМЫН?

Денсаулық сақтау министрлігі үшінші дозаны салу орындары әлі пысықталып жатқанын мәлімдеді. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, ревакцинацияға Egov арқылы тіркелу жағы немесе кез келген вакцина пунктіне барып тіркеусіз-ақ салдыру жағы қарастырылып жатыр.

МҮЛДЕ ЕКПЕ АЛМАДЫМ. НЕ ІСТЕЙМІН?

Денсаулық сақтау министрлігі алдымен екі дозаны белгіленген интервальмен алуға кеңес береді. Одан кейін 6-9 ай өткен соң ревакцинация жасатуға болады.

ЕКПЕ АЛСАМ ДА, ВИРУС ЖҰҚТЫРЫП АЛДЫМ. ҮШІНШІ ДОЗА САЛДЫРУҒА БОЛА МА?

Болады. Денсаулық сақтау министрлігі екпе алса да, коронавирус жұқтырып ауырғандар үш айдан соң ревакцинациядан өтуіне рұқсат деп мәлімдеді. "Үшінші доза коронавирустан жазылғандардың иммундық жауабын күшейтеді, осылайша қайта ауырып қалудан сақтайды. Бұл адамдардың да Ashyq қосымшасындағы статусы "жасыл" болады" дейді Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жетекшісі Айжан Есмағамбетова.