Азаттық радиосы

"Соңғы сәтке дейін өзгеден көмек күтеді". Суицидке кім, не үшін барады? Алдын алуға бола ма?

Мәншүк АСАУТАЙ, Жаңагүл ЖҮРСІН

15 маусым, 2021

Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда жыл басынан бері 84 жасөспірім өз-өзіне қол салып мерт болса, тағы 164-і суицид жасауға оқталған. Былтырғымен салыстырғанда биыл көрсеткіш 15 пайызға көбейген.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, Қазақстанда жыл басынан бері 250-ге жуық жасөспірім өз еркімен өмірден кетуді жөн көрген. Оның әрбір үшіншісі туған-туысымен арадағы жанжалдан кейін осындай қадамға барса, 12 пайызын жалғыздық сезімі суицид жасауға итермелеген. Тағы 10 пайызы достарымен қарым-қатынасы үзілгендіктен өмірмен қоштасуды ұйғарған.

Ресми мәлімет бойынша, биылғы жылдың алғашқы төрт айында елде мыңнан астам адам өз-өзіне қол жұмсап, бақилық болған. 1625 адам өз өмірін үзуге оқталған.

Қазақстан әлемде суицидтен қайтыс болғандар көрсеткіші басқа елдерден әлдеқайда көп мемлекеттің біріне жатады. Әсіресе балалар мен жастар арасындағы суицид азаймай келеді. Былтыр Қазақстанда 144 жасөспірім мерт болса, 300-ден астамы өз-өзін өлтіруге әрекеттенген.

Адамдар неліктен мұндай оқыс қадамға барады? Өлім туралы ойға не итермелейді? Сондай ойдың жетегінде жүргенін, суицидке бейім мінез-құлықты ертерек анықтауға бола ма? Райынан қайтарудың амалы бар ма? Суицид жайлы ойдан арылудың жолы қандай?

Өз еркімен өмірден кетуге оқталып, бірақ ажалдан аман қалған бес адам басынан өткен жайтты Азаттыққа баяндап берді. Әртүрлі жағдайға тап болған олар тығырықтан шығудың жолы деп өлімді таңдағанын, алайда кейін қандай қиын проблема болса да, оны суицидсіз шешуге болатынына көз жеткізгенін айтады.

Ескерту: кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп берілді.

Ақмарал, 19 жаста: Жаным көз алдыма келгенде бәрін түсіндім

Мен [суицидке] баруды ұзақ ойланған жоқпын, ашумен бірден жасадым. Екі жыл бұрын 17 жаста едім. Бір сыныптасыммен сөйлесіп жүргем. Бірақ анам ол балаға қарсы болды. Біраз уақыт араласпай, кейін қайта сөйлесіп жүрдік. Мамам біліп қойып, маған қатты ұрысты.

Анамның ол кезде аяғы ауыр еді. Дәрігерлер "Жүктілігің ауыр, өліп кетуің мүмкін, сен өлсең қыздарыңа кім қарайды?" деген сияқты қорқынышты сөздер айтқан екен. Сосын анам "құрсағымдағы баланы алдырып тастауға кеш, егер алдырмасам өліп қалам" деп уайымдап, өзін өзі жеп, күйзеліске берілді. Ал мен ҰБТ-ға дайындайтын ақылы сабаққа барғым келді. Папама тура айтуға батпаймыз, анам арқылы сөйлесеміз. Екі ай күттім, айтпады. "ҰБТ-дан аз балл алып қалам ба?" деп қатты уайымдап жүрген кезім еді.

Бір күні анам әлгі сыныптас баламен сөйлесіп жүргенімді біліп қойып, қатты ұрысты. Ұрысты өзімнен кейінгі сіңлім естіді. Мен содан қатты ұялдым. Ол баламен араласпа дегенге емес, сіңлімнің алдында абыройымның түскеніне қорландым. "Ақыры ешқайсың мені түсінгің келмейді екен" дедім де, ашумен үйде жатқан дәрінің бірнеше түйірін бір-ақ ішіп алдым. Ұйықтап қалдым. Таң ата лоқсып, құстым, ауруханаға апарды, сосын анам суицид жасамақ болғанымды біліп қойды. Ауруханада анам "Сондай нәрсеге бола бүйте берсең нең қалады? Өмір деген осындай, қызым, шыда" деді. Әкем де мені айыптаған жоқ, үнсіз ғана қолдады. Осыдан кейін есімді жидым, қазір тек "ата-анам сол қылығымды кешірсе екен" деп жүрмін.

Қатты өкінбеймін де. Себебі егер біреу маған "өмірің қымбат, оны бағала" десе түсінбес пе едім, ал өзім жаным көз алдыма келгенде бәрін түсіндім. Сол кезде ауруханада қиналғаным, ата-анамның уайымы ойландырды, сонша әлсіз, ақымақ болғаным үшін ұялдым. Ашушаң, шыдамсыз мінезім барын жасырмаймын. Бірақ қазір не жағдай болса да ең алдымен ата-анамды ойлаймын, көмектескім келеді, соларды қуантсам, мені мақтан тұтса екен, жақсы қыз екенімді түсінсе екен деймін.

Бір досым суицид жайлы көп айтады. Кейбіреулер өзі тап болған проблеманы шешуден өле салу оңай деп ойлайды. Бірақ ол оңай да емес, проблеманы да шешпейді және ол – ақымақтық. Тек өзіңді және сені жақсы көретіндерді ғана қинайсың, ал өзгелерге бәрібір.

Қазіргі құрдастарымның басым көпшілігі қиындық көрмеген, бәрі дайынға үйренген, не ішем, не жеймін деп бас қатырмайды. Сондықтан да болар қит етсе "өлем" деп шығатыны. Меніңше, ата-ана баланы өмірдің қиындығына мойымай, оны жеңе білуге дайындауы керек, мектеп оны дайындай алмайды. Мәселен, ақшаға мұқтаж болмаса да жұмыс істетсін, өзгелерді көріп, біліп өскені дұрыс, жауапкершілікке үйрету керек.

Қазір де проблема аз емес, бірақ мен оның уақытша екенін білемін, тек алға қарай ұмтыламын. Жазғыз менде ғана емес, әркімнің басында проблема барын білемін, сол сияқты шыдам танытып, күресе білгеннің түбі жеңетінін де білемін. Қазір жоғарғы оқу орнында оқып жатырмын. Грантты жеңіп алғанда ата-анамның қуанғанын көрсеңіз ғой, өздері оқуға түскендей болды.

Батыр, 20 жаста: Ата-анам гей екенімді біліп, ішімдегі "жынды" шығармақ болды

Мен – геймін. Бір жыл бұрын отбасым телефонымнан менің жігітіммен жазысқан хаттарымды оқып қойды. Үйде қатты ұрыс болып, "сені өсіргенше бесікте жатқаныңда тұншықтыра салғаным артық еді" дегенді де естідім. Көкала қойдай қылып ұрып-соқты да. Өте ауыр тиді, өмір бойы ата-анам ең жақыным болған, олардың бұлай істегені жаныма қатты батты. Кешкі алтыда басталған жанжал таңға дейін жалғасты, ұрды, соқты. Сол кезде бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – суицид деп шештім. Себебі сау жері қалмаған денемнен бөлек ішім оттай өртенді. Бұл сұмдықтан тезірек құтылсам деумен болдым. Бірақ мені тырп еткізбей ұстап отырды.

Ертесіне есімді жиған соң мешітке апарды, құран оқытып, ішімдегі "жынды" шығармақ болды. Баратын жерім жоқ, өмірден күдер үздім, шынымен өле салғым келді. Бірақ ата-анам, туыстарым жанымнан шықпады, өздері жуындырып, өздері тамақ берді, күні бойы бөлмемде қамалып жаттым. Бірде қолыма пышақ алдым, бірақ өзіме сұғуға батылым жетпеді. Психолог іздедім, бірақ бәрінің қызметі қымбат екен. Үйім қаладан шалғайдағы ауылда тұрады. Қыс мезгілі еді. Қашатын жерім де жоқ. Амалсыз ата-анамның айтқанына көніп, уақыт өте "емделіп, беті бері қараған" бала болдым.

Қазір, уақыт өте келе, сол қиналған сәтте өзіме қол салмағаным, оған жақындарым мүмкіндік бермегені жақсы болды деп ойлаймын.

Амал әрқашан табылады екен. Қандай қиын тығырыққа тірелсең де, қандай жағдай болмасын, дәл қазір болмаса да, ертең бір амалы табылады. Өзімді әрқашан қолда ұстау үшін, ұйықтар алдында ішімнен "Мен Батыр Мақсатұлымын, жасым он тоғызда. Мен пәленше деген ауылда жатырмын. Мен оқуымды бітірем" деп арман-мұратымды қайталап айтып жүрдім. Осындай жаттығулар қатты көмектесті. Өз-өзіңді ұстап, сабырға келу үшін қажет екен.

Мен әрқашан өзімді өмірді сүйетін адаммын деп ойлайтынмын, бірақ тығырыққа тірелгенде, ең оңайы әлгіндей жол болып көрінді. Қиналудан шаршайсың. Қасірет айтып келмейді, сол сәтте өзіңді мықты ұстау үшін өзіңнің нақты кім екеніңді анықтап алу керек деп ойлаймын. Осы өмірдегі маңыздылығыңды, алар орныңды сезсең, суицид жайлы ой біртіндеп жоғалады деп қорыттым.

Қазір төртінші курста оқимын. Бірақ былтырғы жағдайдан кейін ата-анам, жақындарымның шынайы бет-бейнесін білдім. Олар мені "емделді" деп ойлайды. Мен де оларға сыр бермей жүрмін. Бірақ қазір достарыммен бірге тұрамын, отбасымнан маған солар жақын. Өйткені оларға ойымды ашық айта аламын, мені түсінеді. Қазіргі арманым – шетелге оқуға кету. Осы арманым маған қуат береді.

Толқын, 23 жаста: Ересектер баланың мәселесіне түсіністік танытпайды

Орта мектепте жүргенде бір партада қатар отыратын әрі бізден бір-екі үйден кейін тұратын көршім суицидтен қайтыс болды. Қателеспесем ол кезде небәрі 12-13 жаста едік. Ол қыз қайтыс болатын күні кешке анам мені дүкенге жұмсады. Күн қараңғы болып кеткен, құрбыма хабарласып, дүкенге бірге барып келейік дедім. Ол да нан алатын болып, екеуміз дүкенге барып, бірге қайтқанбыз. Уақыт шамамен кешкі онның кезі еді. Келесі күні мектепке келсем, құрбым жоқ. Сабақ біткеннен кейін сынып жетекшіміз жинап алып, суық хабарды жеткізді. Үйге жылап, өлді дегенге сенбей келдім. Бірден сөмкемді үйге тастай сала сол қыздың үйіне жүгірдім. Көзбен көргенде ғана амалсыз сендім. Балалық шақта алған үлкен соққы сол болды. Үй-іші құрбымды кешке оннан өте кіреберісте асылып тұрған күйінде тапқан екен.

Оны тірі кезінде соңғы көрген мен едім. Соның алдында ғана менімен бірге жүріп, әзілдесіп үйіне кеткен еді. Кейін біраз уақытқа дейін түсіме кіріп, мені қасына шақырумен болды. Қатарластарым, таныстарым менен "Соңғы көргеніңде күдікті еш нәрсе байқамадың ба?" деп жиі сұрайтын. Белсенді оқушыдан бірден интровертке айналдым. Өз-өзімді кінәлай бастадым. "Үйге асықпай, тағы біраз жүре тұрғанда, мүмкін басқаша болар ма еді" деген ой миымнан кетпей қойды.

Кейін, жасөспірім шағымда, ата-анама қалада оқығым келетінін айтып, ауылдағы мектептен қалаға ауыстым. Қаладағы ең мықты мектептердің біріне конкурспен бірден қабылдансам да, білім деңгейім қалада оқитындарға жетпеді. Сабағым нашарлады, ауылда үш деген баға алып көрмеген маған бұл бір үлкен проблемадай көрінді. Кейін мектеп ауыстырып, ағылшын тілінде оқытатын мектепке түстім. Ұстаздарымыз емтихан қиын болады деп қорқытатын, оның үстіне сыртқы келбетіме көңілім толмады, жауапсыз бала махаббат және бар, ата-анамның жылулығы жетіспеді.

Мектеп бітірер тұста стресс арта түсті. Күйзеліске берілдім. Ұйқым қашты, жиі талып қалатынды шығардым. Жалғыз қалмауға тырысатынмын. Ішімдегі өткен күннен қалған кінә ұлғайды. Суицид жасауға бір ғана нәрсе итермеледі десем қате болар. Бұл жылдар бойы жиналған проблемалардан туды.

Бір уақытта өзімді ешкімге керексіз сезіндім. Бірден суицид жасаған жоқпын. Оған біраз дайындалдым. Кеңсе пышағымен тамырымды кестім. Құдай сақтап тамырға тимеппін. Қолымды тіліп жіберіп, қансырай бастағанда миым қайта іске қосылғандай болды. Есімді жиып алдым. Оған дейін не істеп, не қойғанымды, соның ішінде қолыма қалай пышақ алғаным, ваннаға қалай кіргенімді өзім де білмеймін. Бірден қолымды орамалмен қысып байладым да, медпунктке бардым.

Көмек іздеп, оны қабылдауға дайын болғаным бұл жағдайдан шығуыма зор әсер етті. Маған мектептегі психолог маман мен ұстазым көмектесті. Олар бала кездегі оқиғаға менің мүлде кінәм жоғын түсіндірді. Қиындық туындаса, оны ішке бүкпей, ашылып айтуды үйрендім. Іште сақтамай, жылап, ақтарыла айтып шығарып тастауды үйретті.

Қандай жағдай болмасын, кімнің басында не жағдай болып жатқанын, қандай ойы барын ешкім біле алмайды. Бірақ, бізде ересек адамдардың баланың басындағы мәселеге түсіністік танытпайтыны, оны проблема деп қабылдамайтыны ұнамайды. Досым қайтыс болғанда үлкендердің бәрі "Бала болып алып не жетпеді, оның басында қандай проблема болуы мүмкін?" деп сөккенін талай естігем. Үлкендер үшін бәлкім ол проблема емес шығар, бірақ бала үшін оның маңызы зор ғой. Яғни, баланың жан-дүниесіндегі күйзеліс көрсеткішін ересектердің өлшеміне салып, сонымен қорытынды жасау – қате.

Арайлым, 25 жаста: Мен тұйықталам, жолдарыма жас бүркіп күйік тарам...

Өлімнің барын, оның не екенін мен алғаш рет жетінші сыныпта білдім. Менің алғашқы және өмірімдегі ең үлкен күйзелісім сол кезде болды. Жалпы мен бақытты бала болып өстім, анам-әкем, ата-әжем барлығымыз бірге тұрдық.

Үшінші сыныпта оқып жүргенде біз тұратын ауылға үлкен әжем, яғни әкемнің апасы көшіп келді де, үй-іші мені сол кісінің қолына беріп, ата-анамнан бөлек тұра бастадым. Жүре алмайтын әжемді күтетінмін: тамағын беретінмін, жуындыратынмын. Ата-анам жұмыс бабымен жан-жаққа кететін, мен оларды жиі көрмейтін болдым. Біртіндеп арамыз алыстап кетті. Оның үстіне дәстүр бар, дүниетаным, уақыт та сондай болды. Мен дүниеге келгенде анам небәрі 20 жаста еді. Өсе келе анаммен қарым-қатынасым қиындады, көп таяқ жейтін болдым, ұрыс-керіс, онымен тіл табыса алмай, әжемнің етегінде тығылып жүретін бала болып өстім.

Жетінші сыныпта оқып жүргенімде менімен аттас әрі бір сыныпта оқитын қыз өз-өзіне қол салып қайтыс болды. Күз кезі, қараша айы болатын, әлі есімнен кетпейді. Өлім дегенді сол кезде алғаш естідім. Сынып жетекшім "суицид жасады" деп хабарлады. Аурушаң қыз еді, бірнеше рет операцияға түсті, бірақ соған қарамастан оқуда озат еді. Ол буллингтің құрбаны болды.

Сол сәттен бастап "барлығын тәрк етіп, өмірден безу", "менен құтылса бұл дүние жеңілдер", "анам да мен жақсы көретінін сол кезде түсініп, ісіне өкінер" деген неше түрлі ой торлай бастады. Сынып жетекшім психолог еді. Сынып сағатында суицид туралы көп айтатын. Ондағысы бізді сақ болсын, ондайға бармасын деген ой ғой, ал мен керісінше, суицидтің не екенін айтқан сайын құмарлана бастадым. "Адам өлгенде, жаны денесінен шыққан кезде қандай күйде болады екен" деген сұраққа жауап тапқым келді.

Тоғызыншы сыныпта басқа сыныпқа көштім. Жаңа сыныптағы балалар мені шетке қағып, қысым көрсете бастады. Анамның тілін алмай, таяқ жегенім есімде. "Менсіз өмір сүріп көрсін" деген оймен үйден әжемнің валидолын тауып алдым. Бірнеше түйірін бір-ақ ішіп алсам, қиналмай өле қалам, содан жаным жай табады деп ойладым. Бірақ ешнәрсе болған жоқ, маған ол дәрі әсер етпеді.

Қазір ойласам, өмірімдегі ең ақымақ тірлігім сол болған екен. Өкінем, әрине, өкінем. Тіпті кейде жақындарымды, олардың мейірімін көргенде өзімнен өзім ұялам.

Мен ол ісімді ешкімге айтпадым, тек психолог-мұғалімім ғана біледі. Сол кісі маған көмектесті. Одан бөлек, күнделік жазып, кітап оқи бастадым, сол арқылы бәрін ұмытуға тырысам. Қазірдің өзінде проблемаларды, адамдар арасындағы бақай қулықты ұмыту үшін кітап оқимын. Көмектеседі. Адамдар сені түсінбейді. Ал кітаптан өзіңді мазалаған сұраққа жауап табасың, кейіпкерлермен жаның егіз болып шығады, жаман ойдан арылуға септеседі. Күйзеліске түскен кездері өлең жазам…

Мен тұйықталам.

Жолдарыма жас бүркіп күйік тарам.

Шер мен жердің арасын өлшемей

Ой,

Маған қарай басады бүлік қадам.

Қысылады өкпем,

Қармап демді жүректің тұсына жеткен.

Өр көңілім арды ойлап қуыстанар,

Жай түскенде тым азат құсыма көктен.

Бойымда қорқыныш пен жасқаншақтық әлі де бар. Оның себебін әлі күнге таба алмай келем. Бірақ іздеп жүрмін. Кітап мен үшін медитация іспетті. Сол арқылы өмір өлімнен жақсы деген қорытындыға келдім. Сол ой күш береді.

Адамды қоғам түсінбесе, ол қоғамның емес, адамның проблемасы деп ойлаймын. Адам өмірге келді ме, өз мақсат-мұраты (миссия) болу керек және ол адам бақытты болуы керек.

Жамал, 30 жаста: Қайынатам қырындап, күн көрсетпейтін

Өз-өзіме қол салуға бірнеше рет оқталдым. Соңғы жолы үмітсіз әрі дәрменсіз күйде едім. Жолда өтіп жатқан көліктің астына түспекші болдым. Сол сәтте, егер мен өлсем үйдегі үш балам менен де өткен дәрменсіз жағдайда қалатынын ойлап, жаман ойдан қайттым.

Төрт жыл бұрын күйеуіммен ажырастым. Он, сегіз және төрт жастағы екі ұл, бір қызым бар. Балалардың әкесі алимент төлемейді. Өзімде тұрақты жұмыс болмады. Бірде бәліш пісіріп сатып, енді бірде қолөнермен айналысып, балаларымның күнделікті нан-суын ілдебайлап тауып жүрмін.

Жасым жиырмаға толмай көп балалы отбасына келін боп түстім. Күйеуімнің әке-шешесі Ақтөбенің іргесіндегі саяжайлардың бірінде тұрды. Қайынатам ішкілікке салынып кеткен адам еді. Үйде оңаша қалғанда қырындап, күн көрсетпейтін. Алғашында күйеуіме айтуға батпадым. Кейін шыдай алмай айтқанымда ол "мүмкін емес" деп сенбеді. Бір күні атам мені зорламақ болды, үйден қашып шықтым. Сол кезде суицид туралы ой алғаш рет келді.

Дүкеннен кір жаятын жіп сатып алып, асылып өлмек болдым. Тап сол күні құрсағымдағы төрт айлық баланың алғаш рет жыбырлағанын сездім. Дүние есігін ашпаған сәбиім мені бір ажалдан алып қалды.

Отбасындағы жанжалдан соң күйеуім екеуміз бөлек шықтық. 2011 жылы тұңғышымыз өмірге келді. Кейін Маңғыстау облысына қоныс аудардық. Екінші балам Жаңаөзенде дүниеге келді.

Күйеуім дін жолын ұстанатын. Перзентханадан шығып, үйге келсем, біз жалдап тұрып жатқан үйде екі әйел жүр. Біреуі 1991 жылы туған, екіншісі одан төрт жастай кіші. "Біз сенің күйеуіңнің екінші және үшінші әйеліміз" дейді. Үйде тағы да ұрыс-керіс басталды. Күйеуім "Құранда төрт әйел алуға рұқсат берілген. Сен шариғатқа қарсы болып отырсың" деп өзімді кінәлады. Мен шыдай алмай, екі баламды алып, Ақтөбедегі шешеме кетіп қалдым.

Мүгедек шешемнің қолына келген соң күйзеліске түстім, тамағымнан ас өтпей, жүдеп кеттім. Көшеде келе жатып есімнен танып құлайтынмын. Үнемі тек өзімді жазғырып, өлім жайлы ой келетін болды. Сөйтіп жүргенімде Жаңаөзеннен Ақтөбеге оралған күйеуім "қайта қосылайық, жаздым-жаңылдым" деген соң сөзіне сендім. Екі баламызбен ерлі-зайыпты болып қайтадан бірге тұра бастадық.

Шешем "Кешірімді бол. Ер адамның кей қылығына кеңшілікпен қарау керек. Әке болғанын сезінбей жүрген шығар. Бала көбейген сайын ер адам мейірімді бола түседі, өзгереді" дейтін. Бірақ ол өзгермеді...

Үшінші балама босанарда Ақтөбенің мал базары жақта біреудің саяжайында тұрдық. Күйеуім "вахтадамын" деп айлап жоғалып кететін. Бізге ешқашан ақша салған емес. Көршілердің қарын күреп, баласын бағып, болмашы тиын-тебен тауып жүрдім. Қатты қиналғанымда көршілеріме "садақа ретінде беріңізші" деп жалынатынмын. Отын жоқ, су тасу қиын. Түнімен құдайдан "қар жаусыншы" деп тілеп шығатынмын. Қар суын ерітіп ішетінбіз.

Қазір үш баламмен сатып алу құқығымен арендаға берілген пәтерде тұрып жатырмын. Мүгедек шешемнің денсаулығы соңғы кезде мүлде нашарлап кетті. Тұрмыс құрмаған әпкем бар. Бұрын мен егер олай-бұлай боп кетсем, балаларыма сол бас-көз болады ғой деп ойлайтынмын. Ал әпкемнің рак ауруына шалдыққанын естігенде сормаңдайлығыма қатты налыдым. Ақтөбенің 5-ықшамауданындағы көпірден секіріп өлгім келді. Өле алмадым. Тағы да балаларымды ойладым.

Жергілікті биліктің жолдамасымен кәсіпкерлік курсын аяқтағам, бірақ жеке кәсібімді жүргізе алмадым. Енді әлеуметтік жәрдемақыға құжат тапсырып көрмекпін. Құжаттарым реттелсе, төрт жастағы кенже ұлымды бес күндік бақшаға бермек ойы бар. Алаңсыз жұмыс істеп, үш балам мен науқас туыстарымның ем-домына ақша тапқым келеді.

Өлім туралы ойдан біржола арылғым келеді, сол үшін жуырда намазға да жығылдым.

ПСИХОЛОГТАР НЕ ДЕЙДІ?

Суицид қаупі төнген адам "тұңғиық ойға" батады

Светлана Богатырева, балалар психологы: Ең алдымен, барлық ата-ана және мектеп ұстаздары суицид белгісін тани білуі керек. Суицидке баратындарда еліктеу болады. Біреудің осындай қадамға барғанын көрген олар "бұл менің де қолымнан келеді" деп ойлайды.

Жасөспірімдер өзіне шешімі жоқтай болып көрінген проблеманы шешуге дәрменсіз, қайрансыз күйде, жападан жалғыз қалған жанмын деп сезінеді. Сондықтан ересектер оларға түсіністікпен, төзіммен қарауы керек. Ал балаға маман көмегі қажет екенін ата-ана қалай біле алады? Оның екі белгісін атар едім.

Біріншіден, мінез-құлқы, іс-әрекеті өзгере бастайды. Күнделікті режимі мен араласатын адамдары да өзгереді. Бөлмесіне тығылып, тұйықталып қалады, кейде себепсіз жылауы да мүмкін. Немесе керісінше, еш себепсіз тым белсенді, сөзуар болып кетеді. Осындай белгілерді байқасаңыз жіті мән беріп, ойланған жөн.

Екіншісі – жасырын емеуріндер. Суицид жасауға оқталған адам ол жайлы ешкімге айтпайды-мыс деген түсінік бар. Бірақ олай емес. Ондай ойда жүрген адам өзгелерге "белгі" беріп, ең соңғы сәтке дейін жәрдем күтеді. Ойындағысын ашық айтып немесе "мен ол кезде болмаймын", "жақында бәрі өзгереді" деген сияқты сөздермен меңзеуі, дүние-мүлкін үлестіруі мүмкін, тіпті денесін жаралап, өте биікке шығып кетіп я аса қатты қозғалып, т.с.с. іс-қимылға барып, "қауіп-қатерге бас тігіп" жүретінді шығарады. Мұндай іс-әрекетімен "жағдайым қиын, көмектесіңдер" дегенді өзгелерге ишарамен жеткізуге тырысады.

Суицид қаупі төнген адам "тұңғиық ойға" батады. Ол әлемді – тар, ал өзінің проблемасы тым үлкен, сондықтан одан құтылудың жалғыз амалы – өмірмен қоштасу деп біледі. Осылайша адам өмірмен емес, өзін шерменде қылған проблемадан құтылудың амалын іздейді. Сондықтан оның проблемасын ешқашан жоққа шығармай, түсіністікпен қарап, еш бүкпесіз, ашық сөйлесіп, проблеманы шешуге болатындығына сендірген абзал.

"Жалғыздық пен қарсылық - суицидтің негізгі себептері"

Анна Құдиярова, Қазақстан психоаналитиктер ассоциациясының президенті: Суицид, яғни адамның саналы түрде өмірден бас тартуының бір себебі – жалғыздық. Өзін дүниеде ешкімге керексіз болып, дәрменсіз, жалғыз қалдым деп сезіну, өмірден күдер үзу адамды соған итермелейді. Ондай тұңғиық ойға берілген адам өзін-өзі жегідей жеп, бұлай өмір сүргенше өз еркіммен кеткенім артық деген байлам жасайды, өзі еңсере алмастай болып көрінген қиындықтан шығудың жалғыз жолы сол болып елестейді. Мұндай жағдай шарасыз күйге түскен адамның басында болады. Ең жақын адамдарды оның жалғызсырап, томаға-тұйық күйге түсуінің себебін сұрап, жан-дүниесінде не болып жатқанын білуге тырыспаса, оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталады.

Ал кейде суицидке әлденеге қарсылық білдіріп те барып жатады, әсіресе ондай жайт балалар мен жастар арасында жиі кездеседі. Балалар ата-анаға, мектепте я өзі жүрген басқа ортада көрген қысым-кемсітуге наразылығын білдіру, жанын жаралаған адамдарды осылайша "жазалап", солар "түсінсін, өкінсін" деген қыжыл ойдың жетегінде болады.

Жақын жандар арасындағы түсініспеушілік, қарым-қатынастың суынуы да олардың бірінің әлгіндей қадамға баруына себеп болады. Ондай кезде адам жалғыз қалуды қаламайды, жан-дүниесі үнемі жәрдем сұрап, көмек іздейді. Сондықтан ата-ана перзентінің, жұбайы қосағының, туысы бірге туғанының жабырқап, құлазып жүргеніне дер кезінде назар аударып, оған көмектесетін, тығырықта жалғыз қалдырмайтын жан барын білдіруі әлгі адамды оқыс қимыл-әрекеттен аман сақтап қалады. Жақындарымен арада түсіністік орнаған, олардың өзіне деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін сезінетін адам суицидке бармайды.