26 жыл бұрын шешен содырлары Буденновск ауруханасын қалай басып алған еді?
14 маусым 2021
Бұдан 26 жыл бұрын шешен дала командирі Шәміл Басаев басқаратын содырлар тобы Ресейдің Ставрополь өлкесінде, Шешенстанмен шекарадан 200 шақырым жерде орналасқан шағын қала – Буденновскіге басып кірді. Олар бір жарым мыңнан астам адамды кепілге алып, бес күн бойы жергілікті ауруханада ұстады. Шабуыл барысында 129 адам қаза тауып, 400-ден астам адам жараланды. Азаттық қайғылы оқиға кезінде түсірілген фотосуреттерді ұсынады.
Ресей күштері аурухананы басқыншылардан азат ету үшін 17 маусымда ертемен шабуыл жасамақшы болды. Бірақ билік күштері шабуылға дайындықты ашық радиобайланыс арқылы талқылағандықтан, олардың жоспарын содырлар біліп алған еді. Шабуыл басталады деген күні содырлар кепілде ұстап отырған бейбіт тұрғындарды қалқан етіп, аурухананың терезесінің алдына тұрғызып қойды.
Шабуылға шыққан Ресей күштерінің беренді техникасын содырлар зымыранмен атып, жарып жіберді. 17 маусым 1995 ж.
Кепілге алынғандардың бірі ауруханадағы адамдарға нан таратып жүр. 18 маусым 1995 ж.
Шабуыл сәтсіз аяқталған соң федералдық билік содырлармен келіссөз жүргізуге келісті. Аурухана ғимаратына Мемлекеттік дума мен Федерация кеңесінің бірнеше депутаты кірді, оларды «Ковалев командасы» деп атады.
Кейін келіссөзге Ресей премьер-министрі Виктор Черномырдин қосылды. Ол кезде президент Борис Ельцин шетелде сапарда жүрген еді. Келіссөз барысында екі жақ содырлар өз еркімен кепіл болуға келіскен адамдармен бірге Шешенстан шекарасына дейін жетіп алады, билік күштері оларға тиіспейді деп келісім жасасты.
Басаев пен оның тобы ерікті түрде кепілде қалған адамдармен бірге билік бөлген автобустарға мініп, Шешенстан шекарасына қарай жолға шықты. Содырлар радио толқыны арқылы басқарылатын миналар орнатып қойған автобустарға арнайы жасақ пен тікұшақ ілесіп отырды.
Ресей күш құрылымдары өз еркімен кепіл болуға келіскен адамдарды содырлармен бірге Шешенстанға жолға шығар алдында «Басаевтың бандасына қосылатыны» және оның салдары қандай болатынын түсінетіні туралы қолхат беруге мәжбүрлемек болды. Бірақ кезекті келіссөзден кейін ондай қағазға кепілге алынғандармен бірге баруға тілек білдірген журналистерді ғана көндіре алды.