Азаттық радиосы

"20 минутта ондаған танкіні жояды". Түріктің "Байрактар" дроны жайлы не белгілі?

Кубат ҚАСЫМБЕКОВ, Руслан МЕДЕЛБЕК

Қар. 3, 2021

Украина алғаш рет Түркияның "Байрактар" (Bayraktar) ұшқышсыз дронымен Донбастағы сепаратистерге шабуыл жасады. Бұдан бөлек, Украина елде барлау және шабуылға пайдаланылатын Bayraktar әскери дронын құрастыру үшін зауыт ашатынын мәлімдеді. Қырғызстан да Түркиядан "Байрактар" дронын сатып алмақ. Кейбір ел қызыққан "Байрактар" қандай дрон? Бұл қару туралы не белгілі? Түсіндіреміз.

Bayraktar дроны жайлы 2020 жылы күзде Таулы Қарабақта армян және әзербайжан әскерінің арасындағы қақтығыстан соң жиі айтыла бастады. Бұл қақтығыста Әзербайжанның жеңіске жетіп, Таулы Қарабақтың біраз бөлігін өзіне қайтарып алуына "Байрактардың" тигізген көмегі көп екені айтылған. Баку Арменияның әскери ұшақтарын, бомбаларын Bayraktar дронымен атып түсірдік деп мәлімдеген.

Түркия да Таулы Қарабақтағы операциялардан соң әлемде "Байрактарға" сұраныс артты деп мақтанды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл дронды достарымызға ғана беріміз деп мәлімдеген.

УКРАИНА ЖӘНЕ "БАЙРАКТАР"

Киев Донбастағы сепаратистерге "Байрактар" дронымен шабуыл жасағаны жайлы хабар 26 қазанда тарап, жұрт назары бұл қаруға қайта ауды. Украина әскері жариялаған видеода пилотсыз ұшақ атқан ракета жердегі артиллериялық техниканы бір сәтте жоқ қылғаны байқалады.

Донбаста ұшып жүрген "Байрактар". 26 қазанда жарияланған сурет.

Украина басылымдары дрон шабуылынан адам шығыны болмағанын, тек Ресей қолдаған сепаратистердің атқылауына жауап болғанын жазды.

Украиналық әскери сарапшы Михаил Самусь "Байрактарды" қолдану туралы шешімді ел билігі қабылдаған деп санайды. Оның пікірінше, бұл әрекет Украинаның шығысындағы соғысты ушықтыруы мүмкін.

"Осыдан соң Ресей Украинаға және Украинаның Донбастағы мүмкіндіктеріне басқаша қарай бастайды. Меніңше, Ресейде көп мәселе басталады" дейді Самусь.

Украинаның шығысындағы соғысқа қатысымыз жоқ деп жүрген Мәскеу де көп күттірмей жауап қатты. Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Байрактар" Донбастағы жағдайды ушықтырады деді.

Украина Түркиядан "Байрактарды" сатып алу туралы келісімге 2019 жылдың басында қол қойған. Түркия Украинаға 70 млн долларға алты дрон мен бірнеше әскери техника бергені хабарланды. Бұған дейін Киев "Байрактарды" тек сынақтан өткізіп келген еді.

2 қарашада Украинаның Түркиядағы елшісі Василий Боднар Азаттықтың Украина қызметіне Украина "Байрактар" дронын құрастыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, дрон тұрағы мен оларды жөндейтін орталық салу үшін қазір жер телімін бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.

"Украина қарулы күштеріне қажет және үшінші елге де жеткізілетін ұшқышсыз аппаратты нөлден бастап құрастыру жөнінде айтып отырмын. Өзгелерді шатастырмас үшін жұмыс басталатын нақты мерзімін айта алмаймын, бірақ жұмыс қызу жүріп жатыр, оған бірнеше ай кететіні анық" деді ол.

"БАЙРАКТАРДЫҢ" КҮШІ ҚАНДАЙ?

"Байрактар ТБ2" - Түркияның "Байкар" компаниясы жасаған әуеден барлайтын және шабуылдайтын, орташа биіктікте ұзақ уақыт ұша алатын ұшқыссыз дрон аппарат. Видеокамерасы бар аппарат аспанға төрт ракета алып ұша алады. Дрон 5,5-8 км биікке көтеріліп, аспанда 24-27 сағат ұшып жүре алады. Сегіз шақырым жердегі нысанаға шабуыл жасауға қауқарлы.

Ұзындығы 6,5 метр, екі қанатының ұзындығы 12 метрге дейін жететін бұл дрон 55-155 келіге дейін жүк көтере алады. Әскери дрон Түркияның "Түріксат" спутник компаниясы арқылы басқарылады. Анкара "Байрактардың" нақты бағасын жариялаған емес. Ашық дереккөздерде бір "Байрактардың" құны кемі бес миллион доллар болуы мүмкін деген ақпарат бар.

"Байрактар" дроны

"Байкар" компаниясын 1984 жылы көлік жасау бойынша инженер Өздемир Байрактар (2021 жылы қазан айында 72 жасында қайтыс болды) ашқан. Дрондардың аты осы әулеттің тегінен алынса, екінші жағынан "байрактар" сөзі түрік тілінен аударғанда "байрақ я ту көтерген адам" деген мағына береді.

Жақында бұл компания 12 км дейін биікке көтеріле алатын "Акынжы-Байрактар" деп аталатын жаңа әскери дронын сынап, тамызда Түркия қарулы күштеріне табыстады.

"Байрактардың" бас технологиялық жетекшісі, Өздемир Байрактардың ұлы Селчук Байрактар CNN Türk телеарнасына түрік дрондары тұрақты түрде жаңарып отыратынын айтқан.

"Мысалы, шекараға ондаған танк келе жатыр делік. Бес дрон бұлардың бәрін 20 минуттың ішінде жоқ қылады. Осыдан соң ағылшындар жалпы енді танк қажет пе деген сұраққа бас қатыра бастады" дейді ол.

Дүниеге танылған компанияны туыстарымен басқарып отырған Селчук Байрактар – Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның күйеу баласы. Ол президенттің қызы Сумейе Ердоғанды алған.

Режеп Ердоғанның (сол жақта) қызы Суйеме Ердоғанды (ортада) Селчук Байрактарға (оң жақта) ұзатқан кезі.

"БАЙРАКТАРДЫ" КІМДЕР ҚОЛДАНАДЫ?

"Байрактарды" Түркия әскері, жандармериясы, теңіз флоты 2014 жылдан бері қолданып келеді. Бірақ бұл дронның атағы Түркияның Сириядағы, Ливиядағы әскери операциялары, Таулы Қарабақтағы алты аптаға созылған соғыста шықты.

2020 жылы ақпанда "Байрактар" Түркияның "Жазғы қалқан" операциясында Сириядағы топтардың бірнеше позициясын талқандаған.

Бұл дрон Ливияда ұлттық үкіметке қарсыласқан генерал Халифа Хафтардың күштеріне қарсы қолданылды. Forbes журналы жазғандай, "Байрактар" Ливиядағы операция кезінде Хафтар күштеріне тиесілі ресейлік "Панцирь С1" зенит-ракета кешенін жойған.

Бұған дейін Түркия президенті Режеп Ердоған "Байрактарды" Украинаға, Катарға және Әзербайжанға экспорттағанын айтқан.

"Жаңа келісімдер де жасалып жатыр. Польша бастаған он шақты елмен келісімге қол қойдық. Уақыты келгенде оларға да береміз. Бұл дрон үшін көп ел кезекте тұр. Бірақ бұл ақшасы бар кез келген ел ала беретін қару емес. Ұлттық технологиямыздың одақтас елдердің қауіпсіздігін қорғайтынына мән береміз және стратегиялық мүддемізге сай келсе ғана сатамыз" деген Ердоған биыл тамызда.

Әзербайжан әскеріндегі "Байрактар"

27 қазанда "Байкар" компаниясы тағы бір елмен "Байрактар" дронын сату бойынша келісімге келгенін мәлімдеді. Бірақ нақты қай екенін ашып айтпады.

"Бұл келісіммен "Байрактарды" сатып алатын елдер саны 13-ке жетті" деп мәлімдеді компания.

"Байкар" компаниясының ресми сайтындағы мәліметке сай, қазір Түркия, Катар, Украина және Әзербайжандағы "Байрактар" дронының жиынтық саны 160-тан асады.

Әскери мәселелерді жазатын сайттар Түркиядан дрон алу келісіміне қол қойған елдер арасында Марокко, Ангола, Албания, Латвия және Венгрия бар екенін жазды.

"БАЙРАКТАР" ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Орталық Азияда Түркіменстанда "Байрактар" бар екені мәлім болған. Түркіменстан билігі қыркүйекте егемендіктің 30 жылдығы құрметіне ұйымдастырған әскери шеруде кемі екі "Байрактарды" көрсетті. Парадта түсірілген суретті "Байрак" компаниясы Twitter желісінде бөлісіп, Түркіменстанды тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

2020 жылғы қарашада ресейлік РИА Новости агенттігі мен телеграмдағы каналдар "Қазақстан Қытай дронының орнына түріктің "Байрактар ТВ2" дронын сатып алуды жоспарлайды" деп жазды.

Ал 2020 жылғы 26 қарашада Түркия қорғаныс министрлігі арнайы мәлімдемесінде "2020 жылғы 23-25 қарашада Қазақстан қорғаныс министрлігі делегациясы дрондарды көру үшін базаға келіп кетті" деді.

Бірақ Қазақстан қорғаныс министрлігі бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Ал биыл 21 қазанда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы Қамшыбек Ташиев түріктің "Байрактарын" алып жатқанын мәлімдеген. Бірақ ол Түркиядан қанша ақшаға қанша дрон алғанын айтпады.

"Байрактар"

"Жақында Түркиядан "Байрактар" алып келеміз, мұндай қару әлемнің тек бес елінде бар, оның бірі біз боламыз" деді Ташиев.

23 қазанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әскери техникаларды жаңарту үшін 100 млн доллар бөлінгенін, оған Ресей мен Түркиядан дрон алынатынын айтты.

"Түркия мен Ресейден не үшін дрон алып жатырмыз? Біреумен соғысайық деп алып жатқан жоқпыз. Қауіпсіздігімізді қорғайық, еліміз тыныш үйықтасын, шекарашыларымыз өлімге ұшырамасын деп алып жатырмыз. 29 сәуірде қақтығыс кезінде аспанға ұшатын тікұшағымыз, әскери ұшағымыз болмады" деді Жапаров.

Биыл сәуірдің аяғында қырғыз-тәжік шекарасында қарулы қақтығыс болып, екі тараптан бірнеше адам қаза тапқан.

"БАЙРАКТАРДЫҢ" БӘСЕКЕЛЕСТЕРІ

Әлемде ұшқышсыз ұшатын дрондар мен аппараттардың түрі көп. Бірақ әуеден соққы беретін, орташа және жоғары биіктікте ұзақ ұша алатын дрон жасаған елдер аз.

Әскери дрон жасау жағынан АҚШ пен Қытай алдыңғы қатарда. Түркия да бұл елдермен бәсекелесуге қауқары жетіп қалғанын бірнеше рет меңзеген.

Америкалық RQ-4 Global Hawk дроны аспанда 30 сағат ұшып жүре алады. Бұл дрон жарықта да, қараңғыда да сапалы видео, сурет түсіріп, қажет болған кезде шабуылдай алады. Дрон жасаған компанияның ресми сайтындағы ақпаратта Global Hawk аппараты Ирак, Ауғанстандағы соғыста қолданылып, 320 мың сағат ұшқаны айтылған.

Америкалық RQ-4 Global Hawk ұшқышсыз аппараты.

Қытай америкалық ұшқышсыз аппаратқа бәсекелес ретінде Wing Loong дронын шығарып жатыр. Жергілікті басылымдар Қытай бұл дронды бастан-аяқ өзі құрастырғанын, басқа дрондарға қарағанда жеңіл екенін жазды. Ал Ресей орта биіктікке ұшып, шабуылдай алатын "Орион" дронын жасап шығарды.

Сарапшылар ұшқышсыз ұшақтар мен аппараттардың әскери операциялардағы рөлі артып келе жатқанын айтады. Себебі олардың шығыны аз әрі ұшқыш өміріне қауіп болмайды.

Бірақ дрондарды әуеден қорғану жүйелері оңай атып түсіре алады. Бұған қоса әскери операция кезінде дрон шабуылынан бейбіт тұрғындар қаза тапқан жайттар аз емес. Сондықтан кей елде белсенділер дрондарды "киллер роботтар" деп атап, оларды қолдануға қарсы шыққан.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы негізінде жазылды