3 қарашада АҚШ президентінің сайлауы өтеді. Сайлауалды науқанның соңғы кезеңінде негізгі кандидаттар бірнеше рет бетпе-бет кездесіп, тікелей эфирде пікір таластырады. Бірінші дебат 29 қыркүйекте өтті, ал 15 қазанға жоспарланған екіншісі Трамптың Covid жұқтыруына байланысты өтпей қалды. Үшінші дебат 22 қазанда өтуі тиіс. Осы аралықта, 7 қазан күні бас кандидаттардың вице-президенттікке үміткерлері де өзара дебат өткізді. АҚШ президенті сайлауында дебаттың рөлі қандай? Азаттық түсіндіреді.
Президенттік дебаттың тарихы
Республикалық және Демократиялық партиялардың бас кандидаттары арасындағы алғашқы телевизиялық дебат 1960 жылы өткен. Бірақ президенттікке үміткерлер арасындағы пікірсайыстың тарихы 19 ғасырдың ортасынан бастау алады.
1858 жылы АҚШ сенаторлығына үміткерлер Авраам Линкольн мен Стивен Дуглас жеті дебат өткізген. Оның әрқайсысы үш сағатқа созылды. Әр кандидатқа кіріспе сөзге бір сағат, бәсекелесіне жауап қайтаруға 30 минут берілді. Осы сайлауда Дуглас жеңіске жетті. Екі жылдан соң екеуі президент сайлауында бәсекеге түсті. Бұл жолы пікірсайыс өткен жоқ. Жеңіске жеткен Линкольн АҚШ президенті атанды.
Кейін қос саясаткердің құрметіне Линкольн-Дуглас форматындағы дебат деп аталатын екі адамның арасындағы пікірсайыс түрі қалыптасты.
АҚШ-та жоғары мемлекеттік қызметке үміткерлер арасындағы дебат бір ғасырға жуық уақыттан кейін қайта жанданды. 1948 жылы Республикалық партия праймеризі кезінде өз кандидаттары арасында дебат өткізді. Сегіз жылдан соң Демократиялық партия да өз үміткерлері арасында праймериз дебатын ұйымдастырды.
Праймериз дебаты қазір де өтеді, бірақ президенттік дебат деп әдетте екі партияның бас кандидаттары арасындағы пікірсайысты айтады.
Мұндай дебат алғаш рет 1960 жылы президент сайлауы қарсаңында өтті. Демократ Джон Кеннеди мен республикашыл Ричард Никсон тікелей эфирде пікір таластырды.
Осыдан соң президенттік дебат 16 жыл үзілістен кейін 1976 жылы бір-ақ өтті. Содан бері тұрақты өтіп келеді. 1984 жылдан бастап вице-президенттікке кандидаттар да дебат өткізетін болды.
Кандидаттар дебатқа қатысуға міндетті ме?
Жоқ. Конституция кандидатты дебатқа қатысуға міндеттемейді. Бірақ әдетте үміткерлер бәсекелесімен пікірсайыстан бас тартпайды.
Дебатты кім ұйымдастырады?
1976-1984 жылдар аралығында дебатты Әйел сайлаушылар лигасы (League of Women Voters) өткізген. 1988 жылдан бері дебатты ұйымдастыруға Президенттік дебат жөніндегі комиссия деп аталатын үкіметтік емес ұйым жауапты. Комиссия дебаттың қашан, қай жерде және қанша рет өтетінін нақтылап, модераторын бекітеді.
Дебатты кім жүргізеді?
Модератор ретінде әдетте журналистер таңдалады. Мәселен Трамп пен Байденнің алғашқы дебатына Fox News телебағдарламасының жүргізушісі Крис Уоллес модератор болды. Вице-президенттікке үміткерлер пікірсайысын USA Today газетінің журналисі Сьюзен Пейдж жүргізді. 22 қазанда өтпекші Трамп-Байден дебатын жүргізу NBC News тілшісі Кристен Уэлкерге жүктелген.
Дебат қай жерде өтеді?
Пікірсайыс әдетте әртүрлі қаладағы университет кампусында және өзге де үлкен залда сайлаушылар алдында өтеді. Биылғы алғашқы дебат Огайо штаты Кливленд қаласындағы Case Western Reserve University дейтін жоғары оқу орнында өтті. 15 қазанға жоспарланған дебат Майами қаласындағы Arsht Center өнер сарайында өтуі тиіс еді. Келесі пікірталас Теннесси штаты Нэшвилл қаласындағы Белмонт университетінде өтеді.
Биылғы дебаттың форматы қандай?
Дебат 15 минуттік алты бөлімнен тұрады. Әр бөлім модератордың сұрағынан басталады. Жауап қайтаруға екі минут беріледі. Содан кейін кандидаттар бәсекелесінің жауабы жайлы пікір білдіре алады. Бекітілген форматқа қарай сұрақты не тек модератордың өзі (кейде бірнеше модератор болады) не модератормен бірге сайлаушылар да қояды.
Вице-президенттікке үміткерлер дебаты әрқайсысы 10 минут 9 бөлімнен тұрады.
Дебатты қанша адам көреді?
Президенттік дебат әдетте теледидар, радио және сайттар арқылы онлайн режимде өтеді. 1960 жылы Кеннеди-Никсон дебатын 63,7 миллион адам көрген. Тарихта ең көп қаралғаны – 2016 жылы демократ Хиллари Клинтон мен республикашыл Дональд Трамп арасында өткен пікірсайыс. Оны 84 миллион адам тікелей эфирде көрген. Nielsen Media Research компаниясының мәліметінше, Трамп пен Байденнің 29 қыркүйекте өткен пікірсайысын 73,1 миллион адам көрген. Бұл – дебат тарихындағы үшінші көрсеткіш. Екінші орында – 1980 жылы Джимми Картер мен Рональд Рейган арасында өткен пікірсайыс. Оны 80 миллион адам көрген.
Биылғы дебаттың ерекшелігі неде?
Биылғы сайлауалды науқан кезінде президенттікке үміткерлер үш дебат, вице-президентікке үміткерлер бір дебат өткізеді деп белгіленді.
29 қыркүйектегі алғашқы дебат жоспарға сай өтті де, 15 қазанға жоспарланған екінші дебат Республикалық партияның кандидаты, қазіргі президент Дональд Трамптың коронавирус инфекциясын жұқтыруына байланысты өтпей қалды.
Ақ үй басшысының вирус жұқтырғаны 2 қазан күні белгілі болды. 8 қазанда Президенттік сайлау жөніндегі комиссия 15 қазанға белгіленген екінші дебатты қашықтан виртуал түрде өткізуді ұсынды. Байден келісті, Трамп бас тартты. Президент виртуал дебаттың орнына сайлаушылармен кездескенді жөн көретінін айтты.
Екінші дебат Town hall кездесуі (АҚШ-та town hall деп жергілікті үкіметтің резиденциясын атайды, бірақ кездесу резиденцияда өтуі міндетті емес – ред.) форматында өтуі тиіс болған.
Town hall кездесуінің ерекшелігі неде?
Қалыпты дебаттан ерекшелігі – бұл кездесуде кандидаттар әлі таңдау жасамаған сайлаушылардың сұрағына жауап береді. Сұраққа жауап қайтаруға екі минут беріледі. Одан кейін модератор қосымша сұрақ қоя алады. Кездесуге қатысушы сайлаушылардың әлі таңдау жасамағанын америкалық Gallup компаниясының аға ғалымы доктор Фрэнк Ньюпорт қадағалауы тиіс болған.
15 қазан күні кандидаттар ортақ шараның орнына өздерінің жеке Town hall кездесуін өткізді. Екеуі бір уақытта өтті. Байденнің кездесуін ABC, Трамптікін NBC телеарнасы көрсетті.
Үшінші дебат жоспарға сай 22 қазанда өтуі тиіс.
Вице-президенттікке кандидаттар дебаты қалай өтті?
Вице-президенттікке кандидаттар арасындағы жалғыз дебат 7 қазан күні Солт Лейк Сити қаласындағы Юта университетінде өтті. Пікірсайысқа Трамптың үміткері Майк Пенс пен Байденнің үміткері Камала Харрис қатысты.
Биылғы дебатта қандай тақырып қозғалды?
Биылғы пікірсайыстардың бас тақырыптары: Трамп әкімшілігінің коронавирус індетіне қарсы күресі, нәсілшілдікке қарсылық акциялары, Жоғарғы соттың қайтыс болған судьясы Рут Бейдер Гинзбургтың орнына жаңа судья тағайындау мәселесі, елдегі экономикалық жағдай, сайлаудың әділ өтуі.
Президенттік дебаттың сайлау нәтижесіне әсері қандай?
Журналистік зерттеумен айналысатын Poynter институтының жазуынша, президенттік дебат сайлау нәтижесіне елеулі түрде әсер етпейді. Институт Гарвард университеті Бизнес мектебінің зерттеуіне сілтей отырып, 2016 жылғы дебатта сауалнамалардың көбі Клинтонды жеңімпаз етіп көрсеткенімен соңында Трамптың президент атанғанын жазады.
Бірақ бұл дебаттың пайдасы жоқ дегенді білдірмейді. 1988 жылдан бері сайлаудан кейін дебаттың әсері жөнінде сауалнама жүргізіп келе жатқан Pew Research орталығының мәліметінше, орташа есеппен дауыс берушілердің үштен екі бөлігі дебатты пайдалы деп санайтынын айтады. Бұл әрине, сайлаушылардың үштен екісі дебаттан кейін ойын өзгертеді деген сөз емес. Орталықтың зерттеуінше, 2016 жылғы сайлаудан кейін дауыс берушілердің 10 пайызы ғана таңдауын «президенттік дебат барысында не одан көп ұзамай» өзгерткен. Сауалнамаға қатысқандардың 11 пайызы түпкілікті таңдауын сайлауға санаулы күн не апта қалғанда жасағанын айтқан, 22 пайызы партия съезінен кейін шешім қабылдаған, 42 пайызы кімге дауыс беретінін партия съезіне дейін анықтаған.
Дебат сайлаушылардың 10 пайызына ғана әсер етсе, мұндай пікірсайыстан ада постсоветтік елдер көп нәрседен қағылмаған ба?
АҚШ-та қоспартиялық жүйе қалыптасқан. Демократиялық және Республикалық партиялардың кандидаттары билікте белгілі бір жиілікпен алмасып тұрады. Көп адам ұстанымы мен құндылығына орай, кандидаты кім болса да, партиясына адалдық танытады. Олар науқан қалай өтсе де, партиясының үміткеріне дауыс береді. Екіншіден, сайлауалды науқан дауыс беру күнінен сегіз-тоғыз ай бұрын басталады. Осы уақыт аралығында кандидаттар штаттарды аралап, сайлаушылармен кездеседі, баспасөз мәслихатын өткізеді, праймериз дебатына және басқа саяси науқан шараларына қатысады.
АҚШ-тағыдай президенттік дебат өтпейтін постсоветтік елдерде кандидаттар саяси бәсекелесімен пікірталастырып көрмеген.
Бұрынғы Совет одағы елдері арасында ондаған жыл бір адам билеген Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстанда мемлекет басшысы дебатқа қатыспаған.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев та, оның ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев та президенттік дебатқа шықпаған. 2019 жылғы президент сайлауында дебатқа Тоқаевтың орнына сол кезде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған Мәулен Әшімбаев қатысты. Әшімбаев қазір – сенат спикері.
Назарбаев президенттіктен кетсе де, биліктегі «Нұр Отан» партиясының лидері және ерекше өкілетке ие Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде саяси ықпалын сақтап қалды.
Материал АҚШ-тағы Президенттік дебат жөніндегі комиссияның, CNN басылымының, Poynter институтының, Pew Research oрталығының сайттарындағы және өзге де ашық көздегі деректер негізінде әзірленді.