2005 жылы 13 мамыр күні Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы наразылық басып-жаншылды. Ресми мәліметке қарағанда, 187 адам қаза тапқан. Ал түрлі бейресми ақпараттарда мыңдаған адамның опат болғаны айтылады. Әскер мен полицейлер Әндіжан алаңына жиналған жұртқа оқ боратқан. Халықтың көпшілігінде қару болмаған, олардың арасында әйелдер мен балалар, қарттар да жүрген. Халықаралық ұйымдар бұл оқиғаны «Өзбекстандағы қатыгез режимнің бет-бейнесін ашып берген қанды қырғын» деп те атайды.
Әндіжан қырғыны қалай болып еді?
2005 жылы Өзбекстан билігі Әндіжанда 23 кәсіпкерді сотқа тартты. Билік кәсіпкерлерді «діни ұйымға мүше болып, билікті басып алғысы келді» деп айыптады. Мамырдың 10-ы күні Әндіжанда көшеге шыққан 100-ге тарта адам жергілікті 23 бизнесменнің тұтқындалуына наразылық білдірді.
Мамырдың 12-сі күні ұйымдасқан түрде, тәртіппен өткен наразылық демонстрациясына екі мыңға жуық адам қатысты. Демонстранттар көшенің бір жағына ағаш орындықтар қойып, әйелдерді отырғызған, ал екінші қапталда еркектері түрегеп тұрған. Шерушілер ешқандай тәртіп бұзбаған, көшедегі көлікті бөгемеген, өздері тұрған жерді таза ұстаған. Күн санап демонстрацияға қатысып жатқандар саны артып келе жатты. Мамырдың 13-і жұрттың ең көп жиналған күні болды.
Мамырдың 13-і, түнгі 12-лер шамасына қарулы 35 жігіт Әндіжан қаласының түбіндегі полиция бекетіне шабуыл жасап, бірнеше полицейді атып өлтіріп, тағы бірнешеуін жаралаған. Олар полиция бекетіндегі қару-жарақты түгел алып, түрмеге барады да, күзеттің бәрін тас-талқан етіп, жазасын өтеп жатқан екі мыңға жуық адамды босатып жібереді. Кейін «бұл қарулы топ шекара асып, көршілес Қырғызстаннан келген исламшыл экстремистік ұйым мүшелері» деп хабарланды.
Түрмеден қашып шыққандары бар, басқасы бар бірнеше жүз адам қолдарына қару асынып, Әндіжанға келеді де, сонда тұрған демонстранттарға қосылады.
Таң ата қалада атыс басталған. Көшеге ондаған мың адам шыққан аласапыранда қарулы топ қала әкімшілігін басып алады, бірнеше ғимарат отқа оранады. 300 мың тұрғыны бар қаланың полицейлері көзге шалынбайды, олар мүлде болған жоқ десе де болады.
Әндіжан қаласын хаос жайлайды. Қала әкімшілігін басып алып, революция жасауға әрекеттенгендер нақты талаптар қояды. Наразылардың басшыларының бірі Қабилжон Парпиев Өзбекстанның сол кездегі ішкі істер министрі Закир Алматовпен телефон арқылы келіссөз жүргізеді.
Әу баста олар 23 кәсіпкердің босатылуын және БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар мен АҚШ, Ресей сияқты елдердің «бизнесмендер мен өзбек өкіметі арасындағы дауға араағайын» болуын талап етеді. Мамырдың 13-і түскі сағат 12-ге дейін тоғыз адам қаза тауып, 34-і жараланады.
Түстен кейін Өзбекстан әскері мен ішкі істер министрлігінің сарбаздары Әндіжан қаласына бірнеше жағынан кірген. Бұл сәтте көшеде ондаған мың адам «революция болды» деп ойлап, сайран салып жүрген еді. Кейбір деректерге қарағанда, сол кезде Әндіжанның орталығындағы Бабыр алаңында 30 мың адам топталып тұрған.
Өзбек әскері ғимараттардың шатырларына орналасып алған соң қалаға ауыр техникалы әскер кіреді. Сол арада атыс басталып, көшеде жүрген адамның бәрі нысанаға ілігеді. Төбеде тұрған солдаттар Бабыр алаңындағы халыққа оқ жаудырады.
Көшеде жүргендердің көбі қолында қаруы жоқ бала-шаға мен қарттар болатын. Бірақ солдаттар бейбіт адам мен қарулы кісіні ажыратпастан, қозғалған жанның бәрін ата бастайды. Куәгерлердің айтуынша, қашып бара жатқан бейбіт тұрғындардың көбі арқасынан оқ тиіп жантәсілім еткен.
Бұл – нағыз қырғын еді. Ымырт жабыла билік Әндіжанда толық «тәртіп» орнағанын хабарлады.
Қырғызстан шекарасы маңында аздап наразылық белгілері байқалады, бірақ 48 сағаттың ішінде олардың барлығын тып-типыл етіп, басып тастады. Мыңдаған өзбек бас сауғалап көршілес Қырғызстанға қашады.
Өзбекстан билігі қанды оқиғадан 187 адам қаза тапты деп хабарлады. Олардың үштен бірі – ресми қызметкер мен әскери, және үштен бірі «қарулы жасақ», ал қалған үштен бірі – бейбіт тұрғын.
Қанды оқиғадан кейінгі бірнеше күн ішінде Әндіжанның маңайында қаза болғандардың денелері жерленеді. Кейбіреулердің айтуынша, оққа ұшқандардың санын жасыру үшін бір молаға бірнеше адамның мәйіті көмілген. Азаттық радиосы Өзбек қызметі Әндіжанға келіп қонған жүк ұшақтары туралы мәлімет алған. Құрбандардың нақты санын көрсетпеу үшін әлгі ұшақтар мәйіттерді елдің басқа бөліктеріне алып кеткен деген ақпарат та бар.
Сол кезде Әндіжан оқиғаларына қатысты мәлімдеме жасаған мемлекеттердің барлығы дерлік Өзбекстан үкіметінің елде тәртіп орнатуға қақысы бар екенін мойындағанымен, олардың бұл мақсатқа жетуде тым асыра сілтегенін айтты.
Сол күні Әндіжанда болып, оқиғаны көзімен көргендердің айтуынша, мамырдың 13-і күні жүздеген, тіпті мыңдаған адам опат болған.
Халықаралық ұйымдар жыл сайын ресми Ташкенттен Әндіжан оқиғасын қайта тергеп, құрбандар жайлы нақты дерек ұсынуды талап етіп келеді. Биыл, осы қырғынға 15 жыл толғанда Швецияда орналасқан Адам құқығын қорғау тобы (CRD Eurasia) ресми Ташкентті Әндіжан оқиғасын қайта тергеуге шақырды. Құқық қорғаушылар «бейбіт митингіні басып-жаншыған мемлекеттік я әскери шенеунік жазаланған жоқ. Өзбек билігін заңсыздықты өзгертуге шақырамыз» деп мәлімдеді.