2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі оқиға адамзат тарихындағы ең ірі теракт болды. Терактіден үш мыңға жуық адам қаза тапты. «Әл-Каида» экстремистік тобы төрт ұшақты басып алып, екеуін Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда орталығының ғимаратына, біреуін Вашингтондағы Пентагонға бұрған. Ал төртінші ұшақ діттеген жеріне жетпей, Пенсильвания штатында құлаған. Еріктілер мен құрылысшылар терактіден қираған қос мұнаранының орнын бір жыл бойы тазалады.
Терактіден 18 жыл өткенде мұрағат мамандары жайма базардан бір қорап СD-диск сатып алған. Дискіден терактіден кейінгі қалпына келтіру жұмыстары кезінде түсірілген 2500 фото табылған. Мұрағат мамандары бұрын-соңды ешқайда жарияланбаған фотолар жайлы Азаттықтың «Настоящее время» жобасына айтып берді.
Бүкіләлемдік сауда орталығының солтүстік мұнарасынан таңғы 8.46 шамасында түтін будақтай бастады. Оған ұшақ келіп соғылған еді. Сол сәтте жұрттың көбі басқа апат болды деп ойлаған. Араға 20 минут салып, тағы бір ұшақ 870 км/сағат жылдамдықпен екінші мұнараға келіп соғылды. Бұл сәтті жүздеген телеарна тікелей эфирден көрсеткен еді. Өртке оранған қос мұнара бір сағаттан соң құлады.
Ресми дерек бойынша, сол кезде 2977 адам мерт болып, 6000-нан астам адам жараланды. Терактіні «Әл-Каида» тобы өз мойнына алды.
«Бүгін біздің азаматтарымыз, біздің өміріміз, біздің бостандығымыз шабуылға ұшырады. Ұшақ жолаушылары, офис қызметкерлері, бизнесмендер, әскерилер, федеральдық қызметкерлер, біреудің анасы, біреудің әкесі, біреудің көршісі, біреудің жақыны құрбан болды. Мұндай жиіркенішті қастандық мыңдаған адамның өмірін қиды» деді сол кездегі АҚШ президенті кіші Джордж Буш. Ол бұл шабуылға кінәлілерді тауып, жазалауға уәде етті.
Қос мұнара құлағанда айналасындағы ғимараттарды да қиратты. Апат орнын тазалауға, қала көшелерін қалпына келтіруге ондаған мың адам жұмылды. Бұл жұмыс он айға созылды.
Кейбір жұмысшылар қалпына келтіру жұмыстарын фотоға түсіріп, суреттерді СD-дискілерге жазып отырыпты. Араға 18 жыл салып, иесіз қалған фотолар жайма базардан табылды. Бұл суреттер мұрағат жұмыстарымен айналысатын ерікті топтың қолына түсті.
Еріктілерден құрылған топ жұрттан жиналған қаржымен АҚШ-ты аралап, жайма базарлардан ескі суреттер, музыкалар, құжаттар жинайды.
«Бұл – өте құнды фотолар қоры. Табылған суреттерді жасырып қалуға құқығымыз жоқ. Бұл фотоларды бүкіл әлем көруі тиіс. Себебі табылған суреттер – біздің тарихымыз» дейді еріктілер тобының жетекшісі Джонатан Берждесс.
Дискілер бүлінген, бірақ мұрағат мамандары арнайы бағдарламаның көмегімен оларды қалпына келтірді. Сарапшылардың сөзінше, суреттер 2001 жылы қыркүйектің соңы мен қазанның соңы аралығында түсірілген. Дискілерден табылған барлық фото қазір интернетке жүктелген. Еріктілер «жұрт 11 қыркүйектен кейін қалпына келтіру жұмыстарына қатысқандарға көмектесу қажет» деп есептейді. Олар «жаңадан табылған суреттерден кейін жұрт терактіден зардап шеккендерге көмектесетін үкіметтік емес ұйымдарға ақша аударатындар саны көбейеді» деп үміттенеді.
«Терактіден кейін қалпына келтіру жұмыстарына қатысқандардың көбі ауруға шалдығып, өмірден өтіп жатыр. Олар осы жұмыстары үшін дертке шалдыққан» дейді Берджесс.
Кейін Берджесстің әріптесі Джейсон Скоттқа фотоларды түсірген адамның жақындары хабарласып, сурет авторы өмірден өткенін жеткізген. Оның неден қайтыс болғанын Скотт ашып айтпады.
АҚШ-тың ауруларды алдын алу және бақылау орталығының дерегінше, 11 қыркүйектегі теракт пен одан кейінгі жұмыстардың салдарынан кем дегенде 400 мың адам дертке шалдыққан. Олардың арасында қатерлі ісік, асқазан, көз ауруларына душар болғандар бар. Дертке шалдыққандарға ауаға тараған асбест, бензин, қорғасын, қос мұнарадан шыққан түтін әсер еткен.
11 қыркүйектегі оқиғаны зерттеушілердің есебінше, қалпына келтіруге қатысқан жұмысшылардың 20 пайызы ғана арнайы маска алған.
Көп адамдардың сөзінше, сақтандыру компаниялары мен үкімет қалпына келтіру жұмыстарына қатысқандардың еміне кететін қыруар шығынды төлеуден бас тартып отыр. Мамандардың айтуынша, терактіден кейін жұмыс істегендер апаттың кесірінен дертке шалдыққандарын дәлелдей алмай жүр.
Шабуылдан кейін Конгресс арнайы қор құрып, терактіден зардап шеккендерге және апат құрбандарының жақындарына өтемақы төледі. Бұл қор 2004 жылға дейін жұмыс істеп, бес жарым мың адамға 7 миллиард доллар берген.
Елдегі наразылықтан кейін 2011 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама бұл қорды қайта ашты. Осыдан кейін 50 мың адам қорға өтемақы төлеу туралы өтініш жазған. Бірақ қазір солардың жартысы ғана көмек алады.
Олар мемлекет беретін ақша емге жетпейтінін айтып, жиі шағымданады. Жыл сайын қор төлейтін өтемақы кеміп барады. 2019 жылы АҚШ билігі өтемақыны 70 пайызға азайтты.
Заңға сай, қор 2020 жылы жабылуы тиіс еді. Бірақ белгілі тележүргізуші Джон Стюарт Конгресте сөз сөйлеп, қорды жаппау туралы айтқан соң 2019 жылы шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп қор жұмысын 2090 жылға дейін созды.