Азаттық радиосы
Бразилия мен Аргентина жартылай финалға шыға ала ма?

Бразилия мен Аргентина жартылай финалға шыға ала ма?

Руслан МЕДЕЛБЕК

9 желтоқсан 2022

Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында ширек финал ойындары бүгін, 9 желтоқсан басталады. Хорватия-Бразилия, Нидерланд-Аргентина ойнайды. Хорватия Бразилияны тоқтата ала ма? Нидерланд мен Аргентина бұған дейінгі матчтары қалай аяқталды? Азаттық ширек финалдағы екі ойын жайлы қызықты фактілерді ұсынады.

БРАЗИЛИЯ-ХОРВАТИЯ: ХОРВАТТАР ШИРЕК ФИНАЛДА ЖЕҢІЛМЕГЕН

9 желтоқсанда өтетін ойында букмекерлік кеңселер мен спорт басылымдары Бразилияны фаворит санайды. Хорватия 1/8 финалда пенальти сериясы бойынша Жапонияны жарыстан шығарды. Ал Бразилия Оңтүстік Кореяны 4:1 есебімен жеңіп, ширек финалға еш қиындықсыз шықты.

Бразилия құрамасының лидері Неймар Оңтүстік Кореямен ойында. 5 желтоқсан 2022 жыл.

Бразилия мен Хорватия осыған дейін төрт рет кездесіп, үш ойында бразилиялықтар жеңсе, бір ойын тең аяқталған. Екі құрама соңғы рет 2018 жылы жолдастық матч өткізіп, Бразилия 2:0 есебімен басым түскен. Ал 2006 және 2014 жылы екі ел әлем кубогында бір топта ойнап, Бразилия 2006 жылы 1:0, 2014 жылы 3:1 есебімен жеңген еді. Демек, әлем кубогында Бразилия мен Хорватия бір-бірімен ойнай қалса, бразилиялықтар жеңіп отырған.

Хорватия 1998 жылы әлем кубогында қола медаль алған. Ал 2018 жылы Дания, Ресей, Англияны жарыстан шығарып, финалға жеткен. Финалда Францияға 2:4 есебімен есе жіберген еді.

Хорватия ширек финалға шыққан сәт. 5 желтоқсан 2022 жыл.

Бір қызығы, Хорватия осыған дейін әлем кубогында екі рет ширек финалға шығып, екеуінде де жеңіске жеткен.

Бразилия бес дүркін әлем чемпионы атанған. Бұған дейін бірде-бір ел әлем кубогын бес рет ұтпаған. Сондай-ақ Бразилия барлық әлем чемпионатына қатысқан жалғыз ел. Бразилиялықтар соңғы рет 2002 жылы әлем чемпионы болған. Ал 2018 жылғы әлем чемпионатында ширек финалда Бельгиядан жеңіліп қалған еді.

Бұл жұптың жеңімпазы жартылай финалда Нидерланд-Аргентина матчының жеңгенімен ойнайды.

НИДЕРЛАНД – АРГЕНТИНА: ЛУИ ВАН ГАЛ ЖІГІТТЕРІ МЕССИДІ ТОҚТАТА АЛА МА?

Бұл ойын 9 желтоқсанда болады. Нидерланд 1/8 финалда АҚШ-ты 3:1 есебімен, Аргентина Австралияны 2:1 есебімен жеңіп; ширек финалға шықты.

Нидерланд құрамасына Луи Ван Гал қайта бапкер болып тағайындалғалы бұл елдің футболшылары 19 ойын бойы жеңілмей келеді.

Нидерланд құрамасы АҚШ құрамасын жеңген сәт. 3 қараша 2022 жыл.

Аргентина құрамасының ойыншысы Леонель Месси халықаралық деңгейде 1000-нан аса матч өткізді. Бұған қоса, Месси Катардағы әлем чемпионатында 9 гол салып, әйгілі аргентиналық футболшы Марадонадан асып түсті. Марадона әлем кубогында 8 голдың авторы атанған.

Коди Гакпо, Нидерланд ойыншысы: Мұнда әлем чемпионы атану үшін келдік. Сондықтан әр ойында бізге тек жеңіс керек. Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз (АҚШ-пен ойыннан соң журналистерге айтқаны).

Аргентина мен Нидерланд 2014 жылы әлем кубогының жартылай финалында бір-бірімен ойнаған. Ол матчта Аргентина пенальти сериясында жеңіске жетіп, финалға шыққан еді. 2014 жылғы әлем кубогында Нидерланд қолаға таласта Бразилияны 3:0 есебімен жеңіп, үшінші орын алса; Аргентина финалда Германиядан 0:1 есебімен жеңіліп қалған.

Месси Австралия қарсы ойында. 3 қараша 2022 жыл.

Нидерланд 2010 жылы әлем чемпионатының финалында Испаниядан жеңілген. Бір қызығы, 2010 және 2014 жылғы әлем кубогында үздік төрт құрама қатарына енген Нидерланд 2018 жылғы әлем чемпионатына жолдама ала алмай қалған еді.

Месси, Аргентина ойыншысы: «Өте жақсы ойнайтын Нидерланд құрамасымен ауыр кездесу болмақ. Ойыншылары мен бапкері мықты. Әлем чемпионаты басында қиын болған, енді тіпті қиындамақ (Цитата Reuters агенттігінен алынды).

Нидерланд әлем кубогының финалына үш рет (1974, 1978, 2010) шығып, үшеуінде де жеңілген.

Аргентина құрамасы 1978, 1986 жылы әлем чемпионы атанған еді. Содан бері бұл елдің футболшылары әлем кубогын жеңе алмай келеді.

Бұл жұптың жеңімпазы жартылай финалда Бразилия-Хорватия матчының жеңгенімен ойнайды.