Азаттық радиосы
Qatar-2022. Футболдан әлем кубогы жайлы сіз білу керек негізгі деректер

Qatar-2022. Футболдан әлем кубогы жайлы сіз білу керек негізгі деректер

Руслан МЕДЕЛБЕК

16 қараша 2022

20 қарашада Катарда футболдан әлем чемпионаты басталады. Жарысқа қай құрамалар қатысады? Қай ел фаворит? Азаттық әлем чемпионаты алдында турнир жайлы маңызды сұрақтарға жауап береді.

Турнирге қай елдер қатысады?

Әлем чемпионатына іріктеуден өткен 32 елдің құрамасы қатысады. Олар төрт-төрттен сегіз топқа бөлініп ойнайды.

  • A тобы. Катар, Эквадор, Сенегал, Нидерланд
  • В тобы. Англия, Иран, АҚШ, Уэльс
  • C тобы. Аргентина, Сауд Аравиясы, Мексика, Польша
  • D тобы. Франция, Австралия, Дания, Тунис
  • E тобы. Испания, Коста-Рика, Германия, Жапония
  • F тобы. Бельгия, Канада, Марокко, Хорватия
  • G тобы. Бразилия, Сербия, Швейцария, Камерун
  • H тобы. Португалия, Гана, Уругвай, Оңтүстік Корея

Турнирдің форматы қандай?

Әр топтан 1-2 орын иеленген команда 1/8 финалға шығады.

Турнир одан әрі олимпиадалық жүйемен (ширек финал, жартылай финал, финал) жалғасады. Жартылай финалда жеңген командалар финалда ойнайды, ал жеңілген командалар қола жүлдеге таласады.

Әлем кубогына қатысатын елдердің тулары. Катар, 13 қараша 2022 жыл.

Топтық кезең 20 қараша – 2 желтоқсанда, 1/8 финал 3-6 желтоқсанда, ширек финал 9-10 желтоқсанда, жартылай финал 13-14 желтоқсанда, 3-орын үшін матч 17 желтоқсанда, финал 18 желтоқсанда өтеді.

Қай ел фаворит?

Reuters агенттігі нарық эксперттері мен экономистер арасында сауалнама жүргізген, сарапшылардың 46 пайызы Бразилияны фаворит деген. Одан кейінгі орында Аргентина (15%), Франция (14%), Германия (7%), Англия мен Белгьия (5%) тұр.

Бразилия құрамасының ойыншылары. Ортада команда лидері - Неймар.

Ал британиялық The Telegraph басылымы букмекерлік кеңселердің болжамдарын жинастыра келе Бразилияны (21%) басты фаворит санайды. Фавориттер қатарында Аргентина, Франция, Англия, Испания, Германия, Нидерланд, Португалия, Бельгия да бар.

Жеңіске жеткен команда қанша қаржы алады?

FIFA мәліметінше, Катардағы әлем кубогының жүлде қоры 440 млн доллар болады. Чемпион болған құрама 42 млн доллар, күміс жүлдегер 30 млн, 3-орын алған ел 27 млн, 4-орын иегері 25 млн, 5-8 орын алған командалардың әрқайсы 17 миллионнан, 9-16 орын алған елдер 13 миллионнан, 17-32 орын алған елдер 9 миллион доллардан алады.

Бұған қоса әлем чемпионатына жолдама алған елдерге турнир алдында дайындық үшін 1,5 млн доллардан берілген.

Турнирде ойнайтын футбол жұлдыздары

Биылғы әлем чемпионатында Леонель Месси (Аргентина); Криштиану Роналду (Португалия); Килиан Мбаппе, Карим Бензема (екеуі де - Франция); Кевин де Брейне (Бельгия); Садио Мане (Сенегал); Роберт Левандовски (Польша); Жуниор Винисиус, Неймар (екеуі де – Бразилия); Лука Модрич (Хорватия) сынды футбол жұлдыздарының ойынын көреміз.

Месси (сол жақта) командаластарымен жаттығуда жүр. Катар, 14 қараша 2022 жыл.

Чемпионатқа қай ел бірінші рет қатыспақ?

Катар футболдан әлем кубогына алғаш рет қатыспақ. Бұл ел әлем чемпионатын ұйымдастырушы ретінде жарысқа іріктеусіз жолдама алған. Канада 1986 жылдан бері, Уэльс 1958 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатында ойнайды. Италия құрамасы екінші рет қатарынан әлем біріншілігіне жолдама ала алмай қалды. Италия 2020 жылғы Еуропа чемпионатын жеңгенімен, Катардағы әлем біріншілігіне өте алмады.

Катардағы әлем кубогының ерекшеліктері

Футболдан әлем чемпионаты алғаш рет қыс мезгілінде болмақ. Турнир матчтары бар болғаны 8 стадионда өтеді. Әр стадионда көптеген кондиционерлер орналасқан. Катар әлем чемпионатын өткізуге өтініш бергенде елде тек бір стадион болған еді. Бұл ел әлем кубогы үшін жаңадан 7 стадион, 100-ден аса қонақ үй, жолдар салып шықты. Құрылыс кезінде жүздеген еңбек мигранты қаза тапқаны, құрылысшыларға жағдай жасалмағаны жайлы көптеген ақпараттар шыққан. Катар жарысты ұйымдастыруға 200 млрд доллар жұмсағаны айтылды. Демек, бұл тарихтағы ең "қымбат" чемпионат болмақ.

Әлем чемпионатының матчтары өтетін стадионның бірі.

Футболдан әлем чемпионаты Таяу Шығыста алғаш рет өтпек. Ал Азияда екінші рет болады. 2002 жылы әлем кубогын Жапония мен Оңтүстік Корея ұйымдастырған еді.

Катардағы әлем чемпионатында алғаш рет әйел төрешілер матчта төрелік етеді. Олар: Салима Мукансанга (Руанда), Стефани Фраппар (Франция) және Иошими Ямашита (Жапония).

2018 жылғы әлем кубогы қалай өтіп еді?

2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында Франция Бельгияны, Хорватия Англияны жеңген еді. Ал финалында Франция Хорватиядан 4:2 есебімен басым түсіп, екінші рет әлем кубогын иеленген. Хорватия финалда алғаш рет ойнаған. Бельгия Англияны 2:0 есебімен жеңіп, қола жүлдені алған еді.

Франция 2018 жылы әлем чемпионы атанған сәт.

Әлем кубогын қай елдер иеленген еді?

Футболдан әлем кубогы 1930 жылы алғаш рет ұйымдастырылған. Содан бері төрт жылда бір рет өтіп келеді. Соғысқа байланысты 1942, 1946 жылы жарыс өтпеген.

1930 жылдан бері мына елдер әлем кубогын иеленді:

  • Бразилия – 5 рет (1958, 1962, 1970, 1994, 2002)
  • Германия – 4 (1954, 1974, 1990, 2014)
  • Италия – 4 (1934, 1938, 1982, 2006)
  • Аргентина – 2 (1978, 1986)
  • Франция – 2 (1998, 2018)
  • Уругвай – 2 (1930, 1950)
  • Англия – 1 (1966)
  • Испания – 1 (2010)