1/8 финалға шыққан 16 ел белгілі. Кім-кіммен ойнайды? Плей-офф жайлы сіз білу керек бар ақпарат
Руслан МЕДЕЛБЕК
Жел. 2, 2022
Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалына шыққан 16 құрама белгілі болды. Кім-кіммен ойнайды? Мүмкіндіктері қандай? Плей-офф кезеңі жайлы бар ақпаратты қысқа-нұсқа ұсынамыз.
АҚШ – НИДЕРЛАНД
Букмекерлік кеңселер 3 желтоқсанда өтетін матчта Нидерланд жеңіске жетеді деп санайды.
АҚШ құрамасы әлем кубогына 10-рет қатысып жатыр. 1930 жылы қола медаль алған, ал 2002 жылы ширек финалда Германиядан жеңілген еді. 2018 жылғы әлем кубогына жолдама ала алмай қалған АҚШ бұл жолы Англия, Иран және Уэльс бар топтан екінші орынмен 1/8 финалға шықты.
Нидерланд 2010 жылы әлем кубогының финалында Испаниядан жеңілген, ал 2014 жылы жартылай финалда Аргентинадан пенальтиден жеңіліп, қолаға таласта Бразилияны 3:0 есебімен жеңген.
2010, 2014 жылғы әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен Нидерланд 2018 жылғы әлем кубогына жолдама ала алмай қалған.
Екі елдің құрамалары осыған дейін бес рет кездесіп, төртеуінде Нидерланд, біреуінде АҚШ жеңген. Екеуара соңғы ойын 2015 жылы жолдастық матч ретінде өтіп, АҚШ 4:3 есебімен басым түскен.
Нидерланд биылғы әлем чемпионатында доп иелену бойынша бірінші орында тұр. Бұл елдің құрамасы 2020 жылдың маусымынан бері 18 матчта жеңілмей келеді.
Нидерланд құрамасында назар аударатын ойыншылар: Коди Гакпо (ПСВ, Нидерланд), Вирджил Ван Дейк («Ливерпуль», Англия), Френки де Йонг («Барселона», Испания)
АҚШ құрамасында назар аударатын ойыншылар: Кристиан Палисик («Челси», Англия), Адамс Тайлер («Лидс», Англия).
Бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда Аргентина-Австралия арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.
АРГЕНТИНА – АВСТРАЛИЯ
3 желтоқсандағы матчта букмекерлік кеңселер мен сарапшылар Аргентинаны фаворит санайды.
Аргентина мен Австралия 1988 жылдан бері жеті рет кездесіп, бес ойында Аргентина, бір ойында Австралия жеңген. Бір матч тең аяқталған. Екі елдің құрамасы 2007 жылы жолдастық матч өткізіп, Аргентина 1:0 есебімен жеңген.
Аргентина Катардағы әлем кубогында алғашқы матчта Сауд Арабиясынан 1:2 есебімен жеңілгенімен, кейін Польша мен Мексиканы жеңіп, 1/8 финалға топтан бірінші орынмен шықты. Ал Австралия Франциядан жеңіліп, Тунис пен Данияны жеңіп, плей-офф кезеңіне өтті.
Аргентина 1978, 1686 жылы әлем чемпионы атанған. 2014 жылы финалда Германиядан жеңілген. 2018 жылы 1/8 финалда Франциядан жеңіліп қалған.
Австралия 2006 жылғы әлем кубогында 1/8 финалға шығып, Италиядан 0:1 есебімен ұтылған.
Бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда АҚШ-Нидерланд арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.
Бұл чемпионат әлем футболының жұлдызы 35 жастағы Месси үшін соңғы әлем кубогы жарысы болуы мүмкін. Ол клубтық деңгейдегі жарыстарды және Оңтүстік Америка чемпионатын жеңген, Мессиде қазір әлем чемпионы деген атақ ғана жоқ.
Аргентина құрамасында назар аударатын ойыншылар: Леонель Месси (ПСЖ, Испания), Анхель Ди Мария («Ювентус», Италия), Молина («Атлетико», Испания).
Букмекерлер мен сарапшылар 4 желтоқсанда өтетін матчта 2018 жылғы әлем чемпионы атанған Франция құрамасын фаворит санайды.
Франция Катарда топтық кезеңде Австралия (4:1) мен Данияны (2:1) жеңіп, Тунистен 0:1 есебімен жеңіліп (бұл матчқа қосалқы құрамдағы ойыншылар қатысты); топтан бірінші орынмен шықты. Ал Польша Мексикамен тең түсіп (0:0), Сауд Арабиясын жеңіп (2:0), Аргентинадан жеңіліп (0:2) топтан екінші орынмен плей-офф кезеңіне өтті. Польша топта Мексикамен бірдей ұпай алып, тек доп айырмасымен жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Франция мен Польша осыған дейін сегіз рет кездесіп, төрт рет Франция, бір ойында Польша жеңіп, үш ойын тең аяқталған. Екі ел соңғы рет 2011 жылы жолдастық кездесу өткізіп, Франция 1:0 есебімен басым түскен.
Франция 1998, 2018 жылғы әлем чемпионы атанған. Ал Польша 1974 және 1982 жылғы әлем кубогында қола медаль алған. Бұл елдің құрамасы 1986 жылдан бері алғаш рет әлем кубогының 1/8 финалына шықты.
Бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда Сенегал мен Англия арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.
Франция құрамасында назар аударатын ойыншылар: Киллиан Мбаппе (ПСЖ, Франция), Антуан Гризманн («Атлетико», Испания), Уго Льорис («Тоттенхэм», Англия).
Польша құрамасында назар аударатын ойыншылар: Роберт Левандовски («Барселона», Испания), Войцех Щесный («Ювентус», Италия), Аркадиуш Милик («Ювентус», Италия).
АНГЛИЯ-СЕНЕГАЛ
Англия мен Сенегал арасындағы бұл матч 4 желтоқсанда өтеді. Матчта, букмекерлік кеңселер мен спорт басылымдарының пайымдауынша, Англия фаворит. Англия 2018 жылғы әлем кубогында жартылай финалда қосымша уақытта Хорватиядан жеңіліп, қолаға таласта Бельгияға жол берген.
Англия әр әлем кубогында фавориттер қатарында болса да, 1966 жылдан бері әлем чемпионы атана алмай жүр.
Сенегал 2002 жылғы әлем кубогында Франция мен Уругвайды артқа тастап, 1/8 финалда Швецияны жеңіп, ширек финалға дейін жеткен. Ширек финалда Сенегал Түркиядан жеңілген еді.
Сенегал құрамасының бас бапкері Алиу Сиссе 2002 жылы әлем чемпионатына ойыншы ретінде қатысқан. Биылғы әлем кубогына жаттықтырушы ретінде келді.
Сенегал биылғы әлем чемпионатына Африка кубогының иегері ретінде қатысып жатыр. Бұл елдің құрамасы 2021 жылы Африка елдері кубогын жеңіп алған.
Бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда Франция-Польша арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды. Англия мен Сенегал халықаралық турнирде алғаш рет кездеспек.
Англия құрамасында назар аударатын ойыншылар: Рахим Стерлинг («Челси», Англия), Гарри Кэйн («Тоттенхэм», Англия), Джордан Хендерсон («Ливерпуль», Англия), Кайл Уолкер («Манчестер Сити», Англия).
5 желтоқсанда өтетін матчта букмекерлік кеңселер мен спорт басылымдары Хорватияны фаворит санайды. Бірақ Жапония топтық кезеңде Германия мен Испанияны жеңгенін ескеруіміз керек. Ал Хорватия топтық кезеңде Марокко және Бельгиямен тең түсіп, Канаданы 4:1 есебімен жеңіп; плей-офф кезеңіне 2-орынмен шықты.
Хорватия 2018 жылғы әлем чемпионатының финалында Франциядан жеңілген. Ал 1998 жылғы әлем кубогында қола медаль алған.
Жапония әлем чемпионатына жетінші рет қатысып жатыр. Үш рет 1/8 финалға шыққан. Егер Жапония Хорватияны жеңсе, әлем кубогының ширек финалына алғаш рет шықпақ.
Хорватия мен Жапония 1998 жылғы және 2006 жылғы әлем кубогында бір топта ойнап, 1998 жылы 1:0 есебімен Хорватия басым түскен. Ал 2006 жылғы матч 0:0 есебімен аяқталған.
Бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда Бразилия-Оңтүстік Корея арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.
Хорватия құрамасында назар аударатын ойыншылар: Лука Модрич («Реал», Испания), Иван Перишич («Тоттенхэм», Англия), Марцело Брозович («Интер», Италия).
Жапония құрамасында назар аударатын ойыншылар: Рицу Доан («Фрайбург», Германия), Ао Танака («Фортуна», Германия), Такэхиро Томиясу («Арсенал», Англия).
БРАЗИЛИЯ-ОҢТҮСТІК КОРЕЯ
Бұл екі құраманың ойыны 5 желтоқсанда өтеді. Бразилия – бұл матчта ғана емес бүкіл чемпионаттың фавориті. Бразилия топтық кезеңде Сербия мен Швейцарияны жеңіп, плей-оффқа шығу мәселесін екінші турда шешіп тастаған. Топтағы үшінші турда Бразилия Камеруннан жеңілсе де (бұл матчқа Бразилиядан қосалқы құрамдағы ойыншылар шықты), топтан бірінші орынмен шықты.
Бразилия бес дүркін әлем чемпионы атанған. Бұл – рекорд. Бұған қоса Бразилия барлық әлем чемпионатына қатысқан жалғыз ел. Бразилиялықтар соңғы рет 2002 жылы әлем чемпионы болған. Ал 2018 жылғы әлем чемпионатында ширек финалда Бельгиядан жеңіліп қалған еді.
Бразилия мен Оңтүстік Корея бұған дейін бес рет кездесіп, төрт ойында Бразилия жеңсе, бір ойында кореялықтар басым түскен. Екі елдің құрамасы соңғы рет биыл маусымда жолдастық матч өткізіп, Бразилия 5:1 есебімен басым түсті.
Оңтүстік Корея биылғы әлем чемпионатында топтық кезеңде Уругваймен тең түсіп, Португалияны жеңіп, Ганадан жеңілді. Доп айырмасы бойынша Уругвайды артқа тастап, плей-офф кезеңіне шықты.
Оңтүстік Корея әлем чемпионатына жетінші рет қатысып жатыр. 2002 жылы бұл ел Жапониямен бірігіп әлем чемпионатын өткізіп, төртінші орын алған. Сол кезде кореялықтар жартылай финалда Германиядан, қолаға таласта Түркиядан жеңілген еді. Бұл елдің құрамасы 2010 жылы 1/8 финалға дейін жетіп, Уругвайдан жеңілген. Ал 2010 және 2014 жылы топтық кезеңнен аса алмады.
Бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда Жапония-Хорватия матчының жеңімпазымен ойнайды.
Оңтүстік Корея құрамасында назар аударатын ойыншылар: Ким Мэн Джэ («Наполи», Италия), Сон Хын Мин («Тоттенхэм», Англия), Хван Ый Джо («Олимпиакос», Грекия).
МАРОККО-ИСПАНИЯ
6 желтоқсандағы матчта букмекерлік кеңселер Испанияны фаворит санайды. Екі елдің құрамасы үш рет кездескен. 2018 жылғы әлем кубогында екеуі бір топта ойнап, 2:2 есебімен тең түскен.
Марокко осымен бесінші рет әлем чемпионатына қатысып, екінші рет плей-офф кезеңіне шықты. Бұл елдің құрамасы 1986 жылғы әлем кубогында 1/8 финалда Батыс Германия құрамасынан жеңілген.
Испания 2010 жылғы әлем кубогының финалында Нидерланд құрамасын жеңіп, әлем чемпионы атанған. Ал 2014 жылғы әлем кубогында Нидерланд (1:5) мен Чилиден (0:2) жеңіліп, топтан шыға алмаған. 2018 жылғы әлем кубогында 1/8 финалда Ресейден пенальтиден жеңіліп, жарысты аяқтаған.
Бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда Португалия-Швейцария матчының қай жеңгенімен ойнайды.
Бұл матчта букмекерлік кеңселер мен спорт басылымдары Португалияны фаворит санайды. Екі елдің құрамасы 2016-2022 жылдары бес рет кездесіп, Португалия үш рет, Швейцария екі рет жеңген. Биыл екі құрама Ұлттар лигасында бір топта ойнап, Португалия өз алаңында 4:0, Швейцария өз алаңында 1:0 есебімен басым түсті.
Португалия құрамасының жұлдызы 37 жастағы Роналду үшін бұл соңғы әлем чемпионаты болуы мүмкін. Роналдуда қазір тек әлем чемпионы деген атақ жоқ.
Португалия 1966 жылы қола медаль алған. Ал 2006 жылы жартылай финалда Франциядан 0:1 есебімен жеңіліп, қолаға таласта Германиядан 3:1 есебімен ұтылды. Бұл елдің құрамасы 2002 жылдан бері әлем чемпионатына үздіксіз қатысып келеді. 2018 жылы әлем кубогында 1/8 финалда Уругвайдан жеңіліп қалған.
Швейцария 2006 жылдан бері әлем кубогына үзбей қатысып жүр. 2014 жылы 1/8 финалда Аргентинадан, 2018 жылы 1/8 финалда Швециядан жеңілді.
Швейцария соңғы рет 1954 жылы әлем кубогының ширек финалына шыққан. Содан бері бұл елдің футболшылары көбіне 1/8 финалдан аса алмай жүр.
Бұл жұптың жеңімпазы Марокко-Испания матчының қай жеңгенімен ширек финалда кездеседі.