Назарбаевтың кетуін талап еткен митингілер, Ағаділдің өлімі һәм індет
2020 жылдың маңызды оқиғалары
Автор: Руслан Меделбек
Фото: Петр Троценко, Манас Қайыртай,
Асылхан Мамашұлы, Дилара Иса, Reuters, AFP
Дизайн: RFERL Pangea Digital
Аудио: Дана Сансеева
7 ақпан түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында ұлтаралық жанжал болып, 11 адам қаза тапты. 164 үй мен сауда орны, 100 көлік өртенген. Қақтығыстан кейін 60-тан аса адам ұсталып, сотқа тартылып жатыр. Ұлтаралық жанжалға аудандағы қазақ пен дүнген арасындағы кикілжің түрткі болған.
22 ақпанда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топ билікке қарсы екі түрлі митинг өткізді. Полиция шараны "заңсыз" деп тауып, жүзден астам адамды күштеп ұстады. Наразылыққа келгендер биліктен саяси реформа талап етіп, "Шал, кет!", "Назарбаев, кетсін!", "Оян, Қазақстан!" деп айғайлады.
25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында 43 жастағы белсенді Дулат Ағаділ жұмбақ жағдайда көз жұмды. Құзырлы органдар белсенді изоляторда жүрек талмасынан қайтыс болды деп мәлімдеді. Бірақ белсендінің жақтастары биліктен Ағаділдің өлімінің себебін анықтауды талап етіп, елде бейбіт митинг өткізді. Жұрт наразылығына қарамастан прокуратура "Ағаділдің денесінен жарақат ізі табылмады" деп, өліміне байланысты ашылған істі тоқтатты.
13 наурызда Қазақстан үкіметі елде алғашқы адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда елде төтенше жағдай жариялап, локдаун енгізілді. Қалалар мен елдімекендер арасында блокпост қойылып, облыста тұратын жұрт қаладағы жұмыстарына жете алмай қалды. Пандемия кезінде жұрттың билікке наразылығы күшейді. Ресми статистика бойынша, наурыздан бері елде 180 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 2500-ден аса адам қайтыс болды.
1 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, сол жақтан келген су Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бес ауыл мен 7 мың гектар егіс алқабын басып қалды. Мыңға жуық баспана қирап, отыз мыңнан аса тұрғын үй-жайын тастап кетті. Өлген малда есеп жоқ. Халық "апаттың алдын алуға үкімет дәрменсіз болды" деп билікті айыптайды. Апаттан кейін билік үйінен айырылған жұртқа баспана салып бергенімен, кейбір жұрт құрылыс сапасына шағымданады.
6 маусымда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топ тағы да билікке қарсы екі түрлі митинг өткізді. Билік бұл шараны "рұқсат етілмеген митинг" деп, полиция наразылық шарасына келгендерді алаңға жібермей, жүзден астам адамды ұстап әкетті. Наразы жұрт "Назарбаев жүйесі құрысын!", "Саяси тұтқындар босатылсын!", "Мұнайға баймыз, бірақ халық неге кедей?!" деп ұрандатты.
13 қыркүйекте "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топ Алматы әкімдігінен рұқсат алып, бейбіт митинг ұйымдастырды. Митингіге жиналған 200-дей жұрт несие амнистиясын талап етіп, "Қытай экспансиясы" мен жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірді. Жиында "Тоқаев пен Назарбаев кетсін!" деген талап айтылған соң билік өкілі ұйымдастырушыларға "тақырыптан ауытқымауды" ескертті.
21 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі парламент сайлауын 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіледі. Сайлауға президенттіктен кетсе де билікке әсер етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы мен билікке жақын төрт партия қатыспақ. Елдегі оппозициялық топтардың кейбірі сайлауға бойкот жариялауға үндеп жүр.
31 қазанда Алматы қаласында құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов биліктен саяси реформа жасауды, саяси қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етіп, рұқсат етілген митинг ұйымдастырды. Митингіге келген жүзге жуық адам "Репрессия емес, реформа керек!", "Шал, кет!" деп ұрандатты.
11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтан маңындағы ықшам ауданда азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақталып, мерт болды. Полиция оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Белсенділер биліктен Жанболаттың өліміне кінәлілерді тауып, жазалауды талап етті.