Азаттық радиосы
Грузияның дебюті, Украина мен Түркияның үміті. Еуро-2024 додасы жайлы негізгі фактілер

Грузияның дебюті, Украина мен Түркияның үміті. Еуро-2024 додасы жайлы негізгі фактілер

Руслан МЕДЕЛБЕК

Маусым 13, 2024

14 маусымда Германияда футболдан Еуропа чемпионаты басталады. Еуропада өтсе де, бұл турнирді әлем жанкүйерлері көреді. Ал Қазақстан Еуропа футбол қауымдастығына мүше болғандықтан (UEFA) елдегі футбол фанаттары да Eуро-2024 додасына ерекше назар аударады. Биылғы Еуропа біріншілігі бұрынғы додалардан несімен ерекшеленбек?

ДОДАҒА ҚАЙ ЕЛДЕР ҚАТЫСАДЫ?

Германиядағы додаға іріктеуден өткен 24 елдің құрамасы қатысады. Олар алдымен төрт-төрттен алты топқа бөлініп, өзара ойнайды. Топтан 1-2 орын алған командалар және өз топтарынан үшінші орын алған төрт құрама ұпайларымен, салған голдарының нәтижесіне қарай 1/8 финалға шығады. Одан соң дода ширек финал, жартылай финал, финал форматымен жалғасады. Финал 14 шілдеде Берлинде өтеді.

Cонымен Еуро-2024 турниріндегі топтар былтыр желтоқсанда тартылған жеребе бойынша былай түзілген:

  • А тобы: Германия, Шотландия, Венгрия, Швейцария.
  • В тобы: Испания, Италия, Хорватия, Албания.
  • С тобы: Англия, Дания, Сербия, Словения.
  • D тобы: Франция, Нидерланд, Австрия, Польша.
  • E тобы: Бельгия, Украина, Румыния, Словакия.
  • F тобы: Португалия, Чехия, Түркия, Грузия.

Грузия Еуропа чемпионатына алғаш рет қатыспақ. Бұрын сонды Кавказ елдері – Грузия, Әзербайжан, Армения мұндай жоғары деңгейдегі футбол додасына жолдама алып көрмеген.

ГРУЗИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЕУРОСЫ

Грузия Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы Еуропа чемпионатына өтті. Франциялық Уилли Саньоль жаттықтыратын құрама алдымен Люксембургты, одан соң шешуші матчта 2004 жылғы Еуропа чемпиондары Грекияны жеңген.

Грузия құрамасы Еуро-2024 додасына жолдама алған сәтте жанкүйерлер алаңға шығып кетті. Тбилиси, 26 наурыз 2024 жыл.

Грузия 2020 жылғы Еуропа чемпионатына да бір қадам жақын қалып, шешуші матчта Солтүстік Македониядан жеңіліп қалған еді. Бұл жолы Грекия фаворит болса да, Тбилисиде Грузия құрамасы пенальтиден басым түсті.

Кейінгі жылдары Грузияның біраз футболшысы шетелдік клубтардың назарына ілініп, қазір олар Испания, Италия, Франция, Англия, АҚШ, Германия, Грекиядағы командаларда ойнап жүр.

Оқи отырыңыз: "Еуроға жеттік, Еуроодаққа да жетеміз!" Грузиядағы наразылыққа футболдың не қатысы бар?

Еуро-2024 додасында Грузия құрамасы Италияның "Наполи" клубында ойнайтын Хвича Кварацхелияға, Георгий Мамардашвилиге ("Валенсия", Испания), Георгий Гочолеишвилиге ("Шахтер Донецк", Украина), Зурико Давиташвилиге ("Бордо", Франция) сенім артады.

ЖҰЛДЫЗ ФУТБОЛШЫЛАРҒА ҮМІТ АРТҚАН УКРАИНА

Украина құрамасы да Еуропа чемпионатына Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы жолдама алды. Алдымен Босния және Герцаговинаны, одан соң Исландиядан басым түсті. Екі матчта да Украина 0:1 есебімен жеңіліп жатып, кейін 2:1 есебімен жеңіске жеткен.

Ресейдің басқыншылығына ұшыраған Украинаның футбол құрамасы іріктеу матчтарының бәрін Еуропа алаңдарында өткізуге мәжбүр болды. Бұған қарамастан украиналық маман Сергей Ребров жаттықтыратын құрама Бельгия, Румыния, Словакиямен бір топта ойнап, Еурододаның плей-офф кезеңіне шығуға күш салады.

Украина құрамасы Еуро доласына жолдама алған сәт. Вроцлав, Польша, 26 наурыз 2024 жыл.

Еуро-2024 турнирінде Украина Еуропа клубтарында ойнайтын мына жұлдыз ойыншыларын үміт артады: Андрей Лунин ("Реал Мадрид", Испания), Александр Зинченко ("Арсенал", Англия), Анатолий Трубин ("Бенфика", Португалия), Виталия Микеленко ("Эвертон", Англия), Михаил Мудрик ("Челси", Англия), Роман Яремчук ("Валенсия", Испания).

ТҮРКИЯНЫҢ АЛТЫНШЫ ЕУРОСЫ

Түркітілдес елдердің жанкүйерлері Еуропа чемпионатында Түркия құрамасына назар аударады. Түрік футболшылары осымен алтыншы рет Еуропа чемпионатына (1996, 2000, 2008, 2016, 2020 жылдары қатысқан) бармақ.

Түркия жанкүйерлері іріктеу турнирінде.

Италиялық маман Винченцо Монтелла жаттықтыратын Түркия құрамасы іріктеуде Хорватия, Уэльс, Армения, Латвия бар топтан бірінші орынмен Еуро-2024 додасына тікелей жолдама алған.

Енді Хакан Алтай Байындыр (МЮ, Англия), Зеки Челик ("Рома", Италия), Cалих Осжан ("Боруссия Дортмунд", Германия), Каан Айхан ("Галатасарай", Түркия) және Кенан Йылдыз ("Ювентус", Италия) бастаған құрама Португалия, Чехия, Грузия бар топта күш сынасады.

ЕУРОДА ОЙНАЙТЫН ФУТБОЛ ЖҰЛДЫЗДАРЫ КІМДЕР?

Германиядағы додаға Криштиану Роналду (Португилия), Килиан Мбаппе (Франция), Мануэль Нойер (Германия), Харри Кейн (Англия), Илкай Гюндоган (Германия), Томас Мюллер (Германия), Роберт Левандовски (Польша), Бруно Фернандес (Португалия), Альваро Морато (Испания), Лука Модрич (Хорватия), Кевин Де Брюйне (Бельгия), Оливье Жиру (Франция) сынды футбол жұлдыздары қатысады.

Килиан Мбаппе

ҚАЙ ЕЛ ФАВОРИТ?

Британияда орналасқан спорт додаларына болжам жасайтын Opta Analytics компаниясы Англия құрамасын (19,9%) биылғы турнирдің фавориті санайды. Англия құрамасы Еуропа чемпионатын жеңіп көрмеген. 2020 жылы финалда Италиядан пенальти сериясынан жеңілген.

Еуро додасының жеңімпазына берілетін кубок.

Opta Analytics Франция құрамасын да (19,1%) фавориттер тізіміне қосқан. Одан кейін Германия (12,4%), Испания (9,6%), Португалия (9,2%) тұр. Ал Венгрия, Польша, Чехия, Румыния, Словения, Словакия, Албания, Грузияны аутсайдер деп санайды.

ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ҚАТЫСПАЙДЫ?

Қазақстан да UEFA-ға мүше ел ретінде Еуро-2024 додасының іріктеуіне қатысқан еді. Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия, Сан-Марино бар топтан төртінші орын алып, тікелей жолдама ала алмаған. Шешуші матчта сырт алаңда Словенияда жеңілген еді. Егер Қазақстан Словениядан басым түскенде жолдама алуға мүмкіндік болған. Бұл топтан Еуропа біріншілігіне Дания мен Словения өтті.

Кейін Қазақстан Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы жолдамаға таласып, биыл наурызда Афиныда Грекия құрамасынан 0:5 есебімен жеңіліп, лицензиясыз қалған.

ЕУРО-2020 ДОДАСЫ ҚАЛАЙ ӨТІП ЕДІ?

Еуро-2020 турнирі коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылы өткен еді. UEFA ұйымының 60 жылдығына байланысты турнир 11 елдің 11 қаласында ұйымдастырылды. Жартылай финалда Италия Испанияны (1:1 пеналтиден 4:2), Англия қосымша уақытта Данияны (2:1) жеңген. Ал финалда Италия Англияны ұтып (1:1, пенальтиден 3:2), Еуропа чемпионы атанған. Бір қызығы, Еуропа чемпионы болған Италия 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатына жолдама ала алмай қалды. Іріктеудің плей-офф кезеңінде Солтүстік Македониядан 0:1 есебімен жеңілген еді.

ОСЫҒАН ДЕЙІН ҚАЙ ЕЛДЕР ЧЕМПИОН АТАНҒАН ЕДІ?

1960 жылдан бері Еуропа чемпионатында он ел жеңіске жеткен.

  • Германия – 3 рет (1972, 1980, 1996)
  • Испания – 3 рет (1964, 2008, 2012)
  • Франция – 2 рет (1984, 2000)
  • Совет одағы – 1 рет (1960)
  • Италия – 2 рет (1968, 2020)
  • Чехословакия – 1 рет (1976)
  • Португалия – 1 рет (2016)
  • Нидерланд – 1 рет (1988)
  • Дания – 1 рет (1992)
  • Грекия – 1 рет (2004)