Тбилисиде биліктегі "Грузин арманы" партиясы елді Еуроодаққа апарар жолдан тайдырып, Ресейдің ізімен ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың еркіндігін шектейтін заң қабылдағалы жатыр. Бұған наразы жұрт бейбіт митингіге шықты.
Бірнеше айға созылған наразылық сәуірдің басында шиеленісе түсті. Парламент заңды екінші оқылымда қабылдағаннан кейін наразылық өршіп, полиция демонстранттарға қарсы жас ағызатын газ бен су шашып, резеңке оқ қолданды.
2 мамырда ұлттық футбол құрамасының жартылай қорғаушысы Георгий Чакветадзе Instagram парақшасына "[Полицияның] отандастарыма, әсіресе әйелдер мен балаларға күш қолданып жатқанына қарап отыра алмаймын. Халқымыздан артық ештеңе жоқ. Ешқандай заң халықтан жоғары емес. Заңды талқылаудан алып тастасын! Ресейге жол жоқ, Еуропаға қарай алға!", – деп жазды.
Футболшылардың қолдауы заң жобасына қарсы азаматтарға шабыт бергендей болды.
Наразылар көшеге "Еуроға жеттік, Еуроодаққа да жетеміз!" деген плакаттар ұстап шықты. Демонстранттар ұлттық құраманың бейресми әнұранын шырқап, "Ертегілер шындыққа айналады" деген қайырмасын қайталаумен болды.
Бірақ наразылардың ертегі арманы орындалмай қалуы мүмкін. "Грузин арманы" партиясы мен оның одақтастары мамырдың ортасындағы үшінші, соңғы оқылымда заң жобасын қабылдайтын сияқты.
Совет Одағы тұсында Грузияның футболдан нәтижесі жаман емес еді. Грузин ойыншылары ұлттық құрамада ойнады, республиканың бетке ұстар "Динамо" клубы СССР-дегі үздік футбол командасының бірі болды. 1981 жылы Тбилиси "Динамосы" УЕФА кубогын жеңіп алды.
Бірақ 1990-жылдары футбол тоқырауға ұшырады. Грузин футболы жайлы деректі фильмдер түсірген спорт шолушысы Армаз Ахвелдиани футбол "жаңа идея жоқтығынан және жемқорлықтан" көп зардап шекті дейді.
2003 жылғы революциядан кейін жемқорлық тыйылғанымен, ескі ойлау жүйесі өзгермеді. Ұлттық құраманың жеңілістен көз ашпайтынына жанкүйерлердің де еті үйреніп кетті.
2012 жылы "Грузин арманы" партиясы билікке келді. 2000-жылдары "Милан" клубында ойнаған футболшы Каха Каладзе партияға қосылып, әуелі депутат, кейін Тбилиси қаласының мэрі болды. Футбол федерациясының басшысы Леван Кобиашвили парламентке өтіп, футболды қолға алды.
2020 жылы Грузия Еуропа чемпионатына өтуге бір қадам қалғанда, шешуші матчта Солтүстік Македониядан жеңіліп қалды. Сондықтан биылғы жеңіс грузин халқы үшін көптен күткен қуаныш болды. Шаттанған жанкүйерлер Тбилиси көшесінде ұлттық құраманың жеңісін тойлап, футболшылардың киім ауыстыратын бөлмеде қуаныштан билеген видеосы желіде миллион рет көрілді.
Бірақ халықтың қуанышы көпке созылмады. Бір аптадан кейін "Грузия арманы" партиясы шетелден кемі 20 пайыз қаржы алатын ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардан "шетелдік ықпалы бар агент" ретінде тіркелуді талап ететін заң жобасын қабылдауға қайта ұсынды.
Бұл заң жобасы былтыр да ұсынылған. Халық жаппай наразылық білдіріп, биліктің ұсынысын Ресейдегі белсенділер мен билікті сынайтындарды қудалауға пайдаланылатын "Шетел агенті туралы" заңға теңеген. Грузиндер Ресейден іргесін аулақ салып, Еуроодаққа қосылғысы келеді. Сондықтан биліктің Ресейдің үлгісімен азаматтық қоғамның еркіндігін шектейтін заң қабылдауға талпынысы қоғамның ашу-ызасын туғызды.
22 жастағы футбол жұлдызы, Италияның "Наполи" клубында ойнаған Кварацхелия Facebook парақшасына "Грузияның болашағы – Еуропада" деп жазды.
Бұл жазба демонстранттарға үлкен қолдау болды. Кварацхелияға басқа спортшылар да қосылды. Қоғамдық резонанс пен жаппай наразылықтан соң, билік заң жобасын талқылаудан алып тастады.
Грузия билігі Еуропа чемпионатына іріктеу турниріндегі тарихи жеңістен кейін былтырғы сәтсіз заң жобасын қайта ұсынсақ, ешкім байқамай қалады деп ойласа керек. Бірақ олар тағы да қателесті.
9 сәуірде ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Георгий Кочорашвили Instagram желісіне заң жобасына қарсы митингіде тұрған қарындасының фотосын салды. Жұрттың көбі мұны наразыларды қолдау деп түсінді.
Шабуылдаушы Буду Зивзиадзе Грузия мен Еуроодақ туын ұстап, полицияға қасқая қарап тұрған балалардың суретін жүктеп, "Ресейге жол жоқ, Грузияның жолы Еуропада жатыр. Әр грузин айтуға тиіс пікірді айтқаныма бола маған алғыс білдірудің қажеті жоқ" деп жазды.
Грузияның "Динамо" клубы Facebook-тегі ресми парақшасында "Еуропадағы болашағымыз – ұлттық таңдауымыз" деген мәлімдеме жариялады.
Халық футболшыларды наразыларды қолдауға шақыра бастады. Олар "Жігіттер, бізге қажетсіңдер. Қайдасыңдар? Сендерді стадионда қолдадық, енді бізге қолдауларың керек" деген үндеулер жолдады.
Осыдан кейін футболшылар мен басқа да спортшылар бірінен кейін бірі полицияның қуғын-сүргінін сынап, наразыларды қолдайтын жазбалар жариялай бастады.
29 сәуірде билікті қолдайтын жиында сөйлеген "Грузин арманы" партиясының құрметті төрағасы Бидзина Иванишвили футболшылардың жеңісін "грузин жанкүйерлерінің 30 жылдық арманы" деп атады. Иванишвили басқаратын Cartu Group қайырымдылық қоры ұлттық құрама топтық кезеңнен келесіге шықса, спортшыларға 30 миллион лари (11 миллион доллар) сыйақы беретінін айтты. Заң жобасына қарсы наразылық ұйымдастырушы Джакели мұны футболшылардың аузын жабуды көздеп ұсынылған "параға" балайды.
"Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң жобасы 1 мамырда екінші оқылымда қабылданды. Жоба заңға айналуы үшін депутаттар оны үшінші оқылымда да мақұлдауы керек. Президент Саломе Зурабишвили заңға вето қоюға уәде берді, бірақ билеуші партия вето құқығынан асып түсетін дауыс санына ие. Сондықтан маусымның соңында Грузияның футбол құрамасы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде бақ сынап жатқанда, елде қоғам сынына ұшыраған заң қабылданып кетуі мүмкін.
Грузияның футболшыларына да оңайға соқпайды. Көбі грузиндердің тобы жеңіл, Түркия, Португалия мен Чехия аса қорқынышты қарсыластар емес десе де, букмекерлер Грузияны 24 команданың ішінде ең соңғы орынға қойып отыр.
ПІКІРЛЕР