Біз туралы
БІЗ ТУРАЛЫ
Азаттық радиосының миссиясы
Азат Еуропа/Азаттық радиосының миссиясы – демократиялық құндылықтар мен институттарды дамытуға үлес қосу. Бұған қоса, билігі тәуелсіз, еркін медиаға жол бермей отырған елдердегі адам құқығын жаңалық тарату арқылы дамыту да негізгі ұстанымының бірі. Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшілері жұртқа өз елдінде (немесе жергілікті басылымдарда) айтыла бермейтін, тыйым салынған ақпараттарды цензурасыз және ашық дискуссия арқылы ұсынады. Азат Еуропа/Азаттық радиосы түрлі қысымға қарамастан объективті журналистиканың ең жоғарғы стандарттарына жетуді көздейді.
Азаттық радиосы – Қазақстандағы ақпаратты кәдімгі мәтін түрінде де, бейнекөрініс, сурет және дыбыстық слайдтар арқылы да тарататын бірінші мультимедиалық веб-сайт.
Азаттық радиосы веб-сайты 2008 жылы, ашылғанына үш ай болғанда Қазақстандағы республикалық «Award.kz ұлттық интернет жүлдесі» сайысында екі бірдей бас жүлдені жеңіп алды. Азаттық радиосы веб-сайты 2009 жылы АҚШ-тағы әлемдік интернет-журналистика саласындағы аса беделді сыйлықтың бірі – халықаралық Online Journalism Awards жарысында жеңімпаз атанды. www.azattyq.org веб-сайты «Ағылшыннан басқа тілдегі шағын веб-сайт» саласы бойынша озып шықты.
Азаттық радиосының барлық журналистері мен штаттан тыс тілшілері мына принциптерді басшылыққа алады:
Нақтылық
Азаттық радиосының журналистері эфирге және басқа басылымдарға шығатын материалдың, оның ішінде интернеттегі барлық жарияланымдардың дерек, ақпаратының мейлінше нақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.
Деректің нақтылығы жайында күмән туса, ақпарат кемінде басқа екі тәуелсіз бұлақтан расталғаны абзал. Жалаң қауесет пен нақты дәйегі жоқ ақпаратқа негізделген материал эфирге шықпауы тиіс, жарияланбауы да керек.
Деректе қате кетсе, ол неғұрлым жылдам түзетілуі тиіс.
Бейтараптық
Кез-келген ақпарат деректердің шеңберінде /контексінде/ берілуі керек, оқиғалар мен талқыланып жатқан мәселелерді бұрмалауға болмайды..
Журналистер талқыланып жатқан мәселелерге қатысты қарсы немесе өзгеше пікірлерді нақты және таразыланған тең жағдайда көрсетуі керек. Егер әлдебір топтың, не жеке тұлғалардың пікірлері хабар балансын сақтау үшін маңызды болса, бірақ олар пікір білдіруден бас тартса – ол туралы репортажда, мақалада айтып өткен жөн.
Азаттық радиосы - билеуші немесе оппозициялық саяси партиялардан, эмигрант қауымдастықтарынан, коммерциялық және басқа да сипаттағы ұйымдардан, хабар тарату аймағындағы не одан тыс жерлердегі діни ұйымдардан тәуелсіз радио. Азаттық радиосы ешбір саяси, экономикалық немесе діни ұстанымды қолдамайды, олардың мүддесіне насихат жүргізбейді.
Талдау, комментарий және редакциялау талаптары
Жарияланып отырған ақпараттың маңыздылығы мен мәнісін аудиторияға толығырақ жеткізу мақсатында барлық хабарлар мен жарияланымдарда қосымша ақпарат пен сипаттама болуы керек. Деректі репортажда журналист өзінің жеке пікірі мен өз ой- түсінігін араластырмауға тиіс.
Жалпы комментарийден аулақ болу қажет. Азаттық радиосы жеке пікірден гөрі жалпы көзқарасты жеткізгенді жөн санайды. Азаттық радиосының қызметкерлері өз атынан комментарий хабарын аса бір қажеттілік болған жағдайда жаза алады, бұл ретте компанияның Хабар тарату бөлімінің директорынан не болмаса оның орынбасарынан алдын-ала рұқсат алынуы керек. Радиода жұмыс істемейтін сарапшы комментарий жасаса, Азаттық радиосының кәсіби талаптары сақталып, орындалуы тиіс.
Хабар жүргізу мәнері, аудиторияны құрметтеу талабы
Журналист хабар жүргізгенде, мақала жазғанда байыпты және бейтарап болуы қажет. Журналистің сөйлеу мәнері мәдениетті, өркениетті, тілі шешен, ойы түсінікті болуы керек. Барлық тараптардың адамдық құқықтары құрметтелуі шарт. Эфирде және басқа жарияланымдарда тұлғаны, ұйымды діни, этникалық, әлеуметтік-экономикалық, не болмаса мәдени ерекшелігіне байланысты кемсітуге болмайды, жалпыға тән әдеп-ғұрып талаптары сақталуы керек.
Арандатушылыққа, қақтығысқа себеп болатын, біреуді біреудің айтақтауы, айдап салуы ретінде қабылдануы мүмкін материалдар эфирде және басқа жарияланымдарда берілмейді. Қақтығыс не болмаса қандай да бір текетірес туралы хабарлар нақты деректерге негізделуі керек, баланс сақталуы тиіс.
Нaсихаттан аулақ болу шарттары
Азаттық радиосы демократиялық мемлекеттерге тән демократия және адам құқықтарын сақтау принциптерін қолдайды. Азаттық радиосы қандай да бір саясат жүргізбейді, нақты бір заңды қабылдау төңірегінде насихат жүргізбейді, сайланатын не тағайындалатын қызметке ұсынылған кандидаттарға қолдау да, қарсылық та білдірмейді.
Азаттық радиосы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Хельсинки конференциясының Қорытынды актісінде бекітілген барлық халықтардың өз мәртебесін айқындау құқығын қолдайды. Бірақ сепаратизмге қолдау көрсетпейді, ол тұрғыда насихат айтпайды.
Азаттық радиосы халықаралық дәрежеде мойындалған нормаларға сәйкес, барлық адамдардың еркін жүру және еркін көшіп-қону бостандығын қолдайды. Бірақ өзге елге өтіп кету жағдайларына қолдау көрсетпейді, эмиграцияға кету талпынысын ынталандырмайды.
Этика талабы
Азаттық радиосының қызметкерлері мен штаттан тыс тілшілері жоғары этикалық талаптарды орындауға міндетті, хабар тарату аймағында не одан тыс аймақтарда жеке тұлғалармен және ұйымдармен байланыс жасағанда, саяси не коммерциялық мәселелерде мүдделер қайшылығынан аулақ болып, осындай қайшылық туындауы мүмкін қарым-қатынастарға бармауы керек. Азаттық радиосының қызметкерлері мен штаттан тыс тілшілері жеке пайда табу мақсатында, басқа бір өзгеше мүдде тұрғысында өз абыройына не Азаттық радиосының беделіне нұқсан келтірмеуі шарт.