Accessibility links

Ырғыздағы еден жуушы "жұмыстан заңсыз қуылғанын" сот арқылы дәлелдеді


Мөлдір Ғапиз ақтөбелік журналист Асқар Ақтілеудің үстінен қозғалған іс бойынша әкімшілік сотта сөйлеп тұр. Ақтөбе, 15 қаңтар, 2024 жыл.
Мөлдір Ғапиз ақтөбелік журналист Асқар Ақтілеудің үстінен қозғалған іс бойынша әкімшілік сотта сөйлеп тұр. Ақтөбе, 15 қаңтар, 2024 жыл.

Ақтөбе облысындағы Ырғыз гимназиясының еден жуушысы Мөлдір Ғапиз мектеп директоры Гүлжайнар Нұрманованың үстінен сотқа шағымданып, былтыр қарашада "жұмыстан заңсыз қуылғанын" дәлелдеді. Сот қаулысы 4 қарашада шықты. Оған сәйкес, Мөлдір Ғапиздің жұмыссыз жүрген күндері үшін оған Ырғыз гимназиясынан 40 266 теңге өндіріледі.

– Екі аптадай жұмыссыз жүрдім. Оның соңы үлкен дауға айналып, екі аптадан кейін бұрынғы орныма қайта қабылдандым. "Не де болса жұмысыңа оралдың, қайтесің, соттаспа", "бәрібір директордікі жөн болады" дегендер көп болды. Бірақ мен әділетсіздікке көз жұма алмадым. Өйткені Нұрманова "Ғапиз жұмысқа келмеді" деп үстімнен жалған акт жасатып, қоластындағы бірнеше адамды құжатқа қол қоюға мәжбүрлеген. Сотқа мектептің 13 қызметкері куә ретінде шақырылды. Оның арасында "Ғапиздің үстінен толтырылған актіге мәжбүрліктен қол қойдым, тіпті мүлдем қол қоймадым" дегендер де болды, – деді Ырғыз гимназиясының еден жуушысы Мөлдір Ғапиз.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Ырғыз аудандық сотына талап қоюшы Ғапиз жұмыстан шығару және қайта орналастыру туралы бұйрықтың күшін жою туралы шағыммен жүгінген. Бұл бұйрық шыққанға дейін Мөлдір Ғапиз Ырғыз гимназиясында үш жыл тазалықшы қызметін атқарған.

– 2023 жылғы 13-14 қараша күндері жұмыс орнында болмады деп негізсіз бірнеше акт толтырып, Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағы 8-тармақшасы негізінде талап қоюшының еңбек шарты бұзылған. Сот бұл актілер мен бұйрықты негізсіз деп тапты, – делінген сот хабарламасында.

Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманова сот қаулысына разы емес. Ол апелляция алқасына шағымданамын деді.

Бұл оқиға 2023 жылғы 12 қазанда Ырғызға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров барған күні басталған. Еден жуушы Мөлдір Ғапиз облыс әкімі Шахаровқа еден сүртетін шүберек пен тұрмыстық химияны өз ақшасына сатып алатынын айтқан. Жүздеген оқушының су ақпайтын унитазға отыратынын, оған еден жуушылар қауғамен су тасып құятынын айтып шағынған.

Осыдан кейін Мөлдір Ғапиздің үстінен бірнеше рет акт толтырылып, 2023 жылғы 22 қарашада жұмыстан шығарылған. Ырғыздық еден жуушының хикаясы жұртқа жария болғаннан кейін 2023 жылғы 4 желтоқсанда ол қайтадан жұмысына қабылданған. Мектеп директоры Нұрманованың сөзінше, Ғапизді қайтадан жұмысқа қабылдау туралы бұйрықты ол іссапарда жүргенде міндетін атқарған орынбасары шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG