5 қараша таңертеңгі сағат 10-да Алматы қаласының тұрғындары жер сілкінгенін сезді. Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Алматыдан шығысқа қарай, қаладан 33 шақырым қашықта болған.
Жер сілкінісі Алматыда 3 балл, Талғар және Есік қалаларында 4 балл болып сезілді деді министрлік. Әлемдік геология қызметінің дерегінше, Алматы маңындағы тауларда сілкініс қуаты 4,5 балл болған.
ТЖМ Алматы облысы Талғар қаласында жер сілкінгеннен кейін ғимараттар, нысандар бүлінгені я адамдар зардап шеккені туралы ақпарат түскен жоқ деп хабарлады.
Министрлік "Қазселденқорғау" мамандары өзен арналарын, гидротехника нысандарын бақылап, лай көшкіні, сел жүру қаупі бар жерлерге мониторинг жүргізді деді. Төтенше жағдайлар министрлігі жағдай тұрақты деп хабарлады.
Instagram-дағы Kris_p_talgar парақшасы мектептен сыртқа шығарылған оқушылар көрінетін видео жариялады.
Биыл 23 қаңтарға қараған түні және 4 наурызда Алматыда күші 5 балға тең жер сілкінісі тіркелді. Елдегі ең ірі мегаполистің халқы табиғат тосын мінез танытқанда өзін қалай ұстау керегін білмей, абдырап, абыржып қалатыны аңғарылды.
Халық жер сілкінгенде әкімдік пен төтенше жағдай департаментінен ертерек ескерту келмегенін, дабыл қағылмағанын айтып, биліктің жұмысын сынға алған.
5 қарашада жер сілкінгенде Алматыда жаппай ескерту жүйесі жұмыс істемеді. Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті жаппай ескерту жүйесі жер дүмпуі 5.5 балл және одан көп болған кезде ғана іске қосылады деп түсіндірді.
ПІКІРЛЕР