Ресей Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысына қатысқан шетелдіктер мен олардың үй-ішіне паспорт беруге рұқсат берген Владимир Путиннің жарлығына сүйеніп, 2024 жылдың басынан бері 3344 шетелдік адамға Ресей азаматтығын берген. Бұл туралы Ресей ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ирина Волк хабарлады.
Статистикаға тек әскери қызметкерлер жата ма, әлде олардың жақындары да кіре ме, Волк оны нақты айтпаған. Путин Ресей армиясымен немесе ресейшіл әскери құрылымдармен бір жылға келісімшарт жасасқан адамдарды азаматтыққа қабылдауға рұқсат берген. Оған ұқсас заң 2022 жылы қабылданды.
Украинамен соғыс кезінде Ресейде әскери есепке тұрудан бас тартқан адамдардың азаматтығын тоқтатуға мүмкіндік беретін заң да қабылданды. Қыркүйекте Ресейдің ішкі істер министрлігі бұл заң орындала бастады деп хабарлады.
Қыркүйекте BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" басылымы ашық дереккөздегі ақпараттарды талдай келе, Ресей Украинаға басып кіргелі майданда 68 мыңнан астам орыс сарбазы қаза тапқан, оның 13 мыңнан астамы (19 пайызы) – соғысқа өз еркімен аттанғандар деген қорытынды жасады. "Ресейдің қорғаныс министрлігімен келісім-шарт жасасып, соғысқа өз еркімен кеткендердің көбі – жұмыссыздық пен кедейлік жайлаған шалғай өңірлердің тұрғындары" деп жазған зерттеу авторлары.
Өз еркімен соғысқа кеткендер арасында Орталық Азия елдерінен шыққан 265 шетелдік: 51 тәжікстандық, 47 өзбекстандық және 26 қырғыз азаматы бары анықталған. "Ресей билігі шетелдіктердің миграциялық статусын қысым құралы ретінде пайдаланады. Оларға "мемлекет мүддесіне жұмыс істесе", елден шығармауға, соғыстан оралған соң азаматтық алу процесін жеңілдетуге уәде береді" деді журналистер. Зерттеуде "орысша білмейтін шетелдіктер өзіне берілген құжатты дұрыс оқи алмастан қол қойып жіберетіні" айтылған.
Ресей Украинадағы соғысқа мигранттарды 2022 жылы тарта бастады. Билік оларға ақшалай сыйақыдан бөлек, Ресей азаматтығын жеңілдетілген жолмен беруді уәде еткен. Соғысқа ерлермен қатар, аспаз, медбике болуға әйелдерді де тартты.
Ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Қазақстанда да хабарландыру жариялап, соғысқа адам тартумен айналысқан. Жалдамалы әскер қатарына қосылған қазақстандықтар бар, бірақ олардың нақты саны белгісіз. Былтыр ақпанда Азаттық Донбасста өлген екі қазақстандықтың елге жеткізіліп, Қарағандыда жерленгенін жазған. Сол жылы наурызда Семейде 33 жастағы азамат жерленген. Ол Украинада Бахмут түбіндегі шайқаста қаза тапқан.
2023 жылы көктемде Ресейдің Томск мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандық студент Марғұлан Бекеновтің анасы Альмира Бекенова Азаттықтың "Сибирь. Реалии" сайтына ұлын "Вагнер" тобы соғысқа күштеп әкеткенін айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Марғұлан Бекенов "Вагнер" қатарына өз еркімен қосылған деді.
Бұған дейін Азаттық Қазақстан сыртқы істер министрлігіне "Ресей үкіметі "арнайы әскери операция" деп атайтын соғыс басталғалы бері қанша қазақстандық Украинадағы майданның алғы шебіне жіберілді? Ресей жағында және Украина жағында қанша қазақстандық соғысып жүр?" деген сауал жолдаған. Министрліктен жауап болмады.
ПІКІРЛЕР