Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын футбол клубтары биылғы маусымнан бастап алаңға 11 легионер шығара алады. Демек қазақстандық футболшылар қосалқы құрамда отырып қалуы да мүмкін. Легионерлер лимитінің өзгергеніне қарсы шыққандар бар. Ал футбол шенеуніктері бұл өзгерістен соң премьер-лигада шын бәсекелестік болады дейді. Легионерлерге қойылған шектеудің алынуы Қазақстан футболына қалай әсер етеді?
– Футболда бәсекені көтеру үшін бірінші кезекте мына жас балаларға жағдай жасау керек. Сол кезде жақсы футболшылар өседі, инфраструктура жақсарады. Иә, бұл ұзақ жол, ондаған жыл кетер, бірақ мұны қалай да бастау керек, – дейді жас балалардың ойынына көз салып тұрған ұлттық құраманың экс-ойыншысы Егор Азовский.
Қазір жас футболшыларды жаттықтырып жүрген Азовский 2005-2008 жылдары ұлттық құрамада 20-дан астам ойын өткізген. Ол ел чемпионатында командалар легионерлерге сенім артса, жергілікті футболшылар шет қала ма деп алаңдайды.
Қазақстанда бұрын футбол клубтары ойынға тек жеті легионер шығаратын. Биылдан бастап клубтар матчқа тек легионерлер (11 футболшы) қоса алады. Бұл бастаманың авторы – Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов. Ол бұл өзгеріс "біріншіден, футболдың дамуына серпін беретін бәсекелестікті арттырады" деп біледі.
"Екіншіден, кәсіби клубтарды көлеңкелі схемалардан, агенттердің лас істерінен және дұрыс жұмыс істемейтін футбол функционерлерінен сақтайды. Осыдан соң жалақыны қолдан көтеруге жол бермей нарық жүйесіне сай ақы төлеуге жағдай жасаймыз. Үшіншіден, ұлттық құраманың ойын сапасын көтереміз" дейді Барменқұлов.
ҚФФ президентінің бұл ұсынысын футбол клубтары мен футбол шенеуніктерінің басым бөлігі қолдағанымен, сарапшылар мен жанкүйерлер арасында қызу талқы туғызды. Олар "алаңға шықпай футболшының ойын деңгейі қалай өседі?" дейді. Бұған қоса, фанаттар Қазақстанға шетелден келетін легионерлердің көп жалақы сұрайды, легионерлерге иек артқан клубтар жастар футболын дамытпай қояды деп алаңдайды.
Қазақстан премьер-лигасының бірінші туры жанкүйерлер мен сарапшылардың қауіпін растағандай. Чемпионаттағы үш клуб қана – "Қайрат" (Алматы), "Жетісу" (Талдықорған), "Шахтер" (Қарағанды) – биылғы маусымда 7-10 легионермен ойнамақ. Ал қалған командалар құрамын легионерлермен толтырған. Мысалы, "Жеңіс" (Астана), "Тұран" (Түркістан) және "Атырау" құрамында 12 легионерден бар.
Жанкүйерлерге белгілі футбол сарапшысы Айдын Қожахмет егер жергілікті футболшылар қазіргі футбол талаптарына сай келсе, легионерлер аз болар еді деп санайды. Оның пайымдауынша, клубтардың жетекшілері басшылықтың талабын орындау үшін шетелден футболшы шақыруға мәжбүр.
– Қазақстандағы командаларға легионерлер не үшін қажет? Жазда еурокубоктарға қатысып, екінші-үшінші кезеңнен өтіп, топтық кезеңге шығу үшін керек. Бұл тапсырманы орындау үшін сапалы легионерлер қажет. Ондай деңгейдегі қазақстандық футболшылар аз. Бәсеке ғана дамуға себеп болады. Осы тұрғыдан алсақ, біздің футболшыларға шетелдік футболшылармен бәсекеге түсіп, шеберлі шыңдаған пайдалы. Бірақ бұл жерде сапаға қатысты сұрақ туындайды. Меніңше, Қазақстанға легионердің саны емес сапасы маңызды, – дейді ол.
"ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛЫНДА ЭКСПЕРИМЕНТТЕР ӘЛІ БОЛАДЫ"
Қожахметпен футбол комментаторы Ербол Қайыров та келіседі. Қазақстан футболымен жақсы таныс Қайыров ұлттық құраманың шетелдегі ойындарын көріп, футбол жайлы Youtube-каналға видео жариялап тұрады.
– Неге "Астанадан" не "Қайраттан" мықты футболшылар шығады? Себебі олар бұл клубқа жастайынан келіп, еурокубоктарда, одан соң Андрей Аршавин, Патрик Твумаси, Жоао Пауло сынды шеберлермен ойнап тәжірибе жинайды, - дейді ол.
Дегенмен Қайыров "легионерлер лимитін алып тастау өзгерісі алдағы уақытта тағы өзгеруі мүмкін, әлі де эксперименттер әлі де болады" деп есептейді.
– [Лимитті алып тастау] уақытша шешім деп топшылаймын. Бір-екі жылдан соң басқа басшы келіп, бұл шешімді де өзгертіп, тағы да 7-8 легионер деген шектеу қоюы мүмкін. Басшылар 4-5 жыл ғана отырады. Жүйе мен бірізділік жоқ. Әркімнің өз көзқарасы, даму векторы бар, кеңесшілерін де тыңдайды. Сондықтан бірнеше жылда лимитті де, премьер-лига мен бірінші лигада ойнайтын клубтардың санын да, жас футболшыларға қатысты ережені де жиі өзгертеміз, – дейді футбол сарапшысы.
Расымен Қазақстан футболында эксперименттер жиі болады. Мысалы, былтыр легионерлерге лимит басқаша беді. Еуразия экономика одағына мүше елдердің футболшылары Қазақстанда легионер деп саналмады. Командалар бір ойынға Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан футболшыларын шығара алатын. Айдын Қожахмет бұл "легионерлер түсінігін бұрмалау" деп санайды.
– Алаңға бір ғана қазақстандық футболшы шыққан кездер болған. Бір кездері "Атырау" клубы бірде-бір қазақстандық футболшысыз ойнаған. Қазір сол лимит қалды. Қазіргі ережеге сай, бір маусымда команда құрамында 13 қазақстандық, 12 шетелдік футболшы болуы керек, бірақ алаңға 11 серб, бразилиялық не басқа елдің футболшысы шыға алады, – дейді Қожахмет.
20 МЫҢ ДОЛЛАР АЙЛЫҚ?
Елде легионерлер тақырыбы айтыла қалса қазақстандықтар легионерлер мен футболға бюджеттен кететін қыруар қаржыны сөз етеді. Салық төлеушілерге легионерлердің айлығы мен клубтарды ұстауға қымбатқа түсетіні айтылады. Ал Қазақстан клубтары легионерлерге қанша төлейді? Футболшылардың айлығы жайлы ресми ақпарат алу қиын, клубтар ішкі құпияға сілтеп ештеңе айтпайды. Бірақ кейбір спорт сайттарында легионерлер алатын айлық жайлы ақпараттар шығып жатады.
Мәселен, Tribuna спорт сайты былтыр Қазақстанда ойнайтын легионерлердің табысы жайлы ақпарат жариялаған. Сайт "Ақтөбеде" ойнайтын камерундық Габи Кики айына 20 мың доллар, "Астанадағы" белорус Макс Эбонг пен семейлік "Елім-айдағы" белорус Никита Корзун айына 17 мың доллар алатынын жазған.
Совет одағы кезінде Алматының "Қайрат" клубында ойнаған футболшы Евстафий Пехлеваниди Қазақстан футболында легионерлердің көбейгеніне қарсы. Грекияда тұрса да Қазақстан футболын жіті қадағалап отыратын Пехлеваниди легионерлер лимитін жою "жастар футболын өлтіреді" деп санайды.
– Жағдайды жақсарту керек. Дегенмен жақсы ойнайтын футболшылар бар. Мәселен, маған Абат Айымбетов (түріктің "Аданадемирспор" клубында ойнайды – Ред.) ұнайды. Гол салып жүрген бразилиялықтар бар. Бірақ бұл аз, таланттар көп болуы керек. Академиялар жас футболшыларды тәрбиелеп, кейін олар командада ойнауы үшін құрылған. Футболды дамытқымыз келсе балаларды дайындау керек. Сонда нәтиже де, өзіміздің футболшылар да болады. Ал шетелдіктерге иек артпаймыз. Себебі легионерлер Грекияда да, Қазақстанда да, Өзбекстанда да жергілікті футболшылардың орнын алып жатыр, - дейді ол.
БЮДЖЕТТЕН ФУТБОЛҒА 133 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕ МЕ?
Қазақстандықтар футболға бөлінетін қыруар қаржы жайлы естігенде көп қарсылық білдіреді. Айлықтан айлыққа өмір сүріп отырған жұрт футболшылардың айлығы жайлы естігенде футбол клубтарына бюджеттен ақша бермеуді я азайтуды талап етеді. Бұл мәселе парламентте де көтеріліп жүр. Мәселен, "Ақ жол" партиясынан сайланған депутат Қазыбек Иса спорт және туризм министрлігіне сын айтқан.
– 2023 жылы футбол клубтарына 133 млрд теңге бөлінген, оның 111 млрд теңгесі – облыс бюджеттен алынған. Мемлекеттік қазынадан футболға осыншама қаржы бөліп жатырмыз, бірақ нәтиже жоқ. Бұл ақшаның бәрі қайда кетіп жатыр? Бұл ақшаның бәрі легионерлерді байытып жатыр, - деген еді депутат.
Ал спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев легионерлер лимитін өзгерту министрліктің келісімінсіз болғанын айтады.
– Легионерлерге келсек, жыл соңында футбол федерациясы өз бетінше өзгеріс енгізген. Бұл өзгерісті олар спорт және туризм министрлігімен келіскен жоқ. Біз өз тарапымыздан лимитті өзгертпеу туралы хат жолдағанбыз. Бірақ олар қоғамдық ұйым болғандықтан клубтарды жинап, дауыс беру өткізген, - деді Жарасбаев депутаттарға.
2021 жылдың басында Қазақстан үкіметі кәсіби спорт және клубтарын қаржыландыру ережесін бекіткен. Оған сай, әкімдіктер жылына 1,2 млрд теңгеден артық бөле алмайды, ал ойыншылардың айлығы 2 млн теңгеден аспауы тиіс.
Кейбір спортшылардың 20 мың доллар айлық алатыны айтылып жатқанда бұл талап орындала ма әлде орындалмай ма түсініксіз. Бірақ командалардың демеушілері де бар екенін ескерген жөн. Әйтпесе әкімдіктер бөлетін қаржы Қазақстанға келген легионерлерге айлық беруге жетпес те еді.
ПІКІРЛЕР