Accessibility links

Спортқа бөлінген 330 млрд теңге, футболдағы үміт. 2023 жыл қазақ спорты үшін қандай болды?


Футболдан Қазақстан құрамасы Еуро-2024 додасына іріктеуде Данияны жеңген сәт. Астана, 2023 жылдың наурызы.
Футболдан Қазақстан құрамасы Еуро-2024 додасына іріктеуде Данияны жеңген сәт. Астана, 2023 жылдың наурызы.

2023 жылы Қазақстан бюджеттен спортқа 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлсе де, Азия ойындарында үздік ондыққа ене алмады. Олимпиадалық спорт түрлерінен де әлемдік жарыстарда алтын медаль аз, допингке ілінген спортшылар да азаймай тұр. Ал футболшылар Еуро-2024 турниріне тікелей жолдама ала алмаса да, лицензиядан үміті бар.

"ЖЕҢІЛІСТІҢ ӨЗІ ТӘТТІ БОЛДЫ"

21 қараша. Любляна. Футболдан Қазақстан құрамасы Словениядан 1:2 есебімен жеңіліп, Еуро-2024 турниріне шығу мүмкіндігін жіберіп алды. Ойын аяқталған бетте Қазақстан футболшылар қолдарын жүрек тұсына қойып, стадионның бір секторына жиналған қазақстандық жанкүйерлерге бас иіп жатты. Футболшылардың басы салбыраңқы. Ал стадиондағы қазақстандық жанкүйерлер өкініп тұрған футболшыларға демеу ретінде керемет эмоция үшін алғыс айтты.

Словениядағы ойындағы қазақстандық жанкүйерлер. Любляна, 20 қараша 2023 жыл.
Словениядағы ойындағы қазақстандық жанкүйерлер. Любляна, 20 қараша 2023 жыл.

Қазақстан құрамасы Еуро-2024 турниріне іріктеу арқылы жолдама ала алмаса да, ойыншыларды жеңіліс үшін қатты сынағандар аз болды.

– Ризамыз, осыған дейін футболшыларымыз жеңіле беретін еді. Бұл жолғы жеңіліс бәрібір тәтті болды. Себебі үміттің соңғы сәтке дейін сақталғаны ғажап сезім екен, – дейді алматылық Қайсар есімді футбол фанаты.

Әдетте іріктеу басталғанда Дания, Финляндия, Словения, Солтүстік Ирландия, Сан-Марино бар топта Қазақстан Сан-Мариномен бірге аутсайдерлердің бірі болған. Наурызда Астанада Қазақстан әлемдегі мықты құрамалардың бірі Даниядан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, 3:2 есебімен жеңгені футбол әлемінде сенсация деп көп талқыланды. Кейін Қазақстанның Хельсинкиде Финляндияны 2:1 есебімен жеңгені де жанкүйерлерді қуантты.

Топтағы бір жолдаманың тағдыры сол Люблянада шешіліп, Словения басым түсті. Іріктеу тобынан Дания мен Словения Еуро-2024 турниріне жолдама иеленсе, Қазақстан үшінші орында.

Бірақ Қазақстан бұрын-сонды әлем кубогына я Еуропа чемпионатының іріктеуінде жолдамаға дәл мұндай жақын болмаған еді. Әдетте Қазақстан іріктеулерде көп матчта жеңіліп, соңғы орындарда жүретін әрі ұпай таратушы құрамалардың бірі болатын.

– Дания құрамасын жеңгеніміз керемет болды. Жанкүйер ретінде айтарым, ұлттық құраманың жалпы алдағы уақытта Еуропа чемпионатына шығуға деген үміті арта түсті. Биыл ұлттық құрамадан командалық атмосфера мен ұйымшылдық көрдім, – дейді қызылордалық жанкүйер Қорқыт Жәлей.

Словения-Қазақстан ойыны. Любляна, 20 қараша 2023 жыл.
Словения-Қазақстан ойыны. Любляна, 20 қараша 2023 жыл.

Қазақстан құрамасының Еуро-2024 додасына шығуға әлі үміті бар. 2024 жылы 21 наурызда Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Қазақстан сырт алаңда Грекиямен ойнайды. Бұл матчта жеңсе, Грузия-Люксембург арасындағы ойынның жеңімпазымен 26 наурызда бір жолдаманы сарапқа салады. Қазақстан бұл екі матчта да басым түсіп, Еуро-2024 додасына шықса, Португалия, Чехия, Түркиямен бір топта ойнамақ.

– 2023 жыл құрама үшін "жаңару" жылы болды дер едім. Еуро-2024 додасының іріктеуінде жігіттер кез келген құрамаға тойтарыс беруге қабілетті екенін көрсетті. Бірақ тарихта ойын емес, нәтиже қалатынын ескерсек, қажетті нәтижеге қол жеткізе алмадық. Көктемде Ұлттар лигасында берілетін мүмкіндікті жігіттер барынша пайдалануға тиіс. Ұлттар лигасында ұлттық құрама сенсация жасаса деймін. Әйтпесе Грекия сияқты тісқаққақ құрамадан айла асыру оңай емес, – дейді спорт журналисі Асқар Хамиден.

Ал футзалдан Қазақстан құрамасы Нидерланд, Румыния, Әзербайжан бар іріктеу тобында алты ойынның алтауында жеңіп, 2024 жылы Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына жолдама иеленді. Бразилиялық маман Кака жаттықтыратын футзал құрамасындағы 14 ойыншының үшеуі Бразилиядан келген. Қазақстан футзалдан әлем чемпионатына үшінші рет қатыспақ.

Футзалдан Қазақстан құрамасы. Астана, 13 желтоқсан 2023 жыл (Қазақстан футбол федерациясы сайтынан алынды).
Футзалдан Қазақстан құрамасы. Астана, 13 желтоқсан 2023 жыл (Қазақстан футбол федерациясы сайтынан алынды).

– Футзал құрамасында даму бары сөзсіз. Құрамадағы "бразилиялықтардың" арқасында қазақ жігіттерінің деңгейлері өскен. Қазір сол жігіттердің ойыны дамып, құрама "алтын дәуірін" өткізіп жатыр. Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатында тарихи жетістікке жетсе, осы буын өз атын тарихта қалдырары сөзсіз, – дейді Асқар Хамиден.

СПОРТҚА БӨЛІНГЕН МИЛЛИАРДАР МЕН "НАШАР НӘТИЖЕ"

Биыл футболшылардың жетістігі жанкүйерлерді қуантқанымен басқа спорт түрлерінен Қазақстан айтарлықтай жетістікке жете алмады. 2024 жылдың басты додасы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында 10 алтын, 22 күміс, 48 қоламен жалпы есепте 11-орын алып қалды. Тәуелсіздік алғалы Қазақстан Азияда Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан кейінгі спорт державасы ретінде қаралатын. Бірақ кейінгі он жылда Қазақстанның олимпиададағы және Азия ойындарындағы нәтижесі күрт төмендеп кетті.

Азиададағы Қазақстанның жүлделері

  • Хиросима – 1994: 27 алтын, 25 күміс, 27 қоламен жалпы есепте 4-орын
  • Бангкок – 1998: 24 алтын, 24 күміс, 30 қоламен жалпы есепте 5-орын
  • Пусан – 2002: 20 алтын, 26 күміс, 30 қоламен жалпы есепте 4-орын
  • Доха – 2006: 23 алтын, 20 күміс, 42 қоламен жалпы есепте 4-орын
  • Гуанжоу – 2010: 18 алтын, 23 күміс, 38 қоламен жалпы есепте 5-орын
  • Инчхон – 2014: 28 алтын, 23 күміс, 33 қоламен жалпы есепте 4-орын
  • Джакарта – 2018: 15 алтын, 17 күміс, 44 қоламен жалпы есепте 9-орын

Елде спортқа бюджеттен көп қаржы бөлінгенімен, нәтиже төмендеп кеткенін сынайтындар көп. Спортшылардың төмен нәтижесіне қатысты сын көбейген тұста спортқа бөлінетін қаржының тиімсіз жұмсалатыны Ақорда мен парламентте де айтылды. 11 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдағанда "нәтиже мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетті" деп көрсеткішті сынаған.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы "қарапайым халық ішер ас, киер киімге жарымай жүргенде бюджеттен спортқа 775 млн доллар (356 млрд теңге) бөлінгенін" сынға алды.

"Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ" деген еді Аралбайұлы премьер-министр Әлихан Смайловқа жолдаған депутаттық сауалында.

2023 жылы спортқа бюджеттен 660 млн доллар бөлінді
Ермек Маржықпаев, спорт және туризм министрі

Желтоқсанда спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев брифингте Қазақстан спортқа 2023 жылы 660 млн доллар (шамамен 300 млрд теңге) бөлгенін мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, Қазақстан бюджеттен 180 спортқа ақша бөлсе, оның ішінде 46 спорт түрі олимпиада бағдарламасына енеді. 180 спорттың тек алты-жетеуі ғана мемлекетке медаль әкеліп жатыр.
Депутат Аралбайұлының айтуынша, бюджеттен пенчак-силат, балық аулау, биатл, траитл, текбол, унифайт, черлидинг спорттары бар. Депутат биліктен 180 спорт түрін қысқартуды талап еткен.

Ал желтоқсанда министр Маржықпаев спорт саны қысқаратынын мәлімдеді

"Мысалы, Ресей – 31, Германия – 15, Өзбекстан 18 спорт түрін қаржыландырады. Біз де осы жолмен жүреміз. Жазғы, қысқы олимпиадаға, паралимпиадаға енетін спорт түрлеріне басымдық береміз. Бірақ мұның бәрін ертең-ақ шешіп тастаймыз дей алмаймыз. Бұл үшін көп жұмыс істеу керек" деді министр.

Қазақстан спортшылары Азиаданың ашылу салтанатында. Ханчжоу, 23 қыркүйек, 2023 жыл.
Қазақстан спортшылары Азиаданың ашылу салтанатында. Ханчжоу, 23 қыркүйек, 2023 жыл.

Азия ойындарына арнайы барып хабар таратқан спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы 2023 жыл Қазақстан спорты үшін ауыр болғанын айтады әрі бұл жыл ел спортындағы жүйесіздікті көрсетіп берді деп санайды.

– 2023 жылы олимпиадалық спорт түрлерінен нәтиже жалпы алғанда нашар болды. Боксшылар әлем чемпионатында төрт алтын алғанымен, Азия ойындарында алтынсыз қалғаны алаңдатады. Бокстан қазір олимпиадаға бір ғана жолдама бар. Екі іріктеу турнирінде жолдамаға таласу керек болады. Еркін күрестен Ризабек Айтмұхан 92 келіде әлем чемпионы болғанымен, бұл олимпиадалық салмақ емес. Біз резервке көңіл бөлмей Ольга Рыпакова (жеңіл атлетикадан олимпиада чемпионы), Дмитрий Баландин (жүзуден олимпиада чемпионы) сынды жеке спортшылардың нәтижесімен шығып жүрдік. Резерв болмаған соң бүкіл проблема енді көрініп жатыр. 2024 жылғы Париж олимпиадасы алдында жағдайымыз осындай болып тұрғаны уайым, – дейді спорт журналисі.

Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанған сәт. Белград, 18 қыркүйек 2023 жыл.
Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанған сәт. Белград, 18 қыркүйек 2023 жыл.

Астанада спортқа бөлінетін көп қаржы мен аз медаль талқыланып жатқанда елде допинг дауы өрши тұсты. Рио олимпиадасында ауыр атлетикадан чемпион атанған Нижат Рахимовтың допинг сынамасынан рұқсат етілмеген препарат табылып, ол 2016 жылғы олимпиаданың чемпионы деген атағынан айырылды.

2012 жылғы Лондон олимпиадасында допинг қолданды деп, осы олимпиаданың алтынын қайтарып берген ауыр атлет Зүлфия Чиншанло тағы да допинг дауына ілініп, 8 жылға спорттан шеттетілгені хабарланды. Бұдан бөлек, Қазақстан құрамасындағы кемі жеті ауыр атлет допинг қолданды деген күдікпен тергеліп жатыр.

2024 жыл қазақ футболы мен қазақ спорты үшін үлкен сынақ болмақ. Футболдан ұлттық құрама Еуро-2024 додасына шығып жатса, Қазақстан үшін тарихи жетістік болары сөзсіз. Ал Қазақстан Париж олимпиадасында Токио олимпиадасындағы (бұл ойындарда 8 қола медаль ғана иеленген) сәтсіздіктің орнын толтыру керек болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG