Қазақстан Ұлттар лигасының (Nations League) биылғы маусымында В деңгейінде ойнайды. Сонымен жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Австрия, Норвегия және Словениямен бір топқа түсті.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРСЫЛАСТАРЫ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
Австрия. Қазақстан қарсыластарының ішінде FIFA-ның әлемдік рейтингінде ең жоғары тұрған құрама – 24-орын. Биыл Германияда өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алған. Австрия құрамасының капитаны Давид Алаба Испанияның "Реал Мадрид" клубында ойнайды. Қазақстан мен Австрия бұған дейін төрт рет ойнап, екі матчта Австрия жеңсе (4:0, 2:0), екі ойын 0:0 есебімен тең аяқталған. Бір қызығы, екі тең ойын да Қазақстан да өткен.
Словения. Қазақстан Словениямен Euro-2024 турнирінің іріктеуінде бір топта болған. Астанадағы матчта да, Люблянадағы ойында да Словения 2:1 есебімен басым түскен еді. Словения биыл Германияда өтетін Еуропа чемпионаты қатысады. Бұл елдің құрамасы FIFA рейтингінде 54-орында келеді.
Норвегия. FIFA рейтингінде 44-орында тұр. Бұл елдің құрамасында Англияның "Манчестер Сити" командасының жұлдызы, Чемпиондар лигасының жеңімпазы, Англия чемпионы Эрлинг Холанд ойнайды. Құрамында жұлдызды ойыншысы болғанына қарамастан Норвегия EURO-2024 турниріне жолдама ала алмады. Норвегия 2000 жылы бір рет қана Еуропа чемпионатында ойнаған. Қазақстан мен Норвегия бұған дейін бір-бірімен ойнамаған.
Қазақстан қазір FIFA рейтингінде 100-орында келеді.
ҰЛТТАР ЛИГАСЫ ДЕГЕН ҚАНДАЙ ТУРНИР?
Ұлттар лигасы турнирін ұйымдастыру шешімі 2014 жылы Астанада өткен UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) конгресінде қабылданған.
Жарысқа UEFA құрамына кіретін 55 елдің құрамасы қатысады. Құрамалар UEFA рейтингіндегі орнына және бұған дейінгі маусымда көрсеткен нәтижелеріне байланысты А, В, С, D деңгейіне бөлінген.
Мысалы, А лигасында рейтингі жоғары Франция, Испания, Германия, Нидерланд, Хорватия, Польша, Швейцария, Италия, Бельгия, Франция, Португалия ойнайды. Осы командалардың арасында Ұлттар лигасының жеңімпазы анықталады.
Басқа елдер рейтингі мен осыған дейінгі Ұлттар лигасы турнирінде көрсеткен нәтижесіне қарай В, С, Д деңгейінде ойнайды. Өз тобында бірінші орын алған құрама келесі маусымда жоғары деңгейде ойнайды, соңғы орын алған құрама төменгі деңгейге түседі.
Егер Қазақстан бұл жолы өз тобында бірінші орын алса келесі маусымда А деңгейінде ойнайды. Ал топтан соңғы орын алса, С деңгейіне түседі. 2-орын алса А деңгейіндегі бір топтан екінші орын алған командамен плей-офф кезеңінде кездесіп, А деңгейіне көтерілу үшін ойнайды. А деңгейінің құрамасын жеңсе, бір лига жоғарылайды, жеңілсе В деңгейінде қала береді.
Қазақстан өз тобында 3-орын алса С деңгейіндегі топта екінші орын құрамамен плей-офф кезеңінде кездеседі. Жеңсе В деңгейінде қалады, жеңілсе С деңгейіне түседі.
Қазақстан 2022/2023 жылғы маусымда С деңгейінде ойнаған. Бұл лигада Қазақстан құрамасы Беларусь, Словакия, Әзербайжан бар топтан бірінші орын алып, бір саты жоғарылап, В деңгейіне көтерілген.
UEFA Ұлттар лигасы футболдағы жолдастық матчтардың орнын алмастырады деп санайды. Бұл турнир арқылы Қазақстан, Литва, Латвия, Молдова, Грузия, Македония сынды рейтингі төмен құрамалардың Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігі артады. Мәселен, Қазақстан құрамасы бұрын Еуропа чемпионаты жолдамасын Англия, Португалия, Украина, Польша, Бельгия сынды күші әлдеқайда басым командалармен сарапқа салған. Ал Ұлттар лигасында өзімен деңгейлес құрамалармен ойнап, лицензияға таласады.
МАТЧТАР ҚАШАН БОЛАДЫ?
Турнирдің негізгі кезеңі 5 қыркүйекте басталып, 19 қарашада аяқталады. Қазақстан қарсыластарымен өз алаңында және сырт алаңында ойнайды. Ойындар биыл мына күндері өтеді:
- 5-7 қыркүйек
- 8-10 қыркүйек
- 10-12 қазан
- 13-15 қазан
- 14-16 қараша
- 17-19 қараша
- Плей-офф пен финалдық кезең: 20-25 наурыз 2025 жыл.
Былтырғы маусымда Ұлттар лигасының финалында Испания Хорватияны пенальтиден жеңіп, жарыс чемпионы атанған. Үшінші орынды Нидерланд құрамасын жеңген Италия алған еді.
ПІКІРЛЕР