Азаттық радиосы

Талдықорғандағы қантөгіс. Әскерилер бейбіт адамдарды неге атты?

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Қаң. 18, 2022

Қаңтардың алғашқы күндері Қазақстанның бірнеше қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық Талдықорғанға да жеткен. Үкіметке талап қойып жиналған халықты орталық алаңға өткізбеу үшін полиция бар күшін салды. Қалқанды жасақ қойды, газбен де тұншықтырып көрді. Наразы жұртты Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев та тоқтата алмай, тіпті балағаттап жіберді. Оқиға аяқталған соң, екі-үш күннен кейін де бейбіт адамдарға оқ атылып, бірнеше кісі өліп, кей отбасының шаңырағы ортасына түсті. Полиция оларды әскерилердің атып тастағанын растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"ТЫҢДА, ЁПТ!"

Қазақстанның өзге де өңірлеріне жайылған жаппай наразылықтың алғышарты қаңтардың үшіне басталды. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттағанына наразылық білдірген халыққа қолдау білдіріп, Талдықорған қаласы орталығында видео үндеу түсіргісі келген он шақты белсендіні полиция қуып таратты. Тарап кеткен топ ертеңіне қаладан шығаберісте тұрған "Талдықорған" деген үлкен жазудың жанына қайта жиналып, "Жаңаөзендіктерді қолдаймыз!" деген видео үндеу жасаған еді.

Алайда полиция белсенділерді бұл жерден де тауып алып, автозакқа салып әкетті. Бұл кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінде Жаңаөзендегі наразылықты қолдау акциясы басталып, үлкен саяси ереуілге ұласа бастаған еді. Талдықорғанда да наразылық басталмай тұрып 86 адам тұтқындалды.

– "Халық жиналмасын десеңіздер дереу босатыңыздар. Кейін айыппұл саласыздар ма, қамайсыздар ма, өздеріңіз біліңіздер. Солай қайтарып жіберіңіздерші, құдай үшін, мына жағдай шиеленіспесін" деп полиция басшылығына ескерттім, тыңдамады. Кешкі сегіздерге қарай ғана босатуға мәжбүр болды. Бірақ ол кезде кеш еді, халық жан-жақтан жиналып, тез көбейе бастаған, – дейді "Айша бибі" қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық бөлімшесінің жетекшісі Жазира Қамолданова.

Жергілікті әлеуметтік проблеманы жиі көтеріп, әкімдік көзіне түскен сегіз баланың анасы Жазира Қамолданова бүгінде өзін полиция шақырып, Талдықорғандағы наразылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі деп айыптай сала ма деп күдіктенетіні байқалады.

Оқиғаны сырттай бақылаған Алматы облыстық заң кеңесі палатасының заңгері Берден Қадыр қарсылық акциясына шыққандардың арасында жасы да, жасамысы да, қыздар да болғанын айтады.

– Қолдарында қару болған жоқ. Қазір "террористер" деп бағалап жатыр ғой. Террористерді білмесек несіне жер басып жүрміз? Террористің қолында қаруы, аузында ұраны болады, жоспармен әрекет жасайды, – дейді ол.

Заңгердің сөзінше алаңға шығуға тырысқан бейбіт халыққа құқық қорғау органдарының сес көрсеткені, қалқанмен шығып, газ шашып, митинг өткізуге кедергі жасауға тырысқаны оқиғаны ушықтыра түскенге ұқсайды.

Қаңтардың бесіне түстен кейін облыс әкімдігінің алдына жеткен көп адамды Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев та тоқтатып көрмек болды. Алайда сөзін тыңдата алмаған әкімнің "Тыңда, ёпт!" деп халықты балағаттап жібере жаздағаны наразылықты одан сайын күшейтіп жіберді.

Назарбаев ескерткіші құлаған сәт.

Полиция жасағына бой бермеген наразы топ облыс әкімдігі алдындағы алаңда тұрған Қазақстаннның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін мәшинемен тартып құлатты.

Кіндік тұсынан қаққа бөлінген ескерткіштің үстіңгі бөлігін әкімдік ғимараты алдына апарып, мойнынан "дарға" асып қойды. Онымен тоқтамай облыс әкімдігі ғимаратын өртеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың наразы жұрт құлатқан ескерткішінен қалған тұғыр. Талдықорған, 12 қаңтар 2022 жыл.

Назарбаевқа бұл ескерткіш 2016 жылы қарашаның соңында, 1 желтоқсанда атап өтілетін тұңғыш президент күні қарсаңында қойылған еді. Ескерткіштің ашылу салтанатында президент Назарбаевтың "кемеңгерлігі" мен "реформаторлығы" да айтылған.

Назарбаев ескерткішінің ашылған сәті. Талдықорған, 30 қараша 2016 жыл.

"ӨЗ ЖЕРІНДЕ ОҚҚА ҰШҚАН САЛТ АТТЫ"

Талдықорған орталығындағы аласапыран қаңтардың алтысына тыншығанмен полиция мен әскери жасақ "террорға қарсы операциясын" жалғастырып жатты. Қала халқы төтенше жағдайға байланысты комендант сағаты тәртібі басталғанда көшеге шықпауға тырысты.

Бізбен сөйлескен кей тұрғындардың сөзінше, адамы жоқ қала қаңырап бос қалғандай көрінген. Қалада әкімдік пен полиция басқармасына, тергеу абақтысына қарулы шабуыл жасалғаны, адамдар өлгені туралы сыбыстар тараған. Қақтығыс аяқталған соң да кездейсоқ адамдардың оқ тиіп, мерт болғаны туралы хабар шыға бастаған.

Соның бірін Алматы облыстық заң кеңесі палатасының заңгері Берден Қадырдан естідік. Бізбен кездейсоқ кездескен Берден Қадырдың сөзінше, қала шетіндегі әскери бөлім жанындағы өз жерінде кетіп бара жатқан салт атты адам оққа ұшқан.

– Жап-жас жігітті ат-матымен өзіміздің әскери адамдар атып өлтірген. Мынаны қараңыз, бұл не сұмдық? – дейді ол смартфонындағы фотосуретті көрсетіп.

Алматы облыстық заң кеңесі палатасының заңгері Берден Қадыр (сол жақта) Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлына оқ атылған жерді көрсетіп тұр. Талдықорған, 12 қаңтар 2022 жыл.

Суреттен ер-тоқымы бар өлген ат көрінеді. Оның арғы жағында, жан-жағы ашық далада шамамен 200-300 метр жерде әскери бөлім қоршауы байқалады.

– Туыстары бұл аттың өлігін де үш күн бойы ала алмаған, жақындасаңдар атамыз деп әскерилер алыстан белгі берген. Салт атты адам әскери бөлім жанындағы өз жерінде жүрген, сол жердің иесі екенін білдіретін мемлекеттік актісі де бар екен, – дейді ол.

Салт атты адамның нақты қай күні өлгенін, аты-жөні мен туыстарын білу мүмкін болмады. Берден Қадыр оларға енді баратынын, заң көмегін беретінін айтты. Оның сөзінше, әскерилер оғынан ажал құшқан ол адамның қазасы бойынша әзірге қылмыстық іс те қозғалмаған.

ТҰТҚИЫЛДАН АТЫЛҒАН ОҚ

Қаңтардың жетісі кешкі сегізге қарай үйден шыққан ерлі-зайыпты Қайрат Нұрғалиев пен Лаура Нұрғалиева және достары Андрей мінген көлікке де оқ атылған. Қайрат пен Андрей Карпиленко сол жерде тіл тартпай кеткен, денесінің екі тұсынан оқ тиген Лаура тірі қалған.

Аурханадан шыққан Лаура Нұрғалиеваның сөзінше, олар өздері сыртқа шыққан уақытта Талдықорғанда комендант сағаты күшіне енді деп ойламаған. Жақын маңда тұратын қызына бармақ болып үйден шыққан соң жолай жанармай бекетінен бензин құйып алмақшы болған.

– Үлкен көшемен кетіп бара жатқанбыз. Кенет сол жағымыздан оқ атылды. Артқы орындықта отырған мен оң жағыма жантая құладым. Күйеуіме оқ тигенін, рөлге ие бола алмай шайқалақтап бара жатқанымызды сездім. Рөлді түзеп, алдымыздағы кең көшеге шығуды ойладым, бірақ мүмкін болмады. Мәшинеміз 100 метрдей шайқалақтап жүріп, арықтың ішіне түсіп тоқтады, – дейді ол.

Әскерилер атып өлтірген Қайрат Нұрғалиев. Отбасы архивіндегі сурет.

Лаура мен оқ тиіп өлген Қайрат Нұрғалиевтің анасы бізді оқиға болған жерге апарып көрсетті. Ескі мәшине тоқтаған жерінде сол күйі тұр. Алдыңғы сол жақ дөңгелегі арық ішіне түсіп кеткен. Мәшиненің айналасынан шұрқ-тесік оқ іздері көзге шалынады.

Тұтқиылдан атылған оқ тиіп жараланған Лаура арыққа түсіп тоқтаған мәшинеден қалай шыққанын айтып берді.

– Есікті ашқанда арық ішіне түстім. Қазір тағы да атады деп қорыққанымнан арықтың ішімен 200 метрдей еңбектеп үлкен көшеге шықтым, – дейді ол.

Лаура үлкен көшеге жете бере туыстарын көмекке шақырған. Туыстары жаралы әйелді үйіне алып барып, жедел жәрдем мен полиция шақырғанымен екеуі де келмеген. Туыстарының бірі көшеге шықсақ атып тастай ма деп қорықса да, тәуеке етіп өз мәшинесімен Лаураны ауруханаға жеткізген. Бірақ арықта қалған мәшине ішінде өліп жатқан Қайрат пен Андрейге баруға бата алмаған.

Қайрат Нұрғалиев пен Андрей Карпиленконың қазасына қатысты тергеушінің анықтағаны

– Мәшине таңға дейін оталып тұрыпты. Ішінде өліп жатқан Қайрат пен Андрейге ешкім жақындамаған, – деп жылайды Лаура.

Лаураның сөзінше, бұл көшемен жүруге тыйым салатын ешқандай блокпост я белгі болмаған.

– Тым болмаса ескертіп те оқ атқан жоқ. Оқ мына кішкентай қуыстағы СИЗО (тергеу абақтысы) жақтан атылды. Дәл сол тұстағы шашылып жатқан терезелерден де көрініп тұр және оқ тек сол жағымыздан, тек СИЗО жақтан атылған, – дейді ол.

Лаура Нұрғалиева әскерилер оқ жаудырғанда күйеуі Қайрат Нұрғалиев пен Андрей Карпиленко өлген көлік жанында жылап тұр. Талдықорған, 12 қаңтар 2022 жылы

Мәшиненің тек сол жақ артқы доңғалағына оқ тиіп жарылған. Ал сол жақ артқы есігі мен терезесіне жүздеген оқ тиіп, оң жағынан шығып кеткен.

Лаура көрсеткен жерде, яғни екі көшенің қиылысында мәшине терезесінің сынықтары шашылып жатыр. Ал кішкентай көше жақтан Талдықорған қалалық тергеу абақтысы (СИЗО) көрінеді. Жанымдағы оператор Санат Нұрбеков СИЗО көрінетін тұстан камерамен түсіре бастағанда қарулы әскери адамдар қолын сермеп, кетіңдер дегендей белгі берді. Олардың жанында БТР тұр.

Біз Алматыға жеткеннен кейін екі күннен соң, 16 қаңтарда Лаура Нұрғалиеваға Қазақстан ішкі істер министрлігінің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы "Қайрат Нұрғалиев пен Андрей Карпиленконы №18404 әскери бөлімнің әскери қызметкерлері атып тастаған, олардың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 451-бабының ("Билігін асыра пайдалану") 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық бар екені анықталды" деп ресми жауап берген.

Әскерилер оқ жаудырғанда осы көлікте келе жатқан Қайрат Нұрғалиев пен Андрей Карпиленко тіл тартпай кеткен. Талдықорған, 12 қаңтар 2022 жыл

Лаура Нұрғалиева мен Қайрат Нұрғалиевтың отасқанына бес жыл болған. Ортақ балалары жоқ. Қайраттың үйінде анасы Татьяна мен әйелі Лаура ғана қалды.

Қайраттың анасы Татьяна ұлының Талдықорғандағы ереуілге де бармай тыныш отырғанын, осылай кездейсоқ оққа ұшқанын айтып ұзақ жылады.

ТҮТІНІ СӨНГЕН ШАҢЫРАҚ

Осы оқиғадан кейін бір күн өткенде, қаңтардың сегізіне Талдықорғанда тағы бір үйдің шаңырағы ортасына түсті. Ішінде ерлі-зайыпты, 1969 жылы туған Нұрболат Сейітқұлов пен 1970 жылы туған Алтынай Етаева және олардың 15 жасар қызы Нұрай кетіп бара жатқан көлікті әскери қызметкерлер артқы жағынан атып, үшеуін де өлтірген.

Нұрболат Сейітқұлов пен Алтынай Етаева қыздары Нұрайды ортаға алып отыр. Отбасы архивіндегі сурет.

Қазір бұл отбасының үйінде туыстары шырақ жағып отыр. Үй иесіз қалды.

Оққа ұшқан Алтынай Етаеваның әпкесі Ләйлә Етаеваның айтуынша, Болат пен Алтынай қонаққа барып, комендант сағатына жетпей ерте қайтуға тырысқан. Олардың ерте қайтқанын қонаққа барған үйдің иесі, досы да растаған.

– Комендант сағатының сегізде басталатынын ешқайсымыз да білген жоқпыз. Теледидардан сағат 11-ден жетіге дейін комендант сағаты деп хабарлады. Қай арнаны ашсаңыз да солай болатын, сол күні Болат пен Алтынай да солай деп ойлаған шығар. Нұрайымыз Болат пен Алтынайдың перзентке зар болып жүргенде, 36-37 жастарында Алладан сұрап жүріп өмірге келген жалғыз қызы. Нұрайсыз екеуінің тамағынан ас өтпейтін, Нұрайымыз ақылды боп өсіп келе жатыр еді, – дейді ол.

Нұрболат Сейітқұлов, әйелі және қызының қазасына қатысты тергеушінің анықтағаны

Марқұм Алтынайдың тағы бір әпкесі Салтанат Етаеваның сөзінше, оқ тиген үш адамның сау тамтығы қалмаған.

– Әбден атқан. Рахаттанып атқан сияқты. Денелерінен түк қалмағаны соншалық, бізге ашып көруге де рұқсат бермеді. Әр адамға мәйітханаға 30 мың теңгеден төлетті. Сонан кейін 10 мыңға салафан сатып алыңдар, өйткені әлі күнге қан ағып жатыр деді. Мынау сұмдық қой! Осы үшін кім жауап береді? Кім кінәлі? Әскери адамдар атқан. Ол жерде ОМОН, "Арлан" және Қапшағайдағы десант әскерінің солдаттары, барлығы сегіз сарбаз болған, – дейді ол.

Әскерилер күйеуі және қызымен қоса атып өлтірген Алтынай Етаеваның әпкелері Салтанат (сол жағында) пен Ләйла Етаевалар. Талдықорған, 12 қаңтар 2022 жыл.

Опат болған отбасының туыстарының бірі бізді мәшинеге оқ атылған жерге апарып көрсетті.

Оның сөзінше, оқ мәшиненің артынан атылған. Оқ тиіп, талға тіреліп тоқтаған мәшиненің ізі мен қанның ізі, шашылған әйнектер де көрініп жатыр.

Оқ атылған болуы мүмкін деген тұсқа барып көрдік. Айналасында тек қана тұрғын үйлер, ерекше қорғауға алынатындай стратегиялық нысандар жоқ. Тек бір үйдің бірінші қабатында ғана бұл үйде учаскелік полиция барын білдіретін есік пен жазулы көк тақта тұр.

Біз барғанда ол жерде қару асынған полиция қызметкерлері тұрды. Олар көлікке оқ атылған оқиға жайлы ештеңе білмейтінін айтты.

ТАЛДЫҚОРҒАНДА КОМЕНДАНТ САҒАТЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Өлгендердің туыстары 8 қаңтарда комендант уақыты кешкі сегізден басталғанына сенбейді. "Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен барлық жерде комендант сағаты кешкі он бірден басталды" деп есептейді.

Ресми ақпарат құралдары қаңтардың бесіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында да қаңтардың 19-ына дейін төтенше жағдай енгізгенін, комендант сағаты түнгі 11-ден басталып, таңертеңгі 7-ге дейін белгіленгенін жазған.

Біз Талдықорғанда комендант сағаты қалай өзгергенін іздестіріп көрдік. Бірнеше ақпарат құралы: vlast.kz, tengrinews.kz, sputnik.kz агенттіктері 9 қаңтарда Талдықорғанда комендант сағаты өзгергенін, қаңтардың 9-ынан бастап кешкі сағат сегізден басталатынын хабарлаған.

Қайтыс болғандардың туыстарына Қазақстан ішкі істер министрлігінің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы "әскерилердің әрекетінде қылмыстық сипат бар", алайда "оқ тиген көлік комендант сағаты кезінде әскерилердің тоқта деген бұйрығына бағынбаған" деп жауап берген. Әскери тергеуші жазған хатта "көлікке оқтың 8 қаңтарда кешкі сегіздер шамасында атылғаны" расталған. Бірақ дәл осы хатта "Талдықорғанда комендант сағаты 8-ден басталады" деп көрсетілген. Әскери бөлімнің хаты 9 қаңтарда жазылған.

Наразылық кезінде өртенген Алматы облысы әкімдігінің ғимараты. Талдықорған, 12 қаңтар 2022 жыл.

Жаңа жылдың басында Жаңаөзенде басталып, Маңғыстау облысындағы және өзге өңірлерде жалғасқан Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі бейбіт наразылықтың соңы қаңтардың бесінде бірнеше қалада тәртіпсіздікке ұласты. Алматыда әкімдік ғимараты өртеніп, сауда орындары, банк бөлімшелері тоналып, қиратылды. Тағы бірнеше қалада әкімдіктер бүлінді деген хабар тарады. 5 қаңтарда теледидардан сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялағанын хабарлады. Кейін бүкіл елде төтенше жағдай режимі енгізіліп, тұтас елде интернет өшірілді.

Қаңтардың жетісіне сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде, оның ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысында тәртіп қалпына келтірілгенін, бірақ "террористермен күрес әлі де жалғасып жатқанын" айтқан еді. Ол "құқық қорғау органдары мен әскерге ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеген.

Талдықорғандағы дүрбелеңнен кейін ресми БАҚ Алматы облысында 430 адамның ұсталғанын хабарлады. Азаттыққа хабарласқан жергілікті белсенділер оқиғаға қатысқандарды тергеу кезінде ұрып-соғу, азаптап жатқанын айтады. Қаңтардағы жаппай наразылық кезінде және одан кейін бейбіт адамдардың оққа ұшқаны жайлы ақпарат көп тарап жатыр.