Accessibility links

Құқық қорғаушылар азаптауды тіркейтін базаны іске қосты, құқықтық көмек те қарастырылған


Полиция митингіге келгендерді ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.
Полиция митингіге келгендерді ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро қызметкерлері Қазақстанда қаңтардағы оқиға кезінде азапталғандар мен қысым көргендерді тіркейтін ортақ база жасап жатыр. Қазақстанның кез келген өңіріндегі азамат құқық қорғаушыларға хабарласып, адам құқығын бұзу жайттарын хабарлай алады. Бұған қоса, азаптау мен қысымға ұшырағандарға құқықтық көмек те қарастырылған.

Бюро заңгері Анна Солодова Азаттық тілшісіне берген сұхбатында азаптауға ұшыраған азаматтардың көбі тергеу изоляторында немесе әкімшілік жазаға тартылғандарды қамайтын орындарда отырғандықтан және кейбір азаматтар қудалаудан сескенгендіктен азаптау туралы шағымдар көп түсе қоймағанын айтты. Бұған қоса, қарапайым азаматтарға азаптау фактісінің өзін дәлелдеу қиынға түседі. Осының барлығы оларды анықтауға кедергі келтіреді.

"Қазір біз өзіміз желілердегі ақпараттарды қадағалап отырмыз. Кеше ғана хабарландыру жарияладық. Халық соған реакция білдіреді деп үміттенеміз" деді 14 қаңтарда бюро заңгері Анна Солодова.

Қазақстанның көптеген өңірін қамтыған қаңтардағы наразылық пен тәртіпсіздіктерден кейін әлеуметтік желіде із-түзсіз жоғалған немесе соққыға жығылған, тергеу кезінде азапталған азаматтар жайлы хабарлар жиілеген.

Ақпарат құралдарына шағымданып жатқан азаматтар да көп. Солардың бірі Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлім Жұманова қаңтар басында қаладағы митингіге барғаны үшін полицияда үш сағаттан астам уақыт тергелгенін айтады.

Оның сөзіне қарағанда, 13 қаңтарда оны полиция жұмыста отырған жерінен алып кеткен. Түскі бірде алып кетіп, кешкі бес-алтыларда бір-ақ босатқан. "Хаттама да толтырылмаған". Айтуынша, полиция оны жертөлеге апарып, тергеген. "Митингіге не үшін шықтыңыз?", "біреу сізді азғырды ма?", "ақша ұсынды ма?" деген тәрізді сұрақтар қойған.

– Ешкім ақша ұсынған жоқ, ештеңе алған жоқпын. Өзімнің жеке проблемама (баспана мәселесі) байланысты шықтым. ешкімнің ештеңесі керек жоқ маған дедім. Сол кезде "сізге басқа жақтан үй беріледі" деді. Нені меңзеп тұрсыз, түсінбедім деп едім. "Сотталасыз, жаңа мекенжайыңыз түрме болады" дегенді меңзеді. Жігіттер, бұларыңыз дұрыс емес, мазақтамаңыздар дедім. Саусақтарымның іздерін алып, полицияның екінші ғимаратына әкелді, – деді Гүлім Жұманова.

Ол полиция ғимаратында тергеушілердің өзіне айғайлап, қысым жасағанын, онда соққыға жығылған өзге адамдарды көріп, жаны ашып, шыдамай жылағанын айтты.

– Мені Алматыдан келді деген криминалистердің бөлмесіне апарды. Ол жерде ұсталған қолы қайырылған бірнеше жігіт отырды. Сол жерде маған полиция қызметкерлері дауыс көтеріп, "бүкіл өліп жатқан халықтың қаны сенің мойныңда" деп айқайлады. Өмірі естімеген сұмдық балағат сөздерді айтты. Мен "маған айқайлауға хақыңыз жоқ. Айқайламай айтсаңыз, бәрін ұғамын, қабылдаймын, естимін десем, "сенімен қалай сөйлесу керек" деп бетіме темекі үрледі. "Темекіңізді ары шегіңіз, не себепті мені ұстадыңыздар?" деп едім, "митингіге шықпауыңыз керек еді, к... қысып, үйде отыруыңыз керек еді" деді... Сол жақта жыладым - өзіме айтылған сөздерге емес, ана жақта отырған жігіттерге жаным ашыды. Оларды аяусыздықпен ұрып, тепкілеп жатыр. Шаштарына дейін жұлып, тоңқайтып, еңкейтіп қойған. Соларға қарап жүрегім ауырды. Олардың азаматтық құқықтары тапталып тұр ғой. Ерінбегеннің бәрі криминалистің кабинетіне кіріп, жаңағы екі-үш жігітті тепкілейді, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі оқиғаға қатысты Талдықорған полициясынан жауап ала алмады.

Қаңтар айының басында Қазақстанның көп өңірінде Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейбір қалаларда наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Тәртіпсіздіктен қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Қазақстанның барлық аймағына жайылған наразылық пен тәртіпсіздік кезінде із-түзсіз жоғалған адамдар да көп.

Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 500-ге жуық қылмыстық іс қозғалған: терроризм бабы бойынша 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалған.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

Қарай отырыңыз: "Балғамен ұрды". Белсенді Достияров қамауда таяқ жегенін айтады (14 қаңтар 2022 жыл).

"Балғамен ұрды". Белсенді Достияров қамауда таяқ жегенін айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:33 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG