"Қазақстан билігі соңғы бір жарым апта ішіндегі жаппай наразылықтан ақпарат таратқан немесе оған қатысқан журналистер мен белсенділерді босатуы тиіс, наразылықпен байланысты барлық ұстаулар туралы ақпаратты жариялап, барлық ұсталғандардың құқықтарын бұзбауы керек" . Халықаралық Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымының сайтында жарияланған мәлімдемеде осылай деп айтылған.
Құқық қорғау ұйымы сонымен бірге Нұр-Сұлтанды адам құқығының бұзылғаны жөнінде хабарламалардың барлығын (бнаразыларға қару қолдану да бар) жан-жақты тексеріп, адам құқығын құрметтеуге шақырды.
"Қазақстанда жағдай сәл тынышталғанмен дағдарыс әлі аяқталған жоқ. Қазір тәуелсіз ақпаратқа еркін қол жеткізу, адам құқығын бұзғандарды жауапқа тарту, биліктің адам құқығын құрметтеу міндетін мойнына алуынан асқан маңызды нәрсе жоқ" деді Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мари Стразерс.
Наразылық пен тәртіпсіздіктің салдарынан қанша адамның қаза болғанын Қазақстан билігі әлі күнге дейін жариялаған жоқ. Елде із-түзсіз жоғалған немесе ұсталған, соққыға жығылған белсенділер мен тұрғындар көп. Бұған дейін 164 адамның қаза болғаны айтылғанмен кейін жоққа шығарылған
"Биліктің тәртіпсіздік құрбандары мен олардың қандай жағдайда қаза болғаны жөнінде ләм-мим демеуі ашындырады. Билік қанша бейбіт тұрғынның қаза болғаны туралы ақпаратты дереу жариялауы тиіс" деді Мари Стразерс.
Ұйым биліктің құқық қорғаушылар мен белсенділерді "заңсыз митинг" ұйымдастырды деп айыптап, журналистерді ұстағанын да сынаған. Өзге журналистермен қатар 5 қаңтарда Азаттық тілшілерінің де ұсталып, тергелгенін де атап өткен.
"Amnesty International президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық телеарнадан журналистер мен құқық қорғаушыларды тәртіпсіздік тұтандырды деп айыптағанына әлі де болса қатты алаңдап отыр" деді ұйым өкілі.
Құқық қорғау ұйымы бұған қоса, биліктің бейбіт шеруге шыққан адамдарды қудалауын да қатаң сынға алған.
"Біз мыңдаған адамның ұсталуына негіз болған жайттарға және ұсталғандардың камерадағы жағдайына қатты алаңдаймыз. Із-түзсіз жоғалғандар да бар, солардың бірі – журналист Махамбет Әбжан" деді Мари Стразерс.
Ұйым өкілдері бейбіт акцияға шыққаны үшін ұсталғандар дереу босатылуы тиіс деп санайды.
"Өкінішке қарай Қазақстанда әлі күнге дейін әділетсіз сот процестері, сонымен бірге азаптау мен дөрекі қарым-қатынас кеңінен таралған. Ал адвокаттарға клиенттерімен сөйлесуіне жиі тыйым салынады немесе ақпарат таратуын шектейді. Бейбіт шеруге қатысқаны үшін кемінде бір заңгер Абзал Құспан ұсталып, он күнге қамалған" делінген мәлімдемеде.
Ұйым өкілдері лауазымды тұлғалардың дөрекі қарым-қатынасы туралы ақпараттар әділ тексеріліп, кінәлілер жазаға тартылуы керек деп есептейді.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық Қазақстанның өзге қалаларына жайылған. Алматыда наразылықтың соңы қантөгіске ұласты. Өзге аймақтарда да адамдардың қаза болғаны хабарланды. Қаңтар оқиғасында қанша адамның қаза болғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі 164 адамның опат болғанын хабарлады, бірақ ведомство кейін жоққа шығарды. Әлеуметтік желіде туыстары немесе таныстарын іздеп жүрген хабарламалар тарап жатыр.
- 11 қаңтарда ІІМ "жаппай тәртіпсіздікке" қатысты деп он мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлады.
- БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі сарапшылары Қазақстан билігінің "наразыларға пәрменді күш қолдануын" айыптап, жағдайды тәуелсіз зерттеуге шақырды.
ПІКІРЛЕР