Accessibility links

Таразда Жаңаөзенді қолдаған тұрғынды полиция тергеп жатыр


Таразда полиция наразыларды ұстап жатыр. 4 қаңтар 2022 жыл. Видеодан алынған скриншот.
Таразда полиция наразыларды ұстап жатыр. 4 қаңтар 2022 жыл. Видеодан алынған скриншот.

4 қаңтарда Жаңаөзендегі наразыларды қолдап, Тараздағы орталық алаңға бейбіт митингіге шыққан қала тұрғыны Нұрадин Рақайды полиция тергеп жатыр. Бұл туралы әйелі Маржан Рақай хабарлады.

Маржан Рақайдың сөзіне қарағанда, Нұрадин Рақайды үш күннен бері Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тергеуге шақырып жатыр. Оны қорғануға құқығы бар куә ретінде таныған. Ұялы телефонын тәркілеген.

– Тараздағы мемлекеттік құрылыс-бақылау басқармасында жұмыс істейтін. Наразылықтан соң шақырып алып өткен уақытпен өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жаздырды. Қазір полиция тергеуге әкетті. Қандай айып таққанын, қай баппен тергеуге шақырғанын полиция айтпаған. Бүгін үшінші күн. Тек түнде үйге жіберіп жатыр, - дейді Маржан Рақай.

Нұрадин Рақаймен бірге наразылыққа шыққан өзге азаматтардың тергеуге шақырылғаны туралы әзірге ақпарат жоқ.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жауап бермеді. Нұрадин Рақай жұмыс істеген мекемеден де жауап алу мүмкіндігі болмады.

Ақпаратқа қарағанда, Нұрадин Рақай басқармаға дейін медиа саласында жұмыс істеген. Әлеуметтік желіде билікті сынап жазбалар жазады.

4 қаңтар күні Тараздағы орталық алаңға бір топ адам Жаңаөзендегі наразыларды қолдап шыққан. Нұрадин Рақай алаңда өз пікірін айта бастағанда полиция оны күштеп әкетіп, кейін босатқан.

Жаңаөзеннен басталып, ізінше Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтан кейін елдің түрлі қалаларында жүздеген адам қылмыстық іске тартылып, кемінде үш мыңы әкімшілік жауапқа тартылды. Елде наразылық пен тәртіпсіздіктер өршіген шақта төтенше жағдай жарияланып, интернет өшірілді.

Ресми ақпарат бойынша, Жамбыл облысында "тәртіпсіздіктерден кейін" 250-ден астам адам ұсталған. 20 қылмыстық іс, 104 әкімшілік іс қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG