Accessibility links

БҰҰ Қазақстан билігінің наразыларға күш қолдануын зерттеуге шақырды


Республика алаңында тұрған әскери техника. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.
Республика алаңында тұрған әскери техника. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі сарапшылары Қазақстан билігінің "наразыларға пәрменді күш қолдануын" айыптап, жағдайды тәуелсіз зерттеуге шақырды.

Терроризммен күрес жағдайында Адам құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы баяндамашы Фионнуала Ни Аолэйн өз мәлімдемесінде демонстранттарға, азаматтық белсенділерге, құқық қорғаушыларға және журналистер мен саяси партия өкілдеріне "террорист" деген ұғымды таңудың ар жағында "қоғамды үрейлендіру ниеті жатқан болуы мүмкін", бұл "қатты алаңдаушылық туғызады" деп жазды.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі өзге сарапшылары да президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарға "қарақшы, террорист"деп атаған демонстранттарды ескертусіз атуға рұқсат бергеніне алаңдаушылық білдірді. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі сарапшылары мемлекеттің наразыларға күш қолдану жағдайын адам құқықтары принциптеріне сүйене отырып жан-жақты тәуелсіз зерттеуге шақырды.

БҰҰ сарапшыларының айтуынша, адамдарды қырып-жоятын қару түрін барлық әдіс-амалдар бітіп таусылған жағдайда қорғану үшін қолдануға болады. Бұл принципті Қазақстан территориясында биліктің келісімімен әрекет етіп жатқан шетел күштері де сақтауы тиіс. Мәселе Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы жөнінде болып отыр. Бір күн бұрын Тоқаев аталған ұйымның әскері Қазақстанда миссиясын аяқтады деп мәлімдеген.

ІІМ-ның мәліметінше, Қазақстанда он мыңға жуық адам ұсталған. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының баспасөз хатшысы Элизабет Тросселдің айтуынша, халықаралық құқыққа сәйкес азаматтар бейбіт митингіге қатысу құқығын жүзеге асырғаны үшін қамауда отырмауы тиіс. "Ұсталғандар дереу босатылуы тиіс" деді Троссел.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық Қазақстанның өзге қалаларына жайылған. Алматыда наразылықтың соңы қантөгіске ұласты. Өзге аймақтарда да адамдардың қаза болғаны хабарланды. Қаңтар оқиғасында қанша адамның қаза болғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі 164 адамның опат болғанын хабарлады, бірақ ведомство кейін жоққа шығарды. Әлеуметтік желіде туыстары немесе таныстарын іздеп жүрген хабарламалар тарап жатыр.

Полицияның мәліметінше, "антитеррористік" операциялар барысында Алматыда "тәртіпсіздікке қатысқан" ондаған адам қаза болған. Қазақстан билігі тәртіпсіздік кезінде күштік құрылымның 18 өкілінің қаза болғанын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда алғаш рет қаңтар оқиғасы басқарушы элитадағы өзара қақтығыстың салдары болуы мүмкін деген болжам барын растады. "Тұңғыш президент - елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдар тобы пайда болды" деді ол. Жуырда Тоқаев наразылықтың мақсаты "конституциялық құрылымды құлату, басқару институтын бұзу, билікті басып алу" деп мәлімдеген.

Қазақстан үкіметінің мәліметінше, қаңтардағы оқиға барысында елдің сегіз аймағында ондаған әкімдік ғимараты бүлінген. Жүзден астам орта және шағын бизнес нысандары қираған. Ең көп зардап шеккен қала – Алматы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG