Accessibility links

Сергей Шутов: Тергеуде ұрып-соққанда өзімді Окрестинаға түскендей сезіндім


4 қаңтарда Атыраудағы митингіге қатысқаннан кейін өзін полиция қамап, азаптағаны жайлы мәлімдеген жергілікті тұрғын Сергей Шутов "Азаптау тоқтатылсын!" деген жазу ұстап тұр. Фото Сергей Шутовтың Facebook парақшасынан алынды.
4 қаңтарда Атыраудағы митингіге қатысқаннан кейін өзін полиция қамап, азаптағаны жайлы мәлімдеген жергілікті тұрғын Сергей Шутов "Азаптау тоқтатылсын!" деген жазу ұстап тұр. Фото Сергей Шутовтың Facebook парақшасынан алынды.

Атыраудағы қаңтардағы митингіге қатысқан жергілікті тұрғын Сергей Шутов акциядан кейін қамауға алынған адамдармен бірге қалалық полиция бөлімінің "Динамо" спортзалында азапталғанын айтады. Шутов ол жерде тергеуде болған кезде басынан кешкенін Беларусь астанасындағы Окрестина көшесіндегі атышулы изолятордағы азаптауға ұқсатады. Атырау полициясы "Шутовтың айтқаны расталмады" дейді.

Атырау қаласының тұрғыны Сергей Шутов қалалық полиция бөлімінің "Динамо" стадионында митингіден кейін ұсталғандарды жазалайтын арнайы бөлме бар дейді. Ол жерде ұсталған азаматтарды сағаттап ұрып-соғып, әлгі бөлмеге бір емес, бірнеше мәрте кіргізіп, азаптайды деді ол Азаттыққа 13 қаңтарда.

Сергей 4 қаңтарда Атыраудағы Исатай-Маханбет алаңында өткен митингіге барған. Бір аптадан кейін полиция оны үйінен алып кеткен. Шутовтың сөзінше, полицияда "алты сағат ұрып-соққаннан кейін" оған екі тәулік әкімшілік жаза кескен. Қазір аяғын жаза алмайтынын, жамбасы, басы мен денесі ісіп, қозғала алмай отырғанын айтып шағымданды. "Зәрім қан аралас бөлініп жатыр" деді ол.

please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00
Жүктеп алу

– Алаңда 4 қаңтарда сағат 15-17 аралығында болдым. Таныстарымды жолықтырдым, қосылып Қазақстан әнұранын шырқадық. 11 қаңтарда үйіме полиция қызметкерлері келді. Шақыру қағазын берген жоқ, өздерін таныстырмады да. Мені жалаң аяқ, шолақ жейде (футболка) мен қысқа шалбар киген күйімде күштеп көлікке салды, бетімді жерге қаратып жатқызып қойды. Әкетіп бара жатқанда мәшина ішінде мені ұрып-соқты. Бір жерге алып келіп, тағы да етпетімнен жатқызып қойды. Еденіне қарап спортзал болар деп ойлайдым. Сөйтсем, расында қалалық полиция бөлімінің "Динамо" спортзалы екен. Сол жерде 6 сағат бойы мені ұрып-соқты. Екі мәрте азаптау бөлмесіне апарды. Ол жер тура қорқыныш бөлмесі сияқты. Тағы да ұрып-соқты. Содан соң олар талабы бойынша барлық қағазға "иә, митингіге қатыстым" деп қол қойдым. Екі тәулік әкімшілік жаза кесті. Осылайша азапталып шықтым. Бұл тура Беларусь астанасындағы атышулы "Окрестинаның" филиалы сияқты болды. Атыраудағы азаптау интернет арқылы бар жерге тарап кетті. Естуімше, енді полиция сол жерге комиссия апарып, әлгі ақпаратты теріске шығаруға тырысып жатыр, – деді Сергей Шутов.

Кейін ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына басынан өткен жайтты кеңірек баяндап, құқық қорғаушылардан, Германия, АҚШ елшіліктерінен өзін Атырау полициясынан қорғауды өтініп, көмек сұраған.

Сергейдің айтуынша, одан жауап алған тергуші (өзін таныстырмаған) әлдебір адамның фотографиясын көрсетіп, "мына кісіні танисың ба?" деп сұраған. Бұдан бөлек "Ресейде қашан болдың? Митингіге қатысу жайлы кімнен тапсырма алдың? Митингіге қатысқаның үшін кім ақша төледі? [Мұхтар] Әблязовқа қарым-қатынасың қалай? "Бәсе" және "1611" каналдарын көресің бе?" деген сауал қойған.

"Алғашқы соққы кеудеме тиді. Бетімді жауып алдым. Аяқпен, қолмен бастан, арқадан, белден ұрып-соғып, тепкілеп, "енді митингіге шығасың ба?" деп сұрап жатты. Аз ғана үзілістен соң маған СОБР жасағынан біреу келіп, "азаптау бөлмесіне жүр" деді. Мен ол жерде болғанымды айттым. Айнала толған адам. Сәл қарсыласқан кісі болса тепкілеп жатты. Кейін алдын ала ұстау бөлмесіне апарғанда ол жерде қатты таяққа жығылған 15 адамды көрдім. Ал қалалық полиция бөлімінің 5-қабатындағы сот өткен жерде 20 адамды бетін қабырғаға қаратып тұрғызып қойыпты. Соттан соң ұсталғандар мен сотталғандардың көбін уақытша ұстау изоляторына әкелді. Ол жерге сыймай қалған 7 адамды Химпоселоктағы балалар интернатындағы тұқындарға арнап жабдықталған бөлмеге жіберді. Камера ішінде адамдар жерде жатты. Біз келгенде 10 адам отырды" деп жазды ол Facebook парақшасына.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:34 0:00
Жүктеп алу

Азаттық Сергей Шутовтың мәлімдемесіне байланысты Атырау облыстық полиция департаментіне хабарласты. Департаменттің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет азамат Сергей Шутовтың арызын қалалық полиция бөлімін тіркеуге алғанын айтты.

"Ол арызды полиция басқармасы бастығы өз қарауына алды. Бірақ Шутовтың арызында жазылған жайттар расталмады" деді баспасөз хатшысы.

13 қаңтарда үкіметке жақын Stopfake.kz сайты Атырау облысы коммендатурасы баспасөз қызметіне сүйеніп, қаладағы "Динамо" спорт кешеніндегі азаптау жайлы хабарларды жоққа шығарды. Онда "Атырау облысының комендатурасы әлеуметтік желілерде "Динамо" спорт кешенінде жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан азаматтарды ұрып-соғу туралы таратылған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды" деген ақпарат жарияланды. Атырау облысы полиция департаменті тұрғындарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді деп жазған сайт.

2 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық Қазақстанның барлық облыстарында қолдау тапты. Көшеге шыққан халық әлеуметтік жағдайының нашарлап, күнкөріс қиындағанына, азық-түліктің қымбаттағанына наразылық білдірді. 5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, сұйылтылған газ арзандатылғанын мәлімдеді. Бірақ наразылықты жалғастырған демонстранттар биліктегі жемқорлықты айыптап, саяси талаптар да көтерді. Алматы, Шымкент, Талдықорған, Ақтөбе, Қарағанды, Семей мен Таразда билік наразыларға күш қолданды. Бірнеше қалада наразылықтың соңы тәртіпсіздікке ұласты. Елде 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жариялап, интернетті өшірген билік тәртіпсіздікке қатысқандарды "терроршылар" деп атады.

Елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдерден көмек сұрады. Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан Қазақстанға жиынтығы 2 мыңнан астам сарбаз (көбі – ресейлік) бен 250 әскери техникасын жіберді. 7 қаңтарда президент Тоқаев "содырларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.

Полиция атыраулық Сергей Шутовты үйінен әкеткен күні Қазақстан ішкі істер министрлігі елде 10 мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлаған. Бірақ содан кейін үкімет қаңтардағы оқиғаларға байланысты қанша адам ұсталғанын хабарлауды доғарды.

Алматыда наразылық шеруіне шыққан жас жігітер. 4 қаңтар 2022 ж.
Алматыда наразылық шеруіне шыққан жас жігітер. 4 қаңтар 2022 ж.

Қазақстандық құқық қорғаушылар бейбіт наразылық акциясына қатысқан азаматтарды күш құрылымдары ұстап әкетіп, ұрып-соғып, азаптағаны жайлы хабарлар өзердіне толассыз келіп жатқанын айтады.

Қаңтардағы оқиғалардан кейін "хабар-ошарсыз кеткен" адамдарды іздеген хабарламалар әлеуметтік желіде жиі тарай бастады. Интернетте елдегі оқиғада қаза болған адамдардың жерлеу рәсімінен көп видео жарияланды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер қазірдің өзінде кемінде ондаған адамның қаза болғаны белгілі дейді. Елде қаза болғандар мен із-түзсіз жоғалғандардың мәліметін жинақтауға түрлі талпыныс жасалып жатыр. Алматыда қоғам белсенділері қаңтардағы оқиғаға байланысты қоғамдық комиссия құрды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін елдегі жағдай туралы ақпаратты дереу жариялауға үндеп отыр.

Үкімет "күш құрылымдарынан 18 қызметкер қаза тауып, 26 содырдың көзі жойылды" деп хабарлаған, бірақ бейбіт тұрғындар арасында қанша адам қаза болғанын айтпай отыр. 9 қаңтарда билікке жақын Телеграм-канал қаңтар оқиғалары кезінде елде 164 адам мерт болған деген ақпарат жариялаған, бірақ кейін денсаулық сақтау министрлігі оны "техникалық қате" деп жоққа шығарды.

Ақын Қайсар Қауымбек Алматы полициясынан жазықсыз жәбір көргенін айтады

Ақын Қайсар Қауымбек Алматы полициясынан жазықсыз жәбір көргенін айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:42 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG