Азаттық радиосы
Аза тұту күндері, 16 жылдық жаза, ғылымға бөлінген қаржы. 2023 жылдың маңызды цифрлары

Аза тұту күндері, 16 жылдық жаза, ғылымға бөлінген қаржы. 2023 жылдың маңызды цифрлары

Руслан МЕДЕЛБЕК

Қаң. 2, 2024

2023 жылы жұрт назарын аударған оқиғаларды цифрлар арқылы шолып шығайық.

2

Қазақстанда 2023 жылы екі рет аза тұту күні жарияланды. 11 маусымда Абай облысында орман өртінен 15 адам қаза тапқан соң елде 12 маусым қаралы күн болды. Ал 28 қазанда Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі Костенко шахтасындағы апаттан 46 шахтер қаза тапты. 29 қазан қаралы күн болды. Осы апаттан соң билік АМТ компаниясымен (үндістандық миллиардер Лакшми Миттал иелік етеді) келісім-шартты тоқтатып, Қарағанды металлургия комбинатының жаңа инвесторы қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьевке берді. Компания атауы "Qarmet" деп өзгерді.

Абай облысындағы өрт. 2023 жылдың маусымы

6

19 наурызда кезектен тыс мәжіліс сайлауының нәтижесінде парламентке алты партия өтті. Мәжілістегі басым орынды биліктегі "Аманат" партиясы иеленсе, қалған орындарды билікке жақын "Ауыл", Respublica, "Ақ жол", Қазақстанның халық партиясы (коммунистер), Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары өзара бөлісті. Бірмандатты сайлау учаскелерінен өткендердің көбі – "Аманат" партиясының мүшелері. Мәжіліске өте алмаған тәуелсіз кандидаттар сайлау нәтижесін мойындамады. Ал сайлауды бақылаған ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы "сайлау саяси өмірге бәсеке әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер әлі бар" деп мәлімдеді.

10.3%

Ұлттық статистика бюросының есебінше, 2023 жылы қарашада елде инфляция 10,3 пайыз болған. Жыл басында инфляция 21 пайыз еді. Бірақ жұрт инфляция азайғанымен, азық-түлік, тауарлар арзандамағанын айтады. Ұлттық статистика бюросы былтыр елде азық 9,2 пайызға, басқа тауарлар 9,9 пайызға қымбаттағанын мәлімдеді.

13

30 қарашада Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шығып, 13 жас қаза болды. Марқұмдардың басым бөлігі - қазақстандықтар. Екеуі - ресейлік, біреуі - өзбекстандық. Хостелдің рұқсаты болмағаны айтылды. Оқиғадан соң ғимаратты жалға алып, хостел ашқан адам екі айға қамалды.

Өрт болған хостелдің алдында тұрған полицей. Алматы, 30 қараша 2023 жыл.

16

Қаңтар оқиғасынан соң бірнеше адамға 16 жыл түрме жазасы тағайындалды. Бұл – Қаңтар істеріндегі ең ауыр жаза. Қаңтар кезінде ұлттық ұлан қызметкерінің өліміне кінәлі деп танылған қызылордалық Қазыбек Құдайбергеновке сот 17 жыл жаза кескен. Кейін апелляция бұл жазаны 16 жылға қысқартты. Тараздық Ербол Жұманов "ҰҚК подполковнигін атып өлтірді" және "қару ұрлап, сақтады" деген айыппен 16 жылға сотталды. Қызылордада сот Қаңтарда "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды", "әскери адамға оқ атты", "қаруды күштеп тартып алды" деп айыпталған Ғабит Піржановты 16 жылға түрмеге кесті. Айыпталушылардың бәрі жазамен келіспей апелляцияға шағым түсіргенімен, үкім өзгеріссіз қалды.

20%

Қазақстан үкіметі 2023 жылы бензин бағасын 11 пайызға, дизель бағасын 20 пайызға көтерді. Билік Қазақстанның арзан жанар-жағармайы "сұр экспорт арқылы" көрші елдерге кетіп жатқанын, бағаны көтермесе тапшылық болатынын айтқан.

21

2023 жылы "Алға, Қазақстан" оппозициялық ұйымы партия ретінде тіркелу үшін әділет министрлігіне 21-рет өтініш тапсырды. Ведомство "құжаттарында қателік бар деп бұл ұйымды партия ретінде тіркемей" келеді. Осы ұйымның лидері, белсенді Марат Жыланбаевты елде экстремистік деп танылған ҚДТ қозғалысының (Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) "ісіне араласты" және "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деп 7 жылға сотталды.

Марат Жыланбаев сотта тұр.

23

Қазақстандық құқық қорғаушылар 2023 жылы "саяси тұтқындар" тізіміне тағы оннан аса адамды қосты. Былтыр бұл тізімге белсенді Марат Жыланбаев пен журналист Думан Мұхаммедкәрім, Қаңтар оқиғасында "әуежайды басып алу ісімен" 4 жылға сотталған белсенді-журналист Әйгерім Тілеужан енді. Қазір құқық қорғаушылардың "саяси тұтқындар" тізімінде барлығы 23 адам бар.

53

2023 жылы Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына (қазір Qarmet деп өзгергенін жоғарыда айттық) тиесілі шахталар мен кен орындарында 53 жұмысшы қаза тапты. Бұл – ресми хабарланғандары. Қазан айында Костенко атындағы шахтадағы апаттан 46 кенші, тамызда "Қазақстан" шахтасындағы оқиғадан бес адам опат болды. Бұдан бөлек қаңтарда №2 цехтың химиялық тазарту блогында бір адам тоққа түсіп қаза тапса, қыркүйекте Ұлытау облысы Қаражалда АМТ-ның еншілес мекемесінде бір адам "жазатайым оқиғадан" қаза болды.

Костенко шахтасы

101

Қазақстан қазір Transparency International ұйымының жемқорлық рейтингінде 108 елдің ішінде 101-орынмен парақорлық жоғары елдердің қатарында тұр. Қарашада жемқорыққа қарсы қызметтің төрағасы Асхат Жұмағали президент Тоқаевқа берген есебінде 2023 жылдың алғашқы он айының өзінде жемқорлыққа қатысты 1500 іс тіркеліп, 1100 адам сотқа тартылғанын айтқан.

12 985

2023 жылы Қазақстанда қызылша жұқтырғандар күрт артты. Дәрігерлер қызылшамен қатты ауырып жатқандардың көбі екпе алмағандар екенін айтқан. АҚШ-тың ауру түрлерін бақылау және алдын алу орталығы (CDC) мәліметінше, Қазақстанда 2023 жылы кемі 12 985 адам қызылшамен ауырған. Қазақстан бұл дерт бойынша әлемде Йемен (25 мың) мен Үндістаннан (15 мыңдай) кейін үшінші орында болды.

14 358

2023 жылы елге кемі 14 358 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Үкіметтің есебінше, 1991 жылдан бері елге 1 млн 84,7 мың этникалық қазақ оралды. 2023 жылы Қазақстанға келген қандастардың көбі Өзбекстаннан (76,3%), Қытайдан (9,4%), Түрікменстаннан (6,4%) қоныс аударған.

226 000

Қазақстан билігі көбейген киіктер жайылым мен егістікті жайпап жатыр деп 226 мың ақбөкенді атуға рұқсат берді. Экологтар экожүйенің бір бөлшегі киікті қыру далалық жердің жайына теріс етеді десе де, билік киік аулауды тоқтатпады.

Қазақ даласында жүрген киіктер.

20 млн

Қазақстан билігі елдегі халық саны 20 миллионға жетті деп мәлімдеді. 2023 жылы елде табиғи өсім 218 адам (325 мың бала туған, 107 мың адам қайтыс болған) болған.

6,7 млрд

Маусымда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен көлік прокуратурасының тексерісінен соң сот Air Astana әуе компаниясына "жолаушыларға билет сатқанда жанармайға қосымша төлемді негізсіз алған" деген айыппен 6,7 млрд теңге айыппұл салды. Органдар Air Astana-ға тексерісті жұрт тарапынан билет құны қымбат деген шағым көбейген тұста жүргізген еді.

8,6 млрд

Forbes журналы экс-президент Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың 2023 жылғы байлығын 8,6 млрд доллар деп бағалады. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бір миллиардқа көп. Ал Forbes тізімінде Қазақстанның ең бай адамы ретінде KAZ Minerals-қа иелік ететін 62 жастағы Владимир Ким тұр. Журнал оның байлығын 4,6 млрд доллар деп бағалайды.

149 млрд

Қазақстан үкіметінің есебінше, 2023 жылы ғылымға бюджеттен 149 млрд теңге бөлінген. Ресми дерек бойынша, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп. Бұған дейін елде ғылымға аз қаржы бөлінетіні (2016 жылы 36 млрд теңге болған), бөлінген қаржының дұрыс жұмсайлмайтыны жайлы бірнеше рет айтылған.

158 млрд

Билік биыл шетелге заңсыз шығарылған активтер бойынша 158 млрд теңге бюджетке қайтарылғанын мәлімдеді. Жемқорлықпен күрес қызметі активтердің бір бөлігі Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркиядан қайтарылғанын мәлімдеді. Шілдеде билік "Заңсыз активтерді елге қайтару туралы" заң қабылдаған. Заңға сай, шетелге заңсыз ақша әкеткендер алдымен күдікті деп танылып, аноним тізімге қосылады. Тізімге шамамен шетелде 45 млрд теңгеге тең не одан асатын активі бар адамдар ғана енеді. Сарапшылар 45 млрд теңге деген меже "ақша ұрлауға жол ашады" деп сынайды. Tax justice network дерегінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдегі офшорларға 140-160 млр доллар шығарылған.