Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың жиынтық табысы бір жылда 800 млн долларға көбейіп, Forbes нұсқасы бойынша, Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде алғашқы үштікте тұр. Forbes тізімінде экс-президенттің жақындары, оның ішінде Дариға Назарбаева 14-орында, оның ұлы Нұрәлі Әлиев 29-орында, Нұрбол Назарбаев 45-орында тұр.
Бір жылда табысы 400 миллион долларға азайса да, Қазақстандағы ең бай адамдар тізіміндегі бірінші орынды KAZ Minerals-қа иелік ететін 62 жастағы Владимир Ким сақтап қалған. Журнал оның байлығын 4,6 млрд доллар деп бағалайды. Ол Forbes-тің жалпы тізімінде 591-орында тұр.
Forbes Құлыбаевтар отбасының капиталын 8,6 миллиард доллар деп бағалайды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бір миллиардқа көп. Назарбаевтың ортаншы қызы мен оның күйеуі Forbes журналына енген 2640 адамның ішінде 636-орында тұр.
55 жастағы Динара мен 56 жастағы Тимур Құлыбаевтар елдегі ең ірі коммерциялық қаржы ұйымы – "Халық банкіне" иелік ететін "Алмэкс" компаниясының түпкі бенефициарлары. Олар Қазақстанның бірнеше қаласындағы сауда және ойын-сауық орталықтарына иелік ететін компанияларды да басқарады.
Қаңтар оқиғасынан кейін (былтыр жыл басында Қазақстанның бірнеше қаласында үкіметке қарсы жаппай наразылық тәртіпсіздікке ұласып, кемінде 238 адам қаза тапқан) "Халық банкі" акциясының құны төмендеп, Құлыбаевтар "кедейлене" түскен. Forbes журналының бағалауынша, қаңтардың басында олардың дәулеті 6,2 миллиард доллар болған. Бірақ көп ұзамай ықпалды отбасы шығынның орнын толтырып, дәулетін қалпына келтірген.
Назарбаевтың өзге туыстары да Forbes рейтингісінен түспеген. Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін мәжілістегі депутаттық мандатын қайтарған, жұрт алдына шықпай кеткен экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева Қазақстандағы дәулетті адамдар тізімінде 14-орында тұр. Журнал оның байлығын 590 млн доллар деп бағалайды. Ол DLS Group холдинг компаниясына иелік етеді. Осы холдинг арқылы елдегі "Регион-Медиа", A-Service Management (Астанадағы "Думан" қонақүйі) компанияларында үлесі бар.
Дариға Назарбаева Қазақстандағы дәулетті адамдар тізімінде 29-орында тұрған ұлы Нұрәлі Әлиевпен бірге "Европа плюс Қазақстанға" иелік етеді, сол арқылы "Телерадиокомпания Радиосити", "Независимый Телевизионный Канал" (НТК телеарнасы) компанияларында да үлесі бар деп айтылады.
Экс-президенттің немере інісі, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев Қазақстандағы дәулетті адамдар тізімінде 45-орында тұр. Forbes оның байлығын 155 млн доллар деп есептеген. Ол – Prime Capital Invest компаниясының құрылтайшысы, PLS, PLS-TM компаниялары ("Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ мажоритар акционері) иелерінің бірі.
Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президенттің ықпалы азайып, кейбір туыстарына қатысты айып тағыла бастаған кезде жергілікті БАҚ-та Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың да қылмыстық істерге қатысы бары айтылған.
Журналдың бағалауынша, Владимир Ким (1-орын) мен Болат Өтемұратовты (6-орын) есептемегенде, былтыр қазақстандық миллиардердердің капиталы ұлғайған. Алайда олардың жиынтық жиынтық табысы 1,4 млрд долларға азайған. Журнал мұны тізімде Kaspi Bank АҚ басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе болмағаннан деп түсіндіреді. Ломтадзе Қазақстандағы бизнесіне байланысты тізімге кіргеніне қарамастан, америкалық басылым оны Грузиядағы дәулетті адамдардың қатарына жатқызады.
ПІКІРЛЕР