Азаттық радиосы

Орталық сайлау комиссиясын кімдер басқарды? Қандай істерімен есте қалды?

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Қар. 6, 2020

Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы (ОСК) – елдегі сайлау комиссиялары бірыңғай жүйесін басқаратын, тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік орган. Халықаралық бақылаушылар демократиялық талаптарға сай емес деп таныған Қазақстандағы барлық сайлауды ОСК заңды деп жариялаған. Бұл комиссияны әр жылдары билікке жақын адамдар басқарды.

Қазақстанның қазіргі Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесі бар, төрағасымен жетеу. Олар бес жылға тағайындалады. Елде ОСК 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің қаулысымен құрылды. 1995-2006 жылдары ОСК төрағасы мен орынбасарын, хатшысы мен мүшелерін президенттің ұсынысымен парламент мәжілісі бекітті. Ал 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін ОСК төрағасы мен екі мүшесін президент, екі мүшесін сенат, екі мүшесін мәжіліс тағайындайтын болды. Қазақстандағы белсенділер мен халықаралық ұйымдар ОСК басшылығын мұндай жолмен сайлауды демократияға қарсы тәсіл деп сынап келеді.

2004 жылы саясаткер Заманбек Нұрқаділов оппозицияға кеткеннен кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ОСК төрайымы Зағипа Балиеваны босатып, орнына өзін қоюды сұрағанын мәлімдеген.

1993 жылы Жоғарғы Кеңесті заңсыз таратуға үлес қосқанына өкінетінін білдірген Заманбек Нұрқаділов "ОСК төрағасы болса барлық партия мен жоғары билік өкілін, халықаралық ұйымдарды шақырып, әділ сайлау шарттарын кеңесетінін, бөгет жасағандарды тәртіпке келтіретінін" айтқан еді.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бері елде жеті рет парламент, бес рет президент сайлауы, президент өкілетін ұзарту жөнінде бір рет республикалық референдум өтті. Оппозициядағы саяси күштер мен халықаралық бақылаушылар Қазақстандағы сайлаулар әділ өтпейді деп есептейді. Ал Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың барлығы да заңға сай өткенін хабарлап келеді.

Орталық сайлау комиссиясын әр жылдары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (2019 жылы наурызда президентіктен кетсе де, билікке ықпал етіп отыр) жақын, биліктің сенімді адамдары басқарып келді. Олардың көбі ОСК басшылығына барғанға дейін, қызметтен кеткеннен кейін президент әкімшілігінде, үкімет пен парламентте лауазымды қызметтер атқарды не атқарып жүр. Яғни, онда ешқашан президенттің ықпалына бағынбайтын, тәуелсіз тұлғалар болған емес.

Олар кімдер? Қысқаша шолып шығалық.

Қаратай Тұрысов. 1993 жылдың желтоқсанынан 1995 жылдың наурызына дейін ОСК төрағасы болды. Көп жыл советтік компартия басшылығында жоғары қызмет атқарып, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң да ықпалды адамдардың бірі болды. Елдің экс-премьері, Алматы қаласының қазіргі әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қайынатасы. Ол күйеу баласының қызметте өрлеуіне ықпал етті дейтін пікірлер бар. Тұрысов 1995 жылы мәжіліс депутаты болды. Ол – "әуелі экономика реформасын жасап, содан соң саяси реформаларға кіруге болады" дейтін Назарбаевтың ұстанымын қолдаушылардың бірі.

Юрий Ким - 1995 жылы ОСК төрағағылығына тағайындалды. Осы кезеңде елде Назарбаевтың президенттік өкілетін 2000 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өтті. Ким 1996 жылдың басында жаңа қызметке ауысты. Ол 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа Констититуция бойынша Конституциялық сот жойылып, оның орнына құрылған Конституциялық кеңес төрағалығына тағайындалды. Оппозиция "Конституциялық сотты жоюды дұрыс емес" деп санады.

Көп жыл Назарбаевтың сенімді серігі Владимир Ни (президент әкімшілігінде басшылық қызметте істеді. Кейін "Қазақмыс" корпорациясының директорлар кеңесіне енді. 2010 жылы өмірден өтті) секілді Юрий Ким де Қазақстандағы корей диаспорасының ықпалды өкілдерінің бірі болды. 2000 жылы қайтыс болғаннан кейін әйелі Надежда Ким Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігінде бірінші хатшы қызметін атқарды.

Зағипа Балиева

Зағипа Балиева – 1996-2005 жылдары ОСК төрайымы болды. Орталық сайлау комиссиясын ұзақ басқарған Зағипа Балиева 1999 жылы мәжіліс сайлауынан кейін депутаттарға "Қалай келгендеріңдерді ұмытпаңдар" деген ескертуімен есте қалды. Сол кездегі оппозициядағы депутатар "Балиева мұны сайлау нәтижесін бұрмалаумен өткен депутаттарға айтты" деп еске алады.

2004 жылы күзде өткен парламент сайлауының қорытындылары да дау туғызды. Сайлауда бір ғана мандат алған "Ақ жол" партиясы ОСК шешімімен келіспейтінін айтты. Сайлау қорытындысын жариялаған Зағипа Балиева "парламент мәжілісінің сайлауы тамаша өтті" деп мәлімдеді.

Брифингте БАҚ өкілінің "Парламент мәжілісінің сайлауын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымының өкілдері халықаралық ұйымның талаптарына сай келмейтінін айтты. Бұған не дейсіз?" деген сұрағына Зағипа Балиева "Олардан басқа не күтіп едіңдер, меніңше, сайлау өте тамаша өтті. Оған өздерің куә болдыңдар" деп жауап берді.

Балиева ОСК төрағалығынан кейін әділет министрі болып тағайындалды. Ол басқаратын министрлік 2006 жылы "Алға" саяси партиясын тіркеуден бас тартып, партия мүшелерінің құжаттары анық емес деген уәж айтты. Балиева мәжіліс депутаты болып жүргенде, 2010 жылы Назарбаевтың президент өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманы қолдап, 2030 жылға дейін ұзартуды ұсынды. 2016 жылы Астана қаласының атауын Назарбаев деп өзгертуді де қолдады.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Оңалсын Жұмабеков – 2005–2007 жылдары ОСК төрағасы болды. 2007 жылы Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасарлығына ауысты.

2005 жылы желтоқсандағы президент сайлауы өтіп, біріккен оппозицияның "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының атынан сайлауға қатысқан Жармахан Тұяқбай жеңілді. Осы қозғалыс мүшелері ОСК төрағасы Оңалсын Жұмабековтің президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековке жазған хатының көшірмесі "Республика" газетіне түскенін жариялады. Олардың сөзінше, хатта Жұмабековтің Жақсыбековке "Сізбен келісілген сайлау қортындысы жарияланғаннан кейін сайлау қортындысын шығару процесі қиындап кетті" дегені айтылған.

Ал 8 желтоқсан кешке ОСК төрағасы Оңалсын Жұмабеков "менің қолымды сыртымнан қойып, жалған ақпарат таратты" деп айыптап, оппозицияны сотқа бергені хабарланды. Президент сайлауының күмәнді өткені жайында деректер жариялаған оппозициялық "Жұма таймс" газетінің 20 мың тиражы тәркіленді. 2005 жылы президент сайлауына кандидатурасын тіркемегені үшін сол кездегі сенат депутаты Уәлихан Қайсар ОСК-ні сотқа берді. Ол ОСК 100 мыңнан астам қолдаушысының қолын дұрыс есептемеген деп санады. ОСК төрағасы Оңалсын Жұмабеков Уалихан Қайсар "қол жинай алмаған" деген уәж айтты.

Қуандық Тұрғанқұлов

Қуандық Тұрғанқұлов – Орталық сайлау комиссиясының 2007-2016 жылдардағы төрағасы. 1996 жылдан 2007 жылға дейін ОСК төрағасының орынбасары болған.

2011 жылы желтоқсан айындағы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Жаңаөзен қаласында төтенше жағдайға байланысты бастапқыда парламент сайлау өткізілмейтін болған. Бірақ сайлау өткізу жөнінде шешім қабылданып, ОСК Жаңаөзен тұрғындарының басым көпшілігі Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясына дауыс "бергенін" хабарлады.

2012 жылы сәуір айында кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Назарбаев Қазақстан президенті болып сайланды. ОСК төрағасы Тұрғанқұлов сайлаушылардың 95,55 пайызы Назарбаевты қолдағанын хабарлады. Президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған тіркелмеген "Алға" партиясын Тұрғанқұлов "іріткі салушылар" деп атады.

2015 жылы сәуірде ОСК президент сайлауында Назарбаевқа 97,75 пайыз дауыс алды деп жариялады. Ал 2016 жылы наурызда өткен парламент сайлауын ОСК "әділ өтті" деп бағалады. Бұл сайлауда да мәжілістегі басым орында "Нұр Отан" партиясы алған еді.

Берік Имашев

Берік Имашев 2016 жылы қыркүйек айынынан бастап ОСК төрағалығын атқарып келеді. 2016 жылы жаздың соңында Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің қазасынан кейін іле-шала Нұрсұлтан Назарбаев қызы Дариға Назарбаеваның құдасы Берік Имашевты орталық сайлау комиссиясы төрағалығына, ал Дариғаны сенаторлыққа тағайындады. Осыдан соң "Назарбаев билік транзитін даярлап жатыр" деген жорамалдар айтылды.

Берік Имашев 2001 жылдың аяғында Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов бастаған "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысын ұйымдастырушыларға қосылды. Кейін аз уақыт "Ақ жол" партиясының басшылығында болды.

2003 жылғы ақпанда ол қызы Аиданы Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевке ұзатып, Рахат Әлиевпен құда болды. 2005 жылы президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарды.

Кейбір ақпаратқа сай, 2009 жылы "Қазатомпром" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев бюджет ақшасын ысырап етті деп қамауға алынғанда немере ағасы Берік Имашевке өтініш жасап, өзін қорғауды сұраған. Бірақ сенат депутаты Имашев Жәкішевтің адвокаты болуға заң рұқсат етпейтінін алға тартып, бас тартты.

2019 жылы маусым айында өткен президент сайлауын Берік Имашев басқаратын Орталық сайлау комиссиясы әділ өтті деп бағалады. Сайлау кезіндегі елде сайлауға, оның нәтижесіне наразылық шараларында елде 4 мыңға жуық адам ұсталып, көбі әкімшілік жазаға тартылды.

Қазір Имашев басқаратын комиссия 2021 жылы 10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына дайындалып жатыр. 5 қарашада ОСК елде ресми тіркелген алты партияға сайлауға түсуге рұқсат берді. ОСК-ның 5 қарашадағы шешіміне сай, Қазақстанның экс-президенті, президенттіктен кетсе де билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы, билікке жақын "Ақжол", "Ауыл", "Бірлік", "Қазақстанның коммунистік партиясы" және өздерін оппозициялық партиямыз дейтін "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" 10 қаңтардағы мәжіліс және мәслихат сайлауына қатыса алады.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат депутаттары партиялық тізіммен сайланады. Азаматтардың жеке сайлауға түсуге құқығы жоқ.