Үкіметтегі ауыс-түйіс, оның ішінде Бақытжан Сағынтаевты премьер-министр етіп тағайындауға қатысты берген комментариінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде «жаңа басқарушылар заманы келді» деп мәлімдеген. Жамбыл облысының тумасы, мамандығы экономист 53 жастағы Бақытжан Сағынтаев бірнеше жыл Алматыдағы мемлекеттік саяси экономия университетінде сабақ беріп, кейін аз уақытқа бизнес саласына кеткен.
1990-жылдардың аяғында ол атқарған алғашқы мемлекеттік қызмет орындарының бірі - Жамбыл облысы әкімінің орынбасары. Ол сол кезден бері басшы қызметте. 2016 жылғы қыркүйектің 9-ында Қазақстан премьер-министрі болып тағайындалғанға дейін премьердің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ертеректе өңірлік даму министрі, экономикалық даму және сауда министрі, Павлодар облысы әкімі болған. 2012 жылғы қыркүйекте Бақытжан Сағынтаевқа президент Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» билік партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметі жүктелді. Ол бұл қызметті бір жылдан аса атқарды.
Саяси «ақсақал» - Қазақстан жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы, 78 жастағы экономист Серікболсын Әбділдин жаңа премьер-министрдің карьерасына куә болған. Оның қайынатасы – мемлекеттік қайраткер (марқұм) Қаратай Тұрысовты ол жақсы таниды әрі жақын араласқан.
Бақытжан Сағынтаевтың алдында 10 жыл ерте монополияға қарсы ведомствоны басқарған 68 жастағы экономист әрі оппозициялық саясаткер Петр Своик оны басқарушы ретінде жақсы біледі.
КҮЙЕУБАЛА
Бақытжан Сағынтаев - Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бұрынғы хатшысы, бұрынғы туризм және спорт министрі және орталық сайлау комиссиясының бұрынғы бастығы Қаратай Тұрысовтың күйеубаласы. Геология және мұнай-газ істері институтына, Астана мен Тараз қаласындағы көшелерге Қаратай Тұрысовтың есімі берілген.
Бақытжан Сағынбаевты жас кезінен білетін Әбділдин «оны білетінім... Қаратай Тұрысовтың отбасымен Мәскеуден араластық, ал Мәскеуден оралғаннан кейін министрлер кеңесі мүшелері тұратын үйдің бір подъезінде тұрдық, мен мемлекеттік үлкен қызметтен кеткеннен кейін де аралыстығымыз үзілген жоқ. Астанада да бір подъезде тұрдық, бір-біріміздің отбасымызды жақсы білетінбіз» дейді.
«Күйеубаласы әрі совхоз директорының баласы Бақытжан Сағынтаевтың қызметте өсуіне Қаратай Тұрысов көмектескен шығар?» деген сұраққа Әбділдин «Қонаевтың тұсында да, Назарбаевтың тұсында да Қаратай Тұрысов ықпалы өте мықты адам болған. Қазіргі премьердің қызметте өрлеуіне көзі тірісінде ықпал ете алғаны анық» дейді.
2002 жылы белгісіз біреулер баласын қастандықпен өлтіргеннен кейін Қаратай Тұрысовтың қыздары ғана қалғанын еске алған Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Бақытжан Сағынтаевтың қайынатасы күйеубалаларына үлкен үміт артқан. Қаратай Тұрысов баласына жасалған қастандықтан (әлі күнге дейін ашылған жоқ) соң екі жылдан кейін 70 жасында қайтыс болған.
Бағаны реттеумен емес, халық тұтынатын тауарлар шығарумен айналысу керек. Тауар өндірісі баға белгілеудің негізі емес пе.Серікболсын Әбділдин
Сағынтаевтың экономика саласындағы біліктілігін онша жоғары бағаламағанымен, Әбділдин «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында экономикаға серпін бере алатындай қайраткерлер жоқ» деген уәжбен оны сынағысы келмейді. Бірақ Әбділдин үкімет отырысында бағаны реттеудің қажеттілігі туралы мәселе қозғаған премьер Сағынтаевты бәрібір сөкті.
- Бағаны реттеумен емес, халық тұтынатын тауарлар шығарумен айналысу керек. Тауар өндірісі баға белгілеудің негізі емес пе, - дейді ол.
Болжам бойынша, Сағынтаев премьерлік қызметінде бұрынғы экономикалық жолды жалғастыра береді, нақтырақ айтқанда, президент Назарбаевтың саясатын іске асырады. Әбділдин «Назарбаев президент болып тұрғанда премьер Сағынтаев ешқашан тәуелсіз саясаткер бола алмайды» дейді.
АТҚАРУШЫЛЫҚ ҚЫРЫ
Петр Своик те Сағынтаевты саясаткер деп атамайды. Экономист әрі оппозициялық саясаткер «Бақытжан Сағынтаев саясатқа ешқашан араласпайды» деп санайды.
- Оның тіпті әкімдердің популизмін бипаздап сынауының өзінде саяси емес, әкімшілік астар жатыр, - дейді ол.
Бірақ Петр Своик үкіметтің жуырда өткен ашық отырысында Бақытжан Сағынтаев «саудагерлердің бағаны ауыстыра қоятынын біле тұра» базардағы бағаны тексеретін кей әкімдерді сынағанын ескертеді. Своик Сағынтаевтың премьер-министрлік қызметі экономикаға әлдебір серпін береді деп күтпейді.
Ол бетбұрыс жасамайды. Мына дағдарысты жағдайды қайта зерделеп, одан шығудың техникалық қана емес, әлдебір болмашы амалдарының өзін ұсына қоюы екіталай - оны өзі де қаламайды, шамасы да келмейді.Петр Своик
- Ол бетбұрыс жасамайды. Мына дағдарысты жағдайды қайта зерделеп, одан шығудың техникалық қана емес, әлдебір болмашы амалдарының өзін ұсына қоюы екіталай - оны өзі де қаламайды, шамасы да келмейді, - дейді Своик.
Бақытжан Сағынтаев атқарған қызметтер тізімінде оны шаруаның қырын білетін мықты басшы ретінде көрсеткен лауазымның болмағанын Петр Своик «қазіргі кезеңде премьер-министр болуға кедергі келтіретін үлкен кемшілік» деп санамайды.
- Есесіне ол әкімшілік жағынан кәсіпқой маман. Таза атқарушылық қырынан алғанда, ол - ең ыңғайлы адам, - дейді Петр Своик.
Оның пайымдауынша, президент Назарбаевқа бұл қызметке саясаткер немесе көрнекті экономист емес, бұған дейін жүргізілген саясатты жалғастыратын адам керек, сондықтан Сағынтаев мінсіз орындаушы бола алады.