Орталық сайлау комиссиясы елде ресми тіркелген алты партияны 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауына қатысуға рұқсат берді.
ОСК-ның 5 қарашадағы шешіміне сай, Қазақстанның экс-президенті, президенттіктен кетсе де билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы, билікке жақын "Ақжол", "Ауыл", "Бірлік", "Қазақстанның коммунистік партиясы" және өздерін оппозициялық партиямыз дейтін "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" 10 қаңтардағы мәжіліс және мәслихат сайлауына қатыса алады.
ОСК жиынында комиссия мүшелерінің барлығы алты партияның сайлауға қатысуын бірауыздан қолдаған. Тек "Бірлік" партиясы Шымкент пен Түркістан облысында ресми тіркелген филилалы жоқ болғандықтан осы аймақтағы мәслихат сайлауына жіберілмеді. ОСК басшысы Берік Имашевтің сөзінше, "Бірлік" Шымкент пен Түркістан облысында ресми филиалын ашса, аймақтағы мәслихат сайлауына жіберіледі.
20 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті мәжіліс пен мәслихат сайлауын 10 қаңтарға белгілеген. Бұл елді отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасынан кейін алғаш рет өтетін мәжіліс сайлауы болмақ. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғалы үнемі кезектен тыс өтіп келген сайлау бұл жолы заңда белгіленген мерзімінде өтпек. Елде мәжіліс пен мәслихат бес жылға сайланады.
Парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға партиялар ұсынған кандидаттар ғана сайлана алады. Мәслихатқа сайлау алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Елде өзін-өзі ұсынған азаматтар депутаттыққа сайлана алмайды. Билік партиялық тізім "саяси жүйені нығайтып, партиялардың белсенділігін арттырады" деп сендіреді. Ал сыншылар Қазақстандағы партиялық алаң мемлекеттің бақылауында екенін, биліктің көңілінен шыққан саяси ұйымдар ғана тіркеуден өте алатынын айтып, "бұл өзгерістер азаматтардың сайлау құқығын шектейді" деп есептейді. Белсенділер биліктен партиялық тізімді жойып, азаматтардың да сайлауға жеке кандидат ретінде түсуіне рұқсат беруді сұрап келеді.
Елде былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады. Екі айдай қалған сайлауға дейін қандай да бір ұйым жаңа партия болып тіркелуі екіталай. Қазақстан заңына сай, қандай да бір ұйым саяси партия болып тіркелу үшін 20 мың мүшесі болуы шарт, мыңдаған адам қатысқан құрылтай өткізіп, әр аймақта филиал ашып, әділет министрлігіне құжат тапсыруы тиіс.
Cайлауға дейін партия тіркегісі келген белсенділер "билік өзіне қарсы шығатын саяси күштерді сайлауға жібермеді, ресми тіркеуден өткізбеді", "10 қаңтарда өтірік әрі өлі сайлау болады" деп санайды.
Сайлау жарияланған соң елде кейбір белсенділер түрлі наразылық шараларда жұртты сайлауға бойкот жариялауға шақырып жүр.
Қазіргі парламенттегі негізгі орынды бұрынғы президент Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы иеленіп отыр. Қалған орындар билікке жақын "Ақ жол" және "Қазақстан коммунистік халық партиясына" тиесілі.
ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың барлығын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.
ПІКІРЛЕР