Accessibility links

Нобель сыйлығының иегері, Иранның құқық қорғаушысы Шырын Ебади еліне қайтқан соң қорқыту мен үркітулерге тап болды


Шырын Ебадиге өлтіреміз деген бір-екі хат түскен соң Иран үкіметі оны қорғау үшін сақшыларды бөлгізді.

Бұл Шырын Ебадидің Иран қоғамына сіңіретін еңбегін көрсетіп отыр, себебі консерваторлар мен реформаторлар тірескен Иран қоғамында демократиялық құндылықтарды дәріптеудің өзі жеке азаматтардың өміріне қауіп төндірді.

Шындығын айтқанда, бопсалау хаттары Шырын Ебадидің атына Нобель сыйлығымен марапатталғанынан кейін ақ, келесі күні түсе бастады. 56 жастағы Шырын Ебади Иранның көрнекті қоғам қайраткері, заңгер, жазушы, құқыққорғаушы сүйінші хабар келгенде өткен айда Парижде конференцияда болатын. Нобель сыйлығына әйел азаматтың ілінгені өз алдына сирек, ал бұл жолы дүниедегі ең биік халықаралық сыйлыққа Иран азаматшасының қолы жетті. Бұл Иран сияқты қатаң діни елдерде ислам мен демократияның қайшылығы болмайтынын көрсетті.

Алайда, зайырлы қоғамның нышанын қабылдамайтындар Иранда шаш етектен. "Сыйлығыңыздын рахатын Сізге көрсете қоймаймыз" деген хаттар Шырын Ебадидің атына келесі күні жөнелтіле басталды. Ебади ханымның Тегерандағы "Адам құқықтарын қорғау орталығы" кеңсесінен белгісіз біреулер оның суреттерін жұлып тастады. Ұйым заңгері Мохамед Али Дадқах ішкі істер министрлігіне хат жолдаған соң Шырын Ебадиге сақшылар мен мәшине бөлінді. Шырын Ебади болса маған ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, мені сүйетін халқымның қалқаны маған жеткілікті дейді.

Нобель сыйлығы шамамен 1,3 миллион долларға тең, бұл ақшаның чегі Шырын Ебадиге әдеттегідей 10 желтоқсанда Норвегия астанасы Ослода табыс етіледі. Иран үкіметі Шырын Ебадидің саяси қызметін онша жақтырмаса да, оның өмірінің сақтығына шара қарастыруға мойынсұнды. Алайда Шырын Ебадидің саяси қызметін теріске шығаратындар одан сайын белсенді бола түсті. Шырын Ебадидің жүйкесін тоздырып жатқан ахуалды мына жеке оқиғадан аңғарса болады. Адвокат Мохамед Али Дадқах "Азаттық" радиосына айтып бергендей, бұған Шырын Ебадидің бір ер азаматпен жұрттың көзінше қол алысқаны сылтау болды:

- Шырын Ебади Тегеран политехникалық университетінде бір профессормен қол алысты. Сол ақ екен ол профессор азаматқа университетке бір жыл бойы аяқ баспау бұйырылды. Иранның консерваторлық діни басшылығын сынаушы, аятолла Монтазери Шырын Ебади мен ол профессорды қорғау үшін арнайы ұйғарым шығарып, әйел мен еркекке жеке жағдайда жұрттың көзінше қол алысуға рұқсат етті. Шиит заңдары үшін бұл өте маңызды өзгеріс.

Шырын Ебадиді кемсіткісі келген кертартпалық күштер Нобель сыйлығын алудың өзі ұят шаруа, бұл Иран ислам республикасын құлдырату үшін ақы емес пе деп әңгіме таратып жатыр. Шырын Ебади Иранның американшыл патшасы Мохамед Реза Пехлевидің кезінде төреші болып істеген деп консерваторлық газеттер етектен тартуға шебер екендерін тағы көрсетті.

Шырын Ебадидің еңбегін Иранда ықпалы басым консерваторлар жоққы шығарғысы келседе, ол халықаралық деңгейде жақсы танылған. Айталық, ажырысу барысында балаларды алып қалуға әкеден көрі ананың құқығы басым екенін Шырын Ебади бастаған жеке заңгерлер дәлелдеп берді. Иранда кей жағдайда қыздарды кәмелетке жеткізбей ақ күйеуге шығарып жіберетін әдет бар. Ондай қыздардың жасы 13-ке толмаса соттың ұйғарымы болсын деп те мәселені көтерген осы Шырын Ебади. Ал сот жүйесі Иранда консерваторлардың мүддесіне, қатаң діни билікке қызмет ететіні белгілі. Асылы, қоғамдағы реформаларға да Иранда сот жүйесі арқылы ашық тосқауыл қойылады.
XS
SM
MD
LG