Accessibility links

Ақтөбелік «Диапазон» газетінің құрылтайшысы бір жыл мерзімге


Ақтөбе қалалық сотының төрағасы Айдабек Сейдуллаев «Диапазон» газетінің құрылтайшысы Владимир Михайлов сот шешімін орындамай, қоғам үшін аса қауіп төндіріп отыр деген айыппен оны бір жыл бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарып, Владимир Михайловты сот залынан бірден қамауға әкетті деп хабарлады сәрсенбі күні сөз бостандығын қорғау жөніндегі «Әділ сөз» халықаралық қоры.

Алматыдағы тәуелсіз сарапшылар орталығының басшысы Ғалия Әженованың айтуынша, Владимир Михайлов өзі құрылтайшысы болып табылатын «Диапазон» газеті жалға алып отырған, бірақ өзі басшысы болып есептелмейтін «Арсенал» баспаханасының қабырғасын 70 см-ге кері жылжыту жөніндегі сот шешімін орындамағаны үшін сотталып отыр.

- Ол қорап емес, зат емес, салынып қойған үй. Айып тағылып отырған тарап «ол қабырғаны біз жылжыта алмаймыз, оны жылжыту да мүмкін емес, себебі, егер оның қабырғасын алатын болсақ, ол үй құлап қалу қаупі бар» деп айтқан болатын. Енді бұларды сот шешімін орындамадыңдар деп айыптап отыр. Бұған не айтуға болады? – дейді Ғ.Әженова.

Ал Ақтөбедегі «Диапазон» газетінің «Біздің Диапазон» атты қазақ тілді қосымшасының бас редакторы Абат Қаратаев болса, «бұл сот шешімін біз тұрмақ, сот әкімшілігінің өзі түсінбей отыр» дейді:

- Сот шешімі бойынша, әлгі талап арыз берген мекеме өзі қозғау керек ол қабырғаны, сот әкімшілігі. Солардың өздері түсінбей, «сіздер шығарған шешімді түсіндіріңіздерші» деп сотқа хат жазыпты. Алайда, сот төрағасы да, осындай шешімді қабылдап отырған сот та оны түсіндіре алмапты. Мен заңгер иемеспін, бірақ әлгіндей бір-біріне кереғар дүниелер көп.

«Диапазон» газетінің басындағы мұндай жағдайларды тізіп айтқан сөз бостандығын қорғау жөніндегі «Әділ сөз» халықаралық қорының басшысы Тамара Қалеева «республика көлемінде оппозициялық бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдарына қысым-қудалаулар жасалып жатқанына тағы бір дәлел – облыстық көлемде дәл сондай, тіпті бұдан да қатты қудалаулар болып жатыр» деді. Тәуелсіз сарапшылар орталығының басшысы Ғалия Әженова «Диапазон» газетінің облыстағы әлеуметтік жағдайларға байланысты сыни мақалаларын облыс басшылары, сот құрылымдары қабылдағысы келмей отыр деп есептейді.

- Бірнеше жылдан бері «Диапазон» газетіне сот тарапынан да, шенеунік, әкімшіліктен де түрлі кедергілер болып жатыр. Ақтөбенің жергілікті шенеуніктері мен судьялары кез-келген сын мақаланы өздерінің ар-намыстарына, қоғамдық беделіне тигендей қабылдайды, - деді Ғ.Әженова.

В.Михайловқа үкімді қалалық сот шығарып, прокурордың талабымен оның сот залынан бірден қамауға әкетілуіне байланысты қалалық прокуратураға хабарласып едік, Ақтөбе қаласының прокуроры Айдар Сағынбазаров «бұл іс жөнінде ештеңе білмеймін» дегенді айтты. «Диапазон» газетінің құрылтайшысы В.Михайловтың сотында «Диапазон» газетіне қарсы Ақтөбе облысының әкімі мен оның орынбасарының ар-ожданын қорғау жөнінде азаматтық арыз түскен. Біз өз тарапымыздан Ақтөбе әкімшілігіне хабарласып, әкімшілік басшылығының ар-ожданына қандай нұқсан келді және «Диапазон» газеті ұжымының «Ақтөбе облыстық әкімшілігі тәуелсіз баспасөзді тұншықтырып отыр» дегеніне орай, облыстың әкімі Ермек Имантаевқа жазбаша түрде сауал жолдаған едік. Алайда ешқандай жауап ала алмадық.
XS
SM
MD
LG