Заманбек Нұрқаділов қазіргі уақытта АҚШ-та тергеуі жүріп жатқан «Қазақгейт» шатағына қатысты түсінік беруін талап етіп, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты тағы да халық алдына шақырып отыр. З.Нұрқаділов мырза мен оның серіктері жаңағы «Қазақгейт» ісі бойынша Қазақстанның жоғары басшылығы кезінде шетелдік мұнай компанияларынан үлкен көлемде пара алғаны туралы ақпараттың рас-өтірігін Нұрсұлтан Назарбаевтың өз аузынан көпшілік алдында естуге құмартып, шұқшиып сұрап отыр. Естеріңізге сала кетейік, З.Нұрқаділов бұған дейін де президент Н.Назарбаевты дәл осы мәселе бойынша мереке - мамырдың 1-і күні, Алматыдағы республика алаңына келуін ашық хат жазып, шақырған болатын. Бірақ, сол жолы президент Н.Назарбаев жұрт алдына мереке күніне орай құттықтау айтуға мінбеге шыққан сәтте алаңда онымен тілдесуге талпынған З.Нұрқаділовке белгісіз адамдар шикі жұмыртқадан жауын жаудырған еді. Тіпті Заманбек мырзаны әлдекімдер жұдырықтың астына алмақ та болды. Сөйтіп ол күні өзінің саяси қарсыласына қойған сауалдарына жауап ести алмай қайтқан З.Нұрқаділов енді қоғамдық комиссияның атынан президент Н.Назарбаевты тағы да сол алаңға, мамырдың 15-күні таңертеңгі сағат 11-ге шақырып отыр. Алайда, Қазақстанның тұңғыш президентінің іс-әрекеттерін зерттеп-тексеру үшін құрылған қоғамдық комиссия сәрсенбі күні Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновтан мамырдың 15-күні қаладағы бас алаң арқылы өтетін көлік қозғалысын тоқтатуды сұрап жазған хатты Алматы қаласы әкіміне табыс етуге алып келген, жаңағы қоғамдық комиссия мүшелерінің бірі, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері деген атағы бар, композитор Шәміл Әбілтай аталмыш хатты әкім қызметкерлеріне түске дейін табыс ете алмай әуреленгенін айтты:
Шәміл Әбілтай, композитор:
- Мен әкімшіліктегілерге хатты табыс етпек болып едім, олар «мынаның мөрі жоқ екен, қабылдамаймыз» дегенді айтты. Яғни, хат қоғамдық комиссия атынан жазылған соң оның мөрі болу керек дейді әлгілер. Олар маған «хатыңызды ана тұрған жәшікке тастап кетіңіз» деді. Ал мен олай істегенді дұрыс санамадым да, жалпы бөлімді басқаратын Зейнеш Жүнісоваға кіруге сұранып, оған мән-жайды түсіндірмек болдым. Бірақ, түске дейін ол кісіге жолыға алмадым.
Ал түстен кейін әкім кеңсесіне қайта келген Шәміл Әбілтай ақыр соңында қалалық әкімшіліктің жалпы бөлімінің меңгерушісі Зейнеш Жүнісоваға жолығып, оған әлгі хатты табыс етіп шықты. Біз Зейнеш ханымнан осы хаттың қаралу мерзімі мен оған жауап қайтаруы қанша уақытқа созылатыны жайлы білген едік.
Зейнеш Жүнісова, Алматы қаласы әкімі аппаратының жалпы бөлім меңгерушісі:
- Қазақстан президентінің 1995 жылғы маусымның 19-күнгі №2340 Жарлығына сәйкес, бұл хатты қарау мерзімі бір айға жуық уақытты алуы мүмкін.
Сонымен, З.Нұрқаділов бастаған қоғамдық комиссия президент Н.Назарбаевтан «Қазақгейт» шатағы туралы мамырдың 15-күні Алматыдағы республика алаңына келіп, жұртшылық алдында түсінік беруі жайлы мемлекет басшысына талап қойды. Ал Қазақстандық оппозициялық басылымдар мен батыстың ақпарат құралдары «Қазақгейт» шатағы бойынша АҚШ-тағы сот тыңдауы мамырдың 14-інде басталатыны туралы хабарлап отыр.