Қадір Мырзалиев, ақын:
«Әр кімнің өз еңбегімен тапқан ақшасы қайтуы керек еді. Бірақ үкімет «жеп» қойды... Былтырғы жылдың соңында алмасаң болмайды дегеннен кейін 5-10 тиын болса да, алайын дедім».
Оның айтуынша, былтыр мемлекеттен алған өтемақысы кезінде жоғалтқан қаржысының 1 пайызын да жаба алмайды.
«Отбасымының әр мүшесіне бір-бір жинақ кітапшасын ұстадым. Әр кітапшада – бір «Волга» автокөлігінің құны жинақталды. Сол қаржы сақталғанда, менің бүгінде оншақты машинасы бар таскопаркім болар еді. Барлығы жел сияқты ұшты да, кетті...»
Ақын Қадір Мырзалиевтің сөзіне қарағанда, мемлекеттен мардымсыз қаржы алуының себебі өтемақыны есептеудің дұрыс жүргізілмеуінде.
«Салған кезде біздің әр сомымыз бір доллардан артықтау еді. Біз оның жүзден бірін де алған жоқпыз. Мың долларға - бір доллар берді деген сөз».
Қаржы министрлігі ұсынған деректер бойынша, 150 рубль 1 доллармен теңестірілген. Парламент депутат Валентин Макалкиннің айтуынша, Қазақстан азаматтарының кезінде жинақ банкілеріндегі салымдары 14 миллиард рубльді құраған. Бұл, бүгінгі есеп бойынша шамамен 25 миллиард долларды құрайды.
Валентин Макалкин, Парламент депутаты: «Мұндай қаржыны Қазақстан үкіметі тек 30-40 жылдан кейін ғана абыроймен қайтара алады».
Сондықтан, ол салымдар мерзімінің ұзартылуын үкіметтің халықты кезекті мәрте алдауы деп есептейді.
Әйтсе де, бұрынғы Ұлттық банкі төрағасы, Парламент депутаты Ғалым Байназаров мұндай пікірмен келіспейді.
Ғалым Байназаров, Парламент депутаты:
«Төлем жасала бастаған кезде банк жағдайды біраз жақсартты. Қолма-қол ақшамен төлейтін болды. Яғни, төлемді құнды қағазбен алып, оны банкке сатып, оның орнына ақша алып кете беретін жағдай туғызды. Бірақ, қалай болғанда да, бұл мәселе бір жылдың ішінде шешілген жоқ... Сондықтан, Президент осыған қарап, билығы жылы да төлемдерді беруді ұзартып отыр. Мен мұны дұрыс шешім деп ойлаймын».
Дегенмен, қаржы аласапыранынан жапа шеккен келесі салымшы - жазушы Ғаббас Қабышев мұндай акцияға сенбейді:
«Бұл бізді кезекті рет алдау. Біз мұны кеңес уақытында Никита Хрущевтің кезінде де көргенбіз. Елдің жинаған заем облигацияларының төлемі 25 жылға тоқтатылған. «Кеңес мемлекеті күшейгеннен кейін қайтарып береміз» деген. Бірақ жұрт оның тамтығын ғана алды. 1993 жылғы ақша реформамыз да соның аяғын құшты. Мысалы, сол оқиғаға байланысты Жазушылар одағынада болған бір жиналыста қарт жазушымыз Әбділдә Тәжібаев мінбеге шығып, қатты ашуланып сөйледі: «Өмір бойы жазғанымды жинап, төрт томдық кітап қылып шығарып, 200 мың сомнан артық ақша алып едім. Бұл -20-30 мәшиненің құны.Енді сол ақша бір машинеге де жетпей қалды. Бұл не сұмдық? Осындай да өзгеріс бола ма екен?» Бұл жолы біздің басшыларымыз 500 сомды 1 теңгеге айналдырды. Қазір сол кездегі ақшаның құнымен қайтарып отырған жоқ. Әйтеуір, тамтығын қайтарып жатыр. Бұл да - шындық. Егер сол кездегі банктегі бір «Жигули» мәшинесі болатын ақшам процентпен банкте жатса, бүгінде үш-төрт «Жигули» мәшинем болар еді. Маған бергені - бір велоспидетің құны. Осыдан кейін алдамады дегенге кім сенеді?!»
Қаржы министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, әзірге Кеңес одағының жинақ банкілерінде сақталған салымдардағы ақшаның 27 пайызының ғана қайтарып алушылары табылған.
Мамырдың 11-нен бастап Халықтық банк кезінде Кеңес одағының Жинақ банктеріндегі шоттарда сақталған салымдардың өтемақысын қайтаруды жалғастырады.
Бұған дейдін банк құнды қағаздар түріндегі өтемақыларды беруді былтырғы жылдың желтоқсан айының 23-де тәмамдаған болатын. Қаржы министрігінің сол кезде «Азаттық» радиосына берген мәліметтеріне қарағанда, «күйіп» кеткен қомақты қаржын қайтарып алушылар саны - 881 999. Солардың бірі – ақын Қадір Мырзалиев.