Accessibility links

Бірыңғай экономикалық одақ деген құрылым оған қатысушы Қазақстан сияқты елдерді Дүниежүзілік сауда ұйымынан оқшауландырмай ма?


Қазақстан, Ресей, Украина және Беларус басшылары Бірыңғай экономикалық одақ құру әрекетімен бір талай уақыт шұғылданып келеді. Дейтұрғанмен, Қазақстан, Ресей, Украина және Беларустың экономика жағынан одақтасамыз дегені қатаң сынға тап болды. Әсіресе Украина тарапынан көп сын айталады, Бірыңғай экономикалық одақ шын мәнінде Ресей билігі жүретін жабық аймақ болады делінеді. Демек, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіреміз деген Украинаның үлкен мақсатына қауіп төнді.

Арасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бар Ресей, Украина және Беларус басшыларының Бірыңғай экономикалық одақ құрамыз дегенін сынаушылар бұл әрекет осы елдерді әлемдік глобализациядан оқшауландырады деп алаңдайды. Өткен демалыс күндері Ялта қаласында болған жиында төрт бұрынғы социалистік елдің басшылары 2007-ші жылға таман ортақ базарға қол жеткізуге келісті. Мәслихат иесі Украина президенті Леонид Кучма мәлім қылғандай, мәдени, сауда және көлік қатынастарын ортақтастырудың арқасында төрт ел экономикалық үлкен пайдаға қол жеткізеді. Саудаға еш шектеу қойылмаса – совет заманындағы тамырластықтың арқасында төрт ел тең дәрежеде ұтпақ.

Бірақ Леонид Кучманың үмітін қабылдамайтындарда жеткілікті. Украинадағы бір қатар саясаткер Бірыңғай экономикалық одақтың арқасында онсызда жұан Ресей барған сайын күшейеді, басқа елдердің тәуелсіздігі әлсірейді дейді. Украина оданша Еуропа Одағымен жақындасса, НАТО батыс әскери одағына кірсе жөн, дейді президент Кучманың қарсыластары. Жыл соңында Украинада болатын президенттік сайлаудан соң ретін тауып, келісімнен шыққан дұрыс, дейді Кучманың оппозициясы.

Бірыңғай экономикалық одақ идеясын сынайтындардың басты дәлелі – бұл одаққа қатысу Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге кедергі дейді. Жер жүзіндегі ең беделді сауда ұйымына Ресейде іліге алмай келеді, Қазақстанның да осы ұйымға өте алмағанына төрт жыл. Кімнің дәлелі басым екені әзірше анық емес. Бірыңғай экономикалық одақ сияқты аймақтық құрылымдар Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуға кедергі жасауы мүмкін бе? Осы сауалға "Азаттық" радиосына Дүниежүзілік сауда ұйымының Женевадағы бас пәтеріндегі өкіл Кейзс Роккуелл былай сипаттама жасады:

- Бұл аймақтық келісімдерді топтау жөніндегі, сипаттама беру жөніндегі, дәйектеме беру жөніндегі алаңдаушылықты қабылдайтын елдердің қатары өте аз. Заңдық тұрғыдан қарағанда, Дүниежүзілік сауда ұйымына да, аймақтық келісімге де қатысамын деген елдердің ісінде ешқандай мәселе жоқ.

Дүниежүзілік сауда ұйымының Женевадағы бас пәтеріндегі өкіл Кейзс Роккуелл Еуропа Одағы және Солтүстік Америка Еркін Сауда келісімі сияқты екі аймақтық одақты мысалға келтіреді. Дегенмен, Кейзс Роккуелл аймақтық сауда аймағындағы қызмет Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуге кедергі жасауы мүмкін дейді. Көптеген жағдайда бұл аймақтық одақтың болмысына тәуелді, дейді Кейзс Роккуелл:

- Көптеген аймақтық одақтардың ерекшелігі – оған қатысатын елдерді байлап отырған қатынас қатаң сауда қатынасы емес. Олар инвестиция жасауы мүмкін, не болмаса бәсекелестіктің нақты түрлерін іске асыруы мүмкін, не болмаса үкімет тарапынан белгілі қолдау көрсетуі мүмкін, не болмаса Дүниежүзілік сауда ұйымына тән емес нәрселерді қамтуы мүмкін. Бұл қиындықты туғызатын жағдай болуы ықтимал.

Әрине, бұл мәселеде Бірыңғай экономикалық одақтың аяқалысы нақты болатынына тек уақыт төреші. Алдымен ортақ кеден кеңістігі құрылмақ, сосын еркін сауда аймағы орнатылмақ. Ал бұдан батыл жоспар экономикалық және салық саясатын келісіп жүргізуді көздейді, болашақта ортақ ақша еңгізіледі- мыс. Дегенмен, аймақтық экономикалық топтар не болмаса еркін экономикалық аймақтар кең көлемді глобалдық, көпжақты келісімдердің орнын баса алмайды, дейді Кейзс Роккуелл.
XS
SM
MD
LG